Қазақстанның дамыған Батыс державаларымен қатынастары. Қазақстан үшін республика экономикасына айтарлықтай инвестиция беріп отырған Америка Құрама Штаттарымен іскерлік қатынастар орнатудың маңызы зор. АҚШ Қазақстанның мәдениеті мен білім саласын дамытуға да қол ұшын беруде. “Болашақ” бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер АҚШ, Англия, Франция, Германияның оқу орындарында білімдерін жетілдіруде. Бұл елдермен де достық, ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы шарт жасалынды. Н.Ә. Назарбаев жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясына қол қойды. Қазақстан Венгриямен, Болгариямен, Чехиямен, Румыниямен өзара тиімді қатынастар орнатты.
Қуатты әскери-саяси ұйымдармен қатынастар.НАТО-ның Еуропа және ТМД елдеріне жәрдемдесуге, аймақтық қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндіктері көп. Осыған орай Қазақстан, НАТО-мен байланысты кеңейту шараларын іздестіруде. Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азияда АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы) мемлекеттерімен және Монғолиямен қатынастары да жолға қойылып келеді. 2007 жылы 30 қарашада Мадридте ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қазақстан Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланды. Қазақстан Прибалтиканы қоса алғанда ТМД-нің ішінде осынау беделді халықаралық ұйымды басқару құрметіне ие болған бірінші ел. Қазақстанның төрағалығы сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сияқты ұстанымдарға негізделіп, Қазақстан дипломатиясының жеңісімен аяқталды. Еліміздің халықаралық деңгейдегі дәрежесі 2011 жылы Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесіне (СІМК) төрағалық ету мәртебесіне ие болумен де көрінді. Дәрістің осы бөлімшесін қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына жол бермейтін мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды. Оның бастамалары тәжірибе жүзінде кең қолдау тапты. Бүгінде жаңа саяси бағыт - «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаған Қазақстан Республикасы геосаяси жағдайдағы халықаралық дәреженің жаңа сапалық деңгейіне көтеріле білді.
Қазақстан сонау 1963 жылдың өзінде бейбітшілік сүйгіш Ресаублика ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі және су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шарттарға келісетінін жариялаған болатын. Сондай-ақ 1976 ж. табиғи ортаны, әскери немесе өзге ықпал ету құралдарын дұшпандық мақсатта пайдалануға тыйым салу туралы конвенцияға ден қоятындығын білдірген еді. Ал тәуелсіздік алған 1991 жылы желтоқсанның 21-інде Алматыда қабылданған декларацияда ядролық қаруға қатысты бірлескен шаралар жүргізуге келісім беріп, 1992 жылы Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыруға бастамашы болды. Сөйтіп біздің еліміз, XXI ғасырға табан тіреген шақта, соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыруды жақтап келді. 2016 жылдың 31 наурызында жарияланған «XXI ғасырдағы әлем» деп аталатын Н.Ә. Назарбаевтың Манифесінің негізгі мазмұны қасіретті атау - соғыс атаулыны адам санасынан аластауға бағытталған. Н.Ә. Назарбаевтың әлемнің тыныштығына бағыштаған осы құжаты бүгінгі таңда адам баласына әр түрлі атауымен белгілі бола бастады. Біреулер «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифесі десе, енді біреулер «XXI ғасырдағы әлем» дейді. Ал өзінің нақты аталуы - Манифест. «Әлем. XXI ғасыр». Қалай болғанда да бүгінде бұл құжатқа қызығушылық басым. Өйткені Президент Н.Ә. Назарбаев бүкіл әлем халқы басшыларын «XXI ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» деген тақырыпта кең ауқымды бағдарлама жасауға шақырады да, онда үш басты қағидатты нақты мазмұндау керектігіне көңіл бөледі:
1. Қазіргі таңда соғыс бола қалған жағдайда, нәтижесінде жеңуші жақ деген болмайды, онда бәрі жеңіледі;
2. Жаппай қырып-жоятын қарудан ешкім қашып құтыла алмайды және оған жауап беретін адамдар да қалмайды. Сондықтан қазіргі әлемдік лидрлер мен олардың кейінгі ізбасарлары болашақ соғыс қатерін терең түсінулері керек;
3. Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеуді бейбіт үндеулер мен сындарлы келіссөздерге негіздеу керек те, әлемдік алгоритмнің іс-қимыл шаралары мынандай бес мәнді бағыттар бойынша түзілуі керек:
1. Ядролық және басқа да адамзатты қырып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай батыл түрде ұмтылу;
2. XXI ғасырда соғыссыз әлемнің тұрақты географиялық ортасын қалыптастыруға күш салу керек;
3. Әскери блоктарға БҰҰ астында мамлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы жаһандық коалициясын қарсы қою қажет;
4. Қазіргі таңда үлкен қатерге айналып бара жатқан терроршылардың қолына аса қауіпті қарудың өтіп кетпеуіне тосқауыл қоя білу керек;
5. «Соғыссыз әлем саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы». - бұл бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда- саттық және даму.
Қазақстан БҰҰ мүшесі ретінде ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ЭКОСОС, УВКБ сияқты ұйымдардың қызметіне белсене қатысады. Сонымен бірге халықаралық беделді ұйымдармен – Халықаралық валюта қоры, Қазақстан Халықаралық қайта құру және өркендеу банкіне, Еуропалық қайта құру және өркендеу банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы және т.б. қатынас жасайды. 1997 ж. басында Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Нәтижесінде Қазақстанның шет елдермен экономикалық байланыстары арта түсті, оған берілетін инвестициялық қаржылардың көлемі артты. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.
Әлемдік деңгейдегі оқиғалардың бірі 2003 жылы ақпанда Алматыда өткен бірінші Бейбітшілік және келісім жөніндегі халықаралық конференция болды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен шақырылып, өркениеттер мен халықтар арасындағы әлемдік диалогтың алға басуы туралы оның бастамасының шынайы іске асуының көрінісі еді. Онда Елбасы төрағалық етуге сайланды. Бұл форумның жұмысына Қырғызстан мен Тәжікстанның президенттері, Түркия, Әзірбайжан, Ауғанстанның жоғары лауазымды өкілдері, дипломаттар, діни ұйым басшылары, көрнекті саяси қайраткерлер қатысты. Конференцияға және Н.Ә.Назарбаевтың атына АҚШ президентінің, Түркия, Украина, Израиль премьер-министрлерінің, АҚШ-тың бірқатар сенаторларының атынан жолдаулар келіп түсті. Н.Ә.Назарбаев өзінің сөзінде конференцияның мақсаты «көптеген мемлекеттердің өкілдері, дін, мәдениет және өркениеттер арасында ашық диалог қалыптастырып, осындай қиын-қыстау кезеңде әлемді әлдеқайда қауіпсіздендіру» екендігін атап көрсетті. Конференция қорытындысында «Бейбітшілік пен тұрақтылық жөнінде» Біріккен декларация қабылданды.
Бірақ, 2003 жылы наурыз айында халықаралық дипломатиядағы жаңа дағдарыстың айқын көрінісі болды. 20 наурызда Бағдатта дабыл қағылып, алғашқы жарылыс болды. Сөйтіп, Ирак соғысы басталды. Ирак соғысының басталуына байланысты Президент тапсырмасымен Үкімет басшысы мен министрлер, агенттіктердің басшылары Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алды. Әуе кеңістігі мен мемлекеттік шекара аймақтарын күзету және маңызды объектілерді бақылау күшейтілді. Экологиялық жағдайға, әсіресе Каспий теңізі бассейнін бақылауға ерекше көңіл бөлінді. Энергетикалық ресурстарды басқа елдерге экспорттаудың ерекше маңызын есептей отырып, дүниежүзілік шикізат рыногында бағаның күрт құбыла қалған жағдайында экономиканы қорғау механизмін құру жөніндегі шараларды қолдануға тапсырма берілді. Елдегі жағдайдың нашарлап кетпеуін болдырмау үшін барлық мүмкіншілік пен нақтылы шаралардың қажеттілігі көрсетілді. Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің ұстанған позициясының дұрыс екенін дәлелдей отырып, қауіпсіздік, лаңкестік әрекетке қарсы күрес мәселесі бойынша антитеррорлық одақпен қарым-қатынас жасауға және Иракты қалпына келтіруге қатысуға дайын екендігін білдірді