Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә. Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осы қылығы үшін 1920-22 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ.
Кеңестік үлгідегі Казақ автономиясы құрылған кезде, Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. (Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға береді: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейханға барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?») Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті тура түсінген Әлихан Бөкейхан осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін қазақтарға қажет жер нормасын анықтауда белсенділік танытады. Ә. Бөкейхан сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген.
Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Ә. Бөкейханмен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Әлихан Бөкейханның пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырған.
Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% - екенін атап өтті. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді. «Тір болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |