Қазақстан республикасының президенті – елбасы н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы



бет2/6
Дата17.06.2018
өлшемі330 Kb.
#43092
1   2   3   4   5   6

(5) ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.

Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін  шикізат секторының табысын болашақ экономиканы  құру үшін пайдаланудамыз.

Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы  үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан   2006  жылы  14,7%-ға және 2011 жылы   25,8%-ға өсті.

Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.

(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС. Біз инфрақұрылымды дамыту міндетін алға қойдық. Біз  мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде  өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл -  автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.

Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік.

Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.

Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті.

Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде  ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.

Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз.

Біз «Өзен – Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық.

(7) КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.



Осылайша 2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.

***


Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі.

Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз.

Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды.

Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз.

 

ІІ. ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ОН ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРІ

 

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде.



Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.

Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі.

Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады.

Соңғы 60 жылда Жер  тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетеді. Осы кезең ішінде әлемдік ішкі жалпы өнім 11 есе өсті.

Бүкіл әлемдік тарихи процестің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын.

Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерге 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық.

Дегенмен осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Оның объективті себептері де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда.

Біз осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беруіміз керек. Олар қоғамда өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс.

Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік.

Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі.

Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.

Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз.

Біз таяу болашақта кері процеспен – елдің шегінен  тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз.

Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар.

Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстіне біздің әрқайсымыздың өзіміз жұмыс істеп, өзімізді асырауға мүмкіндігіміз бар. Бұл - біздің үлкен жетістігіміз.

Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады.

Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек.

Үшінші сын-қатер жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер.

Әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр.

Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек.

Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар.

Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады.    



Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы.

Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр.

Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады.

Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр.

Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда.

Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз.    

Бесінші сын-қатер– жаһандық энергетикалық қауіпсіздік.

Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда.

2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.

Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.

Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады.

Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы.

Жердің табиғи ресурстарының шектеулілігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы, келеңсіз де, оң да үдерістерді үдете түседі.

Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады.

Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек.



Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция.

Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз.

Цифрлық және нанотехнология, регенеративтік медицина және басқа да көптеген ғылыми жетістіктер қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзін трансформациялап,  күнделікті ақиқатқа айналады.

Біз осынау үдерістердің белсенді қатысушылары болуға тиіспіз.



Сегізінші сын-қатер үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық.

Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі – күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік.

Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болып отыр.

Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз.

Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады.

 Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет –қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.



Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы.

Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.

Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз.

Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс.



Оныншы сын-қатер –әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі.

Әлемде не болып жатқанын біздің бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы.

Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды.

ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердің шикізат ресурстарына қажеттілігін төмендетуге әкелуі мүмкін.

Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты «домино әсерін» тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкін.

Валюталық резервтердің қысқаруы валюталық бағамдар  мен инфляцияның қысымын күшейтіп, бұл қайтадан әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз.

 

ІІІ. "Қазақстан-2050" Стратегиясы -  тым құбылмалы тарихи жағдайдағы



жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт

 

Құрметті қазақстандықтар!



Қымбатты отандастар!

 

1. Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы  сапалық тұрғыдан өзгерді.

        

Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек.



Біріншіден, Қазақстан - қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше.

Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда.



Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.

Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде.

Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесінде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді.

2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз  о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік.

Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.

Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.

2050 жыл - жай бейнелі дата емес.

Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.

БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.

2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.

Қазір елдердің дені  осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.

Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.

Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.

Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.

Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.

Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.

Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.

Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.

Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы – "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.

Осыған орай,  ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.

***


2. Біз қайда бара жатырмыз?

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.



Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс.      Біз бірінші дәрежедегі мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрі шабытты жұмыс істеуіміз керек:

  • Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.

  • Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.

  • Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.

  • Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру.

  •  Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.

  • Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.

  • Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.

Бүгін, сонымен қатар, мен 2050 жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз ететін 2013 жылғы бірінші кезектегі міндеттерді атағалы отырмын.

Осы міндеттерге сәйкес Үкімет шұғыл түрде 2013 жылғы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.

Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс. Президент Әкімшілігі оны дайындау және кейіннен іске асыру барысын ерекше бақылауға алуға тиіс.

Енді мен "Қазақстан 2050" Стратегиясының негізгі бағыттары туралы өз пайымдауымды алға тартқым келеді.

 

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

 

1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні – түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту.

Бұл нені білдіреді?



Бірінші. Экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау.

Екінші. Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру.

Үшінші. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым.

Төртінші. Экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.

Жаңа кадр саясаты

Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс. Бұл үшін біз:



  •  Басқарушылық ресурсын жетілдіруге тиіспіз әрі бұл үшін бізде резервтер бар.

Менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу қажет.

  •  Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.

Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшін жаңа тәжірибе.

 

2050 жылға дейін кезең-кезеңмен мынадай міндеттерді шешу принципті маңызды:



Біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс.

Бюджет саясаты

  •  Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет.

  • Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс.

  • Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс.

Инвестициялар үшін объектілерді олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи объектілердің өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.

Салық саясаты

  •  Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек.

  • Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін жүйелендіру саясатын жалғастыруға тиіспіз. Салық есептілігін жеңілдетіп әрі мейлінше азайту қажет.

Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке ынталандыруымыз қажет.

  • Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшуіміз керек.

  • 2020 жылдан бастап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет – кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру.

  • Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет.

Осылайша, бизнес деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс.

Ақша-кредит саясаты

  •  Әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл – 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі.

  • Қазақстандық банктер өз кезегінде өзінің мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсіретуге болмайды, банктерді проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерімен тығыз айналысу қажет.

Бұл үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеу қажет болады. 

Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

  •  Біз елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз.

  • ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету керек.

Мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуға тиіс. Бұл қағидатты міндет, өйткені, біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

  •  Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет