Қазақстан Республикасының мемлекет нысаны
Мемлекет нысаны туралы ұғым ең маңызды мазмұндық сипаттама болып саналады. Әдіснамалық жағынан алып қарағанда мұның маңызды екенінде сөз жоқ.
Мемлекет нысаны деп мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен оның құрылымын айтады. Мұнда маңызды мәселе: мемлекет нысаны теория жүзінде ғана емес, оның практикалық саяси мәніннің жоғары дәрежеге дейін көтерілуі. Мемлекеттегі биліктің қалай ұйымдастырылып, қалай жүзеге асырылып жатқандығынан мемлекеттік басшылықтың нәтижелілігі, басқарудың ұтымдылығы, үкіметтің мәртебелік беделі мен қадірінің дәрежесі және оның тұрақтылығы, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, жайы мен күйі көрініп тұрады. Міне, мемлекет нысаны мәселесінің аса маңызды саяси аспектісінің осыларға байланысты болып келетін себебі осы.
Мемлекет нысаны, яғни мемлекеттік биліктің құрылымы, оны ұйымдастыру мағынасы жағынан алып қарағанда әртүрлі аспектілер түрінде көрінеді. Біріншіден – бұл мемлекет пен басқарудың жоғарғы органдарын құру және ұйымдастырудың белгіленген тәртібі. Екіншіден – бұл мемлекеттің аумақтық құрылысын жасаудың тәсілі, орталық регионалдық және жергілікті билік пен басқарулардың өзара қатынастарын белгілеудің тәртібі. Үшіншіден – бұл мемлекеттік (саяси) билікті жүзеге асырудың әдістері, амалдары мен жолдары. Сонымен мемлекет нысаны негізгі үш элементтен, атап айтқанда: мемлекетті басқару нысаны, мемлекеттің құрылым нысанынан және мемлекеттік, саяси режим нысанынан синтезделеді (түзіледі). Осы көрсетілген мемлекет нысаны жөніндегі түсінік бірден қалыптаспаған. Ұзақ уақыттар бойы бұл түсінік басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым нысанынан тұрады деп есептелініп жүрді де, кейінірек оған саяси режим, саяси өзгермелілік (динамика) те қоса қарастырылатын болды.
Басқару нысаны ұғымын пайымдағанда мемлекеттік ең жоғарғы биліктің ұйымдастырылуы түсіндіріледі. Әсіресе, оның ең жоғарғы және орта органдарының ұйымдастырылуы, олардың құрылымы, құзыреттері, құрылуының тәртіптік реті, өкілеттіктерінің мерзімі, халықпен қатынасу түрлері, халықтың оларды қалыптастыру дәрежесі сөз болады.
Басқаша айтқанда,басқару нысаны – мемлекеттегі жоғары егемендік биліктің ұйымдастырылуы, оның органдарының өзара және халықпен байланысын сипаттайды. Басқару нысаны мемлекет нысанындағы ең басты жетекші элемент болып табылады.
Ежелгі грек философы Аристотель өз заманында басқарудың нысанын жоғарға өкіметтік биліктің жүзеге асырылуының қалай орындалатынына байланысты жіктеген болатын. Онда жоғарға өкіметтік билікті жеке адамның бір өзі атқаратын түрін – монархия, шектеулі адамдар арқылы атқарылатын жоғарғы өкіметтік билік – аристократия және бүкіл халықтың қатысуымен атқарылатын жоғары өкіметтік билік – демократия деп жіктеген болатын.
Басқару нысандарының осы көрсетілген айырым белгілері қазіргі кезге шейін сақталды.
Жоғарға билікті жалғыз адам атқара ма? Әлде ол билік сайланбалы алқалы органға тиесілі ме? Міне осы жәйтке байланысты басқару нысаны ерекшелеу барысында ажыратылады. Енді осыны байланыстыра отырып басқарудың монархиялық және республикалық нысандарын атап, бөліп көрсетуге болады.
Монархия – мемлекеттің егеменді жоғары билігі бір адамның қолында өмір бойы болады және атадан балаға мұра (мирас) ретінде беріледі (өтіп отырады). Монарх (патша, король, перғауын (фараон), қаған, хан және тағы басқалар) ешкімнің алдында жауапты болмайды. Ол тек құдайдың алдында ғана жауапты.
Ең алғашқы мемлекеттердің бәрі де монархиялар болған және орта ғасырдағы мемлекеттердің көпшілігі де монархия болатын.
Қазақ жеріндегі бұрын болған мемлекеттер де монархия болған, мұнда мемлекетті қаған, хан басқарған. Бірақ, ханның билігі атадан балаға емес, ағадан ініге мұра ретінде ауысып отырған.
Сонымен, монархия деп жоғарғы билігі бір ғана адамға тиесілі болып келетін мемлекеттегі билікті айтады. Мұндағы бір ғана адамға тиесілі билікті ол адам өз билігімен, қалауынша пайдаланады. Билікті өз билігімен қалауынша пайдалану құқығын ол адам ешқандай да басқа биліктен алған емес.
Заң ғылымында монархияның екі түрі көрсетіледі: абсолютті (шексіз) және шектеулі (конститутциялық немесе парламенттік және дуалистік монархия).
1.Шексіз (абсолюттік) монархия. Бұл жерде монарх- мемлекеттің бірден бір жалғыз, ең жоғары органы. Монарх барлық биліктің үстінен тұрады,оның қолында заң шығару, заңды атқару, және сот билігі болады. Шыңғыс хан және оның қрпақтары билеген Қыпшақ мемлекеттері, XVIII ғасырдың соңындағы буржуазиялық революцияға дейінгі Людовиктер басқарып келген Франция – осы абсолюттік монархияға мысал. Қазіргі кезде басқарудың мұндай нысаны Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде орын алған.
2.Шектеулі конституциялық немесе парламенттік монархия, басқарудың мұндай нысанында елдегі билік (өкімет) монарх пен басқа органдарға (мысалы,парламентке) бөлінген болып келеді. Қазіргі кезде басқарудың мұндай нысаны Ұлыбритания, Бельгия, Норвегия, Швеция мемлекеттерінде бар.
Дуалистік монархия. Басқарудың бұл нысанында елдегі мемлекеттік билік монарх пен парламент араларында тең бөлікке түскен болып келеді. Мысалы, өикен замандардағы Пруссия, Австрия, Италия, Румыния, Ресей елдерінде монархтың қолында атқарушы билік (үкімет) болған. Үкіметті жасақтау, өзінің алдында жауапты министрлерді, басқа да лауазымды тұлғаларды тағайындау және оларды орнынан алу құқығына ие болған. Бұлардан басқа монарх тыйым (вето) құқығы мен парламентті таратып жіберуге шексіз құқықты болған.
Республика. Басқарудың бұл нысаны бойынша мемлекеттегі ең жоғары билік (өкімет) сайланбалы органдарға тиесілі болып келеді. Мұндай органдар белгілі бір мерзімге ғана сайланады және олар сайлаушылар алдында жауапты болады.
Республика билігінің екі жолы бар: президенттік және парламенттік. Президенттік республикада Президентті тікелей халық сайлайды және Президент мемлекет басшысы бола тұрып, негізінен, Үкіметті өзі құрады. Қазақстан мемлекеті – Президенттік басқару нысанындағы республика.
а) Президенттік республика. Басқарудың бұл нысанында президенттің жеке өзі парламенттің қатысуымен үкіметті құрады. Үкімет өзінің қызметтері бойынша президент алдында жауапты болады. Басқарудың мұндай нысаны қазіргі заманда Америка Құрама Штаттарында және Қазақстанда орын алған.
б) Парламенттік республика. Мұндай басқару нысаны бар елде парламент заң қабылдайтын ғана емес, сонымен бірге үкіметті бақылайтын да орган болып табылады. Мұндағы президент – мемлекет яғни ел басшысы, ол үкімет басшысы емес. Мұнда үкіметті партиялар құрады. Үкіметке премьер-министр жетекшілік етеді (басқарады) (премьер-министр лауазымы басқаша аталуы мүмкін).
Парламенттік республикада мемлекет билігінің жоғары органдарының жүйесі Парламенттің басымдылық принципіне негізделген. Парламенттің алдында үкімет өзінің саяси қызметі үшін алқалы түрде жауап береді. Үкімет Парламенттің сеніміне сүйеніп қызмет істейді. Парламент Үкіметті қолдамаса, ол қызметін тоқтатады. Парламенттік республикаға Италия,Алмания,Үнді мемлекеттерін жатқызуға болады.
в) Парламенттік-президенттік аралас республикалар да кездеседі, онда Үкіметті Президент пен Парламент бірлесе отырып жасақтайды, құрады.Мысалы Ресей Федерациясы.
Формалды тұрғыдан қарасақ, басқару нысанынның мемлекеттік құрылысқа шешуші әсер етпейтінін байқаймыз. Мысалы, монархиялық Жапония немесе Ұлыбритания әлдеқашаннан демократиялық құқықтық мемлекет екені белгілі. Республикалық Кеңестер Одағы мұндай мемлекет бола алмады. Патшалық Ресей демократиялық та, құқықтық та мемлекет болмаған еді. Ал Франция Республикасын бұрыннан демократиялық басқарудан республикалық басқару нысанындағы демократиялық, құқықтық мемлекеттің мазмұнына көбірек сәйкес келеді.
2.Әрбір мемлекеттің аумағында мемлекеттің аумақтық құрылымы оның ішкі құрылысын анықтайтын құрамды бөлшектерге бөлінеді. Сол аумақтық құрылымның көлемінде мемлекеттің аумақтық бөліктерінің жүйесі қалыптасады. Солардан мемлекет, мемлекет органдарының байланыс жүйесі түзіледі. Мемлекеттің тұтастай және оның әрбір аумақтық бөлігінің құқықтық мәртебесінің сипаты да соған байланысты болады. Мемлекет аумағының аталған түзілімін мемлекеттік құрылым дейді. Демек, мемлекеттік құрылым – тұтастай мемлекет пен оның бөліктерінің белгілі түрдегі құқықтық қатынастарын сипаттайтын мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуы болып табылады.
Мемелекеттік құрылымына байланысты барлық мемлекеттер біртұтас(унитарлы) және күрделі болып екі топқа бөлінеді.
Унитарлық мемлекеттің ішкі аумақтық құрылымында басқа мемлекеттер болмайды. Осы мағынада унитарлық мемлекет біртұтас мемлекет деп аталады. Унитарлық мемлекет, әдетте тек әкімшілік-аумақтық бөліктерге бөлінеді де, мелекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын құрайды. Әкімшілік-аумақтық бөліктерге ерекше құқықтық мәртебе берілмейді. Мұндай мемлекетте бір ғана Конституция, бір ғана заң шығаратын жоғары орган, бір ғана жоғары басқару органы, біртұтас азаматтық болады. Қазақстан Республикасы – унитарлық мемлекет.
Унитарлық мемлекет – тұтас орталықтандырылған мемлекет. Оның әкімшілік-аумақтық бөліктерінде мемлекеттік құрылым мәртебесі және егемендік құқықтар болмайды. Унитарлық мемлекетте жоғарғы органдардың, заң қабылдаудың, соттардың бірыңғай жүйелері құрылады. Онда бірыңғай азаматтық және бір арналы салық жүйесі болады.Мысалы Италия,Франция,Қазақстан.
Күрделі мемлекет – мұндай мемлекеттердің құрамдас бөліктерінің белгілі бір дәрежеде дербестігі болады. Күрделі мемлекеттерге империя конфедерация, федерация, достастық және бірлестіктер құрған мемлекеттер жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |