197-бап. Реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық
жағдайға ие нарық субъектілері қызметінің
мониторингі
1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар
туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, үстем немесе монополиялық
жағдайды теріс пайдаланумен байланысты бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу
реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері қызметі
мониторингінің мақсаты болып табылады.
2. Реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық
субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген нарық субъектілері монополияға қарсы
органға:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес міндетті
жыл сайынғы аудитке жататын нарық субъектілері үшін жыл қорытындылары бойынша
аудиттелген қаржылық есептілікті – келесі жылдың 31 тамызына дейінгі мерзімде;
2) өзінің дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің,
пайларының) он және одан көп пайызын сату немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы
тоқсан сайынғы ақпаратты – есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесіне дейінгі мерзімде;
3) өнімнің монополиялық түрлері бойынша өндіру мен өткізу көлемдері, өткізілген
монополиялық тауарлардың босатылу бағалары мен кірістілік деңгейі туралы тоқсан сайынғы
ақпаратты монополияға қарсы орган айқындайтын нысан бойынша – есепті кезеңнен кейінгі
айдың он бесіне дейінгі мерзімде беруге міндетті.