ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабы
4) тармақшасының "мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады" деген нормасының заңдық мазмұны Республика Үкiметiне заң актiлерi белгiлеген шегiнде мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және жұмсау өкiметтiктерi берiледi деп
түсiну қажет.
2. Қазақстан Республикасының Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабының 1-тармағына сәйкес осы заң қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының
4-тармағында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы қаулы ресми республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы
4-тармағының "тиiстi облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың не республика астанасының
аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы
бөлiгiне ресми түсiндiрме беру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің
1999 жылғы 18 наурыздағы N 5/2 қаулысы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А. Ким, Кеңес мүшелерi О.Қ. Ықсанов,
В.В. Мамонов, С.Ғ. Темiрболатов және В.Д. Шопин қатысқан, өтiнiм субъектiсiнiң өкiлi Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты Е.Ж. Жұмабаевтың қатысуымен өзiнiң ашық отырысында Парламент Сенатының Төрағасы Ө. Байгелдидiң Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағының "тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы бөлiгiне ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiмiн қарады.
Баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi
В.В. Мамоновтың хабарламасын, өтiнiм субъектiсi өкiлiнiң сөйлеген сөзiн тыңдап, сондай-ақ мамандардың қорытындысымен таныса келiп, Конституциялық Кеңес мынаны
АНЫҚТАДЫ:
1999 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесiне Парламент Сенатының Төрағасы
Ө. Байгелдидiң Қазақстан Республикасы Конституциясының
51-бабы 4-тармағының "тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы бөлiгiне ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiмi келiп түстi.
Сенат Төрағасы Ө. Байгелди өз өтiнiмiнде осы нормада белгiленген тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұру шарты Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты депутаттарының тұрғылықты жерiн өзгертiп, Алматыдан Астанаға көшуiне және Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымының өзгеруiне байланысты екiұшты ұғым туғызады деп дәлелдеген.
Осы баптың орыс тiлiндегi "постоянно проживающий" нормасы мемлекеттiк тiлдегi мәтiндегi "тұрақты тұрған" дегеннен басқаша ұғымды бiлдiредi. Осыған байланысты өтiнiмде мынадай сұрақтар қойылған:
Төрт жылға сайланған, тұрғылықты жерiн Алматы қаласына, одан кейiн Астана қаласына ауыстырған Сенат депутаттары келесi мерзiмге сайлану үшiн қайтадан дауысқа түсе ала ма?
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылымының өзгеруi нәтижесiнде таратылған не қайта құрылған облыстың аумағында тұрған уақыты тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында тұрақты тұрып жатқан үш жыл мерзiмге есептеле ме?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы
4-тармағының "тұрақты тұрған" және "постоянно проживающий" деген мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi нормасын қалай
түсiну керек?
Конституцияның 51-бабының 4-тармағы контексiнде қойылған сұрақтарға түсiндiрме бергенде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.
Конституцияның көрсетiлген нормасы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға қойылатын басқа талаптармен қатар тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кем дегенде үш жыл тұрақты тұруын талап етедi.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 16-бабының 1-тармағына сәйкес азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi болып табылады.
Қандайда болмасын азаматтың Сенатқа депутат болып сайлануына байланысты оның тұрақты тұратын жерi өзiнен-өзi өзгермейдi. Сенат депутаты Парламентте өз өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде қызметке сайланатын, тағайындалатын басқа да адамдар сияқты өзiнiң тұрғылықты тұратын жерiнiң шегiнен тысқары жерде жүргенде өзiнiң депутаттық өкiлеттiктерiн жүзеге асыратын жерi бойынша уақытша тұрушы болып табылады.
Төрт жылға сайланған Сенат депутаттарының қайтадан дауысқа түсу мүмкiндiгiне келсек, не конституциялық нормалар, не Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегi конституциялық заң күшi бар Жарлығы қайтадан сайлануға тиым салмайды. Сол себептi, егер депутат өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде өзiнiң тұрғылықты тұратын жерiн өзгертпеген болса, қайтадан Сенатқа дауысқа түсуге құқылығы бар. Егер Сенат депутаттары өзiнiң тұрақты тұратын жерiн өзгерткен жағдайда ол нақты әкiмшiлiк-аумақтық бөлiктен Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу құқығынан айрылады, өйткенi ол Республиканың тиiстi аумағында тұрақты тұру туралы жоғарыда көрсетiлген талапқа сәйкес келмейтiн болады.
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бөлiгiнiң атауының өзгеруi, таратылуы не қайта құрылуы тұрақты тұратын жердiң өзгеруi ретiнде қаралмайды.
Демек, Республиканың тиiстi аумағында тұрақты тұратын үш жылдық мерзiмге Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылымының өзгеруi нәтижесiнде таратылған не қайта құрылған облыстар аумағында тұрған уақыты да есептеледi.
Конституцияның 51-бабы 4-тармағындағы "тұрақты тұрған" және "постоянно проживающий" нормасының түсiнiгi туралы мәселе бойынша Конституциялық Кеңес Конституцияның көрсетiлген тармағындағы "Қазақстан Республикасының кемiнде бес жыл азаматы болған, отыз жасқа толған, жоғары бiлiмi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар" деген талаптар мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде осы шақта жазылған.
"Тұрақты тұру" талабы мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде әр түрлi шақтарда баяндалған. Сенат депутаттығына кандидатқа қойылған жоғарыда тiзiп көрсетiлген талаптардың баяндалуының логикалық дәйектiлiгiне бағып, мемлекеттiк тiлде "тұрақты тұрған" деп жазылған талапты қазiргi кезде тұрақты тұрып жатқан деп
түсiну қажет.
Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Конституцияның 51-бабы 4-тармағының "тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрған" деген нормасы бөлiгiне ресми түсiндiрме беру ретiнде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы
4-тармағын былай деп түсiну қажет:
- төрт жылға сайланған Сенат депутаттарының, егер де олар өздерiнiң тұрғылықты тұратын жерiн өзгертпеген болса, Сенатқа қайтадан дауысқа түсуге құқығы бар;
- тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында үш жыл тұрақты тұру мерзiмiне басқа әкiмшiлiк-аумақтық бөлiкке қосылған аумақта тұрған уақыты да есептеледi;
- Сенат депутаттығына кандидатқа қойылатын мемлекеттiк тiлдегi "тұрақты тұрған" және орыс тiлiндегi "постоянно проживающий" деген конституциялық талапты Республиканың тиiстi аумағында оны депутаттыққа кандидат етiп тiркеген сәтте тұрақты тұрып жатқан деп түсiну қажет.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы
3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабы 2 және
3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының
2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының
2-тармағына ресми түсiндiрме беру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің
1999 жылғы 29 наурыздағы N 7/2 қаулысы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А. Ким, Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев,
Ж.Д. Бұсырманов, О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Ғ. Темiрболатов, В.Д. Шопин қатысқан, өтiнiм субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Заңдар және сот жүйесi мәселелерi жөнiндегi бөлiм меңгерушiсi Т.С. Донақовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы
1-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығы 17-бабы
3-тармағының 1) тармақшасы негiзiнде өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беру туралы
өтiнiмiн қарады.
Баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi
В.Д. Шопиннiң хабарламасын, конституциялық iс жүргiзуге қатысушы – Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi
Т.С. Донақовтың сөйлеген сөзiн тыңдап, конституциялық өндiрiс материалдарын зерделей келiп, Конституциялық Кеңес мынаны
АНЫҚТАДЫ:
1999 жылғы 4 наурызда Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiмi келiп түстi. Өтiнiмде осы көрсетiлген конституциялық нормалар бойынша қызметiнен босатылған Қазақстан Республикасының судьялары оларды атқарып отырған қызметiнен босату туралы тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына және Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына сотқа шағынуға құқығы бар ма деген мәселе қойылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, қаралып отырған өтiнiм бойынша материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлiнiң сөйлеген сөзiн тыңдай келiп, Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.
"Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар" деген Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабы 2-тармағының нормасы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтiру үшiн сотқа шағынуға құқығы бар екенiн бiлдiредi. Бұл құқықты пайдалану заңмен белгiленген негiзде және тәртiппен жүзеге асырылады. Судьяларды қызметiне тағайындауды және сайлауды Республика Конституциясы 82-бабында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты жүзеге асырады. Республика Конституциясы 79-бабының 1-тармағына сәйкес судьялардың өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығы 47-бабының 2-тармағында судьяларды қызметiнен босатудың ерекше тәртiбi анықталып, судьяларды қызметiнен босату туралы мәселелердi тиiсiнше Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасының қарауы көзделген, олардың ұсынысы негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынымы бойынша Парламент Сенаты және Әдiлет министрiнiң ұсынымы бойынша Республика Президентi тиiсiнше қаулылар мен шешiмдер қабылдайды. Қазақстан Республикасы Президентiнiң аталған Жарлығы сондай-ақ шағым берудiң ерекше тәртiбiн белгiлейдi: егерде судья мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасының шешiмiмен келiспесе, ол Жоғары Сот Кеңесiне арыздана алады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң – мемлекет басшысының, сондай-ақ Сенаттың – Республиканың жоғары өкiлдi органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң екi палатасының бiрi есебiнде ерекше конституциялық мәртебесiне байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясында олардың актiлерiн бұзу туралы нормалар жоқ, ал Үкiметтiң, министрлiктердiң, Республиканың басқа да орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi органдардың (44-баптың 3)-тармақшасы, 66-баптың 7) тармақшасы, 88-баптың 3 және
4-тармақтары) актiлерiне қатысты бұған жол берiледi.
Жоғарыда баяндалғандар Қазақстан Республикасы судьяларын қызметiнен босатудың ерекше тәртiбiне байланысты оларды қызметiнен босату туралы тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына сотқа шағымдануға олардың қақысы жоқ екенiн бiлдiредi.
"Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең" деген Республика Конституциясы 14-бабының 1-тармағы адамдардың құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдiгiн, осы құқықтарды мемлекеттiң тең қорғауын және әркiмнiң заң алдында жауапкершiлiгi бiрдей екендiгiн белгiлейдi. Заң алдында тең болу адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын iске асыруға мүмкiндiк беретiн нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда анықталатынын бiлдiредi. Судья қызметiн атқарып жүрген адамдар судьяларды тағайындау және судья қызметiнен босатудың ерекше тәртiбiн белгiлейтiн заң алдында тең.
"Сот билiгi Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады" деген Қазақстан Республикасы Конституциясы 76-бабы 2-тармағының нормасын Республикада сот әдiлдiгiн сот iсiн жүргiзудiң заң белгiлеген нысаны арқылы тек сот жүзеге асырады деп түсiну қажет. Заң негiзiнде адамның және азаматтың кейбiр конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретiн шешiмдер, үкiмдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарауға, мемлекеттiк органдардың Конституция мен Республика заңдарына қайшы келетiн заңсыз актiлерiн бұзуға сотқа құқық берiлген. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағына сәйкес өз мiндеттерiн орындау кезiндегi Президенттiң iс-әрекеттерi сот қарайтын нысана бола алмайды.
Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беру ретiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Өтiнiм мәселесiне қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасы судьяларын сайлаудың, тағайындаудың және қызметiнен босатудың ерекше конституциялық тәртiбiне байланысты оларды судья қызметiнен босату туралы тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына сотқа шағымдануға олардың қақысы жоқ деп түсiну қажет.
2. Осы өтiнiмге қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1-тармағын судья қызметiн атқарып жүрген адамдар судьяларды сайлау, тағайындау және оларды судья қызметiнен босатудың ерекше тәртiбiн белгiлейтiн заң алдында тең деп түсiну қажет.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 76-бабының
2-тармағын заң негiзiнде адамның және азаматтың кейбiр конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретiн шешiмдер, үкiмдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарауға, мемлекеттiк органдардың Конституция мен Республика заңдарына қайшы келетiн заңсыз актiлерiн бұзуға сотқа құқық берiлген деп түсiну қажет. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясы
47-бабының 2-тармағына сәйкес Президенттiң iс-әрекеттерi сот қарайтын нысана бола алмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының
3-тармағына сәйкес осы қаулы қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабының
2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.
Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы
Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 292-бабының
алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп
тану туралы ұсынымы жөнiнде
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң
1999 жылғы 5 мамырдағы N 8/2 қаулысы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi құрамында Төраға Ю.А. Ким және Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев,
Ж.Д. Бұсырманов, А.Е. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы М.С. Нәрiкбаевтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары С.О. Оңғарбаевтың, Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi К.А. Мәмидiң, сарапшы-заң ғылымдарының докторы, Д. Қонаев атындағы Гуманитарлық университеттiң профессоры М.Ч. Қоғамовтың қатысуымен, Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, ашық отырысында Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 292-бабы алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарады.
Қолда бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы Қ.Ә. Омархановтың хабарламасын және отырыс қатысушыларының сөйлеген сөздерiн тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны
АНЫҚТАДЫ:
1999 жылғы 6 сәуiрде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Республика Конституциясының 78-бабына сәйкес Маңғыстау облыстық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң (бұдан әрi – ҚIЖК) 292-бабы алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп тану туралы ұсыныммен өтiнiм бердi.
Маңғыстау облыстық сотының өтiнiм беруiне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төралқасының Өтегенов пен Дядовке қатысты қылмыстық iс бойынша қаулысы себеп болды. Жәбiрленушi Т. Самутинаның шағымы бойынша бұл сот сатысы, айыпталушылардың жағдайын нашарлататын негiз бойынша, алдында болып өткен барлық сот қаулыларының күшiн жойған және iстi жаңадан қарауға жiберген.
Маңғыстау облыстық соты, ҚIЖК-нiң 461-бабы екiншi бөлiгiнде белгiленген шағым беру мерзiмiн Самутина өткiзiп алғандықтан, Жоғарғы Сот төралқасы оның шағымын өндiрiске қабылдауға тиiс емес едi деп есептейдi. Алайда, айыпталушы Дядов пен оның қорғаушысы Жоғарғы Сот пленумына төралқаның заңсыз қаулысына шағым бере алмайды, себебi жергiлiктi соттар бiрiншi саты бойынша қарайтын iстердiң категориялары үшiн Жоғарғы Соттың төралқасы соңғы - ең жоғары қадағалау сатысы болып табылады. Облыстық соттың пiкiрi бойынша, Жоғарғы Сот пленумының ҚIЖК-нiң 292-бабы екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғаларға қатысты iстер бойынша осы сот төралқасының қаулыларын қайта қарай алу мүмкiндiгiн көздейтiн ҚIЖК-нiң
292-бабы алтыншы бөлiгi, Жоғарғы Сот төралқасы олар үшiн соңғы саты болып табылатын азаматтардың өзге категориясының сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтiредi. Мұнда облыстық сот азаматтардың Республика Конституциясының 13-бабы
2-тармағында (өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы) және 39-бабы 3-тармағында (13-бапта көрсетiлген құқықтарды шектеуге жол бермеу) бекiтiлген құқықтарына нұқсан келтiрудi көрiп отыр. Баяндалғанды есепке алып, Маңғыстау облыстық соты 1999 жылғы 5 наурызда бұл iс бойынша өндiрiстi тоқтата тұрды және ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгiн Республика Конституциясына сәйкес емес деп тану туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске өтiнiм бердi.
Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгiнiң конституцияға сәйкестiлiгiн тексеру туралы ұсынымын қарау кезiнде Конституциялық Кеңес мыналарды ескердi.
13-баптың 2-тармағында адамның, азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығын белгiлей отырып, Республика Конституциясы бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтiру үшiн әркiмнiң сотқа өтiнiм бере алу мүмкiндiгiн көзде тұтады. Сонымен бiрге Конституция бұл конституциялық құқықты жүзеге асырудың тәртiбiн анықтамайды. Конституцияның 75-бабынан және 77-бабының
3-тармағы 3) тармақшасынан бұл механизм сот жүйесiнiң ұйымдық-құқылық құрылуының және сот төрелiгi iске асырылуының мәселелерiн реттейтiн Республика заңдарында белгiленетiнi
келiп шығады.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы iстердiң соттылығы туралы ережелердiң болуын көзде тұтады. Соттардың әртүрлi деңгейiнiң құзыретi заңмен олардың басқаруына жатқызылған iстердiң шеңберi бойынша ғана анықталады. Сонымен бiрге елiмiздiң сот жүйесiнiң барлық буындарында iстердi қараудағы iс жүргiзу тәртiбi барлық сотталушыларға қатысты бiрыңғай және мiндеттi болып табылады және тұлғалардың бiр тобына қандай-да бiр жеңiлдiктер жасамайды, сондай-ақ кiмнiң де өз құқықтары
мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы құқығына
нұқсан келтiрмейдi.
Жергiлiктi соттар қаулы еткен үкiмдер үшiн, ҚIЖК-i заңдылықты сақтау және сот қателiктерiн болдырмау мүддесiн көздей отырып, оларды қайта қараудың бiрнеше сатыларын белгiлейдi.
ҚIЖК-нiң 292-бабы екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғалардың қылмыстары туралы қылмыстық iстердi тек қана Жоғарғы Соттың қарауы Конституцияның 13-бабы 2-тармағының және 14-бабының талаптарына қайшы келмейдi. Бұл тұлғалардың ерекше құқықтық мәртебесiн ескерiп, заң олар үшiн республиканың ең жоғарғы сот органының соттылығын белгiлейдi, бұл Конституцияның талаптарын бұзбайды және өзге азаматтардың құқықтарын кемсiтпейдi. Сонымен бiрге, iстердiң мұндай категорияларына соттылық талаптарын тарату үшiн Жоғарғы Сот пленумына қадағалау органының функциясы берiледi.
ҚIЖК-нiң 292-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғалар жасайтын қылмыстар үлкен қоғамдық қауiп тудырады, заңның қорғауындағы құндылықтардың маңыздырақ объектiлерiне қастандық келтiредi. Сондықтан бiрқатар жағдайларда олардың лауазым бабы ауырлататын жағдай болып табылады, бұл да сондай-ақ қылмыстық iстердiң соттылығын алдынан анықтайды.
Конституцияның 14-бабы 1-тармағының талаптары, Республика Конституциясының Республикада сот төрелiгiн сотта iс жүргiзудiң белгiленген нысандары арқылы тек қана сот жүзеге асырады делiнген 75-бабымен келiсiледi. Сонымен бiрге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрудi немесе тұлғалардың қандай-да бiр категориясына жеңiлдiктер жасауды болдырмау мақсатында соттардың мiндеттерi мен өкiлеттiктерi бар қандай-да бiр органдарды құруға жол берiлмейдi. Бұл мағынада адам және азамат, сот төрелiгiн жүзеге асыруға ерекше құқық берiлген мемлекеттiк орган болып табылатын сот алдында өзiнiң құқықтары мен мiндеттерi бойынша тең.
Баршаның заң алдындағы теңдiгi жеке адамның құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдiгiн, бұл құқықтарды мемлекеттiң теңдей қорғайтындығын және бiрдей негiздер бойынша әркiмнiң заң алдындағы тең жауапкершiлiгiн бiлдiредi. Республика Конституциясының 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тек заңдар арқылы жол берiледi.
Республика Конституциясы Жоғарғы Сот пленумы өкiлеттiлiгiнiң заң шығарушы тәртiппен өзгертiлуiне тосқауыл қоймайды.
Сондықтан, Конституциялық кеңес ҚIЖК-нiң 292-бабының алтыншы бөлiгi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейдi деп есептейдi.
ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгiнiң Республика Конституциясына сәйкестiлiгi туралы мәселенi шеше отырып, Конституциялық Кеңес, сонымен бiрге, iс жүргiзу заңының аталған нормасының нақты iс бойынша Өтегенов пен Дядовке қатысты дұрыс қолданылуын қарамайды, өйткенi бұл оның өкiлеттiлiгiне кiрмейдi.
Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37 және
38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
Достарыңызбен бөлісу: |