Ө зін-өзі бақылауға арналған сұрақтар: Кәсіпкерлік қызметті жоспарлау үрдісінің мәні неде?
Бизнес – жоспар қалай сипатталады?
Бизнес – жоспардың функциялары, құрамы мен құрылымы қандай?
Бизнес – жоспардың мақсаты қандай?
Бизнес-жоспарды жасап шығару сатылары қандай?
Бизнес-жоспардың мазмұнын ашып көрсетіңіз және оның негізгі тарауларына сипаттама беріңіз.
Қазіргі таңда бизнес-жоспарды жасап шығару барысында кәсіпкерге қандай ерекшеліктерді ескеру қажет?
-
КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ тақырып:
5.1 КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ КӨЗДЕРІ
Кәсіпкерлік ұйымдарды қаржыландыру – бұл жай және ұлғаймалы ұдайы өндірісті қаржылық қамтамасыз ету шарттары мен қағидаларының, нысандары мен әдістерінің жиынтығы. Қаржыландыру деп ақшалай қаражаттардың қалыптасу үрдісін немесе кең мағынада – капиталдың барлық түрлерінің қалыптасу үрдісін айтады. «Қаржыландыру» түсінігі «инвестициялау» түсінігімен тығыз байланысты. Егер де қаржыландыру – бұл ақша қаражаттарының қалыптасуы болса, инвестициялау - бұл оларды пайдалану. Екі түсінік өзара байланысты, бірақ та біріншісі екіншісін туындатады: қаржыландыру көздері болмай, қандай да бір инвестицияларды жоспарлауға болмайды. Сонымен қатар, кәсіпорынның қаржы ресурстарының қалыптасуы әдетте оларды пайдалану жоспарын ескере отырып жүргізіледі.
Кәсіпорынды қаржыландыру көздерін таңдау барысында келесідей бес негізгі міндеттерді шешу қажет: қысқа және ұзақ мерзімді капиталға деген қажеттілікті анықтау керек;
оптималды құрылымын анықтау мақсатында қаражаттардың активтері мен пассивтерінің құрамын анықтау керек;
кәсіпорынның тұрақты төлемқабілеттілігін және сәйкесінше қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету керек;
максималды пайда әкелетіндей етіп кәсіпорынның өз және қарыз қаражаттарын пайдалану керек;
шаруашылық қызметті қаржыландыруға деген шығындарды төмендету керек.
Кез – келген кәсіпорын экономикалық жүйенің элементі болып табылады және кәсіпкерлік қызмет бойынша серіктестермен, әртүрлі деңгейдегі бюджеттермен, капитал иелерімен және басқа да субъектілермен белгілі бір қарым – қатынастарға түседі. Қаржылық ресурстарды қалыптастыру мен пайдалану үрдісінде кәсіпорында нарықтың басқа субъектілерімен қаржылық қатынастар пайда болады. Дәл осы қатынастар кәсіпорын қаржысының мәнін құрайды.
Кәсіпорын қаржыларыоның өндірістік – шаруашылық қызметі барысында пайда болатын және оның қаржылық ресурстарын қалыптастыру мен бөлумен байланысты ақшалай қатынастарды сипаттайды.
Қаржылық қатынастар құрамында кәсіпорынның ақшалай қатынастарының келесідей топтарын бөліп көрсетеді:
контрагенттермен – бастапқы табыстарды қалыптастыру және шаруашылық ішіндегі мақсатты қорларды құру мен қолдану бойынша (жарғылық капитал, жинақтау мен тұтыну қорлары);
ұйымдар мен кәсіпорындармен – қаржыларды бөлу бойынша, бұл жағдайда қаржылық ресурстардың қозғалысы қор сипатында емес түрде жүзеге асырылады (келісім шарттық міндеттемелерін бұзған жағдайда айыппұл төлеу, әртүрлі пайлық салымдар салу, бірлескен қызметтен түсетін пайданы үлестіру, мемлекет пен басқа да кәсіпкерлік ұйымдардың құнды қағаздарын сатып алу, олардан дивидендтер алу);
өнім тұтынушылармен – кәсіпорындар олармен байланысқа түсе отырып келісім – шарттардың түрлері мен нысандарын өзі таңдайды. Міндеттерді орындау шарттары мен санкцияларды пайдалану тәртібін өздері анықтайды. Өз өнімдеріне деген бағаны өздері қалыптастырады. Жабдықтаушылар бағаларының негізділігін өз бетінше анықтайды. Жоғарыда аталған факторлар кәсіпорынның қаржылық шекті нәтижелеріне біршама әсер етеді;