Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет1/5
Дата20.06.2018
өлшемі287 Kb.
#43397
  1   2   3   4   5
Источник: ИС ПАРАГРАФ, 21.05.2013 12:01:37
Қазақстан Республикасының Конституциясы

(1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған)

(2011.02.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)



 

Конституцияны қабылданған күні - 1995 жылғы 30 тамызда

 

I бөлім. Жалпы ережелер

II бөлім. Адам және азамат

III бөлім. Президент

IV бөлім. Парламент

V бөлім. Үкімет

VI бөлім. Конституциялық кеңес

VII бөлім. Соттар және сот төрелігі

VIII бөлім. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару

IX Бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер



 

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз.

 

I БӨЛIМ



ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап

1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 21.12.01 ж. № 18/2 қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңесінің  2005 жылғы 29 сәуірдегі  № 3 қаулысын қараңыз

2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

2-бап

1. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.

2. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.

ҚР Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 қаулысын қараңыз

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.

4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.

3-бап

1. Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.

2. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға бередi.

3. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.

Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.

4. Республикада мемлекеттік билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.

 

4-бап



 

1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.

«Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі № 1 Нормативтік Қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2  Қаулысын және ҚР Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 қаулысын  қараңыз

2. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 Нормативтік қаулысын, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 Қаулысын, ҚР Конституциялық кеңесінің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 Қаулысын қараңыз

3. Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 Нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 Қаулысын қараңыз

4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шартты болып табылады.

5-бап

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттік органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.

3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.

4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының, дiни негiздегi партиялардың қызметiне, сондай-ақ саяси партиялармен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 07.06.00 ж. № 4/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз

5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттік органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.

6-бап

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.

2. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.

3. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.

 

7-бап



1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі.

2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

8-бап

Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.

 

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)



9-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi.

II БӨЛIМ

АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ

10-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.

2. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.

3. Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.

11-бап

1. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

2. Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.

12-бап

1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.

5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.

13-бап

1. Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы.

2. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

3. Әркiмнiң біліктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 22.03.99 ж. № 7/2; 15.02.02 № 1 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз

 

14-бап

1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.

2. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.



ҚР Конституциялық Кеңесінің 10.03.99 ж. № 2/2; 22.03.99 № 7/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз

 

15-бап

1. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар.

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

 

16-бап



1. Әркiмнiң өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.

3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы.

17-бап

1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.

2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.

18-бап

1. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

2. Әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

19-бап

1. Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.

2. Әркiмнiң ана тілі мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркiн таңдап алуға құқығы бар.

20-бап

1. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.

2. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi.

3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.

21-бап

1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

2. Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар.

22-бап

1. Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс.

23-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi.

2. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда, кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.00 ж. № 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз

 

24-бап

1. Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.

2. Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.

3. Ереуiл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгiленген тәсiлдердi қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.

4. Әркiмнiң тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепiлдiк берiледi.



ҚР Конституциялық Кеңесінің 10.03.99 ж. № 2/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз

 

25-бап

1. Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi.

26-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.

2. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.

3. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.

4. Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 16.06.00 ж. № 6/2; 20.12.00 ж. № 21/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз

 

27-бап

1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

3. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

28-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.

2. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.



ҚР Конституциялық Кеңесінің 12.03.99 ж. № 3/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз

 

29-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.

2. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.

3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдарда ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.

30-бап

1. Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Орта білім алу мiндеттi.

2. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары білім алуға құқығы бар.

3. Жекеменшiк оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек.

31-бап

1. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.

2. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.

32-бап

Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн.

ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 33-бап өзгертілді



33-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.

2. Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.

3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

4. Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет