133-бап. Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу 1. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі
бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен берілген
еңбекке қабілетсіздік парақтары еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік
жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
3. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге
еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген
күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына
сәйкес төленеді.
4. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің
қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан
еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан
басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені
анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама
жасалған уақыт үшін;
4) жұмыскер алкогольді, есірткіні және уытқұмарлық заттарды пайдалануы салдарынан
туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша қабілетсіз болған
кезде;
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша
қабілетсіздік күндері үшін төленбейді.
5. Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін – Қазақстан
Республикасының Үкіметі, оларды тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті
мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген
еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер
белгілеуге құқылы.