Қазақстан республикасының президенті – елбасы н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы



бет5/5
Дата28.01.2018
өлшемі0,82 Mb.
#35461
1   2   3   4   5

Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.

Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.

Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.

 

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ – БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ

 

Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.



Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.

Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті.

Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.

Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизм.

Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.

Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.

Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз.

Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.

2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.

Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.



Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі.

Біз – бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз.

Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.

Біз – көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.

Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс.

Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.

Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей.

Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.

Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.

Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана – өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек. 

Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.

Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.

Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.

Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз.

Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.

Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.

Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.

Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.

Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.

Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі.

Бұл – әлемдік үрдіс.

Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.

Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.

Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.

Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.

Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.

Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек.

Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек.

Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.


Үшінші. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы.

Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.



(1) Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз.

Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

- Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн.

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес.

Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын.

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек.

Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер.

Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.

Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады.

Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі.

Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты.

Қазақтың саны 4 миллионға артты.

Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.

Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.

(2) Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз.

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі.

Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.
Төртінші. Мәдениет, дәстүр және даралық

Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.

Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті.

Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.

Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.

Бұл – тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі.

Ел бірлігі – ең асыл қасиет.

Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген.

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?!

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін.

Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі.

Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.

Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді.

Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым.

Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.

Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.
Бесінші. Ұлттық интеллигенцияның рөлі

Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.

Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие.

2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс.

Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек.

(1) Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс.

Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек.



(2) Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс.

(3) Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек.

Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.

Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді.  

Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз.

Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық.

Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз.

Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой.

Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық.

Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.


Алтыншы. ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін

Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.

Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.

Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.

Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.

Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек.

Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер.

Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз.

Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.

Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.

Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс.

Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде.

Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек.

Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.

Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.

Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі.

- Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Біз терроризмге қарсы заңдарды да жетілдіруге тиіспіз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнің жолын кесу керек.

- Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет.

- Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек.

- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгімелесу алаңының базасында діни ыңғайдағы дауларды шешудің жаңа платформасын жасауымыз қажет.

- Біз діни және этностық дауларды шешу үшін аймақтағы ыстық нүктелерде, Үлкен Таяу Шығыс аясында, тіпті одан да ауқымды деңгейде араағайындық жасауға дайын болуымыз керек.

Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырамын.

Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс.

Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек.

 

Құрметті қазақстандықтар!



Менің отандастарым!

 

Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.



Ел алдында ірі мәселелер тұр. Мен біздің табысты болатынымызға сенімдімін.

Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін?

Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.

Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.

Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.

Мен біздің дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға сенемін және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.

Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады.

Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз.

Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз.
Қымбатты отандастар!

«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.

Үдеудің сыры – бірлікте,

Жүдеудің сыры – алауыздықта.

Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.

Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.

Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін.

Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.

Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек.

Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты.

Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.

Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.

Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз.

Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!

Алдымен, алдыңғы толқын – аға буын!

Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.
Ортаңғы буын отандастарым!

Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді.

Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан қыңбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.

Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.

Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда.

Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар.

Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.

Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын.

Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін.

Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.

Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.

Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.

Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!

Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін.



 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет