1-мәтін
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады. Төле бала
әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле "Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ" деп сұрайды. Сонда әкесі әуелі жауап айтпас бұрын, бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
- Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы. Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би:
- Бұдан не түсіндің, балам? - дейді.
Сонда Төле бала:
- Түсіндім. Әке, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. "Саяқ жүрген таяқ жейді" демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
- Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін, алдымен, елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. "Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын" дегенінің мәнісі осы, - депті.
2-мәтін
Жастарымыз неліктен елден кетіп жатыр?
Бүгінде елімізде орын алып отырған келеңсіздіктерге наразы адамдар аз емес. Бүйткенше шетел асып кетсем беекен деп толғанып жүргөндердің денін өзіне лайықты жұмыс таппаған жастар құрайтын сияқты. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының пікірлеріне назар аударайық:
Индира Смағұлова: Бұл – жемқорлықтың әсерінен! Тек өздерінің қарақан басын ойлап, алғанның үстіне ала түсіп, жұтқанның үстіне жұта түсіп жатқан жемқор, сатқын, опасыз, жауыздардан ешқандай үмітсіз сайтан жоқ!
Баршын Ізбасар: Рас айтасыз, жемқорлық қазырғы қоғамдағы ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ бірі осы болып отыр. Білімді, мықты жастар әділетсіз қоғамнан қашып, шетел асып жатыр. Тәп-тәуір азаматтар туралы «мұхит асып барад, қызметін шетелде жалғастырад» деген сөздерді естіген сайын ..жүрек бірге жұлынып кетіп пара жатқандай. Амалсызбыз… Жастар өздерін Қазақстанға қажетсіз сезінеді.
Бұл пікірлердің шындық екені рас, бірақ осы шындық еліміздің болашағына үлкен қауіп төндіреді. Үлкендеріміз жағдайы бар жерде өмір сүру керек деп қақсай беріп, жастарымызды тоғышарға айналдырып алған секілдіміз. Бәріміз ала басымыздың қамын ойлап, жақсы жер іздеп кете берсек, мына елде кім қалады, ата-бабамыздан қалған қасиетті жерге кім ие болады? Отансыз бақытқа жетеміз бе? Мәңгілік ештеме жоқ, бұл елді де биікке бастайтын адамдар келер билікке. Байбаламға салынбай, ақырын күтейік. Ең бастысы, құндылықтарымызды жоғалтпайық!
Тапсырма: «Жүйрік – тай-құнаннан, ақыл – жас ұланнан» деген тақырыпта екі мәтінді басшылыққа алып, эссе жазыңыз. Бұрынғы заман жастары мен қазіргі заман жастарының айырмашылығын саралаңыз
Қоғамды алға ілгерілетуші негізгі күш – жастар. Халқымыз «Жас келсе, іске», «Жастар – болашағымыз», «Жастық шақ – адам өмірінің биік шыңы» деп, өлмес сөздерін жастарға арнаған екен. Мұның астарында жастар ел сенімін ақтайтын, ата-бабаның ізін жалғайтын, амантты арқалайтын басты үмітіміз екенін түсіндіреді.Ал, қазіргі кезде жастар осы сенімге ие бола алды ма? – деген сауал туады.
Жастар, расымен де, жарқын, кемел болашақтың кепілі. Білім де, ақыл да, жаңалық та, озық идея мен алапат күш-қуат та жастардың бойында. Кез келген бәйгеден озып, бәсекеге қабілетті ел екенімізді дәріптей алатын да – жастарымыз.
Халқымыздың тарихына көз салсақ, жас кезінен ел басқарып, шешендігімен небір дауларды шешіп, батырлығымен көзге түскен жастар көп болғанын білеміз. Мысалға, Төле би бабамыз бала кезінен дауға араласып, аталы сөздің түйінін шешіп отырған. Осылайша ел бірлігін , халықты жаудан сақтап, ата жолын жалғастырған. Хандарға кеңесші болып, артынан кейінгі толқынды ерте білген мемлекеттік қайраткер деңгейіне көтерілген. Ал, қазіргі жастардың осындай ел ісіне араласып, ұйтқы болуына не кедергі?
Ақпарат көздерінде жастардың көпшілігі шетелге кетіп жатқаны айтылып жүр. Олар жұмыссыздық салдарынан мұхит асып жатса, кейбіреуі әділетсіз қоғамнан қашып жатқанын әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. Біздің қоғамда жастарға қолдау аз деп
ойлаймын. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар, дегенмен, оның жүзеге асуы кешеуілдеп жатқан сияқты.Егер де жастарға арналған іс жүзінде нәтиже беретін құнды бағдарламалар мен жұмыс көздері болса, ақылы мен білімі ұштасқан жастар еліміздің игілігіне қызмет етер ме еді?..
Жастарымыздың елімізге пайдасын тигізуі үшін билікке де араластырған жөн деп ойлаймын. Саналы, ақылды, білімді, бірнеше тілді меңгерген, құзыретті, толерантты жастар өте көп. Өкінішке орай, олар еленбей қалуда. Жастардың көпшілігі шетелге кетіп қалатын болса, туған жерімізді қорқайтын, болашағын тізгіндейтін зияткер ұрпақ қалмауы мүмкін. Десе де, әрбір жас Отан алдындағы парызын түсініп, өтеу керек. Сол себепті, адам баласына патриоттық, ұлттық тәрбие бала кезден бойына сіңіруі керек. Ұлттық құндылықпен сусындаған жастар кешегі Төле, Әйтеке, Бауыржандар сияқты ұлтқа ғана қызмет етеді деп сенемін.
Қорытындылай келе, елемізді өзге елдермен теңестіретін, терезесін тең қылатын жастарымызды дәріптеп, оларға қолдау көрсетуіміз керек. «Ақыл – жас ұланнан» демекші, басты капиталымыз жас ұландарымыз еліміз бен жерімізге, ұлт мүддесіне абыройлы еңбек етсін деп тілеймін!
Достарыңызбен бөлісу: |