371-бап. Азаматтық және қызметтiк қаруды тiркеу (қайта тiркеу) тәртібін не оны есепке қою тәртібін бұзу
1. Мынадай:
1) жеке тұлғаның қаруды сатып алғаннан кейiн тiркеу және оны сақтауға және (немесе) алып жүруге рұқсат алу;
2) жеке тұлғаның азаматтық қаруды сақтауға және (немесе) алып жүруге рұқсатты ұзарту туралы iшкi iстер органына өтiнiш беру;
3) қару иесiнiң өзіне тиесiлi қарудың жоғалғаны немесе ұрланғаны туралы iшкi iстер органын хабардар ету;
4) жеке тұлғаның тұрғылықты жерiн өзгерткен кезде қаруды есепке қою үшiн iшкi iстер органдарына өтiнiш беру;
5) заңды тұлғалардың қызметтiк және (немесе) азаматтық қаруды сатып алғаннан кейiн оны iшкi iстер органдарында тiркеу мерзiмдерiн бұзу арқылы азаматтық және қызметтiк қаруды тiркеу (қайта тiркеу) тәртібін не оны есепке қою тәртібін бұзу -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер -
жеке тұлғаларға - қаруы ақылы түрде алып қойылып, он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға жетпiс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 372-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
372-бап. Азаматтық қаруды, оған арналған патрондарды сату үшiн өткізуден жалтару
Азаматтық қаруды, оған арналған патрондарды сақтауға рұқсатты iшкi iстер органдары алып қойған жеке тұлғалардың оларды сату үшiн өткізуден жалтаруы, -
қарудың өтемiн төлеп алып қоя отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.08.07 № 67-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен; 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 373-бап өзгертілді
373-бап. Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, тосқауылдар мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізудiң тәртібі туралы заңдарды бұзу
1. Жиналыстар, митингiлер, шерулер, тосқауылдар, демонстрациялар не өзге де көпшiлiк iс-шараларын ұйымдастыру немесе өткізу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу не оларды ұйымдастыруға немесе өткізуге кедергi жасау, сол сияқты заңсыз жиналыстарға, митингiлерге, шерулерге, демонстрацияларға не өзге де көпшiлiкке арналған iс-шараларға қатысу, егер бұл iс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, -
жеке тұлғаларға - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштің жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Рұқсат етiлмеген жиналысқа, митингке, тосқауылға, демонстрацияға не өзге де көпшiлiк iс-шараларына қатысушыларға ұйымның басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының үй-жай не өзге де мүлiктер (байланыс құралдарын, көбейту техникасын, жабдықтар, көлiк) беруi немесе осындай iс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу үшiн өзге де жағдайлар туғызуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Әкiмшiлiк жаза шаралары қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған не жиналысты, митингiні, шерудi, демонстрацияны ұйымдастырушы жасаған нақ сол iс-әрекеттер -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 374-бап өзгертілді; 2005.23.02 № 33-III ҚР Заңымен 374-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.08.07 № 67-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 374-бап жаңа редакцияда; 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 374-бап өзгертілді
374-бап. Қоғамдық бірлестiктер туралы заңдарды бұзу
1. Қоғамдық бірлестiк басшыларының, мүшелерiнiң не қоғамдық бірлестiктiң осы қоғамдық бірлестiктердiң жарғыларында белгiленген мақсаттары мен мiндеттерiнiң шегiнен тыс iс-әрекеттер жасауы, -
қоғамдық бірлестiктiң басшыларына - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бірлестіктің мүшелерiне - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бірлестiкке айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейінгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қоғамдық бірлестiк басшыларының, мүшелерінің не қоғамдық бірлестiктiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзатын іс-әрекеттер жасауы, -
қоғамдық бірлестiктiң қызметiн үш айдан алты айға дейінгi мерзiмге тоқтата отырып, қоғамдық бірлестiктің басшыларына - айлық есептiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бірлестiктiң мүшелерiне айлық есептік көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
қоғамдық бірлестiктiң қызметiн үш айдан алты айға дейiнгі мерзiмге тоқтата отырып, қоғамдық бірлестiктiң басшыларына - айлық есептiк көрсеткіштің жүз елуге дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бірлестiктің мүшелеріне айлық есептiк көрсеткіштің жүзге дейінгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, сол сияқты осы баптың үшінші бөлігінде көзделген бұзушылықтарды жоймау, -
қоғамдық бірлестіктің қызметiне тыйым сала отырып, қоғамдық бірлестiктің басшыларына - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, қоғамдық бірлестiктің мүшелерiне айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейінгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың, шет ел қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қайырымдылық ұйымдарының саяси партияларды қаржыландыруы -
заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, лауазымды адамдарға - төрт жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде, заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, шетелдiк заңды тұлғаларға екi мың айлық есептiк көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың саяси партияларды қаржыландыруы, -
заңсыз қайырымдылықтар тәркілене отырып және Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Саяси партиялардың заңсыз қайырмалдықтарды қабылдауы, -
заңсыз қайырмалдықтар тәркiлене отырып және он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға ала отырып не онсыз саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, саяси партияның басшысына төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Саяси партиялардың қаржылық қызметi туралы жылдық есептіктi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiм мен көлемде жарияламау, -
саяси партияның қызметiн алты айға дейінгі мерзiмге тоқтата отырып, партияның басшысына айлық eceптiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Саяси партияның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнің (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қызметтi қайта тiркеусіз жүзеге асыруы, -
саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, партияның басшысына айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 374-1-баппен толықтырылды
374-1-бап. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тiркелмеген қоғамдық, дiни бірлестiктердiң қызметiне басшылық жасау, қатысу, сондай-ақ олардың қызметiн қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бірлестiктердiң қызметiне басшылық жасау, -
жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бірлестiктердiң қызметiне қатысу, -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бірлестiктердiң қызметiн қаржыландыру, -
екi жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07 № 67-III; 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 375-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 375-бап өзгертілді; 2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 375-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
375-бап. Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнаманы бұзу
1. Мыналарға:
дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге;
қайырымдылық қызметтi жүзеге асыруға;
діни әдебиетті және діни мазмұндағы (мақсаттағы) өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға;
ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу -
жеке тұлғаларға - елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, лауазымды адамдарға және дiни бiрлестiктердің басшыларына - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, заңды тұлғаларға қызметiн үш ай мерзімге тоқтата тұрып, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Заңды діни қызметке кедергі жасау, сол сияқты дінге көзқарасы себебі бойынша жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қайсыбір дiндi ұстанушылар тәу ететін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, -
жеке тұлғаларға - елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, лауазымды адамдарға - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тіркеусіз (қайта тіркеусіз) миссионерлiк қызметтi жүзеге асыруы, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы -
Қазақстан Республикасының азаматтарына - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Діни бірлестіктің өз жарғысында (ережесiнде) көзделмеген қызметті жүзеге асыруы -
лауазымды адамдарға және діни бірлестіктердің басшыларына - екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, заңды тұлғаларға қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуы, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуы және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуі, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуы не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестіктер мүшелерінің иемденіп алуы -
жеке тұлғаларға - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, діни бірлестіктердің басшыларына - екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, заңды тұлғаларға қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құру -
лауазымды адамдарға - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің басшыларына екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Уәкілетті органның келісуінсіз шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмағанның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде діни бірлестіктің қызметіне кәмелетке толмағандарды тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермейтін шаралар қолданбауы -
Қазақстан Республикасының азаматтарына - елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Республиканың шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Діни бірлестіктің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынған қызметті жүзеге асыруы, сол сияқты діни бірлестіктің өз қызметін тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймауы -
лауазымды адамдарға және діни бірлестіктердің басшыларына - үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, заңды тұлғаларға олардың қызметіне тыйым сала отырып, бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, діни бірлестіктердің басшыларына - үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға олардың қызметіне тыйым сала отырып, бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
376-бап. Азаматтық хал актілерін жазу ережелерiн бұзу
Некеге отыруға кедергi болатын мән-жайларды жасыру немесе азаматтық хал актілерін жазу органдарына жалған мәлiметтер беру, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.12.01. № 227-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 377-бап жаңа редакцияда; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 377-бап өзгертілді
377-бап. Қазақстан Республикасында тiркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша күнтізбелік он күннен астам мерзімде тiркеуден өтпей тұруы -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет, -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасында шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгінciз не жарамсыз ықтиярхатпен, азаматтығы жоқ адамның куәлiгімен күнтізбелік он күннен астам мерзімде тұрақты тұруы, сондай-ақ паспорттың, тұруға ықтиярхаттың не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің жоғалғаны туралы ішкі істер органдарын уақтылы хабардар етпеуі, -
жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейін бір жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 378-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.12.01. № 227-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 378-бап жаңа редакцияда
378-бап. Тұрғын жай меншік иесiнiң немесе қарамағында тұрғын жайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да адамдардың ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бұзуы
1. Тұрғын жай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғын жайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да адамдардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да адамдардың қарамағындағы тұрғын жайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуге жол беруi -
жеке тұлғаларға - бес, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға - он, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырма бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Тұрғын жай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғын жайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да адамдардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да адамдардың қарамағындағы тұрғын жайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуден шығару жөнiнде шаралар қолданбауы -
лауазымды адамдарға - он, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
лауазымды адамдарға - жиырма, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға сексен айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 379-бап жаңа редакцияда
379-бап. Жеке тұлғалардан жеке басты куәландыратын құжаттарды заңсыз алып қою, сол сияқты оларды кепілге қабылдау
1. Жеке тұлғалардан жеке басты куәландыратын құжаттарды заңсыз алып қою, сол сияқты оларды кепілге қабылдау,-
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер,-
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жеке тұлғалардан жеке басты куәландыратын құжаттарды заңсыз алып қоюы, -
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 380-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 380-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
380-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарды алған кезде не Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау не Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер беру
1. Жеке басты куәландыратын құжаттарды алған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер беру, -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау не Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер беруi, -
Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберілуіне әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 380-1-баппен толықтырылды
380-1-бап. Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты және (немесе) анықтаманы заңсыз алу
1. Ауруды өтірік сылтауратуы салдарынан уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты және (немесе) анықтаманы заңсыз алу, -
жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекет, -
жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 380-2-баппен толықтырылды
380-2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзу
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған адамның Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін пайдалануы,-
жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мемлекеттік қызметтегі адамдар, сондай-ақ билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар жасаған нақ сол іс-әрекеттер,-
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберілуіне әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 381-бап өзгертілді; 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 381-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 381-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 381-бап жаңа редакцияда (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 381-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |