1. Кіріспе 2. Тіл дамыту жұмыстары және оның түрлері 3. Суретпен жұмыс жүргізу 4. Дәстүрлі ойындар 5. Сабақ барысындағы ойын түрлері 6. Оқушыларды шығармашылыққа баулу
Мазмұны:
1
Кіріспе Бүгінгі таңда инновациялық технология талаптары педагогикалық әдіс-тәсілдерді жинауды, білім беруді мүлде жаңаландыру жолдарына бағыт береді. Білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер баланың жеке басын дамытуды, рухани жан дүниесін байыта отырып, эстетикалық, адамгершілік , азаматтық тәрбие беру , тіл мәдениетін қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың сапасын арттыру пән мұғалімдерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Мұғалім жалпы білім беру жүйесіндегі игі әсерін тигізіп, білім мазмұнын, оқыту әдістемесін жетілдіру, жаңаша ойлау, тың ізденістерге жол ашу мәселерін алға тартты. Ұсынып отырған шығармашылық жинақта басшылыққа алған білімділік мақсаттар: - Өзіндік жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру; - Жаңа инновациялық технологияны енгізе, дамыта оқыту ісін жетілдіру; - Оқушының шығармашылық қабілетін арттыру; - Топтық, жұптық және жеке жұмыстар арқылы оқушының таным белсенділігін арттыру; - Ғылыми сипаттағы жұмыстарға баулу; - Әдеби талдау әдістерін игеру; - Берілетін білімнің ішінен ең негізгі түйінін сұрыптап , оқушыға жеткізу; Эстетикалық сезімдерін, талғамдарын тәрбиелеу, адамгершілікке, имандыққа, ізгілікке – адамдық ізгі қасиеттерге баулу. Туған халқының тілі, оның әдебиетіне деген ұлттық сезімдерін тәрбиелей отырып, бүкіл адамзат қауымының тілі, әдебиетіне деген қызығушылығына әсер ету. Оқушыларды сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы – әдебиетін жан-жақты игеру. Терең білімді, тәрбиелі, рухани бай, ұлтжанды, халқының әдет-салтын құрметтеуші жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұғалім осы жұмыстың басы-қасында, оны ойластырушы да болып қызмет атқарады.
2
Тіл дамыту жұмыстары және оның түрлері Мектепте оқылатын қазақ тілі курсы оқушыларға тіл ғылымдары негізінен теориялық білім беріп қана қоймайды, тілдің күнделікті өмірде қолданылатын практикалық жағын да қарастырады. Қазақ тілі сабақтарында оқушының жазбаша және ауызша сөйлеу тілінің дамуына, тілінің ұстарып, сөз байлығының молаюына бағытталып жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының көптеген түрлері бар. Мен әрбір сабаққа әзірленген кезімде сабақ жоспарына үнемі оқушыны ойландыратын, қандай болса да өзіндік пікірі айтуына жағдай жасап, еркін шығармашылыққа жетелейтін жұмыс түрлерін көбірек енгізуге көңіл бөлемін. Бұл салада ең бірінші сурет бойынша немесе белгілі бір мәтін мазмұны бойынша жазылатын шағын шығарма, суреттеме түрлеріне тоқталар едім. Жұмыс жүргізер алдында бүкіл сыныптың назарын суретке аударып, ауызша әңгіме өткіземін. Соңынан сол ауызша айтылған әңгімеге тақырып қойып, бүкіл сыныптың қатысуымен суреттемені тақтаға толық жазбаша орындатамын. Бір оқушы айтқан сөйлемді тақтаға жаздырар алдында сыныптың көмегімен текстің тақырыбына, алдыңғы сөйлемге байланысына ерекше мән беріп, жонып не толықтырып түзеттіремін. Жазылған сөйлемнің қателерін бірден таптырып, сол қатеге қатысты емлелік ережені естеріне түсіруге тырысамын. 4-5 не 5-6 сөйлемнен тұратын мөлтек шығарма жазылып болғаннан кейін, осы мәтіндегі бүгінгі өтіліп отырған сабақ тақырыбына қатысты сөздер мен сөйлемдерді таптырып, тиісті белгілерімен астын сыздырамын да, соңында осы мәтіннің ішінен өздері қалаған бір сөйлемге не сөзге грамматикалық талдау жасатамын.
Кейде суретті іліп қойып, алдын ала ауызша пікір алысып, ат қойғаннан кейін, уақыт белгілеп, әрқайсысының өздігінен жазуына тапсырма беремін. Мәтінде кездесуі мүмкін кейбір қиын немесе жаңа сөздерді тақтаға жазып қоямын. Келесі кезеңде жазылған мәтіндерін оқытып, бір-бірінің жұмыстарына пікір-сын айтқызамын. Алдымен жетістігін, жақсы жақтарын атап, соңынан кемшіліктеріне тоқталуға жетелеймін. Мысалы, «Омонимдер» тақырыбын бекіту кезеңінде
3
«Сырғанақта» атты сюжетті суреттер жинағын біртіндеп тақтаға іліп, ауызша әңгімелеткізіп тұрып, омоним сөздерді қатыстыруға бағыттадым. Балаға, итке ат қойғыздым. Осындай дайындық жұмыстарынан кейін әрқайсысы өз бетімен шығарма жазды. Осы күрделі жұмыстан кейін оқушыларды сергіту мақсатында «Тез айтып жібер» атты граммати-калық ойын өткіздім.
4
Апам жеміс ектіріп, Өрік, алма қақтырды Баппен тіліп, кептіріп, Балдай қақ қылды, Жауды жауын сіркіреп, Жұрт үйіне шақ кірді. Күн ашылды, кілкілдеп, Жол бойына қақ тұрды. Үйге кірген қонаққа Нұсқады апам нақ төрді. Қарбыз әкеп заматта, Ортасынан қақ бөлді. Осы сабақта Гүлсая деген оқушы «Мұзайдында» атты тақырыппен мынандай әңгіме құрастырды. «Қыстың бір шуақты күнінде Саят Құтжолды ертіп, мұзайдынға коньки тебуге барды. Бірақ ол коньки тебе алмайды екен. Құлап қалды. Оған Айгерім күлді. Саят ұялып қалды да, амал тауып кетті. Ол шарларды үрді. Сөйтіп, солардың демеуімен жақсы сырғанай жөнелді. Бұған тіпті Құтжол да риза болып, қуана үрді». Осы арада еске сала кетер нәрсе — сол күнгі «Тіл ұстарту» сабағында «Қазақтың қолөнері» деген тақырыпқа арнап суреттер кермесін жасап қойдым. Бұл көрмеде зергерлік бұйымдар, киім-кешек, ер-тұрман әбзелдері, текемет-сырмақ секілді үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, музыкалық аспаптар — жалпы ұлттық қолөнер туындылары кең көлемде көрсетілді. Кіріспе әңгіме барысында С. Мұқановтың: «...кілемнің шетін көмкеретін «су» өрнегі мен ортасындағы «қошқар мүйіз», «түйе табан», «ат ізі» өрнектерін тамаша поэзия деп түсінемін» деген плакатқа (интерактивті тақтаға) жазылған сөзін іліп, «Өнер түрі елде мол, өнім сыры жерде мол», «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ», «Өнерді қызықпаған көре алмайды, таспаны үйренбеген өре алмайды» деген мақал-мәтелдер мен зергер, білезік, сәукеле, шолпы, текемет, түскиіз, т. б. сөздерді тақтаға жазып қойдым. Осы көрме бойынша алған әсерлерін тиянақтап жазбаша жазып беруін бірнеше оқушыға алдын-ала тапсырып қоямын да, сабақ соңына қарай олардың еңбектерін талқылауға көшеміз. Мысалға Марал деген оқушының шығарма-сынан үзінді келтірейін. «...Қазақ халқы — өте өнерлі халық. Қазақтардың қолөнерге құштар-лығын, жасаған бұйымдарынан көресің. Олардың талғамы биік болған. Әрбір қазақ әрзаттың әсем болуын қалаған. Қыздар әдемі шашбаулар таққан. Жігіттер де өрнекті киім киген...».
5
Енді «Алдар көсе мен бай» атты халық аңызының желісінде қалай өткенімді әңгімелеймін. Алдымен төмендегідей сұрақтар қойылып, дайындық жұмысы өткізіледі. 1. Алдар көсені не үшін жақсы көресіңдер? 2. Ал суретші оған қалай қарайды? Суретші кейіпкеріне деген сүйіспеншілігін қалай жеткізген? 3. Иллюстрация бойынша байдың жауыз, сараң екені байқала ма? 4. Ертегі кейіпкерлері туралы әңгімелегенде суретшіге не нәрсе көмектескен?
Міне, осылайша өзіндік ой-пікір айтуға жетелейтін сұрақтарға жауап беру оқушыны ойландырып, толғандырып өз бетімен жүмыс істеуге жетелейтіні анық.
Міне, бұл әдіс оқушының бойында шығармашылық қабілет оятып, оны дамытады. Соңынан тақтаға бүкіл сынып қатысуымен шағын әңгіме жазылды. Мәтінде кездескен шылау түрлері аталып, соңғы сөйлемге синтаксистік талдау, ал «жүйрік» деген сөзге фонетикалық талдау жасалды. Кейде әрбір оқушыға белгілі суретшілердің шығармаларын таратып беріп, әрқайсысына өзіне берілген суретке суреттеме не сын-мақала жазғызамын. Сурет бойынша әңгіме, шағын шығарма жаздыру — тіл дамыту мақсатында менің өте жиі қолданылатын жұмыстарымның бірі.
6
Бұл жұмыстың сөз өнерін бейнелеу, кескіндеме өнерімен байланыстыруға, оқушыларға бейнелеу өнерінің де өзіндік құдіретін танытып, өрісін байытуда, белгілі қылқалам шеберлерінің өзіндік қолтаңбасын бағамдай білуді үйретуде атқарар қызметі орасан. Қашан да картинаның авторын атап, анықтап жазып қойып, естеріне қалдыруға көңіл бөлемін. Кейде оқушыларымның өзіндік ой-пікірін, тұжырымдарын тиянақты қалыптастыру, үшін бейнеленгенді ғана әңгімелетпей, қалай суреттелгеніне назар аудартқызып, өзіндік сын-пікір айтуына жол саламын. Қай суреттен болмасын, орайлы ой табуына, көркемдік бейнені тануына көңіл бөлемін. Сонан соң, оқушылар назарын суретші шеберлігіне, таза өнер туындысын тамашалауға аудардым, жарықтың түсірілуі, бояулар үйлесімі, бейнеленген адамдар кейпі, жанарларында тұнған ой, киімдері, отырыстары, т. б. міне, осылар туралы пікір айтқызамын. Сол ой-пікірлерін дәптерлеріне түсірткіземін. Белгілі бір мәтін бойынша жұмыс жүргізгенде, тақтаға тақырыбын жазып қойып, мәтінді оқып беремін. Лайықты сурет ілемін. Мәтін мазмұны бойынша шағын пікір алысудан кейін шығарма жаздырамын. Кейде оқушылар шығарманы мәтінін, кейбір деректерін ғана пайдаланып жазады. Кейде тақтаға жазылған жоспарға сүйеніп, мазмұндамаға ұқсас түрде жазады.
Мысалы, «Алматының алмасы» деген тақырып алынды. Алматы апортының түрлі-түсті суретін магнитті тақтаға ілдім. «Алматының алмасы» атты кітапшадан апорттың шығу тарихын оқып беріп, тақтаға кейбір деректерді жазып қойдым.
7
Оқушылар жазған жұмыстарын оқып бергеннен кейін әркім өз мәтінінен етістіктерді тауып, шаққа, жаққа, рай түрлеріне қарай ажыратып, жұрнақ, жалғауларын белгіледі. Тақтаға екі оқушы өздерінің сөйлемдерін жазып, синтаксистік, марфологиялық талдау жасады. Талдау барысында сөйлемдердің құрылысына, сөз қолданысына, тілдік нормаға сәйкестігіне баға берілді. Сонымен қатар , қазақ тілі сабағындағы тіл дамыту жұмыстарын әдебиетпен байланыстыра жүргізуге де тырысамын. Мысалы, «Диалогты» өткенде тақтаға үш оқушыны шығарып, біріне —Кендебайдың, екіншісіне — баланың, үшіншісіне — автордың ролін беріп, шағын көрініс көрсетуге жұмылдырдым да, төртінші оқушыға осы көріністі тақтаға жазуды тапсырдым. Соңынан бүкіл сынып қатыстырылып, диалогтың тыныс белгілерінің қойылуын, сөйлем құрылысын, қателерін талдады. Осылай көрсетілген «Қаңбақ шал» да жақсы әсер қалдырды. Белгілі бір дайын мәтін бойынша жүргізілген тіл дамыту жұмыстары барысында оқушылардың тілі ұстарып, сөздік қоры молайып қана қоймайды, сонымен қатар, сол мәтіннен нақты деректер арқылы білімі тереңдейді. Атақты бір адам туралы не тарихи оқиға немесе белгілі бір зат туралы жаңа мәлімет алады. Осы бағытта А. Қыдырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» әні Т. Жаманқұловтың орындауында күйтабақтан тыңдатып, ән әсерін, көңілдеріне ұялаған ой-пікірлерін дәптерлеріне түсірткіздім. Кейде Құрманғазының бір күйін тыңдатамын да, сол күйдің шығу тарихы жайлы шағын түсінік беріп, күй тілінен не ұқты, қандай әсер алғанын жаздырамын. Жұмысты түрлендіру мақсатында кейде балаларға арналған сюжетті өлең оқып беріп, өлеңде айтылған ойды, оқиғаны қара сөзбен жазып шығуды тапсырамын. Мысалы, мұның қатарына Қ. Мырзалиевтің балалар психологиясын дәл беретін, нәзік юморлы жырларын атар едім.
8
Міне, осылайша бұл жұмыс түрлерін үнемі түрлендіріп отырудың оқушыларға берері мол және олардың сабаққа қызығушылығын арттырып, шығармашылық белсенділіктерін көтереді. Шағын шығарма, суреттеме не сын-мақала қай тақырыпқа жазылса да, сол күнгі өтілген жаңа материалмен байланыстырылып, ішін-ара грамматикалық талдау жасалып отырады. Сонымен бірге, бұл жұмыстарға үнемі сөздік жұмысы кіргізіліп, баланың тіл байлығының артуына қызмет етеді. Мәтіннің идеясына өзек, негіз болатын сөздер, сөз тіркестері, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, жаңа сөздер ылғи да интерактивті тақтада кейде тақтаға жазылып, оқушы жұмысына тірек болатын жағын баса көздеймін. Сөйлегенде, жазғанда сол сөздерді орынды пайдалана білуге үйрету, яғни оқушының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру — тіл дамыту жұмыстарының басты мақсаты. Тіл дамыту жұмыстарына жұмбақ шешу, мақал-мәтел сайысы жаңылтпаштар жарысы да жатады. Бұл жұмыстар көбінесе оқушыларды сергіту мақсатында жоспарланады. Мысалы, «Бастауышты» өткенде, мынадай жаңылтпаштарды алып, жарыс өткіздім. Омар, Ғұмар Ұмыр-жұмыр алысады, Үйме-түйме Ілгек-түйме тағы ұшады. Көкебайдың Көкені Көп ішеді кофені. Көп ішеді кофені. Көкебайдың Көкені. Қаштым қатты-ақ, Ұшты қалпақ, Балақ — сатпақ, Аяқ — батпақ. немесе «Шартты райды» өткенде: Екіні екі еселесе де болады, Екіні екі еселемесе де болады. Шапшаң шапсаң, Бұрқырар ақ шаң. Кетпеннің басын басса, Тиеді сабы басқа. Ал егер сабын басса, Тие ме басы басқа?!. т. б. Бұл жарыс сабақтың балаларға ұнайтыны мәлім.
9
Сол сияқты мақал-мәтел сайысы, жұмбақ жарыстары да оқушыларға өте ұнайды. Бұл жарыс түрлерін кейде қатараралық етіп, кейде жеке сайыс түрінде, кейде ұлдар мен қыздар топтары арасында өткіземін. Тіл ұстарту жұмыстарында тіліміздің шұрайын келтіретін мақал-мәтелдерді жиі айту, оны оқушы құлағына басқыштап жеткізе беру өз тәжірибемде жиі орын алады. Мақал — мызғымастай орныққан халық дәстүрі. Сондықтан әр сабақ сайын оны түрлендіре, оқушыны қызықтыра отырып, кейде ойын түрінде «Кімжылдам?», «Орнын тап», «Жалғасын құра» сияқты етіп, халық даналығын оқушы жүрегіне берік ұялатуға болады. Мысалы: Алтау ала болса,.. (ауыздағы кетеді). Төртеу түгел болса,.. (төбедегі келеді). Ер бір рет өледі,.. (қорқақ мың рет өледі). Шешеннің сөзі ортақ,.. (шебердің қолы ортақ). Жүйелі сөз жүйесін табар,.. (жүйесіз сөз иесін табар). Жақсы дос үшін,.. (жан пида). Жақсы болсаң,.. (жақын көп). Енді бір тоқталатын мәселе — қазақ тілі сабақтарында үнемі орын алып отыруға тиісті грамматикалық ойындар. Мен өз тәжірибемде бұл жұмысты да қалт жібермеуге тырысамын. Ойын түрлерін көбіне «Қызықты грамматика» жинағынан алып пайдаланамын, кейде сабақ тақырыбына орай өз жанымнан қосып, не алып түрлендіріп жүргіземін. Бұл ойындар бір қарағанда өте қарапайым, бірақ сабақтың сапасын көтеріп, оқушының ынтасын арттыруға тигізер ықпалы аса мол. Сабақтың күрделі кезеңінде оқушылар жаңа материалдарды қабылдап, бекіту жұмыстарын орындап шаршаған шақтарында эстафетаға ұқсас жарыс ойынын өткізген тиімді. Үш қатардан 5-тен оқушы шығарып, топтарға жеке-жеке ат қойғызамын. Әр топтың өз тақтасын белгілеп, бір әріпті жазамын. Оқушылар тез-тез борды бір-біріне жеткізе тұрып, сол әріптен басталған сөздерді (зат есімдер, не үстеулер) жазады. Соңыннан ұпай санын есептеп жеңімпаз команданың аты хабарланады. Ойын өте жылдам және қызықты өтеді. «Тізбек» ойынын да түрлендіріп өткізуге болады, Алғашқыда тек зат есімдерді тізіп ойнаса, кейін I қатар — сын есім. II қатар — зат есім, III қатар етістік деп тіркеп, сөз тіркесін жасап та ойнады. Кейде кішкене допты да ойынға қатыстырамын.
10
«Ұйқасын тап» та оқушыларды тапқырлыққа, шешендікке баулитын, тіпті поэзияға деген алғашқы талпыныстарын оятатын пайдалы ойын. Мысалы: Қарсы алғанда Мамыр таңын, Әнді шырқап... Менің барлық достарым, Қосты бүгін... Халық деген неткен көп, Аспан қандай... Әсем әндер шарықтап, Көгершіндер... Соққан сайын жел жібек, Барады ту... Әлем құшақ жайғандай, Тамаша еді Мамыр... Кез келген балаларға арналған өлеңдерді алып, осылайша ойнатуға, соңынан сабақ тақырыбына байланысты талдау жасатуға болады. Фонетика тарауын өткен кезде «Ойлан, тап!» атты тиісті дыбысты тапқызатын ойын ойнатамын. Мысалы: «Теңізде» жоқ, «Балықта» бар. «Семізде» жоқ, «Арықта» бар, т. б. (А) «Алфавит» тақырыбын өткенде сыныпқа кеспе тапсырмаларда жазылған әріптерді таратып бердім. Сынып үнсіз отырып, әркім өз кезегі келгенде тақтаға шығып, бір сөз жазады. Қалғандары тақтадан дәптеріне көшіріп отырады. Алфавитті жаттамай келген балаларға ескертіліп, жаттағандарына жақсы баға қойылды. Мен өз сабағымда жүргізетін ойын түрлеріне осылай жеке тоқтала берсем, көп уақыт алатыны анық. Сондықтан жинақтап айтсам: «Қызықты грамматика» және сол іспеттес балаларға арналған түрлі өлең, ойын жинақтары менің үнемі пайдаланатын кітаптарым. Ондағы: «Үш реттен», «Есеп», «Сөзжұмбақ», «Жаңылдырғыш сұрақтар», «Кім жарысқысы келеді?», «Ең аз, ең көп», «Кімбұрын?», «Ненің түбі не?», «Не игі?», «Әзіл аралас сұрақтар», «Сақ бол», «Жаңылма», т. б. толып жатқан ойындарды алдын ала екшеп, сабақ жоспарына енгізіп, әрқашан сергіту сәтіне пайдаланамын.
11
Суретпен жұмыс жүргізу
Бүгінгі таңда шығармашылықты дамытудың жаңа технологиясы.
Сурет арқылы жұмыс түріндегі басшылыққа алу:
- Бұл суретте не болып жатыр?
- Мұнда не болып жатыр?
- Мына бейнелеу туралы не айтуга болады?
- Тағы не көріп тұрсыңдар?
- Тағы не байқадың?
- Кім не қосар еді?
- Кім толықтыра алады?
- Мүмкін әлі ешкім айтпағанды біреулеріңіз көріп отырған боларсыздар?
- Олай деп айтатындай не көріп тұрсың?
Нәтиже: Оқушы әртүрлі ақпарат көздерінен сусындап, өз түйінін айта білді. Жұмысты топпен бірге талдап, пікірлесіп, ұтымды жауапты іздеді.
Әр оқушы өз ой тұжырымымен бөлісті.
12
Ә. Қастеевтің «Шоқан Уәлихановтың портреті» деген, 1951 жылы салынған суреті берілді. Суреттің алдыңғы көрінісінде тастың үстінде отырған Шоқан бейнеленген. Оның үстіне әскери формасы, сол қолында кітап, он, қолымен жағына сүйеніп, ойланып отыр. Оның отырған жері ауылдың биік-тау төбесі, айналасы жақпар тастар. Тастардың арасынан өсіп тұрған жасыл шөптер, бұталар көрінеді. Теменгі жақта бірнеше киіз үйлер. Бір үйдің сыртында пәуеске (жеңіл арба) тұр. Арбада жегілген ат жоқ, тәртесі қаңтарулы, көкке қарап тұр. Бір үйдің алдында бірнеше адам алқақотан отыр. Үш-төрт адам түрегеп тұр. Екі-үш ерттеулі ат байлаулы. Ортаңғы көріністе өзен ағып жатыр. Оның жағасы жайдақ. Бір үйір жылқы жайылып жүр. Алыстан өзен жағалауында өсіп түрған ағаштар көрінеді. Артқы көріністе ашық аспан. Алыстан мұнартқан тау сілемдері байқалады.
13
Осы сурет бойынша әңгіме жүргізу үшін ең алдымен сұрақ қойылады. 1. Алдыңғы көріністе отырған кім? 2. Шоқанның сол қолында не бар? 3. Шоқан оң қолын қалай ұстап тұр? 4. Шоқанның үстінде қандай киімі бар? 5. Шоқан қайда (неде?) отыр? 6. Жылдың қай мезгілі? 7. Неше үй тігілген? Үйлердің түсі қандай? 8. Үйдің қасында не тұр? 9. Үйдің алдында кімдер отыр? 10. Алыстан не көрінеді? 11. Тастардың арасында не өсіп тұр? 12. Өзеннің жағасы қандай?
Келесі бір сабақта «Тышқанның ақылы» тақырыбындағы сурет мазмұнына ертегі құрастыру тапсыры-лады. Әр оқушы өз қиялымен мағыналы да мазмұнды ертектің авторы бола алады.
14
Ақ тауыққа мініп ап, Айға жеттім зымырап. Құйынынан тауықтың Кетті бұлттар ыдырап. – сияқты өлең шумақтарын немесе ойдан мәтін құрастыртуға , оқушылардың қиялына бостандық беру арқылы тіл шеберлігін, ой жүйріктігін арттыруға болады.
15
Дәстүрлі ойындар Қазіргі кезде жас ұрпақты оқытып, алған білімін кеңейтіп, көркемдік талғамдарын арттыруда, өмірге көзқарастарын дұрыс қалыптастырып халықтық тәрбие беруде, ізгі мінез-құлық, биік адамгершілік, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруда ана тілі мен әдебиеті пәнінің атқарар міндеті мол, орны ерекше. Оқушы білімінің сапалы болуы сабақ жүйесіне, әр сабақтың ішкі мүмкіндігіне, оларды ұлттық дәстүр мен ұштастыра білуге, оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істетіп, біліктері мен дағдыларын іскерлікпен дамытуға байланысты. Қандай сабақта да оқушыларды ізденіске баулу — мұалімнің басты мақсаты болмақ. Осы мақсатты жузеге асудың бірден-бір тиімді жолы — сабақ процесінде ойын түрлерін пайдалану. Әсіресе, қазақ тілі сабағында көптеген ойын түрлерін пайдалануға болады. Сабақты ойын түрінде түрлендіре өткізу оқушылардың қызығушылығын ғана оятып қана қоймайды, сондай-ақ мұндай әдіс олардың талабын ұштап, қиялын дамытып, ой-өрістерін кеңейтуге, іздену қабілеттерін дамытуға үлкен септігін тигізеді. Әсіресе, сабақ барысында өзіміздің қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін өтілетін тақырыпқа лайықтап пайдалану, ғасырлар бойы тасада қалып келген тамаша дәстүрлерімізді қайта жандандырып, ұрпақтар бойына сіңіруге үлкен көмегін тигізетіні сөзсіз. Сонымен бірге, оқушылар халқымыздың өткен тарихына ойлы көз тастап, қарым-қатынас өнеріндегі салт-дәстүрлерді саналы түрде сезініп өседі. Сабақта ұлттық ойын түрлері сәтті жол тапса, оқушылардың белсенділігін дамытып, пәнге деген құштарлығын оята түседі. Төменде орта буында «Сын есім» тарауын қайталауда ұлттық ойын түрлерін қалай пайдалануға болатындығы туралы сабақ үлгісі беріліп отыр. Мұндағы ойын түрлерінің бәрін бір сабақ үстінде пайдалану міндет емес, бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кез келген сабақта осындай ойын түрлерін енгізулеріне, сабақты қызықты да тартымды өткізулеріне септігі тиер деген мақсатпен ұсынып отырмын. Ақ бас таудың етегінде Аппақ гүлдер тұнып тұр. Ақ жаулықты анам келіп, Ала қырды шолып тұр.
16
Жаз шуағы жанарында, Күміс күндей күлкісі. Ақ жүректі, ақ жаулықты, Ақ тілекті бұл кісі. Аппақ ниет, ақ көңілмен, Ақ нұр болды сепкені. Ақ сүт берген анашыма, Ақ алғысым көп менің! Сұрақ:— Балалар, қандай сөзді көп кездестірдіңдер? Жауап:— Ақ сөзін. Сұрақ: Қандай сөз табына жатады? Жауап:— Сын есім. Бұдан соң оқушылар сын есімнің қай түріне жататынын, сын есімнің құрамы, мағынасына қарай бөлінетін түрлерін, шырайларын атайды.Сыныпты екі топқа бөлемін Топтарға ат қою үшін өлеңдерді үнтаспадан әнмен айтқызып, авторын, өлең атын тапқызып, сын есімдерді ататқызамын. Қай топ өлең шарттарын толық орындаса, сол өлең атауымен аталады. Топ аттары: «Атамекен» және «Алатау». Топ басшылары сайланады. Бір-біріне сын есімді сөздер арқылы сәлем жолдайды. 1. Ойын. «Арқан тарту». Жіптен 30 см көлемінде шағын арқан есіп алып тақтаға кнопкамен іліп қоямын. Тақтада арқан керулі тұрады. Балалар арқанның екі шетінде тұрып біліммен сайысады. Оқушыға конверттегі тапсырмалар беріледі. Кім 1 мин. ішінде көп тапсырма орындаса, сол топ ұтады. Тапсырмалар тапсырма ретінде алдын ала конверттерде дайындалған. 2. «Сақина салу» ойыны. Топ оқушыларын екі-екіден топтаймын. Бәрінің қолдарына сақина салған болып аралап, білдірместен 2 топтан 2 оқушыға сақина салып кетемін. Тақта алдына «Кел, сақинам, кел!» деп шақырамын. Егер сақина салынған оқушы орнынан тұра алмай қалса онда тақтаға шығып, тапсырмаларға жауап береді. Егер сақина салынған оқушы тұрып кетсе, жанындағы ұстай алмай қалған оқушы осы шартты орындайды. 3. «Орамал тастау» ойыны (шырайларға байланысты). Топ басшы орамалды алып, сын есім шырайлы сөзді атайды да, 2-топтың оқушысына береді, ол оқушы қандай шырай екенін айтып келесі топ оқушысына береді. Осылай ойын жалғаса береді.
17
4. «Білім мен дәстүр сыны» ойыны. Екі топтан екі оқушы шығып, конверттегі тапсырмаларды алып, тапсырмаларды сын есімге және ұлттық дәстүрлерімізге байланысты сұрақтарға жауап береді. 1. Қамыр түрлері. 2. Үй жиһаздарының түрлері. 3. Қымыз түрлері. 4. Көже түрлері. 5. Қонақта тартылатын табақ түрлері, т.б. Соңғы кезде дәстүрге айналып жүрген «Қыз сыны» немесе «Жігіт сыны» байқаулары сияқты сабақ процесінде «Білім мен дәстүр сыны» ойынын енгізіп жүрміз. Бұл ойынның мақсаты балалар өз халқының тамаша дәстүрлерін бойларына сіңіріп өседі, өздігінен іздену үстінде болады. Бірақ ойынның шарты бойынша 1-сұрағы сабақ мазмұнына байланысты, 2-сұрағында ұлттық дәстүрлеріміздің сол сабақпен байланысты тұстарын алуды қарастырады. 5. «Хан қандай?» ойыны. Тақтаға өткен ғасырлардағы еліміздің хандарының бірінің суреті ілінеді. Екі топтан екі оқушы шығып, хан қасиеттерін әңгімелейді. Шарт: сөйлемдердегі сын есімдерді атау, түрлерін ажырату. Бірінші топ сөйлемдерінде сын есімдерді қатыстырып айтады, екінші топ тауып отырады. Сергіту кезеңі: Ұлттық дәстүрлерімізге байланысты әндер немесе халық әндерін орындау. 6. «Аң аулау» ойыны. Тақтаның бетіне аңдар суреттері ілінеді, соған сәйкес тапсырмаларға жауап береді. 7. «Жұмбақ шешу» ойыны. Алдын ала дайындалған тапсырмалардан жұмбақтар оқимын. Оқушылар сын есімді атап, шешуін табады. Жұмбақ міндетті түрде халықтық сипатымызды, дәстүрімізді айқындайтын болуы тиіс. 8. Ой өрістерін байқау мақсатында: «Кім білгіш?» ойынын ойнатамын. Жазушылар суреттерін көрсетіп, олар туралы әңгімелетемін, олардың бір шығармасының атын атап, сипаттама бергіземін. Топ мүшелері сын есімдерді (т. б. Сөз таптарына қатысты) табады. 9. Екі жағынан оқысаң да сын есім болатын сөздер ойлатқызу: ала, көк т.б. 10. «Тенге ілу» ойыны. Әр топтан оқушылар келіп, тапсырмалар алып сөйлемді талдайды. Ойын осылай жалғаса береді. Екі топқа сабақ соңында бата беру тапсырылады.
18
Төменде оқушылардың берген батасын келтіріп отырмын: — Бата — біздің салтымыз, Жақсы оқу — антымыз. Кеудең толсын білімге, Артыңда қалсын алтын із. Пайдаң тиіп Отанға, Риза болсын халқымыз. «Бес» болсын алар бағамыз, Біліммен бақыт табамыз. Өнер — білім көп тоқып, Өсе берсін санамыз! Аумин! Алдын ала сайланған қазылар алқасы өз қорытындысын айтып, топ жетістігін анықтайды. Жалпы қазақ халқындағы ұлттық ойын түрлерін сабақ процесінде оқушылардың білімдерін, белсенділіктерін арттыру мақсатында көптеп пайдалануға болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Сонымен бірге , “Менің сүйікті жемісім” , “ Балық аулау” ойындарында тапсырмалар сурет артына жапсырылады немесе артындағы қалташыққа салынады. Мұндай ойындар арқылы өтілген тақырыптарды пысықтау өте ыңғайлы.
19
Оқушыларды шығармашылыққа баулу Мұғалім оқу просцесінде ойын арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге, оқушының өзіне сенімін арттыру, шығармашылығын дамыту мақсатында мұғалім әр сабағында тақырыпқа сай тапсырмалар беріп отырғаны абзал. Оқушыны шығармашылыққа іздендіру, танымдық қабілетін ашу арқылы болақшақтағы Егеменді елдің іскер де, білімді адамын заң талабына сай, рухани дүниесін бай етіп тәрбиелеу керек. Сабақ барысында тұйық мінезді оқушы-ның керемет суреткер, логикалық ойлау қабілеті шебер екенін шығармашы-лық жұмысқа баулу кезінде ашуға болады. Өз тәжірбеме сүйене отырып, ре-бус, анаграмма, сканворд тағы басқа басқатырғаларды құрастыруға бағыт берем. Сабақ барысында құрастырылған дүниелерді шештіріп, оқушы мәрте-бесін көтеріп отырам. Тек ғана еңбекқорлыққа емес, эстетикалық сұлулыққа, тақырыпқа деген ізденімпаздыққа баулимын.
20
Ел болашағы білімді, тәрбиелі, жан – жақты дамыған тұлғаның қолында. Олар - талапты, ізденуші, жастар. Шоқан бабаларымыздай ғылымның бір саласын меңгерген, Абай бабаларынмыздай ғылым мен білімді ең басты қазы-нам, байлығым деп есептейтін ұрпақтар.
21
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. “Қазақ тілі мен әдебиеті” журналы 1992жыл. №7,9,10,11,12 2. С.Мұқтарұлы “Шоқан және өнер” Алматы Өнер – 1989. 3. А. Байғабылова “Ата-баба мұрасы” Аруна баспасы 4. “Қазақ тілі мен әдебиеті ” журналы 2001-2004жыл №5, 8, 11 Құрастырған: Кадирбаева К.А. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Терген: Әмихан Мөлдір Дүйсенханқызы Көркемдеуші: Әмихан Мөлдір Дүйсенханқызы