98-бап. Оқу демалысы 1. Білім беру ұйымдарында оқып жүрген жұмыскерлерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, зертханалық жұмыстарды орындау, дипломдық жұмысты (жобаны) дайындау және қорғау, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларынан өту үшін оқу демалыстары беріледі. 2. Оқу демалысына ақы төлеу келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында, оқу шартында айқындалады. 3. Жұмыс беруші "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелге оқуға, тағылымдамаға жіберілген жұмыскерлерге жұмыс орнын (лауазымын) сақтай отырып, оқу демалыстарын береді. 99-бап. Жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар 1. Жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі: 1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс; 2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс; 3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс. 2. Жүкті әйел жүктілікке және босануға байланысты демалысқа құқық беретін еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақта көрсетілген күннен бастап демалысты оның аталған түріне құқықты растайтын еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағын ұсыну арқылы ресімдейді. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы: қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге; қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге; ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік тоқсан бір күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге (қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда – күнтізбелік тоқсан үш күнге); жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге; жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге; ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік тоқсан үш күнге; ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге беріледі. Әйел жүктілік кезеңінде еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы параққа өтініш жасаған кезде демалыс жиынтықтап есептеледі және босанғанға дейін өзі нақты пайдаланған күндерінің санына және жұмыс берушіде жұмыс істеген ұзақтығына қарамастан, толық беріледі. Әйел босанғаннан кейінгі кезеңде еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы параққа өтініш жасаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген ұзақтықпен босанғаннан кейінгі демалыс қана беріледі. 3. Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге (ата-ананың біреуіне) баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен бастап елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге демалыс беріледі. 4. Егер еңбек және (немесе) ұжымдық шарт талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, жұмыс беруші орташа жалақыны сақтай отырып, Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегеріп, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді. Ескерту. 99-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.