Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба


Жауаптары: 1. Энеолит заманының өндірістегі және қоғамдық өмірдегі жетістіктері



бет3/12
Дата12.03.2018
өлшемі3,89 Mb.
#38956
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Жауаптары:

1. Энеолит заманының өндірістегі және қоғамдық өмірдегі жетістіктері.

Адамзат баласының металдан жасалган құралдарды игере бастауы б.з.б.3000 жылдары басталады. Мыс-тас дәуірінде мыстан жасалған құралдар өндіріске енгізілді.

Еңбек құралдарының жетілдірілуі. Мыс жеңіл әрі қалаған пішінге келтіруге ыңғайлы болды. Адамдар мыстан қанжар, балта, әйелдердің сәнді бұйымдарын және т.б. заттар жасады. Ол үшін саз балшықтан немесе жұмсақ тастан қажетті қалып жасап, оған балқыған мысты құйды. Ертедегі зергерлер әйелдердің әсем заттарын мыстан құйып әзірледі. Одан жасалған әшекейлер сәндігімен ерекшеленді. Сонымен қатар мыстан ыдыстар жасады. Мыстан жасалған ыдыстардың бүйірі шығыңқы, мойны ашық келіп, сыртына тұтастай өрнектер салынған және ирек сызықтармен әшекейленген. Шеберлер еңбек құралдарын мыстан дайындай бастады. Алайда мыс жұмсақ болғандықтан, одан жасалған еңбек құралы тез тозды және ауыр жұмыстарға (жер қазу) жарамады. Дегенмен, оның еңбек өнімділігін арттырудағы маңызы зор еді.

Қоғамдық еңбек бөлінісі. Мыс-тас дәуірі қоғамында екі ірі өзгеріс орын алды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру орнай бастады. Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың - егіншілік пен мал шаруашылығы болып бөлінуі еді. Бірақ, энеолитте бастапқы кезде бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені теселі егіншілік адамды тамақпен толық камтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл тайпалардың мал шаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал мал шаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда өнімді көп беретін. Еңбек құралдарының жетілуі барысында мыс-тас дәуірінде еңбек бөлінісі толық орнықты. Енді, бірте-бірте тек қана мал немесе егіншілікпен айналысатын тайпалар қауымы қалыптасты. Бұл бөлініс шаруашылықтың дамуына ерекше әсер етті. Адамзат даму барысында еңбек құралдарын үнемі жетілдіріп отырды. Тесені мыстан, ағаштан жасалған соқаның алмастыруы егіншіліктің маңызын күшейтіп, еңбек өнімділігі арта түсті. Қоғамдық еңбек бөлінісі, металл өндірісі және мал шаруашылығы маңызының арта түсуі ер адамдардың қоғамдағы рөлін жоғарылатты. Өндірісте әйел рөлінің төмендеуі отбасында еркектердің билік жүргізуіне алып келді. Рулық қауымның негізін көбінесе патриахалдық отбасылар құрайтын болды, онда ер адамдардың үстемдігі қалыптасты.
2. Кіші жүз ханы Әбілқайырға тарихи тұлға ретінде баға беріңіз.

Әбілқайыр хан  - Әз-Жәнібектің бесінші ұрпағы. Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса ол хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Әбілқайыр қазақтың Кіші жүзінің ханы, Бұланты, Итішпес көлі маңындағы шайқаста қазақ қолының бас сардары. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты кіші жүз батыры қарт Бөгенбай батыр (Қанжығалы Бөгенбай емес) тағайындалды.18 ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір қолбасшы болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ал, Әбілқайырдың хандық дәрежеге қалай жеткендігін 1736 жылы оның Ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль былайша түйіндейді: Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ. Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін… Кіші орда оны хан сайлады. Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды. Алайда дәл осы кезеңде Болат хан қаза табады. Сондықтан да басқа ханды тағайындау төңірегінде сауал туындайды. Қат-қабат келген жағдайларға байланысты, Болат ханның жас ұлы Әбілмәмбет хан сайланды. Билік басына келген жаңа ханды Әбілқайыр құптамай, бас сардар атағынан бас тартып, өз әскерімен кіші жүзге келеді. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады. Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бұл кезеңде Кіші жүз тұрғындары өте ауыр әскери жағдайға тап болды. Тығырыққа тірелген Әбілқайыр Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Ресейдің қоластына еніп, жан сақтап қалу үшін Әбілқайыр 1730 жылдың күзінде елші жібереді. 1731 жылы Ресей қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Ивановнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (пэренмен) астыртын байланыста болды. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш - Әбілқайырдың қызы. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі - Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды «орысшылдығы» үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп «қарақшылық» іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара хан моласы аталды.
3.ХХ ғ. 30 жылдары Қазақстан аумағында орналасқан концентрациялық лагерьлерді карта бойынша көрсетіңіз.

Қазақстан аумағында ірі кеңестік “еңбек түзеу” лагерлері – Степлаг, Қарлаг, АЛЖИР  т.б болды. 

Қарлаг (Қарағанды түзеу-еңбек лагері) - қазіргі Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан.

Алжир (Отанына опасыздық жасағандар әйелдерінің Ақмола лагері) -қазіргі Астана қаласының оңтүстік- батысында , Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде орналасқан.

СТЕПЛАГ — «халық жауларына» арналған ерекше лагерь. - Кеңгір өзенінің жағасында Жезқазған қаласының маңында Қарағанды облысында құрылды


5 - Билет

1. Сақтардың мәдениеті, діни нанымдары мен әдет-ғұрыптары

2. Жәңгір Бөкейұлының қазақ тарихындағы алатын орны мен рөліне баға беріңіз.

3.Қазақстан Республикасындағы 14 облысты карта бойынша көрсетіңіз.


Жауаптары:

1. Сақтардың мәдениеті, діни нанымдары мен әдет-ғұрыптары

Сақтарда қолөнер ісі жақсы дамыған. Қолөнер шеберлері қауым мүшелеріне қажетті бұйымдарды жасады.Зергерлер алтын,күмісті балқытып, қалыпқа құюмен айналысты.Зергерлік өнерде ағаштан ойып жасалған бейнелер мен сәндік бұйымдарды алтынмен аптау ісі жақсы дамыды. Түрлі түсті сердолик,халцедон,агат,ақық сияқты тастардан сақ шеберлері әшекей бұйымдарын жасады.Асыл тастардан көз салынған алқа,сақина-сырғалар,өңіржиектер мен белдіктер әзірледі.Ұсталар тастан,саздан жасалған қалыптарды пайдалана отырып,қазандар құйды,қару-жарақ соқты.Атты әскерлерге қажетті семсерлер мен найзалар,қанжар,жебе ұштарын дайындады.Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда,Іле аңғары,Ыстықкөл маңында сақтардың қазандары мен құрбандық табақтары жиі ұшырасады.Қазандар саз қалыптарға құйылып жасалған.Осындай үлгімен әзірленген "Жетісу михрабы" деп аталатын құрбандық табағы Алматы маңынан табылды.Бұл-конус тәріздес тұғырда шетіне 15 бұқа бейнеленген дөңгелек табақ.Табақта қырын қарап бұқаларды садақпен атып тұрған ат үстіндегі жауынгер бейнеленсе, оның қасында тік қалыпта білте салатын түтік орнатылған.Сақтарда ілгек,түйме сияқты тұрмыстық бұйымдарды жасайтын сүйек өңдеу қолөнері де дамыған.



Діни нанымдары мен ғұрыптары.Сақтардың ойынша 3 әлем: аспан әлемі, жер үсті әлемі және жер астындағы әлем бар деп есептелді. Сақтардың түсінігінде әлемнің төрт бұрышы оң,сол, алдыңғы, артқы жағы болды. Сақтардың ғарыш туралы түсінігі Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының баскиімінде бейнеленген.Бұлар-күн, қанатты пырақтар және 4 алтын жебенің суреті.Бұл Құдайдың әлемге билік жүргізуінің ерекше белгісі болып саналады.Сақтарда діни нанымдар мен ғұрыптардың негізгі бағыты ата-баба аруағына сиыну болып табылады.Осыған байланысты олар арнайы рулық зираттарға мәйітпен қоса оның дүние -мүліктерін де жерлеген.Себебі олар өлген адамның аруағына сиынып, о дүниеде қайта тіріледі деп санады.Сақтар мәйітті бальзамдау әдісін жақсы қолдана білді.Сақтарда мәйітке қызыл бояу жағып,қабір басына от жағу-от пен күннің белгісін білдіреді.Осындай от орындарын археологтар сақтардың көптеген ескерткіштерінен тапты.Сақ аңыздарында жылқыны күнмен және отпен байланыстырады.Отырықшы сақтар киелі деп жерге,көшпелі сақтар күнге,отқа табынған.Сақтар Көк аспанды қасиетті санап,кие тұтқан.

2. Жәңгір Бөкейұлының қазақ тарихындағы алатын орны мен рөліне баға беріңіз.

Жәңгір (1801-1845жж.) жас кезінен Астрахан губернаторының үйінде тәрбиеленді.Парсы, орыс, араб тілдерін білді. Ресей елінде белгілі қайраткер ретінде бедел мен билікке ие болды. 1824 жылы Бөкей Ордасын билеу қызметіне кіріскен Жәңгір мүмкін болғанша орданың өз құқығын кеңейте түсуге, оны өз қалауынша басқаруға тырысты. Кезінде әкесі Бөкей орыс патшасынан ордаға хандық мәртебе сұрап, өтініш айтқанда, патша: «Мемлекет ішінде мемлекет болуы мүмкін емес!» деген жауап алған. Патшалық билік бұл ұстанымнан Жәңгір хан тұсында да айныған жоқ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Жәңгір хан Ресей империясы жағдайында енді ғана қалыптаса бастаған «жаңа тұрпаттағы» ұлттық басқарушы топтың жинақы көрінісі еді. Жәңгір жеке билігін күшейте түсу үшін сол уақытқа дейін ел ішіндегі түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда да аса маңызды міндет атқаратын әкімшілік тарапынан тағайындалған билік тәртібін енгізді. Дәстүрлі билер институты жойылды, онымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұлттық-демократиялық жөн-жоралғылар да құрдымға кетті.Енді би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды,бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды.Ішкі орда ханы қолына әкімшілік, сот биліктерін шоғырландырып, орданы басқару жүйесінде бірқатар өзгерістерді іске асырды. Бұған дейін бұрынғы қазақ хандарының тұрақты ордасы болмаса, енді патша үкіметі қаражатына Жасқұс деген жерде хан сарайы салына бастады. Сұлтандардан құралған "Хандық кеңес" нақты жеңілдіктерге ие болған, шын мәнінде хан саясатын іске асыратын өкілдік мекеме еді. 1827 жылы ұйымдастырылған, 12 биден құралған "Хандық кеңес" те орда әкімшілігінің басты құрамды бөлігі болды. Сонымен қатар хан тапсырмаларын орындайтын 12 старшын орда ішінде баж салығының жиналуын қадағалап, ордадан тыс жерлерде қазақтар мүддесіне байланысты мәселелермен айналысты. Иә, рас, Жәңгір хан қызметінен ағартушылық (1835ж. Жәңгірдің тікелей нұсқауымен мешіт ашылды, ол өз қаражатына діни кітаптар басып шығартты, 1841ж. Жәңгірдің бастамасымен алғашқы зайырлы мектеп ашылды, Жәңгір хан барлық жерде іс-қағаздарын жүргізу тәртібін енгізді, жеке өзінің мұрағат қызметін құрды. Денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгізді. Ішкі Ордада аурухана және дәріхана ашылды. Ол далалық жағдайда бірінші болып Ішкі Орданың топономикалық және географиялық картасын жасатты. Жәңгір хан қару-жарақ палатасын ашу жөнінде бастама көтерді, онда сирек кездесетін қару-жарақ түрлері, ер-тұрмандар, ат әбзелдері сақталды) қазақ арасында отырықшы өмір салтын орнықтыру (ағаш отырғызу ісіне көп көңіл бөлді, оның тікелей нұсқауымен 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, көгалдандырылды) сияқты бетбұрыстар байқалды. Орда жеріне нарықтық қатынастардың келіп жетуіне байланысты сауда-саттыққа (1832ж. жәрмеңке ұйымдастырылды, ол жылына үш рет өткізіліп тұрды,) қамқорлық танытып, қазақ малының тұқымын асылдандыру ісін де қолға алды. Бірақ, бұл шаралар тар ауқымда, өзін қоршаған ортамен ғана шектелді.Бөкей хандығы құрылуының алғашқы жылдарынан бастап - шұрайлы, тәуір жайылымды жерді хан өз туыстары мен хан сарайындағы ақсүйектерге бөліп берді. Өйткені Бөкей - Ішкі орданың хандары тақты ұзақ ұстап отыра алмайтындықтарын түсінді. Екіншіден, Ресей императоры Ордадағы ішкі мәселелерді шешуде Бөкей мен оның мирасқорларын орыс үкіметінің сойылын соғатын қолшоқпар ретінде ғана таныды. Жәңгірдің империя мүддесін қалтқысыз қорғауға тырысатынына Ресей билеушілерінің күмәні болмады.Империя құрамындағы қазақ қоғамы үшін билеуші тұлға қызметінің жағымды немесе жағымсыз сипатының негізгі өлшемі оның жер мәселесіне қатынасы болмақ. Бөкей Ордасында -Орда тағына отырып, өзін осы өңірдегі жердің толық құқылы иесіндей сезінген Жәңгір хан бұрынғы жерді рулық-қауымдық негізде пайдалану тәртібін жойып, оның орнына жекеменшіктік негізде пайдалану тәртібін енгізді. Мысалы, ол 6,5 млн десятина Орда жерінің ең құнарлы деген 400 мың десятинасын өз меншігіне алды, ал қалған жердің үштен екісін туыстарына және жақындарына сыйлыққа берді, сатты,ал одан қалған құнарсыз, шаруашылыққа қолайсыз бөлігін 15 рулы Орда халқына қалдырды.1830-1845жж. жоғарыда айтылған жеке отбасыларына жерге жекеменшік құқық куаландыратын 1517 грамота таратты. Соған байланысты генерал-губернатор В.А.Перовский: «Жәңгір сол уақытқа дейін халық иелігіндегі жерді кәдімгі жекеменшігіндей үлестірді», - деп жақтырмай жазды.Бөкей ордасындағы ауылдық-қауымдық жерді ірі орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың, хан туыстары мен басқа да ақсүйек топтардың иемденіп алуы, билеуші топтардың озбырлығы, патшаның және Астрахан губернаторының қолдауына арқа сүйеген Жәңгір билігінің бұқара мүддесіне қайшы келуі - жалпы хандық басқару жүйесін шайқалтты. Алым-салықтың ауыртпалығы да әлеуметтік қарсылықтың тереңдеуіне себепші болды. Жыл сайын хан сарайына ноғай, кызылқұрт, байбақты, жаппас, адай, беріш, есентемір, жетіру, серкеш, алшын рулары 10-50 мың сом аралығында ақшалай салық төлеуге тиісті болды. Сонымен қатар күзде әрбір шаңырақ хан сарайы мұқтаждығына күны кем дегенде 70 сомнан кем түспейтін бір жылқыдан беруге міндеттелді.Басқару жүйесін өзгерту, хандық билеп-төстеу саясатының күшеюі, сондай-ақ алым-салық көлемінің жылдан- жылға ұлғаюы - қазақы дәстүрлі құқықтардың әлсіреуіне, жергілікті феодалдық топтардың халықты езіп- жаншуы тереңдей түсуіне алып келді. Бұл жағдай шиеленісе келе, Ішкі Ордадағы көтеріліске әкеліп соққаны белгілі.
3.Қазақстан Республикасындағы 14 облысты карта бойынша көрсетіңіз.

1.Алматы облысы, 2.Жамбыл облысы,3. Оңтүстік Қазақстан облысы, 4. Қызылорда облысы, 5.Ақтөбе облысы, 6. Атырау облысы, 7. Маңғыстау облысы, 8. Батыс Қазақстан облысы, 9.Ақмола облысы, 10. Солтүстік Қазақстан облысы, 11.Қарағанды облысы, 12. Павлодар облысы, 13. Қостанай облысы, 14.Шығыс Қазақстан облысы


6 - Билет

1. Жетісудың сақ дәуіріндегі археологиялық ескерткіштері.

2. Тарихи тұлға Абылай ханға баға беріңіз.

3.Тәуелсіз Қазақстан Республикасымен шектесетін мемлекеттерді карта бойынша көрсетіңіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет