Байланысты: Ќазаќстан Респуликасыныѕ Білім жјне єылым министрлігі
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама – құқыққа қарсы осы әрекеттің жасалғанын куәландыратын процессуалдық құжат /бұл, әлбетте, болжам бойынша/. Оны уәкілетті лауазымды адамдар жасайды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға құқылы органдардың өкілдері /мысалы, ішкі істер органдарының, бақылау-қадағалау органдарының және т.б. лауазымды адамдары/.
Хаттаманың деректемелері белгіленген: жасалған күні мен орны; оны жасаған адамның лауазымы, аты-жөні; бұзушының жеке басы туралы мәліметтер; бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәні; осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылық көзделетін ӘҚБтК-тің бабы; куәлар мен жәбірленушілер туралы деректер; бұзушының түсініктемесі және істі шешу үшін қажетті өзге де мәліметтер. Хаттама жасалған кезде жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.
Хаттамаға олардың түсініктемелері мен ескертпелері, егер олар болатын болса, қоса тіркеледі. Бұл адамдар хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда оған тиісті жазба жасалады. Өздеріне қатысты іс қозғалған адамдарға, заңды өкілдерге хаттаманың көшірмесі алған қолы қойылып, дереу тапсырылады.
Хаттама әкімшілік құқық бұзушылық жасалу фактісі анықталғаннан кейін дереу, ал салық салу саласында салықты тексеру аяқталғаннан кейін жасалады. Егер де істің мән-жайларын, оның ішінде жеке адамның өз басын немесе заңды тұлға туралы мәліметтерді қосымша анықтау талап етілетін болса, онда хаттама құқық бұзушылық анықталған кезден бастап үш тәулік ішінде жасалады.
Бұдан кейін хаттама /прокурордың қаулысы/ істі қарауға уәкілдік берілген судьяның, органның /лауазымды адамның/ қарауы үшін бір тәулік ішінде жіберіледі.
Егер құқық бұзушылық әкімшілік қамауға алуға әкеп соқтыруы мүмкін болатын болса, онда хаттама дереу судьяға жіберіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама барлық жағдайларда жасалына бермейді /639-б./. Мәселен, ескерту немесе бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде айыппұл салу түрінде әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылық жасалған жағдайда, хаттама жасалмайды. Уәкілдік берілген лауазымды адам құқық бұзушылық жасалған жерде ескертуді ресімдейді немесе айыппұл салады. Егер адам сол жерде салынған жазаға дауласатын болса, хаттама жалпы негіздемелер бойынша жасалады. Хаттама әкімшілік іс жүргізу прокурордың қаулысымен қозғалған жағдайларда да жасалмайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы міндетті болып, оны сол болған жерінде жасау мүмкін болмаса, бұзушы адам ішкі істер органына /полицияға/ жеткізіледі.