Философия – дүниеге көзқарастың ғылыми-теориялық түрі. Философиялық көзқарас мифологиялық және діни көзқарастан айырмашылығы - нақты ұғымдарға, категорияларға сүйене отырып логикалық ой қорыту ерекшелігінің бар болуы. Философия даму барысында үш кезеңнен өтті: Космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм.
1. Космоцентризм – әлемді түсіндіруде ғарыштың шексіз сыртқы күші қолдана отырып, ой тұжырымдау (философияның бұл кезеңі Ежелгі Үнді, Қытай және Ежелгі Грек жерлерінде көп таралды ) .
2. Теоцентризм – барлық тіршілік атаулыны жоғары жаратушы күш – Құдай арқылы түсіндіру (Ортағасырлық Еуропа философиясына тән ерекшелік).
3. Антропоцентризм – негізгі орталық мәселесі адам болып табылатын философиялық көзқарас (Қайта өрлеу дәуірімен жаңа заман, қазіргі заман философиялық мектептерінде қарастырылады).
Философияның пайда болуы адамзат баласының білім деңгейі мен ой-санасының едәуір дамуына байланысты әлемді ғылыми тұрғыда түсінуімен орайлас дүниеге келді. Сан қырлы табиғат құбылыстарының мәнісін түсінуге тырысқан ойшылдардың философиялық көзқарастары – философия ғылымының беташары іспеттес болды. Алғашқы философиялық ойлардың формасы натурфилософиялық бағытта дамыды.
Философия пәні қоғамның дамуымен тығыз байланыста бола отырып, рухани өмірдің барлық қырларын қамтыды. Философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген ерте грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.).
Достарыңызбен бөлісу: |