1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі –
сараптамалық кеңес) Орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар
жанынан:
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына,
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан
Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға жеке кәсіпкерлік
субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес
ұйымдардан сараптамалық қорытындыларды алу;
кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында
мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды тұжырымдау;
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру
бойынша ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын
консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Орталық мемлекеттiк, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы
сараптамалық кеңестерге Ұлттық палатаның, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң
аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың,
мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
Сараптамалық кеңестердің отырыстары тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі.
3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық
емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың
жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi
сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық
кеңестердiң құрамдары мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
4. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi
әзiрлейтiн мемлекеттiк орган, мемлекеттiк құпияларды құрайтын нормативтiк құқықтық
актілерді қоспағанда, оны сараптамалық кеңестiң қарауына енгiзедi.
5. Осы Кодекстің 66-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда,
сараптамалық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы
халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға
ниеттенетін халықаралық шартты қарауды оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу
арқылы отырыс өткізбей жүзеге асыруы мүмкін.
6. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті
орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын
жағдайда, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
7. Сараптамалық кеңестер туралы үлгiлік ереженi Қазақстан Республикасының
Үкiметi бекiтедi.
8. Сараптамалық кеңестердің жұмысын талдауды және оның мониторингiн кәсіпкерлік
жөніндегі уәкiлеттi орган жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы
болып табылады.
Үйлестiру кеңесiнiң құрамын кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi органның басшысы
қалыптастырады.