4-тақырып: Оқыту процесінің құрылымы және кезеңдері. Оқыту процесінің құрылымы. Оқыту процесінің негізгі кезеңдері.
Оқыту процесінің алдына қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру белгілі бір тәртіппен, нақтылы жүйемен жүзеге асырылады. Мұнжай жүйені оқыту процесінің құрылымы деп атайды. Оқыту процесі тек мұғалім мен оқушылар арасындағы оқу әрекетінен құралмайды, сонымен бірге оқытудың басқа да элементтері бар. Олар мыналар:
Оқытудың мақсаттылығы. Мұнда мұғалімнің оқылатын тақырыптың мақсат-міндеттерін айқын қарастыруы көзделеді.
Оқытудың мазмұны. Жас ұрпақты ғылымның жетістіктерін меңгеруді, білімдерін дамытуды міндеттейді.
Оқыту формалары мен тәсілдері. Оқыту мазмұнын қандай амал-тәсілдермен, нақтылы практикалық жолдармен меңгеруді баяндайды.
Оқыту нәтижесін талдау және бағалау. Мұғалімнің және оқушының оқу әрекетінің құрылымын бірлесе отыра сараптама жұмыстарын жүргізуі, оқушылардың оқу әрекетінің сапасына көзқарасын білдіріп, бағалап және білім деңгейін тексеріп отыруы. Оқушылардың өзін-өзі қадағалап, тексеріп отыруы.
Мектеп тарихының бастапқы кезеңінен оқыту, білімдер жүйесін оқушылардың меңгеруі белгілі бір дидактикалық кезеңдерден тұрады:
Оқушыға берілетін білім мақсаты мен қажетін түсіндіру және оларды әрекетке бағыттайтын мотивтерді туғызу. Осыған орай оқу міндеттерін анықтау.
Оқушыға жаңа білімді баяндау және оны қабылдауға басшылық жасау.
Оқушының білімді қабылдауы және оның санасында жаңа білімнің қорытылып, ғылыми ұғымдар мен тұжырымдардың қалыптасуына басшылық ету.
Берілген білімді бекітуге басшылық ету.
Білімді практикада қолдануға басшылық ету.
Оқушының білім мен дағдысының сапасы және деңгейін есепке алу, тексеру және бағалау.
Ұйымдастыру жағынан алғанда, дидактикалық әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі болады.
Білім алудың мотиві мен мақсатын анықтау.
Қандай да болмасын адам әрекеті мотивтен туындап, белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталады. Сол секілді оқушының білім алудағы әрекеті де мотив пен мақсатқа сәйкес іске асады. Мотив - әрекеттің себебін, оны неге жасау керектігін; мақсат - әрекеттің нәтижесі қандай болуға тиісті екенін анықтайды. Баланың оқудағы негізгі мотивінің бірі – қызығу. Оқу жұмысының жемісті болуы, ең алдымен, балада білімге деген қызығушылықты туғызуға байланысты. Оның өзі оқуға талпынбаса, күшпен зорлап оқытуға болмайды. Қызығуды туғызу үшін берілетін білімнің мақсаты мен қажетін түсіндіріп, оларға нақты оқу міндеттерін қойып және анықтап беру қажет.
Жаңа оқу материалын қабылдау.
Оқушының білімді меңгеруі жаңа оқу материалын қабылдаудан басталады. Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың, құбылыстардың адам санасында бейнелену процесі. Білімді терең меңгеру үшін оқу материалын қабылдау жеткіліксіз болады. Бұл оқушылардың білім мазмұнын түсініп, ұғынуы және белсенді де терең ойлау әрекетінің нәтижесінде ғана іске асады. Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну процесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденіледі және бекітіледі.
Білімді бекіту.
Бекіту- бұл оқушылардың берік ұғынуының тиімді тәсілі. Сабақта жаңа материалды қабылдаудан кейін, бекіту әр түрлі практикалық, лабораториялық жұмыстары негізінде іске асады. Бекітудің бұдан да басқа тәсілдері бар: өткен оқу материалын бөліктерге бөліп қайталап отыру, есте қалдырудың тәсілдерін үйрету т.б.
Білім мен дағдыны практикада қолдану.
Білім мен дағдының сапасы мен нәтижесінің көрсеткіші практика. Егер оқушы білімді практикада қолдана алмаса, бұл оның білімді үстірт қабылдағандығынан, жете түсінбегенінен болады.
Оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру, оны талдау және бағалау.
Оқытудың білім алудағы жетістіктерін, табыстарын талдап, айтып берудің және оны бағалаудың маңызы зор. Мұғалім мен окушы үшін мұндай жұмыс, кибернетикалық терминмен айқанда, кері байланыс болып табылады. Мұны мұғалім оқытудың әрбір кезеңінде іске асырады.
Негізгі ұғымдар: оқыту процесі, жүйелілік, біртұтастық, кешенділік, оқыту процесінің кезеңдері.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
Оқыту процесі дегеніміз не? Оқыту прцесінің екі жақты сипатын қалай түсінесіз.
Білім алу мен оқытудың мәніне және құрылымына сипаттама беріңіз.
Оқытудың білімдік, дамытушылық және тәрбиелік қызметіне қысқаша сипаттама беріңіз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Әбиев Ж.,Бабаев С.,Құдиярова А. Педагогика.-А. 2004
Р.С. Немов Учебник для студентов высших пед. учебных заведений. Т2. (Психология образования) – М.,2003
Бабанский Ю. Педагогика. –М.,1988
Педагогика: Педагогикалық жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждер студенттеріне арналғаноқулық / Ред.басқ. П.И.Пидкасистый. – Алматы: Қазақ университеті, 2006
5-тақырып: Оқыту заңдылықтары туралы түсінік.Оқыту принциптері.
Оқыту заңдылықтары туралы түсінік.
Оқыту пронциптері.
Мектептегі білім берудің мазмұны.
Оқыту процесін іске асыру белгілі бір заңдылықтарды меңгеру негізінде жүзеге асады.
Құбылыстар мен процестер арасындағы дамуды сипаттайтын мәнді байланыс философияда заңдылық деп аталады. Оқыту процесінің заңдылықтары оның тұтастығын дәлелдейді.
Педагогикалық процестің заңдылықтары Ю.К.Бабанский, И.Я.Лернердің,И.Ф.Харламовтың және И.П.Подласыйдың ғылыми педагогикалық еңбектерінде кең көлемде баяндалған.
Оқыту процесінің заңдылықтарына:
1.Оқытудың мақсат-міндеттерінің қоғам талабынан туындап, сонымен бірге оның мазмұны мен амал-тәсілдері және ұйымдастыру формаларының өзгеріп, жаңартып, толығып отыруы заңды процесс болып табылады.
2.Оқытуда оның білім беру, тәрбиелеу және даму қызметтерінің өзара байланысты болуы заңдылық.
3.Оқыту процесінде баланың таным белсенділігі артады, ақыл-ой қабілеті дамиды, ғылыми ұғымдарды, олардың мәнін, ерекшеліктерін түсініп, меңгереді.
4. Оқыту – тәрбиенің негізгі құралы. Сондықтан оқытуда тұлғаның жеке басының қалыптасып дамуы да заңды процесс.
5. Оқыту барысында әрбір тұлғаның жас және дара ерекшеліктерін ескеру, соған байланысты таным әрекетін ұйымдастырып отыру да заңдылық боп есептеледі.
6. Оқытудың адам және табиғаттың жалпы даму заңдылықтарына байланыстылығы.
Оқыту принциптері дидактиканың негізгі буыны. Принцип (латын сөзі) – бастапқы, негізгі деген ұғымды немесе, басшылыққа алатын идея, негізгі ереже, талаптар деген мағнаны білдіреді.
Оқыту принциптері кездейсоқ құрылмайды, оларды қалыптастыруда белгілі бір дәуір, тарих жатыр. Солардың негізі алғаш рет Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Г. Песталоци және К.Д. Ушинскийдің еңбектерінде тұжырымдалған.
Оқытудың ғылымилығы принципі. Оқыту процесінде оқушыларды ғылыми біліммен қаруландыру мектептің аса маңызды міндеті. Себебі, мектептегі оқыту, білім беру негізгі ғылыми жүйеде жасалған. Онда әрбір ғылымның пайда болуы, тарихы, даму заңдылықтары түсіндіріледі. Сонымен бірге, ғылыми мысалдар, фактілер тәжірибемен байланыстырылып қарастырылады.
Оқытудың жүйелілігі мен бірізділігі принципі. Бұл пртнциптегі өзекті мәселе оқылатын оқу материалын белгілі реттілікпен оқушыларға жеткізуді қамтамасыз етіп, дамытуды және оны әрбір оқушының саналы меңгеруін қарастырады. Әрбір сабақ барысында қойылған оқу міндеттерін оқушылардың түсініп, оқу материалын логикалық тұрғыда жүйелі қабылдауын мақсат етіп көздейді.
Оқытуда теория мен практиканың байланыста болуы принципі. Бұл принциптің міндеті оқытуда оқушылар жаңа теориялық білім алып қана қоймай, сол алған білімдерін өмірде қолдана білуін қамтамасыз ету.
Оқытудағы саналылық пен белсенділік принципі. Бұл принцип оқушылардың таным әрекеті мен оған басшылық жасауға бағыт беретін негізгі принциптерін бірі. Саналылық пен белсенділік принципін оқушылардың меңгеруінде, олардың оқуға деген қызығушылығын арттырудың маңызы ерекше.
Оқытудың кқөрнекілік принципі. Оқушылардың дүние танымы негізінен көрнекілік арқылы жұзеге асырылады. Ол заттардың өзін немесе бейнесін, көлемін тікелей көріп байқауға мүмкіндік береді. Көрнекілік принципінің мақсаты оқылатын тақырыпқа сай оқушылардың білім көлемін тереңдету, қызығушылығын орнату және есте сақтау қабілетін шыңдау; мұғалімнің өз ойын оқушыларға нақтылы дәлелдеуі ұшін қолдануы.
Оқытудағы білімнің беріктігі принципі. Оқытудың тиімділігін арттырып, сапасын жақсарту оқытудың негізгі принциптерінің бірі. Осы принципті ұйымдастыруға байланысты мынадай талаптар жүйесін ескерген жөн: оқушылардың алған білімдерін қайталап отыруды үнемі ұйымдастыру; сабақтар жүйесінде әр түрлі жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру; оқушылардың білім сапасын есепке алу, тексеру және бағалау.
Мұғалімнің басшылық ролі. Мектептегі оқу-тәрбие процесінде мұғалімнің қызметі ерекше. Ол оқу-тәрбие процесінің міндеттерін шешуші басты тұлға. Мұғалім ақушылардың дүниетанымын қалыптастырып, мәдени-рухани дамуына жүйелі басшылық жасайды.
Ынталандыру принципі. Оқуға, білімге, мұғалімнің жеке басына деген, сондай-ақ оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен формаларына оқушыларды ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады. Сондықтан мұғалім, ең алдымен сабақтарын қызықты, тартымды, әсерлі етіп өткізуге міндетті.
Гуманизациялау принципі – оқушыға деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Балаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек. Оқу-тәрбие процесінде, сабақтарда балаларды қорқытпай, қысымшылық жасамай, керісінше, олармен жылы қарым-қатынас жасау міндет.
Интеграциялау принципі – бұл жалпы білім мазмұның анықтауда, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жазып шығаруда ескеретін маңызды принцип. Интеграция - әртүрлі пәндердегі негізгі принциптері мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді.
Мектептегі білім беру мазмұны.
Білім беру мазмұны дидактикалық категория ретінде «нені оқыту керек» деген сұраққа жауап бере келе, оқушыларды жан-жақты дамытудың негізін құрайды, олардың ойлау және таным адам баласы жинаған білімдер, біліктер мен дағдылардың жүйесін айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |