131-бап. Жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері 1. Жұмыс беруші мынадай жағдайларда: 1) жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде; 2) жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде; 3) жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді. 2. Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді. 3. Еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін. 132-бап. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі мен шарттары 1. Геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық, іздестіру ұйымдарының жұмыскерлеріне: 1) тұрғылықты тұратын жеріне күнделікті қайтып келмей тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде; 2) тұрғылықты тұратын жері болып табылмайтын далалық ұйым орналасқан жерге күнде қайтып келгенімен, тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде; 3) еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру жолымен тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде далалық жағдайларда жұмыстар орындаған кезде далалық жабдықталым ақшасы төленеді. 2. Далалық жабдықталым ақшасын төлеу тәртібі, шарттары мен мөлшері, далалық жағдайдағы жұмыс уақытын есепке алу тәртібі келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында белгіленеді және жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.