«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №2737 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы


IV ТАРАУ Конституциялық iс жүргiзу



бет4/6
Дата07.02.2022
өлшемі35,77 Kb.
#95257
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
konst sovet

IV ТАРАУ
Конституциялық iс жүргiзу
20-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар
1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар болып өтiнiштерi бойынша конституциялық iс қозғалып отырған мына адамдар мен органдар танылады:
1) Республика Президентi;
2) Парламент Сенатының Төрағасы;
3) Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы;
4) өздерiнiң жалпы санының кемiнде бестен бiрi болатын Парламент депутаттары;
5) Премьер-Министрi;
6) Республика соттары;
7) актiлерiнiң конституциялылығы тексерiлетiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар.
2. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар Конституциялық Кеңеске өз өкiлдерiн жiбере алады, олардың өкiлеттiгi азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен ресiмделедi.
21-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар өкiлеттiгi шегiнде тең iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады.
2. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:
1) iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардың қысқаша үзiндiлерi мен көшiрмелерiн алуға;
2) дәлелдер келтiруге, оларды зерттеуге қатысуға және өтiнiштерi мен қарсылықтарының негiзi ретiнде өздерi сiлтеме жасап отырған мәнжайларды дәлелдеуге;
3) конституциялық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өздерiнiң дәйектерi мен ойларын Конституциялық Кеңеске айтуға;
4) өтiнiштерiн мәлiмдеуге және мәлiмденген өтiнiштер бойынша өз пiкiрiн айтуға;
5) Конституциялық Кеңеске ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге хақылы.
3. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушы:
1) өтiнiшi бойынша конституциялық iс қозғалған қатысушының Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмi қабылданатын отырысы басталғанға дейiн өтiнiшiнiң негiзiн өзгертуге, оның көлемiн ұлғайтуға немесе азайтуға, өтiнiшiнен бас тартуға хақылы;
2) соның актiлерiне орай конституциялық iс қозғалған қатысушының өтiнiшiнде мәлiмделген талаптарды толық немесе iшiнара мойындауға не оларға қарсылық бiлдiруге хақылы.
4. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:
1) өз құқықтарын адал пайдалануға мiндеттi. Олардың Конституциялық Кеңеске көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлауы немесе Конституциялық Кеңес талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты бермеуi Конституциялық Кеңестi құрметтемеу ретiнде бағаланады және заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады;
2) Республика Конституциясына, Конституциялық Кеңеске, оның талаптарына және Конституциялық Кеңесте қабылданған рәсiмдерге құрметпен қарауға;
3) төрағалық етушiнiң отырыс тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға мiндеттi.
22-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң нысаны мен мазмұны
1. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жазбаша түрде берiледi.
2. Өтiнiште мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) Конституциялық Кеңестiң атауы;
2) өтiнiш жасаушының атауы,тұрғылықты жерi, мекен-жайы және ол туралы өзге де қажеттi деректер;
3) өтiнiш жасаушының өкiлiнiң атауы, мекен-жайы және қызметi бойынша өкiлдiктi қоспағанда, оның өкiлеттiгi туралы өзге де деректер;
4) егер өтiнiште оларды өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселе қойылған ретте, Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдум өткiзуге байланысты актiлерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдардың атауы, тұрғылықты жерi және мекен-жайы;
5) егер өтiнiште Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, заңдардың атауы, қабылданған күнi;
5-1) егер өтініште Парламент және оның Палаталары қаулыларының Республика Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда Парламент және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;
6) егер өтiнiште Республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, Республиканың халықаралық шарттарының, Қазақстан Республикасы немесе оның мемлекеттiк органдары атынан оларға қол қойылған лауазымды адамдардың аты, оларға қол қойылған күн мен орын;
7) өтiнiште ресми түсiндiрме беру туралы мәселе қойылып отырған Республика Конституциясының нормалары;
8) егер соттың ұсынысында актiнi конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылса, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп таныса, актiге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттiк органның, лауазымды адамның аты, тұрғылықты жерi мен мекен-жайы, заңның немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнiң атауы, нөмiрi, қабылданған күнi, жарияланған көздер және өзге де реквизиттер;
9) Конституцияның 47-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент құрған комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметтен босату туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердiң атауы, қабылданған күнi және мазмұны;
10) Президенттi қызметтен кетiру туралы мәселенi қозғауға түрткi болған депутаттардың саны туралы мәлiметтер; Парламент Палаталарында дауыс берудiң нәтижелерi туралы мәлiметтер; Президентке қарсы тағылған айыпты тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер; тағылған айыптың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Соттың қорытындысы жөнiндегi мәлiметтер; Республика Президентiн қызметтен кетiру туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердің атауы, қабылданған күнi және мазмұны;
11) өтiнiштiң мәнi;
12) өтiнiш жасауға негiз болатын және оның негiздiлiгiн растайтын өзге де деректер, мән-жайлар мен айғақтар;
13) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасау құқығын беретiн нормалары;
14) қоса тiркелiп отырған құжаттар тiзбесi.
3. Өтiнiшке тиiстi субъект қол қоюға тиiс, ал Конституциялық Кеңеске сот өтiнiш жасаса, оған тиiстi соттың төрағасы қол қояды.
4. Өтiнiшке мыналар қоса тiркеледi:
1) Өтiнiш берген субъектiлер сiлтеме жасаған актiлер мәтiндерiнiң көшiрмесi;
2) өкiлдiк лауазым бойынша жүзеге асырылатын жағдайдан басқа реттерде өкiлдiң өкiлеттiгi туралы құжаттар;
3) он дана мөлшерiнде өтiнiш пен оның қосымшаларының көшiрмесi.
5. Конституциялық iс жүргiзу тiлдерiнде жазылмаған құжаттарға олардың қазақша немесе орысша аудармалары қоса тiркелуге тиiс.
23-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң салдарлары
Конституциялық Кеңеске төменде көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте:
1) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның қорытындыларын шығару тоқтатыла тұрады;
2) Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 3)-тармақшаларында көрсетiлген тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады;
3) Конституцияның 78-бабында көрсетiлген iс жүргiзу тоқтатыла тұрады.
24-бап. Конституциялық Кеңестiң өтiнiштердi қарау мерзiмдерi
Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарап, өтiнiш келiп түскен күннен бастап бiр ай iшiнде ол жөнiнде қорытынды шешiм шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмаса, Республика Президентiнiң жазбаша нысанда жасаған талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
25-бап. Өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау немесе оны қабылдаудан бас тарту
Конституциялық Кеңестiң Төрағасы келiп түскен өтiнiштi Конституциялық Кеңестiң қарауына енгiзедi, оның отырысы ол келiп түскен күннен бастап үш күн мерзiмде өткiзiледi. Конституциялық Кеңес өтiнiштi тексерiп, егер
1) өтiнiш осы Конституциялық заңда белгiленген өтiнiш нысаны мен мазмұнына сәйкес келмесе немесе тиiстi субъектiден туындамаса;
2) өтiнiштiң мәнi Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жатпаса;
3) өтiнiште көрсетiлген мәселенiң конституциялылығын Конституциялық Кеңес бұрын тексерiп қойған болса және Конституциялық Кеңестiң заңды күшiн сақтайтын шешiмi бар болса;
4) өтiнiште көрсетiлген мәселе Конституцияда шешiмiн таппаса;
5) конституциялығы талас тудырып отырған акт тоқтатылған немесе күшiн жойған болса, өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартып, оны қайтарып бередi.
26-бап. Iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi Конституциялық Кеңестiң отырысында қарау үшiн материалдар әзiрлеу тәртiбi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы өз өкiмiмен Конституциялық Кеңестiң отырысына материалдар әзiрлеудi жүзеге асыратын Конституциялық Кеңестiң мүшесiн белгiлейдi. Келiп түскен өтiнiштiң айрықша күрделiлiгiне, не оның аса маңыздылығына немесе жеделдiгiне орай материалдарды әзiрлеу Конституциялық Кеңестiң бiрнеше мүшесiне тапсырылуы мүмкiн.
2. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiш келiп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бiр конституциялық iске бiрiктiру туралы шешiм қабылдай алады. Бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше өтiнiштi iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешкен кезде олардың бiрi - Конституциялық Кеңестiң, ал басқалары өзге мемлекеттiк билiк органдарының қарауына жататын болса, Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын өтiнiштер ғана қаралуға тиiс.
3. Iс жүргiзуге қабылданған өтiнiш бойынша Конституциялық Кеңестiң мүшесi Конституциялық Кеңес отырысының қарауына Төраға белгiлеген мерзiмде материалдар әзiрлеуге мiндеттi, бұл үшiн ол:
1) конституциялық iс жүргiзуге қатысушыларды белгiлейдi, оларға осы Конституциялық заңда көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
2) өтiнiштiң мәнiне қатысы бар қажеттi құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етiп алдырады;
3) қажет болған жағдайда тиiстi лауазымды адамдарға сұрау салады, ғалымдарды, практикалық қызметкерлердi мамандар, сарапшылар ретiнде тартып, тексерулер, зерттеулер жүргiзудi, сараптама жасауды тапсырады;
4) отырыстың басталуынан кемiнде екi күн бұрын Конституциялық Кеңестiң мүшелерiне материалдардың көшiрмелерiн берудi қамтамасыз етедi;
5) Конституциялық кеңес шешiмiнiң жобасын әзiрлейдi;
6) өтiнiштiң тиiсiнше қаралуын қамтамасыз ету жөнiнде өзге де әрекеттер жасайды.
4. Әзiрлiк жұмысы аяқталғаннан кейiн Конституциялық Кеңестiң Төрағасы өз өкiмiмен Конституциялық Кеңес отырысының күнiн белгiлейдi, онда өтiнiште қойылған мәселелердiң мән-жайы қаралады.
27-бап. Конституциялық Кеңестiң iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарау жөнiндегi отырысын өткiзу тәртiбi
1. Конституциялық Кеңес өтiнiштердi Конституциялық Кеңес Төрағасының төрағалық етуiмен отырыста қарайды.
2. Белгiленген уақытта Төраға:
1) отырысты жүргiзу үшiн Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң санының жеткiлiктiлiгiне және хаттамаға түсiрудiң қамтамасыз етiлгендiгiне көз жеткiзедi;
2) Конституциялық Кеңестiң отырысын ашық деп жариялайды;
3) қаралуға тиiс мәселелердi оқып шығады;
4) отырысқа шақырылған қатысушылардың, мамандардың, сарапшылардың бар екендiгi туралы және қатыспағандардың келмей қалу себептерi туралы хабарлау үшiн Конституциялық Кеңестiң мүшесiне баяндамашыға сөз бередi;
5) конституциялық iс жүргiзуге қатысушыларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
6) отырысқа қатысушылардан оларда ұсыныстардың бар-жоғы туралы сұрайды, оларды Конституциялық Кеңестiң шешуiне қояды;
7) қаралуға тиiс мәселелердi қараудың басталуы туралы жариялайды.
3. Әрбiр мәселенi қарау Конституциялық Кеңес мүшесiнiң баяндамашының сөзiнен басталады, ол мәселенiң мән-жайын, оның қаралу себебi мен негiзiн, қолда бар материалдардың мазмұнын баяндап бередi. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi оған нақтылау үшiн сұрақ қоюға хақылы.
4. Өтiнiш субъектiлерi, сондай-ақ актiлерi мен әрекеттерiнiң конституциялылығы, сондай-ақ конституциялық рәсiмдердi сақтауы тексерiлетiн мемлекеттiк органдардың өкiлдерi мен лауазымды адамдар (олардың өкiлдерi) қажет болған жағдайда өздерiнiң қалауы бойынша не Конституциялық Кеңестiң талабы бойынша Конституциялық Кеңестiң iс жүргiзуге қабылданған өтiнiш қаралатын отырысына қатыса алады. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен басқа да шақырылған адамдардың түсiнiктемелерi мен сөздерi тыңдалуы мүмкiн.
5. Егер мәселе жеткiлiктi түрде айқындалған болса, Төраға қорытынды шешiмдi талдап жасау үшiн Конституциялық Кеңес мүшелерi мәжiлiсiнiң ашылуы туралы жариялайды. Мәжiлiс кезiнде бөгде адамдардың қатысуына жол берiлмейдi. Мәжiлiс кезiнде болған пайымдауларды, дауыс беру барысы мен нәтижелерiн жария етуге тыйым салынады. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi мәжiлiс барысында қаралып отырған мәселе бойынша жеке көзқарасын еркiн айтып, Конституциялық Кеңестiң басқа мүшелерiнен өздерiнiң көзқарастарын нақтылауды сұрай алады.
28-бап. Конституциялық Кеңестiң отырысын хаттамаға түсiру
1. Конституциялық Кеңестiң отырысы хаттамаға түсiрiледi және қажеттiгiне қарай стенограммаға түсiрiледi.
2. Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасы конституциялық iс жүргiзу тiлiнде жүргiзiледi.
3. Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасын жүргiзу тәртiбiн, оның мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Конституциялық Кеңес отырыстары хаттамасын жүргiзудiң өзге де мәселелерiн Конституциялық Кеңестiң Төрағасы айқындайды.
29-бап. Конституциялық iс жүргiзу тiлi
1. Конституциялық iс жүргiзу, Конституциялық Кеңес қабылдайтын шешiмдер қазақ не орыс тiлдерiнде жүзеге асырылып, жазылады.
2. Конституциялық iс жүргiзу тiлiн меңгермеген конституциялық iс жүргiзуге қатысушы адамдарды Конституциялық Кеңес олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аудармамен қамтамасыз етедi.
30-бап. Конституциялық iс жүргiзудi тоқтату
1. Конституциялық iс жүргiзу кез келген сатыда, бiрақ қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн мынадай реттерде:
1) субъект өзi мәлiмдеген өтiнiштен бас тартса;
2) конституциялылығы талас тудыратын актiлер күшiн жойса немесе заңдық күшiн жойса;
3) мәлiмделген өтiнiш Конституциялық Кеңестiң қарауына жатпаса тоқтатылуға тиiс.
2. Конституциялық Кеңестiң мәлiмделген өтiнiш бойынша конституциялық iс жүргiзудi тоқтату туралы шешiмi өтiнiш субъектiсiн Конституциялық Кеңеске осы негiздер бойынша қайтадан өтiнiш беру мүмкiндiгiнен айырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет