Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе



бет2/8
Дата11.12.2022
өлшемі187,84 Kb.
#162350
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы

Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударды. Қағандық халқының этникалық кұрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Орталығы Суяб қаласында, екінші ордасы Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналасқан. Саяси әкімшілік билігі қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның қолында болды.
706 ж. Үшеліктің орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды. Мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақ та арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Оның орнына баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат әлсіреді.

Осы алауыздық кезінде Жетісуға Алтайдан қарлұқ тайпалары көшіп келіп қоныстана бастайды. Түргештер қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы жағдайды пайдаланған Қытай империясының Шығыс Түркістандағы билеушісі 748 жылы Суяб қаласын басып алып, содан кейін Шаш қаласының билеушісін жазаға тартады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде Зияд-ибн-Салық бастаған араб әскері мен Гао Сяньжи басқарған қытай әскерлері арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерлері ауыр жеңіліске ұшырады. Қытай әскері Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін де тастап, өз иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар да Талас өңірінде тұрақтай алмай Шаш қаласына шегінді. Осыған қарамастан іштей әлсіреген Түргеш қағанаты 756 ж. қарлұқ тайпаларының қысымына шыдамай, біржола құлайды. Осыдан кейін бұрынғы Батыс түрік кағанатының орнына төрт мемлекет: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекеті, Қазақстанның Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында Қимақ мемлекеті, Жетісу жерінде Қарлұқ мемлекеті пайда болды.
3. Түрік қағанаты әлеуметтік тұрғыдан алғанда бір жағынан, ақсүйек тайпалар, екінші жағынан, оларға бағынышты тәуелді тайпалар болып екіге бөлінді. Бағынышты тайпалар алым-салық төлеп тұрған. Қағанаттың басында жоғары билеуші атағын иеленген қаған ол – әскер басшысы, барлық жердің иесі болған. Елдегі барлық билік қағанның туыстары арқылы жүргізілді. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – тегін, жабғы, ұлық, шад және елтебер – қаған әулетіне ғана тән атақтар еді. Тайпа билеушілері – бектер, сот қызметін бұйрықтар, тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы малшы қауым мүшелері, оларды "қара буын" ("қара халық, "тобыр") деп атаған.
Түріктердің ежелгі руникалық жазуы болған, оны Жетісу жеріндегі Талас, Алтайдағы Енесей, Моңғолиядағы Талас жазуы ескерткіштерінен көреміз. Шығыс пен Батыста, Оңтүстікте ұшы-қиыры жоқ жері бар біртұтас орасан зор мемлекет құрған түрік батырлары "басы барды идірдік, тізесі барды бүктірдік" деген сөздерді тасқа қашап жаздырып қалдырған. "Күлтегін" жыры да осы тас жазуы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы жырдағы Білге қағанның " Ілгері - күн шығысында, оң жақта - күн ортасында, кейін - күн батысында, сол жақта түн ортасында – осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды" деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болған. Жергілікті халықтар түріктердің мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына көшіп, тілін қабылдаған.
3 дәріс. Қазақстан тарихындағы монғол кезеңі 
Дәрістің мазмұны: Монғол империясының құрылуы мен Орта Азия және Қазақстанды жаулау тарихы қаралады.
Дәрістің мақсаты: Шыңғысхан құрған мемлекеттің мазмұны, маңызы мен жаулаушылықтың зардаптары, салдары талдауға алынған.
1. XII ғ. аяғы мен XIII ғ. басында Монғолия жерінде қият-бөржігін тайпасының билеушісі Есугей баһадурдің баласы Темучин (1155-1227) билік еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Ол 20 жылға созылған қиян-кескі күрес барысында Монғолияның бүкіл тайпаларын өз қол астына біріктірді. Егер бұрын Монғолияны мекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген атпен (ең қуатты тайпалардың бірінің аты бойынша) белгілі болса, енді мемлекеттің нығаюына байланысты Монғолия тайпалары өздерін монғолдар деп атай бастайды да, бұл термин жинақтаушы этникалық-саяси мәнге ие болады.
1206 жылғы құрылтайда Темучин Шыңғыс хан деген атпен монғолдардың әміршісі болып салтанатты түрде жарияланды. Монғол империясының астанасы Қарақорым болды. Мемлекет әскери-әкімшілік ұйым негізінде құрылды. Оның аумағы үш әскери әкімшілік аймаққа бөлінді. Әр аймақ бірнеше түменнен, түмен 10 «мыңдықтан», әр мыңдық - 10 «жүздіктен» тұрады. Армия темірдей тәртібі және жоғары әскери дайындығымен ерекшеленді.
1207-1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі «орман халықтарын», Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду (Пекин) жаулады. 1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ өзенінің солтүстігінде орналасқан барлық иеліктерінен айырылды.
Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін - Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Европаны басып алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол әскерін Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап келген болатын.
2. Монғолдардың Қазақстан және Орта Азияны жаулауы 1218 жылы басталды. Осы жылы қаңлы, найман және керей тайпалары жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді. Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық пен қырғынға тыйым салды. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға сылтау болды. Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас және т.б. қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап алынды. 1221 жылы көктемінде моңғолдар Орта Азияны жаулап алуды аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Индия территориясына ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Сөйтіп, 1219-1224 жж. монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына кірді.
Шыңғысхан көзінің тірісінде жаулап алған жерлерін ұлдарына үлестіреді. Кіші ұлы Төлеге - Монғолияның өзі, Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Шағатай иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мәуераниахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды.
1235 жылы Батыйдың Шығыс Европаға жорығы басталды. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа монғол мемлекеті - Алтын Орданы құрды.
2. Алтын Орда мемлекеттің аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Әмударияның төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм және Батыс Сібір территориясының бір бөлігін қамтыды. Астанасы Астрахань маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет