Дене -еңбек ойындары – бұл ойындардың көбі күш жұмсап, тер төгіп еңбек ету нәтижесінде жүзеге асады. Ол дене шынықтыру пәнімен тығыз байланыса отырып, мұғалім шеберлігімен жүзеге асады. Олардың қатарына: 1) сергіту сәттері; 2) тыныс алу жаттығулары; 3) спорттық ойындар; 4) ұлттық ойындар т.б.
6 тақырып: Шығармашылық және ережелі ойындар
Бүгінгі техникалық мүмкіндіктер жақсы дамыған заманда ата-аналардың да мүмкіндіктері кеңейді. Теледидар арқылы көрсетілетін ертегілер мен қойылымдар, ойындар балалардың дамуына әсерін тигізері сөзсіз. Бірақ ата-аналар балаларын күні бойы теледидардың алдына отырғызып қоймай, ертегілерді бірге тамашалап, оның түсінген-түсінбегенін сұрап, туындаған сауалдарына жауап беруге тиіс. Балаға ненің жаман, ненің жақсы екенін ертегінің мазмұнына сүйене отырып түсіндіруге тырысулары қажет.
Бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор. Бұл әдістің пайдасы - баланы сахнада кейіпкер ретінде ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан-жақты дамыту. Оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген құштарлықты ояту. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерде ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Жетілген диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді.
Ата-аналар мен тәрбиешілер баланың тілін дамыту мен оларды тәрбиелеуде ертегілер мен қойылымдардың және сахналаудың рөлінің айрықша екенін ұмытпау керек.
Сөйлесу қызметі - белсенді әрі мақсатты үрдіс. Бұл қызмет түрі серіктестің болуын талап етеді, онда бірі сұрақ қойса, екіншісі жауап береді. Мектеп жасына дейінгі мекемелердің басты мақсаты - бүлдіршіндердің диалогтық қарым-қатынасы болып табылады. Балалар өз құрбыларымен сөйлесу арқылы сөйлеу тілдерін дамытады. Сонымен қатар өзі мен серіктесінің қимыл-қозғалысын келісу мен бақылау дағдысы қалыптасады.
Келісу мен бақылау үрдісінде сөйлесуден басқа нәрселерге де көңіл аударылады (мәселен, мимика, қимыл, атрибуттар, көлеңке, саусақ қимылы, бет перде, қуыршақ, үстел үсті).
Бұл жерде мен трафареттік сахналау тәсіліне басты назар аудардым. Трафарет театры арқылы сөз құрамының байлығын, диалог, монологты дамытуға болады.
Бұл жұмыс барысында балалар дайын трафареттердің көмегімен болашақ кейіпкерлердің суреттерін жасайды. Оларды түрлі-түсті бояулармен бояйды, дайын бейнелерді қайшымен қияды. Бұл жерде балалардың шығармашылық ойлау қабілеттері дамиды. Ұжымдасып жұмыс істеу үрдісінде әрбір баланың жеке қиялына да орын беріледі. Себебі, трафареттермен жұмыс істеу кезінде әрбір бала өзіне берілген бейненің түр-тұлғасын, қимыл-қозғалысын өзгерте алады. Мәселен, жүгіріп келе жатқан қоянның бейнесі т.с.с.
Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін негізгі - сөйлеу кезеңіне өтеміз. Бұл кезеңде балалар ертегі кейіпкерлерімен диалогтық әрекет жасайды. Жұмыс жұптасу түрінде жүргізіледі. Әрбір бала өзіне жұп таңдайды. Жұптасып жұмыс істеген кезде мен кімнің ынталы, кімнің ынтасыз қатысып отырғанын бақылап отырамын.
Диалог ертегілер құрастырған кезде балалар бір-бірімен өзара сөйлеседі, бұл жерде автор сөзі деген болмайды.
Саусақ ойыны- бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық.
Саусақ ойыны-саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады.
Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс- қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді.
Ал тіл кемістігі кездесетін балалардың жалпы қимылдары, соның ішінде саусақ бұлшық етінің қимылдары жеткілікті деңгейде дамымайды.
Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғалуларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету- тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі.
Мысалы: «Саусақтар сәлемдеседі» ойынын алайық. Мұнда бас бармақ ұшы әр саусақтың ұшымен кезекпен түйіседі. «Адамдар келеді». Оң қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын жүгірген тәрізді етіп қимылдатады. Сонымен бірге халық арасында кеңінен тарап жүрген «қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған.
Балалар осындай саусақ ойынын ойнай отырып, өлең шумағын қызыға айтады. Мысалы, «Моншақ».
Қызыл-сары көк моншақ.
Мен жасаймын көп моншақ.
Мұнда қатар екі қолдың бас бармағымен сұқ саусақтарының ұшын түйістіре отырып, моншақ тәрізді бейнелейді, әрі оларды тізбектеп жасау балалар үшін өте қызықты әрекет, әрі қол бұлшық етін дамытуға үлкен көмегін тигізеді.
Сонымен саусақ ойындарын жүргізу арқылы балалардың саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшық еттерінің жетілуімен бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттері дамитын болады және кейін жазу шеберлігін ойдағыдай меңгеруіне дайындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |