Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе



бет1/8
Дата26.09.2022
өлшемі187,84 Kb.
#150834
  1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы (1)


ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
Дәрістер жинағы
 
1 дәріс. Кіріспе
Дәрістің мазмұны: Қазақстан тарихын ғылым ретінде қарастырып, деректік негіздері, зерттелуі жөнінде жалпы түсінік беріледі.
Дәрістің мақсаты: студенттерге Қазақстан тарихы курсы пәні, міндеттері, Қазақстан тарихы курсының жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы орны мен маңызы және оны зерттеу әдістері жөнінде білім беру.
1. Тарих дегеніміз адамзаттың пайда болғаннан бергі өткен өмірін заттай және жазбаша деректері арқылы зерттейтін ғылым. Яғни, тарих адамзат қоғамының шығуы, дамуы мен бүгінгі күнге дейінгі өркендеу кезеңдерін танып зерттейді. Өткен өмірімізді зерделеу негізінде кешегі оқиғалардың түп-тамыры мен себеп - салдарының байланысы ашылады, өткені жаңғыртылады. Кешегі оқиғалар тәлімі қазіргі өмірімізге сабақ болады, болашағымыздың даму жолы айқындалады. Сондықтан өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз бір-бірімен тығыз байланыстағы қоғамымыздың эволюциялық даму кезеңдері болып табылатындықтан, оның алдағы даму бағытын болжауға мүмкіндік береді.
Отан тарихы жалпы тарихтың ажырамас саласы ретінде бар тарихи заңдылықтарға сүйеніп, дүниежүзілік тарихи процестермен бірге дамиды. Қазақстан тарихы Түрік халықтары мен мемлекеттерінің және Ресей империясының тарихы мен КСРО тарихы шеңберінде қарастырылады.
Қазақстан тарихы пәні қазақ халқының қалыптасуы, мемлекеттік-құқықтық жүйелердің, шаруашылығының, мәдениетінің, қоғамдық және әлеуметтік қатынастардың әр кезеңдегі дамуын зерттейтін ғылым болып табылады.
Курстың негізгі мақсаты – қазақ халқының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына қысқаша шолу жасау. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы ғылымының алдында бірқатар мақсаттар бар: тарихты объективті және ғылыми тұрғыдан зерттеу, қазақ халқының шынайы тарихын қалпына келтіру, идеологиялық қысымдардан (догмалардан) тазарту, отандық тарихымызды көпшілікке танытып, ұрпақ тәрбиелеу, қазақстан халқын отансүйгіштікке үндеу, т.б. болып табылады.
2. Біздің заманымыздан бұрынғы 800 мың жылдықта Қазақстан жерінде алғаш адамдар мекендеген дәуір. Бұл кезде еңбек құралдары тастардан жасалып, оны игерудің түрлі технологиялық әдістері қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмыста, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен, егіншілікпен және кен өнеркәсібімен айналыса бастады.
Алғашқы адамдардың осындай тіршілігіне қатысты Қазақстан тарихының деректерін үш түрге бөлу тәртібі қалыптасқан: археологиялық немесе заттай, ауызша және жазбаша деректер. Археологиялық деректерге адамдардың тұрақтары, молалары мен күрделі құрылыстар, адамдардың тіршілігімен байланысты материалдық қазбалар жатады. Оған еңбек құралдары, соғыс қарулары, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер, әшекейлер тіпті тұрақтардың күрделі құрылысы, қорғандар да кіреді. Мысалы: Тамғалы, Арқайым ескерткіштері, Есік, Бесшатыр, Берел қорғандары, Білге қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері, Арқайым, Суяб, Талғар, Отырар т.б. қалалары.
Ауызша деректер ауызша сақталып жеткен эпикалық шығармалар, аңыздар, мақал-мәтелдер, әдет-ғұрыптар, құқықтық әдет нормалары саналып, қазақ этносының мәдени және тарихи даму ерекшеліктерін ашуға көмегін береді. Мысалы: «Ер Төстік», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын батыр», эпостары, «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» заңдары және т.б.
Жазбаша деректер кейінірек жазудың шығуымен қалыптасты және тарихтың даму кезеңдеріне байланысты бірнеше түрлерге бөле беруге болады. Қазақстан тарихы бойынша көне жазба деректерге парсы патшаларының клинопистік жазба ескерткіштері, қытай тарихшыларының хроникалары және грек рим авторларының шығармалары жатады.
Қазақстандағы орта ғасырлық түркі және моңғол мемлекеттерінің тарихы түрік, иран, византия, араб жазба деректерінде бейнеленген.
Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы қазақ тарихшылары Мұхамед Хайдар Дулати және Қадырғали Жалайридың шығармаларында, орыс жылнамаларында және европалық авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан. Ресей империясының Қазақстанды отарлау тарихы Ш.Ш.Уәлиханов, М.С.Бабажановтың сондай-ақ бірқатар орыс зерттеушілері А.Левшин, В.Бичурин, В.Веляминов Зернов, В.В.Радлов т.б. деректік еңбектері арқылы ашылады. Жазбаша деректердің маңызды бір түрі мемлекеттің түрлі ресми құжаттары, заңдары, ресми тұлғалардың жазбалары Қазақстан тарихының бүгінге дейінгі даму тарихын айқындауға септігін тигізеді.
3. Тарихнама (тарихты жазу) мәселесі тарихты кәсіби зерттеушілердің жариялаған еңбектері негізіндегі ғылыми даму деңгейін қарастырады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында тарих ғылым ретінде қалыптасып, дамыды. Арнайы тарихи тақырыптар бойынша зерттеу еңбектері жарық көре бастады. ХІХ ғасырларда алғаш тарихи еңбектер жазған Ш.Ш.Уәлихановты, В.В.Радлов, А.Левшинді айтуға болады. ХХ ғасырдың басында Қазақстан тарихын зерттеуге В.В.Бартольд, А.Чулошников, М.Е.Массон, М.П.Грязнов т.б. өз үлестерін қосты.
Кеңес дәуірінде идеологиялық қысымға қарамастан отандық тарих мәселелерін объективті зерттеуге ат салысқан ұлт зиялылары Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпеев, М.Тынышпаев, С.Асфендияров, Е.Бекмаханов және т.б. ерекше атауға болады.
Қазақстанда 1930 жылдары алғаш ғылымның академиялық құрылымы қалыптасып, 1932 жылы КСРО ҒА-ның базасы құрылды. 1938 жылы ол КСРО ҒА қазақ филиалы болып саналды. Тұңғыш жоғары оқу орындары ҚазПИ және ҚазМУ-дың жанынан кәсіби тарих мамандарын даярлау қолға алынды. Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ Ғылым Академиясының жанынан тарих институты құрылып, қазақ тарихын жүйелі түрде зерттеуге ден қойған ұлттық тарихшы-ғалымдар шықты. Кеңес дәуірінің 50-60 жылдарында Р.Б.Сүлейменов, Ә.Х.Марғұлан, А.Акишев т.б. бастаған қазақстандық тарихи мектептер қалыптасты. 
2 дәріс. VI-VIII ғғ. Қазақстан территориясындағы Түрік қағанаттары
Дәрістің мазмұны: - түрік қағанатының саяси тарихы, экономикалық, мемлекеттік басқару жүйесі және мәдениеті қаралады.
Дәрістің мақсаты: - көне түрік мемлекетінің Отандық тарихымыздағы саяси рөлін ашу.
1. VI-X ғасырларда Қазақстан жерінде құрылған алғашқы феодалдық мемлекеттер түрік қағанаттары еді. Біздің заманымыздың 1 мың жылдығындағы Орталық Азия жерін мекендеген тайпалық одақтар мен ерте феодалдық мемлекеттердің тарихы бұлармен өзара тығыз байланыста болды. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Орта Азиядағы Амудария өзенінің бойына дейін созылған кең байтақ жерлерді тирек (телэ) деген жалпы атпен бірнеше тайпалар мекендеген. Солардың бірі -түрік тайпасы болды.  Түрік атауы алғаш рет 542 жылғы қытай деректерінде кездеседі. Қытайдың солтүстік батысында орналасқан Вэй князьдігіне түріктер (туцюе) жыл сайын шабуыл жасап, ойрандап отырғандығы жөнінде айтылады.
546 жылы тирек (телэ) тайпалары Монғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Түріктер Бумын көсемнің басшылығымен шабуыл жасап жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. 552 жылы көктемдегі шабуылда да түріктер аварларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қағаны және Елхан атағын алады. 553 ж. Бумыннан кейін таққа оның баласы Қара-еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет күйрете жеңеді. Алайда ол жұмбақ жағдайда қайтыс болып, енді оның мұрагер інісі Кушу–Мұқан деген атпен 553-572 жж. қаған болады. Мұқан қаған аз уақыт ішінде (553-554 жж.) шығысында қайлар (татабтар), қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енисей қырғыздарын, Жетісу түргештерін өзіне қаратты. 563-567 жж. Иран шахымен одақтаса отырып, Каспий теңізінен Солтүстік Индияға және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан Эфталиттер патшалығын жеңеді. Сөйтіп түріктерге Соғды жері қарайды.
Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік етті. Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естемі Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады. 581-618 жылдары Солтүстік Қытайдың қағанат шекараларына шабуыл жасауы қағанатты одан бетер әлсірете түсіп, Түрік қағанатындағы саяси күйзеліс ақырында 603 ж. қағанаттың екіге - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады.
2. Батыс түрік қағанатының астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты негізгі этникалық-саяси ұйытқысы - "он тайпа" (он-оқ будун) ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.
Қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар - жабғы, шад және елтебер қаған. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық - "қара бұдын" (қара халық). Жегуй қаған (610-618 жж.) мен оның інісі - Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді.
VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған кағанат ішіндегі тайпалар арасындағы өзара соғыс қағанатты әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады. Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп, VIII ғасырдың басында Жетісудағы билікті өз қолдарына алады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет