Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы



бет1/5
Дата29.09.2019
өлшемі92,13 Kb.
#48972
  1   2   3   4   5
Байланысты:
мем кызмет



Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 69-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ


      БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "А" корпусы – кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві – "А" корпусының бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылып, жүйеленген тізімі;

      3) "Б" корпусы – "А" корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;

      4) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем;

      5) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;

      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi;

      7) құзыреттер – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметті тиімді түрде атқару үшін қажетті білімнің, икемнің және дағдылардың жиынтығы;

      8) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;

      9) лауазымдық өкiлеттiктер – нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар мен мiндеттер;

      9-1) мансаптық жоспарлау – "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымдық орын ауыстыру және кәсіптік даму кезеңдерін анықтауға бағдарланған үрдіс;

      10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;

      11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиісті біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;

      12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;

      13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгiленген мінез-құлық қағидалары;

      14) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      15) мемлекеттiк лауазым – нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңбері жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;

      16) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;

      17) мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;

      18) тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшіге бекітілетін, оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;

      19) төменгі лауазым – мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тізіліміне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік лауазымы;

      20) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға баруына, әлеуметтік демалыста не мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым;

      21) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;

      22) үстемеақы – "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;

      23) іссапарға бару – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде және өзге де ұйымдарда мемлекеттік лауазымдарға орналасуы.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы

      1. Мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, осы Заң, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылуы

      1. Осы Заңның күші:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде реттелмеген бөлігінде жергілікті өкілді органдар тағайындайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге;

      3) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктері бар құқық қорғау қызметін өткеріп жүрген мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады.

      2. Осы Заңның күші:

      1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарға;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілеріне;

      3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негізінде қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның ішінде мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.

4-бап. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет:

      1) заңдылық;

      2) қазақстандық патриотизм;

      3) мемлекеттiк биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;

      4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;

      5) мемлекеттік органдар қызметіндегі тиімділік, нәтижелілік, ашықтық;

      6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы;

      7) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;

      8) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi;

      9) меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету;

      10) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төмен тұрған мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызметшілерi үшiн мiндеттiлiгi;

      11) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;

      12) мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;

      13) әдептілік;

      14) құқық бұзушылықтарға төзбеушілік;

      15) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;

      16) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;

      17) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекақыны тең төлеу;

      18) мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгілі атқарғаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;

      19) мемлекеттік қызметшілерді оқытудың және қажетті құзыреттерін дамытудың үзіліссіз болуы;

      20) мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың практикалық бағдарлануы қағидаттарына негізделеді.

      2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық өкілеттіктерiн атқару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

5-бап. Уәкілетті орган

      1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөніндегі органдардың бiрыңғай жүйесін уәкiлеттi орган, оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері, уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.

      Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейді, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;

      2) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлейді және бекiтеді;

      3) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қалыптастыру бойынша жалпы үйлестіруді қоса алғанда, мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілерінің кадр құрамының жай-күйіне, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің мемлекеттік саяси және әкімшілік лауазымдарына мониторинг жүргізеді;

      4) "А" корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк қызметінің кадр резервін қалыптастырады;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тесттен өткізу тәртібін, бағдарламаларын және оны ұйымдастыруды айқындайды;

      6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;

      7) министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларының және аппарат басшыларының мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын актілерді әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;

      7-1) мемлекеттік қызметшілерді халықаралық және басқа ұйымдарға іссапармен жіберу тәртібін әзірлейді;

      7-2) лауазымдық жалақы белгілеуге құқық беретін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс өтілін есептеу тәртібін әзірлейді;

      7-3) "А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мансаптық жоспарлау тәртібін әзірлейді;

      7-4) жыл сайын Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әрі қарай Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;

      8) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, оның ішінде шет елдерде даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді;

      9) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiреді;

      10) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн айқындайды;

      12) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі бөлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауды келіседі;

      13) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу мен бекіту тәртібін айқындайды;

      14) персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекітеді;

      15) мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадрдағы іс қағаздарын жүргізу құжаттарының үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;

      16) осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерін бұзып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзеді;

      17) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша тексеру нәтижелерінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы өз құзыреті шегінде қаралуы міндетті ұсынулар енгізеді;

      18) мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысады;

      19) мемлекеттік органдарда персоналды басқару тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;

      20) персоналды басқару қызметтерінің (кадр қызметтерінің) жұмысына әдіснамалық басшылық жасауды үйлестіреді және жүзеге асырады;

      21) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтік әдепті сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсіздігі) мен шешiмдеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;

      22) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      3. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Әдеп жөніндегі кеңестері болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

      4. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)

      1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:

      1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;

      2) тәртіптік, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;

      3) мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізу, конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бабында ілгерілету, қызметтік тергеп-тексеру, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметтен шығару рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      4) кадрлар іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдейді, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын бағалау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді, оның ішінде мемлекеттік қызмет персоналы бойынша автоматтандырылған бірыңғай дерекқорда (ақпараттық жүйеде) есепке алуды жүзеге асырады;

      5) мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өтуін, тәлім алуын, жұмысын бағалауды, оларды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды белгіленген мерзімдерге сәйкес ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуді қолдану тәртібін әзірлейді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымдары енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.

      3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімімен құрылады.

      Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.

7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердің мемлекеттік лауазымдарын сыныптау

      1. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады.

      2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленбейді.

      3. Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

8-бап. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі және олардың құқықтық кепілдіктері

      Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.

      Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.

9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары

      Мемлекеттiк қызметшiнiң:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;

      2) өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;

      3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына;

      4) әлеуметтік және құқықтық қорғалуға;

      5) өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;

      6) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;

      7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттік лауазымға сәйкес мiндеттерді және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап беруді талап етуге;

      8) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына;

      9) өзi атқаратын мемлекеттік лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне;

      10) тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға;

      11) мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттік лауазымының) сақталуына;

      12) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге;

      13) бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетілуге;

      14) мемлекеттік қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексеруді талап етуге;

      15) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға;

      16) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;

      17) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;

      18) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.

      Мемлекеттік қызметшінің өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.

10-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

      Мемлекеттiк қызметшiлер:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;

      2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдауға;

      3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдауға;

      4) функцияларын өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес жүзеге асыруға;

      5) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға;

      6) қызметтік тәртiпті сақтауға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi сақтауға;

      8) қызметтік әдепті сақтауға;

      9) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерi, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен нұсқаулары олардың лауазымдық өкілеттіктері шегiнде шығарылған болса, оларды орындауға;

      10) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға, ол жөнiнде қолхат беруге;

      11) лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;

      12) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануға;

      13) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздері жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткізуге;

      14) лауазымдық міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;

      15) өздерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға жіберген мемлекеттік органда тікелей оқу аяқталғаннан кейін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы міндеттемені орындамау мемлекеттік қызметшінің мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды орындалмаған міндеттемелерге пропорционалды өтеуіне әкеп соғады;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық ресурстарымен жұмыс процесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.

      Мемлекеттік қызметшілердің өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет