Қазан төңкерісі — 1917 ж. 25 қазанда (қарашаның 7) Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В. И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Оған Петроград жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшкендігін жариялап, В. И. Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады. Алғашқысында 1914 ж. басталған І дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына аннекциясыз және контрибутциясыз демократиялық бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезде В.И. Ленин басқарған және жұмысшы-шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды.
Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды. Съезд В.И. Лениннің жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды.
Петроградтан кейін 1917 ж. қарашаның басында Кеңес өкіметі Мәскеуде, елдің өнеркәсіпті орталығы аудандарында жеңіске жетті, көп кешікпей бұл жағдай мемлекеттің ұлт аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Бұл кезде Кеңес өкіметі негізінен алғанда қалалар мен өлкенің басқа да ірі елді мекендерінде орнады.
Ал ауылдар мен селолардың басым көпшілігінде Кеңес өкіметінің орнауы азамат соғысы басталғанға дейін, тіпті одан кейінгі жылдарға дейін жалғасты. Бұл өлкенің әлеуметтік-экономикалық артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз әрі әлсіз болуынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен шиеленісіне түсті. Мұның үстіне ұлттық-демократия Алаш қозғалысының жетекшілері Қазан төңкерісі мен Кеңес өкіметінің идеяларын қабылдамады.
Ал Қазақстанда орналасқан Орал, Жетісу, Батыс Сібір және Орынбор казак әскерлерінің әскери үкіметтері Кеңес өкіметінің орнауына қарулы қарсылық көрсетті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуіне негізінен славян текті халықтардың (ең алдымен, орыстар мен украиндардың) өкілдерін біріктірген жергілікті гарнизонның солдаттары мен жұмысшы-солдат және шарауалар кеңестеріне топтасқан қоғамның кедейленген мүшелерінің өкілдері барынша ат салысты. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Сүтішев, А.Асылбеков, Ә.Майкөтов, И.Дубынин, К.Шугаев, Я.Ушанов, А.Иманов, С.Цвиллинг, Т.Рысқұлов, Т.Бокин, П.Виноградов, Л.Емелев, Т.Өтепов, А.Розыбакиев, т.б. неғұрлым белсене қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |