ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОМБУДСМЕН 1-параграф. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі 307-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ұғымы 1. Мемлекеттік органдарда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне өкілдік ету, оларды қамтамасыз ету және қорғау мақсатында, сол сияқты кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен лауазымға тағайындалатын адам Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл болып табылады.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге осы Кодексте көзделмеген функцияларды жүктеуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметіне қандай да бір заңсыз араласуға жол берілмейді.
3. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партиялардағы және өзге де қоғамдық бірлестіктердегі өзінің мүшелігін тоқтата тұрады.
4. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл саяси қызметпен айналысуға құқылы емес.
5. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметке кіріскеннен кейін белгіленген тәртіппен бір ай ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өзінің меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың үлестерін, акцияларын (акциясын), жарғылық капиталға қатысу үлестерін және пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін өзге де мүлікті өз лауазымын атқару уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуіне болады, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар және тұрғын үйді мүліктік жалға беруге құқылы.
6. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, басқа ұйымдарда ақы төленетін лауазымдарды атқара алмайды.
308-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау