Қазақстан Республикасының


Глоссарии. Азаматтық лирика



бет4/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,38 Mb.
#34
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Глоссарии.


  1. Азаматтық лирика-лирикалық поэзияның заман жайын,әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.

  2. Ақын - поэзиялық туынды, өлен, жыр - дастандарды ауызша немесе жазбаша айтып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері.

  3. Альбомдық лирика- орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры.Бұл жанырға жататын өлеңдерге тән басты қасиет-сыршылдық,нәзік сезімге берілу.Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту,көлденең адамға білдірмейтін ішкі сезімді,жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан.

  4. Арнау - әдеби шығарма басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автор сөзі.

  5. Әдеби қаһарман-әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.Әдеби қаһармандар шығармада өзіне тән рухани және қоғамдық жүк көтереді.

  6. Әдеби процесс-көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс.

  7. Әдеби сын-көркем шығармаларды талдап,баға беріп,олардың идеялық-көркемдік мәнін,әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы.

  8. Әңгіме-оқиғаны баяндап айтуға негізделетін,қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма.

  9. Драма-(грекше drama-қимыл- әрекет )-сахнаға арналған,уақиғаны,оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін,көңіл күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығарма.

  10. Жанр-әдеби шығармалардың жеке түрлері,көркем әдебиеттің салалары.

  11. Кейіпкер (персонаж) –көркем әдебиетте роман,повесть,әңгімеде, драмалық шығармада, поэмада бейнеленетін уақиғаға қатысушы.

  12. Лирика-көркем әдебиеттің негізгі саласының,жанрының бірі, басты ерекшелігі–адамның көңіл–күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді.

  13. Поэзия – көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең жыр түріндегі шығарма.

  14. Поэма – оқиғаның өлеңмен баяндалып айтылатын, кейде жыр – толғау түрінде келетін көлемді шығарма.

  15. Повесть–оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма,эпикалық жанрдың орташа түрі.

  16. Реализм(латынша. realis–заттылық,шындық)-әдебиет пен өнердегі кең қанат жайған,өмір құбылыстарын бар қалпында, нақтылық сипат–белгілерін сақтай отырып, жинақтап, тұжырымдап, шыншылдықпен бейнелеуді мақсат ететін көркемдік әдіс.

  17. Роман –сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта ауқымында, жан–жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма.

  18. Символ–әдебиетте ойды астарлап,басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне.

  19. Стиль-жазушының өмір шындығын танып–білу,сезіну қабілетін,бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға–бітімін танытатын даралық өзгешелігі,жазу мәнері, қолтаңбасы.

  20. Сюжет(франц. sujet–зат)-өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі,біртұтас желісі.

  21. Тақпақ-қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл-ғибраттылық, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы.

  22. Тақырып-Әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы,айтылатын жай–жағдайлардың бағыт–бағдары.

  23. Тарихи шындық–өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар,өмір сүрген тұлғалар арқау болады.

  24. Трагедия–сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың,яғни драмалық жанрдың бір түрі.

  25. Трилогия-мазмұн–мағынасы,сюжеті жағынан бір–бірімен тығыз байланысты,негізгі кейіпкерлері ортақ келетін,өзара жалғасып,тұтасып жатқан үш шығарма.


Дәрістердің қысқаша сипаттамасы
1,2 Дәріс 1941-1956 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Дәрістің мақсаты: XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық

өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді түсіндіру.



Тірек сөздер:Соғыс, Ұлы Отан Соғысы, фашистік Германия.

Дәрістің жоспары:1.Ұлы Отан Соғысының басталуы.

2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясы.

3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасы.

XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді қамтиды. Ол – Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдері.

Кеңес Одағының құрамында болған, Қазақстан халқы да 1941-1945 жылдардағы фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқа белсене қатысты. Бұл соғыс жалпы одақ және оның бодандығындағы халықтар үшін де ауыр кезең болды. Большевиктер өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалмас үшін өзіне қарасты барлық халықтарды соғысқа жұмылдырды. Солардың қатарында қазақтар да соғысқа көптеп алынып, Қазақстан елі тұтас күйінде соғыс мүддесіне қызмет етті. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу орындары, сол өңірдің соғысқа жарамайтын кәрі-құртаң, бала-шағалары Қазақстанға көшірілді. Оның үстіне өкіметке сенімсіздік көрсеткен біраз халықтар (шешен, неміс, кавказдық мұсылмандар, т.б.) жер ауып, осында келді. Бұлардың барлығы елдегі жағдайды ауырлатып, тұрғылықты халықтың күн көрісіне кері әсер етті. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпалығын әйелдер мен жас балалар көтерді. Соған қарамастан, коммунистік партияның үгітінің күштілігімен, одан бұрын да жылдар бойы адам санасына сіңірілген социалистік Отанды қорғау идеясы елді тік көтеріп, соғыста жеңіп шығу жолындағы іске жұмылдырды. Халықтық құлшыныстың күштілігі сондай, көп жерлерде (әсіресе, ауылдарда) жұмыс еңбек ақы төленбей атқарылды. Халық уақытпен де есептескен жоқ. Бейбіт құрылыс ісі тоқтап, елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі.

Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл кеңес әдебиетінде көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды.

Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып, майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.

Соғыс мерзімі бес жылға жуық уақытты қамтиды. Оның сұрапыл, алапат күйде өткені болмаса, тарих үшін бұл ұзақ мерзім емес. Оның сыры мен шындығын зерттеп, жаңа көркем туындылар жасау тұрғысында да ол мерзім жеткіліксіз. Сондықтан да соғыстың бес жылы ішінде қазақ әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Онда соғыстың алғашқы әсерінен туған ұшқыр өлең, публицистика, очерк сияқты шағын жанрлар өрістеді. Соғыс пен оның адам басына түсірген қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер-қайратын бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты. 1950-1960 жылдары бұл тақырыпқа үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар жазылды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын, майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес адамдарының бойындағы азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады.

Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.

Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.

Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды.

Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды. Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі. Осы кезеңнің аяғын ала М.Әуезовтің «Абай» (төрт томдық эпопеяның бірінші кітабы), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары жарық көрді. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Хұсайыновтың жаңа, көп актілі пьесалары театр сахналарына шықты. Оларда әскери өмірмен бірге, қазақ халқының өткен өміріне, жаңа қоғам құру жолындағы күресіне арналған шығармалар да болды. Соғыс кезінің ұранына сәйкес халықтық ерлікті фольклорлық сюжеттер арқылы танытуға ұмтылыс та байқалды.

Халық шаруашылығы экономикасының соғыс жағдайына лайық қайта құрылуы рухани, мәдени өмірдің кең көлемде дамуына мүмкіндік бермеді. Қазақстанда кітап басу ісі шағындалды, баспалар жабылып, бұл саладағы жұмыс бір баспаның (Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы) қолына жинақталды. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», т.б. жастар газеттері, «Әдебиет және искусство» журналы жабылды. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шағын форматпен сиректеу ғана шығып тұрды. Бұл жағдайлар әдебиеттің дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті.

Соған қарамастан, қазақ әдебиеті дәуір талабына үн қосып, жаңа тәжірибе жинақтады. Қаламгерлер тобы азаматтық жағынан шыңдалып, дүниежүзілік екінші империалистік соғысқа қатысқан елдер әдебиеттерімен бірге соғыс философиясын зерттеп, оған өз қатынасын білдіруге мүмкіндік алды. Бұл – басқыншылық соғысқа қарсылық, соғыс атаулыға қарғыс айту философиясы еді.

Соғыс тоқтасымен-ақ Кеңес елі бейбіт құрылыс ісіне кірісті. Соғыс бұзып талқандап кеткен халық шаруашьлығын қалпына келтіру елдің алдына үлкен экономикалық міндеттер қойды. Жаңа бесжылдық жоспар жасалды. Оның салмағын сұрапыл соғыстың өткелінен өткен азаматтар арқалауға тиіс болды. Партия әдебиеттің алдындағы міндеттерін де осы әлеуметтік істермен байланысты белгіледі. Соғыс ауыртпалығын өз бастарынан өткеріп келіп, бейбіт еңбекке араласқан адамның өмірі мен еңбегін көркемдікпен суреттеу талабы қойылды. Бұндай заманда қаһарманының ішкі сыры мен қалыптасу жолы да күрделі еді. Соғыста ұтып шыққанмен, оның бойында да, ойында да соғыс салған жарақаттың зардабы аз емес-ті. Ол соғыста құрбан болған жас тағдырлар мен жетім-жесір қалған жандардың, қираған қала мен селоның қайғысын қоса арқалады. Мұның бәрі кеңес елі азаматының ішкі сезім дүниесін байытты, оны өмірдің үлкен мектебінен өткізді. Өмір мен адамның арасындағы осындай қайшылықты қарым-қатынасты терең зерттеу жазушылардан әлеуметтік және философиялық көрегендікті, ой-пікір батылдығы мен суреткердің нәзік сезімталдығын талап етті.



Жазушыларды осы міндеттерді орындауға «дайындау» мақсатымен Коммунистік партия өзінің идеологиялық саясатын бірсыпыра қатайтып, соғыс кезіндегі әдебиет пен өнердің барлық саласындағы «бұра тартуларды» түзеуге көңіл бөлді. Осы мақсатпен 1946-1948 жылдар ішінде «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы», «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», «Ұлы өмір» кинофильмі туралы», «В.Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы қаулылар қабылданды. Оларда одақтық әдебиет көлемінде орын алған «Кеңес шындығын бұрмалап көрсету», «Кеңес адамдарына жала жабу» театр сахналарында «Идеясыз, ұстамсыз» пьесалардың қойылуы, кинофильмдерде «Кеңес шындығының бұрмаланып көрсетілуі», музыкадағы «формалистік элементтер» қатты сынға алынды. Көркемдік шығармашылықтағы идеясыздық пен саясаттан тыс болуға тырысушылықты айыптады. Әдебиет пен өнер қызметкерлерін социалистік реализмге, партиялық принципке берік болуға шақырды. Осы қаулылардың негізінде Казақстан компартиясының орталық комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» (1947) деген қаулы алып, ескі мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармалардың аздығы, қазақ халқы тарихының «бұрмаланғаны» үшін көптеген жазушылар мен ғалымдарды қатты сынға алды. Мұндай қаулылар Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы жайлы да, мектепке арналған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары туралы да алынды. Мұның соңын ала «Правда» газеті «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяңдалсын» (1950) деген мақала басып, «ұлтшылдық» қателері үшін көптеген тарихшыларды сынады. Бұл сындар мен айыптаулардың ақыры қуғын-сүргінге әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхамедқанов сияқты тарихшы және әдебиетші ғалымдар жау есебінде ұсталып, сотталды. Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметов қызметтерінен қуылды. Мұндай қуғындаулар мен асыра сілтеулер коммунистік партияның жергілікті ұлттарға сенбеуінен, олардың ұлттық мүдделерімен есептеспей, күштеп ұстау саясатынан туындаған еді. Ұлттық интеллигенцияға ол артында бақылаушы барын мезгіл-мезгіл ескертіп қойып отырды, оны қорқытып ұстауға тырысты. 1937 жылдың қанды қырғынынан есін енді жия бастаған халықты сойқанды соғыстың от-жалынына шарпылдыртып, оны жеңіспен аяқтап, еңсесі тіктеле түскенде «ұлтшылдығын» тағы да есіне салған, партия тап осы саясатты көздеген еді. Аталған қаулылар арқылы партия ендігі жердегі идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындамақ болды. Бұл қаулылардың шектен тыс әпербақандығын, ондағы шығармашылық адамын қудалаудың фактілерін түсінген Н.С.Хрущев кезінде оған аздаған өзгертулер кіргізді. Ол «Ұлы достық», «Богдан Хмельницкий» және «Шын жүректен» операларын бағалауда жіберілген қателіктерді түзету туралы» (1958) деген қаулы қабылдап, алдыңғы қаулылардың қатаң тәртібін жұмсартты. Бұл да, әрине, Н.С.Хрущевтің демократтығынан емес, Сталиннен кейін интеллигенцияға жақсы көрінуге тырысуынан еді. Қазақстандағы «ұлтшылдықты» ол да көріп, оны «жөндеуге» Орталықтан басшылар (П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев) жіберіп, Қазақстан тыңын көтеру үшін Орталық Ресейден, Украинадан, тағы басқа жерлерден халықты жаппай көшіруді ұйымдастырды. Бұл республикада өзінің тұрғын халықтарының санының азайып кетуіне әкеліп соқты.

Еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі осындай қиындықтарға қарамастан қазақ қаламгерлері өзінің шығармашылық қызметін жалғастыра берді. Бұл тұстағы әдебиет кадрлары майданнан қайтқан, өмір тәжірибесін өтіп келген ақын-жазушылармен қатар, бірсыпыра жас таланттар есебінен толықты. С.Шаймерденов, А.Шамкенов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, З.Қабдолов, М.Әлімбаев, Т.Бердияров, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайырбеков, Ә.Мәмбетов, т.б. осы кезде әдебиетке келіп, өздерінің болашағын таныта білді.

1954 жылы қыркүйекте Қазақстан жазушылары өздерінің үшінші съезін өткізді. Онда 1939-1954 жылдар аралығындағы әдебиеттің тәжірибесі, көркемдік табысы мен кемшіліктері талқыланды. Съезден кейін 1955 жылдың қаңтарынан бастап соғыс кезінде тоқтап қалған «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан шыға бастады. Қазақ әдебиеті дамуының кейінгі жағдайларына бұл съезд де, одан кейін (1954, желтоқсан) өткен Одақ жазушыларының екінші съезі де пайдалы ықпал жасады. Оларда өмірді тереңірек зерттеу, көркемдікке жетілу, әдебиеттегі түр мен стиль мәселелеріне бірсыпыра көңіл бөлінді.

Отызыншы жылдардан басталған қазақ әдебиетінің қарқынды бет алысы бұл кезде бірсыпыра есейіп, идеялық-көркемдік мектебінен өткен еді. Әдебиеттің тұтқасын ұстаған аға таланттар ұрпағы қалыптасты. Осылардың шығармашылық ізденісі арқасында қырқыншы жылдардың екінші жартысында-ақ ұлттық әдебиетіміз үлкен-үлкен шығармалар туғызды. М.Әуезовтің «Абай» романының екінші кітабы (1947), С.Мұқановтың «Ботакөз» болып өңделіп қайта басылған романы («Жұмбақ жалау») мен «Сырдариясы» (1948), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» (1949), Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» (1948) қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, оны одақ оқырмандарына, сол арқылы дүние жүзі көлеміне шығарды. 1948 жылы Мәскеуде КСРО Жазушылар одағының пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланып, сонда А.Фадеев оны «профессионалды үлкен әдебиет болып бүкілодақтық әдебиет дәрежесіне көтерілген және сол арқылы дүниежүзілік аренаға шыққан әдебиет» – деп бағалады. Одақтық әдебиеттің басшысы «Абай», «Миллионер», «Сырдария» жөнінде өте жақсы пікірлер айтты.1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. Аталған шығармалар арқылы осы дәуірден бастап проза қазақ әдебиеті жанрлары ішінде алға шықты. Романдармен қатар, прозаның шағын жанрлары өрістеді. Тың игеру ісіне байланысты очерктер көптеп туды.


Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы

қандай дәрежеде болды?

2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясына

кімдер үлес қосты

3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасының

дамуы қалай болды?



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.


3,4 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ

ДАМУЫ

Дәрістің мақсаты: Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының

тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесін таныстыру



Тірек сөздер: әңгіме,очерк, повесть, роман.

Дәрістің жоспары:1. С.Мұқановтың «Сырдария» романы.

2. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы.

3. Ғ.Мұстафиннің«Миллионер»повесі,«Қарағанды»романы.

4. С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов,

т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть,

романдары.

Қазақ романының жаңа бой көтеруі 1942 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруінен басталды. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйетін қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» атты мақаласы (1943) куә. Жұрт романның жалғасын күтті.

1945 жылы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары басылды. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатын.

Ғ.Мұстафин романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын, Ұлы Отан соғысы кезіндс жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып. дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің есімі ол кезде әлемді шарлап кеткен еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті Т.Д.Лыссенко тарышы қартқа телеграмма жолдап: «Сіздің телеграммаңызды алғанда, нанар-нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекінген еді. Бұл – жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дәлелдеп бердіңіз», –деп жазған. Атақшы тарышы өмірінен неміс жазушысы Бертолд Брехт поэма жазған.

Әрине, роман Шығанақ өмірі мен оның еңбегін негізге алғанмен, Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейнесі. Осы материалдар негізінде жазушы қазақ шаруалары өміріндегі ұжымдық бірлесудің өнімді, табысты жолын көрсетуді және адам мен табиғат арасындағы өмірлік тартысты жаңа жағдайда бейнелеуді көздеді. Өмір бойы табиғаттан алуға ұмтылған, бірақ жарымаған шаруа еңбегі жаңа дәуірде, ұжымдық шаруашылықтың өркендеуі жағдайында іске асқаны – романның басты тақырыбы. Бұған Ғабиден жаңа қоғамның өзекті мәселесі ретінде қарайды. Шығанақ бойына халықтың диқаншылық өнерінің ұзақ ғасырлар бойы тәжірибесін жинақтаған жазушы оның жаңа жағдайда қалай дамығанын суреттейді. Тарыдан мол өнім алу, жерге табынбай, оны дегеніне көндіру Шығанақтардың ұзақ арманы мен күресінің басты мақсаты еді. «Әкемнің әкесі егінді кетпенмен салған. Әкем Берсі ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осының бәрі – тарыны көп алудың алға басқан амалы еді»,– дейді Шығанақ. Бірақ феодалдық-патриархалдық ортада өмір кешкен жалғыз-жарым шаруа еңбегі мен оның өнімсіз құрал-сайманы Шығанақтар арманының іске асуына мүмкіндік бермеді. Тек жаңа жағдайда, ұжымдық шаруашылық ортасында, жерді өңдеу мен баптаудың жаңа тәртібі іске асқан кезде ғана жаңа техниканың күшімен бұл арман жүзеге асты. Тарыдан мол өнім алынып, «алпысқа келгенше, алты шақырым жерге аты шықпаған» Шығанақ есімі әлемге танылды. Жазушы мұны қазақ шаруалары жаңа өмірінің жеңісі санайды.

Романның проблемалық сипатын ондағы басқа бейнелер де айғақтайды. Мысалға, Олжабек бейнесін алайық Бұл арқылы Ғабиден ұжымдық ортадағы шаруа еңбегінің көпке ортақ сипат алып, шаруалардың біртіндеп жекеменшікшіл сезімнен арылуға ұмтылысын танытуды көздейді. Ол Олжабек бойынан шаруаға тән ерекшелікті де, жеке меншіктік сезімнің басымдығын да көреді. Жаңа өкіметтің шаруаларды біріктіріп, жермен кәсіп етуге баулуын мақұл көргенмен, Олжабек жеке меншігіндегі аз ғана малын ортақтастырудан қашып, колхозға кірмейді. Колхозсыз жер іздеп сандалады. Шаруаларды ұжымдастыру науқаны кезіндегі осындай қылықтар әр жерде болған. Әр халықтың әдебиетінен орын алған.

Жазушы жаңа ортада өсіп келе жатқан жастардың бойынан да жаңаша мінез-құлық көреді. Ескінің еріксіз өскен жалтақтығы мен бейнет астында езілген бұйығылығы жоқ жаңа заман жастары Амантай мен Жанботаны өз дәуірінің типтік бейнелері ретінде алады. Олардың жастыққа жарасты мінездері, қоғамға пайдалы еңбегімен байланыстырылады. Еңбекте ерлермен тең түсіп, шыныққан Жанботаның сырт бейнесі шаруа адамына тән етіп сомдалғанымен, ол жаны сұлу жаңашыл қыз.

Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген. Шығанақ та өнімін Отан қоймасына жөнелтеді. Өз қаражатынан Қызыл Армияға көмек жіберіп, И.В.Сталиннен ризалық білдірген телеграмма алады. Оның төрт баласы Отан қорғау ісіне қатысады.

«Жас түлектер» мен «Жанартау» романдары да соғыс кезінің оқи-ғаларына негізделіп жазылған. Оның алғашқысында майданға үстеме көмір өндіру жөніндегі Қарағанды еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі суреттелсе, екіншісінде Ембі мұнайшыларының тылдағы жанқиярлық істері көрініс табады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, «Жас түлектер» жаңа заманда өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің азаматтық тұлғасы мен еңбегін суреттеуді көздейді. Мәскеуде тау-кен институтында оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі– Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандары өндірісті қорғауға, оның құрал-жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектессе, Қарағандыға келгендер майдан қажетіне мол көмір өндіру, ол үшін көмір комбайнын ойлап шығару істеріне араласады. Жас ұрпақ аға буын жұмысшылармен бірлесе отырып, еңбекте қажырлықтың үлгісін көрсетеді. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас буын сол үлгіде тәрбиеленеді. Инженер Сәуле Донбастан келген Мирон қарттың көмір комбайнын жасауына көмектесіп, өндірісті ұйымдастыруда белсенділік танытса, жас жұмысшылар Сайран мен Шекердің қазақ аулынан келіп, жаңа кәсіпті игеруге ұмтылысы тәп-тәуір суреттелген. Нұрлан мен Павелдің Донбастағы алғашқы күндерін суреттеу арқылы жазушы жау басып алған өлкеде отаншыл жастардың дұшпанға қарсы күресін бейнелеуді ойлаған. Алайда, ол эпизодтар соғыс шындығын толық аша алмаған. Соны сезгендей романның кейінгі тараулары түгелдей тыл өміріне арналады да, Нұрлан мен Павелдің жау қолында ерлікпен қаза болғаны, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені роман соңында жария етіледі. Романда Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен еліміздің халықтарының тұтастығы, патриоттық істері көрініс табады. Кейбір оқиға жүйелерінің шашырандылығы мен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындысы қатарына кіреді. Кейін автор роман оқиғасын драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды.

«Жанартау» соғыс кезіндегі Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе – соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр.

Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады.

Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті.

«Жанартау»– Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес.

Соғыстан кейінгі дәуір қазақ романының жаңа бір тынысын танытқан, өрісін байытқан кезең болды. Бұл тұста «Абай» романының екінші кітабы (1947) жарық көрді. С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» атты романын жөндеп, өңдеп, «Ботакөз» деген атпен қайта бастырды (1948), «Сырдария» деген жаңа роман (1948) жазды. Ғ.Мұстафин «Миллионер» (1948), Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» (1949) атты романдар бастырды. Қазақ тілінде кең тарап, оқырманын тапқан осы шығармалар тез арада орыс тіліне аударылып, сол арқылы шетелдерге шықты. Сөйтіп, соғыстан кейінгі дәуірде қазақ романының табысын әлемге әйгіледі. 1948 жылы желтоқсан айында Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы бағытын талқылаған КСРО Жазушыларының пленумы мұны айқын танытты.

Бүгін әлемге танылған «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Онда жазушы болашақ ұлы ақынның жастық кезі мен ақындығының оянып, жетілуін суреттеген. Жас Абай тәрбие алған ортаны, оның жүрегін тебірентіп, асыл сезімдерін оятқан дала табиғатын, халқының өнері мен әдебиетін, арманы мен жарқын үмітін, достығы мен тұңғыш махаббатын кең ашу арқылы жазушы бірінші кітап бойында оны ақындыққа дайындады. Осы ортада романтикаға бөленген жас Абайдың біртіндеп өмірдегі талас-тартысты сезінуі, Тоғжаннан айрылуы, Қодар мен Қамқа өлімі сияқты сұмдықты көруі, суынуы, толғануы да нанымды суреттеледі. Ал, екінші кітапта ол шығармашылық сезімге ауысады, білімін кеңейтеді, орыс әдебиетінің, достарының көмегімен ой-өрісін толықтырып, халық өміріндегі әдебиеттің зор маңызын ұғу дәрежесіне көтеріледі. Оның бұл кездегі өмірге, оның күрделі жағдайларына деген көзқарасы ақын өлеңдерінде кең көрінеді, жазушы оның шығармашылығына сүйене отырып, Абайды толғантқан қоғам дамуы, адамдардың ара қатынасы, адамгершілік, гуманистік мінез-қылықтар мәселелерін қозғайды. Сол арқылы қазақ қоғамының ақынмен тұстас кезеңінің барлық жағдайларын, халық өмірінің терең жасалған көркем суретін береді. Халықтың жақсы арман-тілегі Абай бейнесі арқылы жинақталып көрсетіледі. Академик Қ.Сәтбаевтың «Абай» романын «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атауы да осыдан.

Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды.

«Абай» романының соңғы беттерін жазушы «Алда–өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық» деген сөздермен аяқтаған еді.

Төрт томдық роман-эпопеяның композициялық құрылымы да, стилі де, жазушының тілі мен суреткерлік шеберлігі де келісімді тұтастықта көрінеді. Жазушының шындықты сезінуі мен суреттеуінде үлкен ойшылдық бар. Ол өмірге Абай көзімен қарап, Абайша сезінуден туған.

М.Әуезов романының жанрлық үлгісі әдебиет сынында және ғылымда «роман-эпопея» деп танылды. Ондағы жеке адам өмірінің қоғам, халық тарихымен сабақтастығы, сан қилы топтар мен таптардың қатар, са-лыстырыла суреттеліп, қарама-қайшылықта өмір сүруінің көріністері, ұрпақтардың бірі өтіп, бірі оның орнын басып жаңарып жатуы, жеке адам мен оның отбасылық тіршілігінің тарихи-әлеуметтік маңызға ие болуы, оның ой-пікірінде замандастарының тіршілігі мен арман-тілегінің терең толғам табуы – бәрі де эпопеялық кеңдікпен бейнеленеді. «Роман-эпопеяда кейіпкердің образы көптеген уақиғалар елегінен өтудің нәтижесінде сүргі көргендей болып майдаланып, тұжырымдалып қалмайды, – деп жазған еді белгілі әдебиет сыншысы және ғалым Темірғали Нұртазин, – қайта айқындалып, толыға, тұлғалана түседі, қатардағы романдарда бола бермейтін қасиет толымдылығына жетеді. Көлемі мол болғандықтан, роман-эпопеяда кейіпкерлердің рухани өмірі әлденеше кезеңдерде кеңінен суреттеледі. Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы да, уақиға атаулының іштей бір-бірімен байланысы да кең бейне табады. Конкретті дәуірдің энциклопедиялық типтерінің ой-арманы мен әрекеттерінен сол заманның сан құбылмалы сыры аңғарылады. Роман-эпопеяда сан алуан адамдардың көзқарасы мейлінше кең суреттелгендіктен, бұл жанрда тарихи және философиялық романның қасиеттері түгел тоғысады.

Әуезов романы осы қасиеттерді бойына жинақтаған үздік туынды болды. Оны қазақтармен бірге орыс сыны да жоғары бағалады. Ол орыс және шетел тілдеріне көп аударылды. Оған 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді.

С.Мұқановтың «Сырдариясы» мен Ғ.Мұстафиннің «Миллионері»

бүгінгі күн тақырыбын игеруге арналған шығармалар еді. Оларда соғыстан кейінгі өмірдегі еңбектің рөлі, еңбек адамдарының жаңа бейнелері жасалды. Дәуір сипаты мен өзгешеліктерін зерттей отырып, авторлар жаңа адам бойында өмірге, әлеуметтік іске тың көзқарастың тууын, сапалық өзгерістерді романдарына арқау ете білді. Бұл романдардың басты кейіпкерлері – жаңалықтың жетекшілері. Отанға, елге, халыққа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек ету – олардың бойындағы ерекше белгілер. Олар бұрынғыдай таптар арасындағы күресті шындауға қызмет етпейді, Отанды көркейтер, оның күш-қуатын арттырар іс-әрекеттерге күш жұмсайды. Осыған орай Мұқанов адам мен табиғат арасындағы тартысты негізге алып, табиғат қазынасын игілікке жаратуды бейнелесе, Мұстафин қазақ аулының болашағын Жомарт сияқты маман басшылардың көрегендігімен байланыстырады.

Бұлардан сәл кештеу жазылғанымен, Ғ.Слановтың «Шалқары» да (1954) тақырыптық жағынан осы романдарға жақындау. Ол әуелде «Кең өріс» (1949) атты повесть күйінде жарық көрген еді. Жазушы оны толықтырып, қайта өңдеп, романға айналдырды. Онда суреттеліп отырған өмір шындығы көріністері, жазушының ұстанған бағыты, адамдар тағдыры Ғ.Мұстафиннің «Миллионерімен» өзектес. Мұнда да соғыстан кейінгі ауылды көтеру, онда жаңа құрылыстар (Шалқарда жаңа типті село салу, Таскескенге жол тарту, т.б.) салу, халықтың тұрмысын жеңілдету жолдарын іздестіру шаралары сөз болады. Екі шығарманың басты кейіпкерлері барды қанағат тұтпай, өмір талабына лайық өршіл идеяларды алға тартады, еңбек етуден қуаныш табады, еңбек романтикасына елігеді. Бұл – әрине, екі шығарманың бірін-бірі қайталауы емес, бір тақырыпты жазған екі жазушының дүниеге көзқарастарының ұштасуы. Ғабиден сияқты, Сланов кейіпкерлері де барынша дараланып берілген.

Соғыстан кейінгі дәуірде кеше ғана өткен Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік іс-терін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеуге арналған жаңа романдар легі туды. Оны Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бастады.

Бұл шығарма әуелде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың майдандағы ерліктерін әңгімелеген «Қазақ батыры» (1945) деген шағын повесть күйінде жарық көрді. Кейін оны жазушы түгелдей қайта жазып, жаңа атпен жариялады. Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайрош батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет