-
КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ БИЗНЕС – ЖОСПАРЛАУ
тақырып:
4.1 КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІ ЖОСПАРЛАУ ҮРДІСІ, ТҮРЛЕРІ МЕН ҚАҒИДАЛАРЫ
Кәсіпкерлік қызметті жоспарлауды, алдын – ала қабылданған өзара байланысты шешімдердің кешенді үрдісі ретінде қарастыру қажет. Осы арқылы ортақ шешім жүзеге асырылады. Егер арнайы және сәйкес шаралар қабылданбаса, ықтимал болатын жағдайда оң нәтиженің келешекте қалыптасуы күмән туғызады.
Жоспарлау – бұл кәсіпорынның экономикалық жүйесінің болашақ жағдайын анықтайтын, жоспарларды жасап шығару мен тәжірибелік түрде жүзеге асыруды қарастыратын кешенді қызмет.
Кәсіпорын тұрғысынан, микроэкономикалық деңгейде, жоспарлау – бұл микроэкономика субъектілерінің саналы, жігерлі шешімдеріне негізделген іс – әрекеттерді жүзеге асыру тәсілі, баға мен нарықты ауыстыратын механизм.
Кәсіпорын қызметін жоспарлаудың екі түрі бар:
Нарық жүйесіндегі кәсіпорын қызметін жоспарлау;
фирмаішілік жоспарлау.
Әдетте, жоспарлаудың бұл аспектілері өзара байланысты.Атап өтетін жайт, шын мәнінде жоспарлау фирманың нарықтағы контрагенттермен қарым-қатынасы тек кездейсоқ және бір реттік сипатта емес, тұрақты және ұзақ мерзімді болған жағдайда ғана ұтымды болады.
Кәсіпорын қызметін жоспарлау келесідей мүмкіндіктер береді:
қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмсалатын күштердің нақты бақылауын жүзеге асыруға;
басшыларды өз мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдарын нақты анықтауға;
ары қарай бақылау үшін қажетті фирма қызметінің көрсеткіштерін анықтауға;
кәсіпорынды нарықтық конъюнктураның күтпеген өзгерістеріне дайындауға;
фирманың барлық менеджерлерінің міндеттері мен жауапкершіліктерін нақты анықтауға.
Қазіргі нарықтық қатынастар өз өзгерістерін тек «жоспарлау» түсінігіне енгізіп қана қоймайды, сонымен қатар жоспарлаудың қағидалары, мақсаттары, әдістері мен түрлерін нақтылайды.
Кез – келген басқарушылық қызмет сияқты, жоспарлау белгілі бір қағидаларға негізделеді. Дәл осы қағидалар жоспарлау жүйесінің құрылымы мен мазмұнын, жоспарлау үрдісінің сипатын анықтайды.
Жоспарлаудың қағидалары:
Үздіксіздік. Мақсаттар мен шаруашылық жүргізу жағдайлары өзгеріп отыратындықтан, жоспарларды үнемі жетілдіріп және түзету енгізіп отыру қажет.
Үйлестірушілік пен интеграция. Үйлестірушілік бір деңгейдегі барлық ұйымдастырушылық бірліктердің өзара іс - әрекеттерін қамтиды, ал интеграция әртүрлі деңгейдегі бірліктер арасындағы іс – әрекеттерді сәйкестендіру үшін қажет.
Жүйелілік. Кәсіпорын сыртқы ортада кешен ретінде есептелуі қажет.
Ғылымилылық. Жоспарлауда ғылыми әдістерді қолданып отыру қажет.
Әрбір кәсіпкер, өз қызметін бастай отырып, оны болашақта не күтіп тұрғанын болжауы керек, атап айтқанда: оның қаржылық, материалдық, еңбек және интеллектуалды ресурстарға деген қажеттілігі қандай болатындығын, оларды иемдену көздері қандай екенін білуі керек. Сонымен қатар фирма (кәсіпорын) жұмысының барысында ресурстарды пайдалану тиімділігін есептей алуы қажет.
Яғни, кәсіпкерлер өз қызметін нақты және тиімді түрде жоспарламаса, нарықтық жүйедегі қажетті ақпараттарды жинап талдау жүргізбесе, ондағы бәсекелестердің жағдайы туралы мәліметтерді ескермесе, өздерінің болашағы мен мүмкіндіктері туралы ақпаратты тұрақты жинай алмаса, табысқа жете алмайды.
КӘСІПКЕРЛІК ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ БИЗНЕС – ЖОСПАРЫ
Кәсіпкерлік құрылымдардың шаруашылық өміріне «бизнес - жоспар» түсінігі жедел түрде енуде. Мұндай құжат, әдетте, инвестицияларды, қаржыландырудың сыртқы көздерін тарту үшін дайындалады: несие берушіден қаржы алу (банктік және басқа да несиелер, облигациялық қарыздар), тартылған инвесторлардың қаржысы (акцияларды сатудан, пайлық және басқа да салымдардан), бюджеттің инвестициялық қаржысы. Бизнес – жоспардың басқа да функциясы бар - кәсіпорынның барлық шаруашылық қызметін жоспарлау. Негізінде бизнес – жоспар жоғарыда аталған екі функцияны да қатар орындауы қажет. Бірақ, тәжірибеде сыртқы қаржыландыруға бағытталған бизнес – жоспардың және ішкі қолданыстағы бизнес – жоспардың құрылымы және мазмұны бойынша да біршама ерекшеліктері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |