9-1-бап. Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві
1. Дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмысы тоқтатылған кезде дипломатиялық қызмет персоналы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне алынады. Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі бекітеді.
2. Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне алынған адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес Сыртқы істер министрлігіндегі "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған ішкі конкурсқа қатысуға құқығы бар.
Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-тарау. ДИПЛОМАТТЫҚ ДӘРЕЖЕЛЕР
10-бап. Дипломаттық дәрежелер
Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне атқаратын лауазымы және бiлiктiлiгi ескерiле отырып, мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:
1) атташе;
2) үшінші хатшы;
3) ІІ сыныпты екiншi хатшы;
4) І сыныпты екiншi хатшы;
5) ІІ сыныпты бiрiншi хатшы;
6) І сыныпты бiрiншi хатшы;
7) ІІ сыныпты кеңесшi;
8) І сыныпты кеңесшi;
9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
10) І сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.
11-бап. Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi
1. Төтенше және өкілетті елшінің, І және ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілдің дипломаттық дәрежелерін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
Жоғарыда санамаланған дипломаттық дәрежелерді беруге ұсынысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыруға қатысуының тиімділігін және Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларын іске асыруға қатысуының тиімділігін ескере отырып енгізеді.
Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі лауазымында кемінде екі жыл дипломатиялық қызмет өтілі бар дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломаттық дәрежесі Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасынан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшіден, департамент директорынан, Қазақстан Республикасының сенімді өкілінен, Қазақстан Республикасының бас консулынан төмен емес лауазымды атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
Басқа дипломаттық дәрежелерді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі береді.
Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуға немесе бiр саты жоғары не төмен болуға тиiс.
3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және қызмет тiзiмiндегi (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Осы Заңның 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дипломаттық дәрежелер өмiр бойына берiледi және сақталады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 77-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
12-бап. Дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi
1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;
2) ІІ және I сыныпты бiрiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл.
І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:
1) Сыртқы iстер министрлiгiндегi және оған бағынысты ұйымдардағы жұмыс;
2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;
3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы аумағындағы өкiлдiктерiндегi жұмыс;
4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктерiндегi жұмыс;
5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;
6) Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық жұмыс;
7) Сыртқы iстер министрлiгiнiң саласы бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде бiлiктiлiктi арттыру;
8) Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.
13-бап. Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және кезектен тыс беру, төмендету, одан айыру және қалпына келтiру
1. Жекелеген жағдайларда, жұмыста елеулi табыстарға қол жеткiзсе немесе айрықша еңбек сiңiрсе, белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмiнен бұрын дәреже беру) немесе дәреже берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дәрежесi өсiрiлуі мүмкiн.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында немесе болатын елінiң заңнамасында көзделген жауаптылыққа алып келетін іс-әрекеттерді жасаған жағдайда, олардың дипломаттық дәрежесі төмендетiлуi немесе дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
Дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен қызметтік тәртiпті бұзғаны, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн босатылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi бiр мезгiлде дипломаттық дәрежесiнен айырылады.
Дипломатиялық қызмет қызметкерін дипломаттық дәрежесінен айыру немесе төмендету, сондай-ақ оның дәрежесін қалпына келтіру дипломаттық дәреже берілгендегідей тәртіппен жүргізіледі.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |