5. Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы.
ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ресей Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билікті жойып, Ресейлік басқару жүйесін енгізгенімен, Ұлы жүз мәселесіне әлі де көңіл бөле қоймаған болатын. Жалпы, ХІХ ғ. 30-жылдарына дейін Ресей империясының “үлкен саясатынан” Орта Азия мәселесі де тыс қалды. Ресей ол тұста негізінен Түркия мен оның иеліктеріне көп көңіл бөлді.
Ағылшын-орыс бақталастығында бұл үрдістердің белсенділігі арта түсті. Ресейдің Таяу Шығыстағы жетістіктері Англия қарсылығының күшеюіне әкелді. 1841 жылы Лондон конвенциясы Ресейдің Таяу Шығыс мәселесіндегі ірі дипломатиялық жеңілісі болды. Орта Азия мен Қазақстан біртіндеп ағылшын-орыс бақталастығының негізгі аймақтарының біріне айналды. Қазақстанның стратегиялық аймақ ретінде Орта Азия хандықтары мен Ресей және Қытай аралығында орналасуын патша әкімшілігі жақсы түсінді. Қазақстандағы өз ұстанымын нығайту үшін түрлі шаралар қарастыра бастады. Ресей Сыртқы Істер министрлігінің Азия департаментінің ұсынысымен ХІХ ғ. 30-жылдары Қоқан хандығына Н.Г.Потанин, Бұхар әмірлігіне П.И.Демезон мен И.В.Виткевич, Е.П.Ковалевский, Хиуаға Г.И.Данилевский бастаған дипломатиялық миссиялар жіберді. Бұл сапарлардың барысында Ресей Хиуа және Бұхарамен орыс-азия сауда мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, Орта Азия хандықтарының ішкі жағдайы мен Хиуа хандағының Сырдария бойындағы қазақтарға қатысты саясаты туралы бірқатар мәліметтер алып қайтты. 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басында патша үкіметі хиуалықтардың шекаралық аймақтардағы күш көрсету және тонаушылық әрекеттерін тоқтату, хиуалықтардың қолындағы орыс тұтқындарын босату, Хиуаның орыс-қазақ қатынастарына араласуын бейтараптандыру үшін Хиуаға әскери экспедиция ұйымдастыру туралы декларациясын жариялады. Ресейдің мұндай ресми мәлімдеме жасауына Англияның Орта Шығыстағы саяси ықпалын нығайту қаупінің күшеюі себеп болды.
1839 жылы қараша айының ортасында Орынбор губернаторы В.А.Перовский 12 зеңбірек, 4 мың жаяу әскер және 10 мың түйеге артқан жүгімен Хиуаға қарсы жорығын бастады. Қатты суық пен боранның салдарынан Перовский 2 мың түйесінен айырылып, үлкен шығынмен Ембі бекінісіне дейін ғана жете алды. 1840 жылы 1 ақпанда тағы да 5 мың түйе азық-түлікпен басқа да құрал-жабдықтарын жоғалтып Ақбұлаққа жетті. Ақпан айының ортасында Орынборға кері қайтты. Бірақ, жағдайдың бұлай шиеленісуіне қарамастан Хиуа жорықтың қайталануынан қауіптеніп Ресейге 124 орыс тұтқынын қайтарды және Петербургке елшілік жіберді.
Орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыруға және Орта Азия хандықтарының шекарасына орыс әскерін жақындату мақсатында Ресей Сырдарияның төменгі ағысының бойына әскери бекіністер сала бастады. 1847 жылы Райым бекінісі, 1848 жылы Қазалы форты салынды. Жаңа бекіністердің салынуы орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға және қоқандықтардың ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке жақындауға мүмкіндік берді. 1848-1849 жылдары А.И.Бутаковтың басшылығымен келген экспедиция Арал теңізін зерттеп, теңіздің картасын жасады. Арал теңізінде кеме айлағы ашылды. Оның болашақта Орталық Азия және Хорезммен сауда қарым-қатынасында, әскери мәселелерде маңызы зор болды.
12 күндік қоршаудан кейін 1853 жылы 28 маусымда орыс әскерлері Ақмешітті басып алды. Осыдан кейін Сырдарияның төменгі ағысында Сырдария шебі құрылды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі аудандар кірді және 1864 жылы Түркістанды алғанға дейін сақталып тұрды. Ресей Қоқан және Хиуа хандықтарына саяси қысым көрсетуге мүмкіндік алды. ХІХ ғасырдың 50-жылдары Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің сыртқы саясатындағы маңызы арта түсті. 1854-1856 жж. Қырым соғысында Ресей жеңілуіне байланысты батыстағы рыногынан айырылып, енді оған шығыстан жаңа рынок іздестіру қажет болды. 1858 жылы Орталық Азия аймағындағы Хиуа мен Бұхараға Н.Игнатьев бастаған дипломатиялық елшілік, Шығыс Иранға көпес ретінде Ч.Ч.Ханыков бастаған экспедиция жіберді. Бұл аймақтан алынған материалдар патша үкіметіне Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азия хандықтарындағы әскери қимылдарын ұлғайтпаса, ол аймақта Англияның мүддесінің арта түсетіндігіне толық көзі жетті. Өйткені, Англияның бұл аймаққа қатысты кең көлемде жаулап алу жоспары бар екені дәлелденген болатын. 1860 жылы Қоқанға хандықтың билеушісі Маллабектің сеніміне кіріп, Үндістандағы Англия басшыларымен байланыс орнатуға ағылшын барлаушысы Абзал-Мажит жіберіледі. Біраз уақыттан кейін Қоқан хандығының басты тірек пункттеріне қару-жарақтар жеткізіліп, әскери нұсқаушылар мен қару жасайтын мамандар жіберіле бастады. Қоқан өкіметі өздерінің әскери қамалдары мен форттарын, әскери шептерін күшейтуге кіріседі.
Англия мен Қоқанның бұл әрекеттері Ресей үкіметі жағынан қарсы шаралар қолдануды талап етті. Ресей бұл аймаққа Орынбор мен Сібір шебінен екі жақтап тереңдей ену үшін дайындала бастады. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстан территориясында Ресейдің әскери бекіністері мен қамалдары, форпостары мен шептерінің саны арта түсті. Ақтау, Ұлытау, Қапал, Сергиополь, Верный, Қастек және т.б. Ресейдің Қазақстандағы әскери тірек пункттері болды. 1856 жылы құрамына 213 мың адамнан тұратын Ұлы жүз қазақтары және 60 мың қырғыз кіретін Алатау округі құрылды. Ресей әскерлерінің оңтүстіктен де солтүстіктен де сәтті жылжуына қоқандықтардың саясатына риза болмаған Әулиеата мен Шымкент төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтарының 1857-58 жылдарда көтерілістер жасап, Ресей жағына өтуі де қолғабысын тигізді. Патша үкіметінің ықпалды ру басыларына қатысты алдау-арбау, шен-шекпен беру, жоғары қызметтерге тағайындау сияқты жүргізген саясаты да біршама маңызды рөл атқарды. Мұндай саясат тек қазақтарға қатысты ғана емес, Орталық Азия аймағындағы басқа да халықтарға қатысты жүргізілді.
1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдары басталды. 26 тамызда Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек бекіністері алынып, 24 қазанда Ұзынағаш төңірегінде болған шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапты. Орыс пен қоқан әскерінің екі жақты қыспағы мен тәлкегіне түскен қазақтардың жағдайы өте ауыр болды. Жергілікті халыққа қатысты екі жақта қатігездігімен ерекшеленді. Күш көрсету, тәлкек жасау мен қатыгездік туралы екі жақтың да әскери басшылары: “ауылдары өртеніп, малдары тартып алынды, оларға берген сабақты ерекше сезілетіндей жасадық” деп жазды. 1861-63 жылдары Ресей үкіметінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия хандықтарын мақсатты түрде және тез арада иелену жөнінде пікір-таластар жүрді. Одан кейін Сырдария мен Сібір шебінің аралығына 4 экспедиция жіберілді. Олар бұл аудандарда қоқандықтардың күшті қарсылығын кездестірмеді. Жұмғол мен Құртқа бекіністері шайқассыз берілді, Созақ пен Шолаққорғанда қоқан билігіне қарсы көтерілістер бұрқ ете қалды. 1863 жылы Ресейдің Соғыс министрі Д.А.Милютин ерекше комитетке Орта Азия хандықтарына қатысты белгіленген іс-әрекеттері туралы баяндама жасап, оны мақұлдатып алды. 1864 жылдың басында бір-біріне қарсы тұрған екі жақта әскери қимылдарға дайындала бастады. 1864 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстандағы орыс әскерлерінің дайындығы негізінен аяқталды да полковник Н.А.Веревкин бастаған отряд Түркістанға қарай қозғалды. Веревкиннің отрядында 1593 солдат, 44 офицер, 18 зеңбірек және 150 ерікті қазақ болды. Верныйдан бір мезгілде құрамында 2571 солдат, 68 офицер, 22 зеңбірек, және құрамында сұлтан поручик Ш.Уәлиханов басқарған 1400 ерікті қазақтар бар полковник М.Г.Черняевтың отряды да қозғалды. 4 шілдеде Черняевтың отряды Меркі, 6 шілдеде Әулиеата бекінісін шайқассыз алды. Полковник Веревкиннің отряды Түркістан қаласына барар жолда қоқан әскерлерінің шабуылына ұшырады да бекіністі қоршауға мәжбүр болды. 9 маусымда Түркістан орыстардың қолына өтті. Әулиеата мен Түркістанды тез арада алуда әскери операцияларға басшылық жасағандары үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып, генерал-майор атақтарын алды. Жорықтарға қатысқан солдаттар “жоғары құрмет” және түрлі ордендермен марапатталды. Жетістіктеріне көңілдері көтерілген орыс армиясы алдын-ала дайындықсыз 1864 жылдың 22-23 шілдесінде Шымкентті алуға тырысты. Бірақ бұл уақытта қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, орыс әскеріне қарсы соққы береді. Бекініс-қалаларға жақын орналасқан қазақ ауылдары екіге бөлініп, бірі орыстарға, екіншілері қоқандықтарға қолдау көрсетті.
Қоқан хандығында саяси күштердің қарсылығы күшейіп, хан мен оның төңірегіндегілердің озбырлығына наразылықтар көбейе түсті. Қоқан мен Бұхара арсындағы қайшылықтар шиеленісті. Мұндай қолайлы жағдайды орыс әскерлері де өз мүдделеріне пайдалана білді. Черняевтің алты жарым рота жаяу әскермен бір жарым жүздік казактардан тұратын отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым қазақтан тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың күзінде оны басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері жалғастырылды.
1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. 1866 жылдың жазында патша ІІ Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы жарлық шығарды. Бір жылдан кейін 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кіретін, орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды.
Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Ташкент т.б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге асырылды. Орыс әскерлері мұсылмандардың қасиетті жерлерін (Қожа Ахмет Яссауи, т.б.) қорлап, оларды қиратты. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3170-ке дейін жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты одан әрі жорыққа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары қарсылық көрсеткендері үшін қатыгездікпен, аяусыз басып-жанышталды. Ресей болса, бұл әрекеттерін үкіметтің, “өзіне бағынышты территориядағы елдерді көшпенділер шапқыншылығынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің Орталық Азиядағы саясатының қорғаныстық сипаты” деп мәлімдеді.
Осылайша, ХІХ ғасырдың 60 жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін Қазақстанның бүкіл территориясы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды. 1867-68 жылдары Түркістан және Далалық өлкені басқару туралы “Уақытша Ереженің” қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде заңдастырылды.
9-тақырып. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы
саяси және әлеуметтік-экономикалық қатынастар
1. Қазақстанда жаңа әкімшілік-территориялық басқару жүйесінің ендірілуі және оған
қазақтардың қарсылығы.
2. Қазақстанға орыс шаруаларының, ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы.
3. XVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен XІX ғасырдағы Қазақстан мәдениеті.
1. Қазақстанда жаңа әкімшілік-территориялық басқару жүйесінің ендірілуі
және оған қазақтардың қарсылығы
Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол әкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бәрін қамтыған болатын.
Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты және негізгі міндеті – "қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу" үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына біріктіру. Сөйтіп, жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап, ру басшыларын әлсіретіп, ойға алған іс-шараларды оңтайлы жолмен оңай әрі тез жүзеге асырып отыру. Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді.
Экономикалық шаралар негізінде қазақтардың қыстауы мен жайлаулық жерлерін мемлекет меншігіне кесіп, казак әскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін "артық" жер мөлшерін анықтау ісіне экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жария ету арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету болды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті.
1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ даласын толық отарлауға тырысты. Сондықтан да Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әр түрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары – Орынбор; Ақмола және Семей облыстары – Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария – Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының билігіне өтті. Бұлай бөлшектеулер мен басқаруға өзгерістердің енуінің өзіндік себептері болды. Бұл туралы профессор Б. Сүлейменов: "Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан жерін түрлі генерал-губернаторлықтар мен әскери округтарға бөлшектеу, қазақ халқының ұлттық бірлігінің қалыптасу жолына кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды жеңілдетуі тиіс еді" - дейді.
1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әр түрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғарғы зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Зерттеуші ғалым К.А. Жиреншин өз еңбегінде: "Отаршылық әкімшілік аппараты қазақ даласының жағдайынан бейхабар, білімі таяз адамдардан, ең бастысы, өз қызметін өміріндегі өтпелі кезең деп санап, сол уақыт ішінде тез ауқаттанып алуды көздеген офицерлерден жасақталған болатын: Генерал-губернаторлықтардың басты басқару аппаратын генерал-губернатор, оның кеңсесі және тапсырма орындаушы чиновниктер құрды. Генерал-губернаторлар әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына жұмылдырды, сонымен қатар қазақ даласындағы әкімшілік құрылысының принципі – жаңа отаршылық реформа бойынша билікті толығымен әскери ведомствоның қолына беру болды" - деп, патшалық үкіметтің құйтырқы саясатының табиғатын айқын да ашық көрсетіп береді.
Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. 1868 ж. Ереженің 22-23-бабында дала облыстарының әскери-губернаторлары облыстардағы әскери қолбасшыларға теңестірілетіні көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак әскерлерінің тағайындалған атамандары болып саналатын.
Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырландырылды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына мынадай міндеттер жүктелді: жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тәртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау. Уезде орналасқан әскери бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.
1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Е.Г.Федоров "Қазақстан – патша үкіметінің отары" атты еңбегінде: "Патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын әдейі бөлшектеді, барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мәдени дамуын тежеп, халықты қараңғылықта ұстауды көздеді", – деп көрсетеді.
Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды. Ру басында ақсақал тұрғанда, оның сөзі мен ісі билік күшке ие жағдайында патша үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нәрсе болатын. Граф Паленнің Түркістан аймағын тексеру жөнінде есеп беруінде: "Бұл шараны іске асырудағы мақсат рулардың үлкен аймақта бір қалыпты орналаспауы әкімшілік басқару жүйесіне кедергі туғызды және көптеген біріккен ру басында ру ақсақалдары тұрған жағдайда дала тыныштығын ұстап тұруда көп қиындықтар туғызуы мүмкін еді", – деп ондай биліктің күштілік себебін тап басып жазуы осының айғағы. Елге сүйенген ру басы кей жағдайда әкімшілік талаптарды орындамауы да әбден мүмкін екені шындық.
1867 ж. Ереженің 85-бабына сәйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары, ал ауылдардың басында сол сияқты сайланатын старшиналар болды. Ережеде "болыстық және ауылдық старшиналарды халық сайлайды" деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды. Сайланған болыс басқарушыларын – облыстық әскери губернаторы, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Отаршылар әкімшілігі ұсынылған кандидаттар көңілінен шықпаса бекітпей тастап, жаңа сайлау белгілеуі де мүмкін болатын. Болыс басқарушыларын сайлауға – уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына бағынышты болды және оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті еді, ал ауыл старшиналары болыс басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.
Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сай, 1867-68 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Сол құжаттар бойынша уездік қалаларда бастауыш мектептер ашу көзделген: "Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек". Осыны негізге ала отырып талай мектептер, гимназиялар ашылды.
1868 жылғы Ереженің 251-бабында діни істер Орынбор муфтиінің қарауынан алынып, азаматтық басқарманың қарамағына берілді. Молдалар сайланатын болды. Оларды бекіту тұтқасы орыс әкімшілігінің қолына тиді. Бастауыш мектептерде мұсылман дінін уағыздаушылардың қызметі шектелді. Әкімшілік қазақ мектебіне сабақ беретін ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті.
Елде орын алып жатқан территориялық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзгерістер әкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым бөлігін көшпенділер құрады. Мәселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XІX ғасырдың 60-шы жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған патша үкіметінің салық саясатының күшеюі болды. Оның үстіне қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ, жаңа әкімшілік бөліністер ғасырлар бойы пайдаланып келген көшпелі халықтың маусымдық жайылымдарды пайдалану үрдісіне нұқсан келтірді. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбейтілуі мен әкімшілік-территориялық бөліністердің дұрыс жүргізілмеуі 1868 жылғы Орал мен Торғай облыстарында орын алған ұлттық бас көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде басталған көтеріліс 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілер өздеріне қарсы қимылдаған патша үкіметінің жазалау топтарын "қарақшылық" шабуылдарға ұшыратты. 1868 жылы 6 мамырда құрамында 200 қылышты және жаяу әскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы Жамансай көлі маңында қазақ жасақтарымен кездеседі. Жазалау тобы көтерілісшілерге тегеурін бере алмай, жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады.
1869 жылдың наурызы мен маусым айының аралығында болыс, би, сұлтан және старшиндарға қарсы 41 рет шабуыл ұйымдастырылады. Оған 3 мыңға тарта жасақ қатысты. Торғай мен Орал облыстарында көтеріліс өртінің ұлғаюына байланысты жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді жазалауға отряд топтарын жөнелтті. Орал облысы аймағына подполковник Рукин, граф Комаровский отрядымен бірге, генерал-губернатор Веревкин басшылығындағы отряд аттандырылды. Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына орай басылып, жанышталды.
Сол сияқты 1870 жылғы Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі де осындай сипатта болды. Жаңа жүйе бойынша енгізілген салық жүйесі Маңғыстау халқының үкіметке қарсы наразылығын туғызды. Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869-1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа салық жүйесіне сәйкес дереу енгізуді талап етті. Көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшылары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатқан Рукиннің ойланбай жасалған әрекеттері жер-жерде көтерілістің шығуына себеп болды. 1870 жылдың наурызында Рукиннің отряды көтерілісшілердің үлкен тобымен кездесіп, қоршауда қалады. 25 наурызда ашық қақтығыс кезінде 20-ға жуық жазалаушы қаза тауып, отряд командирі Рукин өз-өзіне қол жұмсайды. Жеңіс жігерлендірген көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станциясына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда, олар сәтсіздікке ұшырады. Көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. Патшалық өкімет орындары қазақтардың батылдығынан қорқып, қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр болды. Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертіп, көтерілісшілер Үстірттің баруға қиын аудандарына шегінді.
Осы тұста Англия үкіметінің Иранға деген ықпалы арта түседі. Патша үкіметі ендігі кезекте Хиуа хандығына қарсы шаралар ұйымдастырды. Маңғыстау аймағына Хиуа билеушілері адайлар қозғалысын қолдау үшін 4 зеңбірегі бар 6 мыңдық жасақпен қимыл жасауды ұйғарды. Бірақ шектес аудандарда Хиуаның әскери қыр көрсетуі нақты нәтижелер бермеді, дегенмен аймақтағы жағдайды едәуір шиеленістірді.
Маңғыстау аймағы 3 айға жуық патша әскерінің қол астына қарады. Патша үкіметі көтерілісшілерді жаппай жазалайды. Осы тұста генерал-губернатор Н.А. Крыжановский әскери министр Милютиннің "көтерілісшілерді жазалау" туралы нұсқауын жібереді. 1870 жылы желтоқсанда көтеріліс жеңіліс тапқан соң, көтеріліс басшылары И. Тіленбаев, Д. Тәжиев, Е. Құлов және олардың серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтіп кетеді.
Сөйтіп, бұқаралық сипатына қарамастан, көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмай, Маңғыстау облысындағы халықтық-азаттық күрес жеңіліске ұшырады. Көтеріліс аяусыз жанышталып, адайларға соғыс шығыны ретінде 90 мың қой салық салынды. Маңғыстау көтерілісі өз кезегінде патша үкіметінің отарлау саясатына қазақ халқының қарсылығының айқын көрінісі болды.
Жалпы XІX ғасырдың екінші жартысындағы реформалардың болмысы туралы, қорыта айтқанда, мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты.
2. Қазақстанға орыс шаруаларының, ұйғырлар мен дүнгендердің
қоныс аударуы
Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған әкімшілік реформалары қазақ елінің саяси тәуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге әлі де болса әлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық әкімшілік ХІХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың "ең сенімді" жолына түсті. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан тарихнамасында бұл қоныс аудару саясаты үш кезең бойынша бөліп қарастырылады.
І кезең ХІХ ғасырдың 70-80 жылдар аралығын қамтиды, ол 1889 жылғы 13 шілдедегі жарлық шыққанға дейін созылды.
ІІ кезең ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан 1905 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
ІІІ кезең 1906 жылдан 1916 жылдар аралығын қамтиды.
Қазақстанға орыс және украин шаруаларын қоныстандыру ХІХ ғасырдың 70-жылдарының соңы 80-жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Қоныс аударудың алғашқы кезеңі өз еркімен қоныс аударған шаруалар қозғалысымен анықталып, патша үкіметі өз еркімен қоныс аударғандар жағдайын реттеу мақсатына бірқатар жеке заң-актілермен, нұсқаулар қабылдады. Онда көзделген мақсат – қоныс аударуды үкімет өз қадағалауына алып, оған көмек көрсету болды. Оған алдын ала дайындық шаралары жасалды. Мәселен, Жетісу облысы әскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы "Уақытша ереже" әзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. "Уақытша ереже" бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық және түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру және басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді. Қоныс аударған шаруалар жағдайына қатысты оларға жасалатын жеңілдіктер туралы жаңа ережелер ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан дайындалды. Оларда да жаңа келіп қоныс тебушілер үшін берілетін жеңілдіктер сақталды, тек жер мөлшері аздап төмендеді. Айталық, 1886 жылғы дайындалған: "Түркістан генерал-губернаторын басқару туралы Ереже" бойынша 10 десятина (ерлерге) жер беру, қоныс аударушыларды алым-салық және міндеткерліктен 5 жылға дейін босату, кейінгі жылдары алымды тек жартылай төлеу жеңілдіктері сақталды.
Арнайы ереже 1889 жылғы 13 шілдеде қабылданды. Онда қоныс аудару тек Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік мүлік министрлігі арқылы алдын ала шешілуі қажет делінген. Тиісті үлестік мөлшері жергілікті өкімет құзырына берілді. Мұнда үлкен астар жатқаны ешқандай құпия емес-ті. "Ережеде" шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайтын аудандары нақты анықталып көрсетіледі: Жетісу, Ақмола және Семей облыстарының территориясына орыс-украин шаруалары көптеп қоныстануы белгіленді. Ата-мекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді. Тек 1885 жылды қоса алғанда, Ақмола облысы қазақтары жерінен 251779 десятина мөлшерінде тартып алынды. Онда 10 940 ер адамы бар 24 қоныс аударушылар бөлімшесі (учаскелері) құрылған еді. Семей облысы бойынша 33 064 десятина егістік жер жергілікті тұрғындар иелігінен алынды. Жетісу облысынан 12 жылда (1868-1880 жж.) 3324 отбасы қоныс аударған, оның 2099 селолық құрылымға біріксе, 1225 отбасы қалаларда тұрақтанды.
1889 жылғы Заң күші Торғай және Орал облыстарына да таралды. Заң қоныс аудару мәселесін үкімет құзырында қалдырды, қоныс аударушылар үшін арнайы рұқсат алуы қажет болды. Түйіндеп айтсақ, патша өкіметі орыс шаруаларының еркінше қоныс аударуын қадағалап, реттеуді көздеді. Алайда шаруалардың өз еркінше қоныс аударуы ретсіз қозғалыс болып қала берді.
Патша үкіметі өзінің қоныс аудару саясатын қарқынды жүргізуді көздеп, 1892-93 жж. Ұлы Сібір темір жол құрылысын бастады. Қазақтар жерін экономикалық игеру мақсатында "артық", "бос" жатқан жерді анықтайтын түрлі экспедиция құрылып, жедел жұмысқа кіріскен еді. Комиссиялар алдында қойылған талап біреу – барынша көп мөлшерде қазақтар жерінен "бос", "артық" деген жерді анықтау арқылы қоныстанушылар "қорын" толықтыру болды. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілік басқару жүйесін қалыптастыруға үлкен назар аударылды. Нәтижесінде ХІХ ғасыр соңына қоныс аударушылар басқармасының орталықтандырылған біртұтас жүйесі құрылды. Транссібір темір жолы қазақ жерінің Солтүстік өлкесі арқылы жүргізілді. Ақмола облысы әкімшілігіне қараған осы өңірде құрылған 5 уездің 3 уезінен 160 мың келімсек орыс-украин шаруаларын қоныстандыру үшін 2241503 десятина жер бөлінді. Мұнда, экономист Ф.А.Щербина басшылығымен "қоныстанушылар қорын" жасау үшін арнайы статистикалық экспедиция жасақталды. Арнайы экспедиция 1896-1902 жылдарда Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уезін қамтып, қазақтардың мал шаруашылығына қажетті пайдаланатын "нормасын" "187 десятина жер 24 мал басына жеткілікті" – деп анықтады. Зерттелген 8 уездің жергілікті қазақтарға тиесілі жер мөлшері – 51 %, қалған 49 % жері "қоныс аударушылар қорында" қалды. Экспедиция жұмысы нәтижесімен қанағаттанбаған патшалық әкімшілік қазақтар пайдалануындағы жер "нормасын" азайтып, "артық" деген жерді қосымша анықтау арқылы жоғарыда аталған уездер бойынша "қоныстанушылар қорын" 63% дейін көбейтті. Қоныс аударушылар қатары жылма-жыл артып, олар тұрақтанған жерлерде мыңдаған қоныстар пайда болды. Қазақстанның солтүстік, батыс және шығысында жаңа келіп қоныстанған орыс және украин шаруаларымен қоса, орыс-казак станицалары салынды. Мәселен, Ақмола, Торғай және Орал облыстарында тұрғын қазақтармен салыстырғанда, келімсек орыс-казактар және орыс, украин шаруалар есебінен жалпы халық саны өсті. 1897 жылғы жалпы ресейлік халық санағы бойынша, тек бір Ақмола облысында орыс тұрғындарының көрсеткіші 33 % жеткен.
Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин және әскери адам қоныстанды. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында мұнда 5 уезд және 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Патшалық үкіметтің жедел қарқында жүргізген қоныс аудару саясаты нәтижесінде келімсек орыс, украин шаруаларына ең шұрайлы жайылымдық, егістік, су көздеріне бай, орманды жерлер берілді. Тұрғылықты қазақтар болса, сусыз, малға тиімсіз аймақтарға зорлықпен, түрлі амал-айламен қоныстарынан көтеріле көшуге мәжбүр болды. Қоныс аудару салдарынан жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан 1897 ж. санақ бойынша 87 %-ке дейін азайды. Келімсек орыс және украиндардың саны 532,7 мыңға, татарлар – 55,4 мыңға, өзбектер – 73,5 мыңға, ұйғырлар – 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа ХХ ғасырда ұлғая түсті.
Патша үкіметі 1901 жылы Жарлық шығарды, онда жеке адамдарға қазыналық жерлерден үлестік жер бөліп беруге рұқсат етілді. Қазақтар жері қазыналық деп есептелді және 1867-68 жылдар реформасына сәйкес мемлекеттік меншік болып жарияланған болатын. 1904 жылы қоныс аудару басқармасы құрылып, оған орталық Ресейден шаруаларды қоныс аударту ісін қадағалау толығымен жүктелген еді.
1904 жылы 6 маусымда шыққан енді бір заңда "село тұрғындары мен мещан-егіншілердің өз еркімен қоныс аударуы туралы" делінген. Бұл аталған заңдық күші бар құжаттардың барлығы қазақ халқын өз ата-қонысы болған туған жерден ығыстырылуға, тұрмыс ауыртпалығын бастан кешуге, мәжбүрлікке душар етті.
XІX ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында "Петербург шартына" қол қойылды. Шарттағы 17 статьяның алғашқылары келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: "Іле аймағының тұрғындарына Қытай қол астындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады"-деп қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты – оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам болса, ал 20745 әйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.
Қоныстанушылардан жаңадан 5 болыс: Жаркент, Ақсу-Чарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар сайланды.
Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты негізгі дақылға айналған жоқ. Олар негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі). Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау да болды.
Сонымен, қорыта айтқанда, орыс шаруаларын қазақ өлкесіне қоныстандыра отырып, қазақ халқын шаруашылыққа жарамды жерінен айыру процесімен бір мезгілде отарлаушы әкімшілік жүйесінің жаңа жағдайға байланысты одан әрі жетіліп, нығая түскендігін, сондай-ақ отарлау ісінің құрамды бөлігі қазақтарды орыстандыру, шоқындыру шараларының да жүйелік, мақсаттылық сипат алғандығын байқаймыз.
3. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды.
Рухани мәдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның, отбасы тәрбиесінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” дейді. Ру, тайпа және жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” деп аталды. Ерте заманда шежіре ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жәңгір хан шежіресі” (1835), Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б.
Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады. Тәттіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры - жоқтауы белгілі. Үмбетей жоқтауында Бөгенбай - халық қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тәттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырады.
XІX ғасырда қазақ әдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен толықты деуге болады. Түрі мен мазмұны жағынан айтыстар бір-біріне ұқсамайды. Олардың кейбіреулерінің негізгі мазмұнында халықтың өмірі, оның шаруашылық-тұрмыстық проблемалары, рулық қоғамдастықтың ерекшеліктері сөз болса, Біржан мен Сара айтысында қазақ әйелдеріне жеке бостандық беру мәселесі көтеріледі. Мұндай айтыстармен қатар бірін-бірі қалжыңмен қағыту, танысу, амандасу, көңіл көтеретін әзіл-оспаққа құрылған айтыс түрлері де аз кездеспейді.
Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады.
Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді.
Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Ахмет Байтұрсыновтың “Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында” деп тұжырымдағаны сияқты, бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, халқының үнімен елдің мұңын жеткізуші болды. Зар-заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық саясаты дәуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық әдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масқұт”, “Әзімнің әңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, әрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Абайдың бүкіл шығармашылығы әрекетсіздік пен жалған ұятқа деген ымырасыздық идеяларына толы. Ол ел ішінде бірлік пен татулық болғанда ғана қоғамның негізгі күштері - ғылым, алдыңғы қатарлы идеялар, мәдениет толық көлемде дами алады және бүкілхалықтық игілік әкеледі деп санады. Қоғамды алға дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Яғни, бұл даму егіншілікті, қолөнерді, сауданы дамытумен тығыз байланыстырылды. Ұлы ақын:
Егіннің ебін,
Сауданың те гін
Үйреніп, ойлап, мал ізде”
деген болатын. Сол сияқты ақын орыс әдебиеті мен мәдениетімен таныс болды. М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.Крылов шығармаларын аударумен шұғылданды. Орыс әдебиеті үлгілерін қазақ халқы арасына тұңғыш таныстырушы болып, олардың өскелең идеяларын насихаттады.
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уәлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі - ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген тарихи-этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нәтижесі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Оның ғылыми мұрасы Қазақстанның және көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың проблемаларының өзекті тұстарын қамтиды. Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлкен үлес қосты.
А.Құнанбаев пен Ш.Уәлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдениетіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, әскерилер, дәрігерлер даярлады.
Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды. Ы.Алтынсарин (1841-1889) бастамасымен және тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер желісінің құрылуына қол жеткізілді. Ол, әсіресе, қолөнер және ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы” және “Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты оқу құралдарын жазды. Орыс кластарына қазақ тілінен сабақ беріп, ол ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті.
XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-әңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі бола тұрса да, олардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар бейнеленді. Біржан Қожақұлы, Мұхит Мералиев, Ақансері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Құлтума Сармұратұлы сияқты және тағы басқа көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында қазақ ән мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді.
Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ.
Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.
Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал, XІX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.
Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын әр түрлі құралдар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.
Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі - қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең “қазақ ері” болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің “құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің бәрін - тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы және т.б жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған.
Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б дайындады.
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.
Қазақтардың ұлттық киімінде этнографиялық белгілері сақталып қалғанымен, олардың да пішіні мен түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол көбінесе фабрикалық маталардан тігілді. Ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі “мәуіті шапан” мен “мәуіті шекпен” де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан тігілді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің ежелгі түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлісі аң және үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін және кең таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Енді аяқ киім түрлеріне келетін болсақ, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. XVІІІ ғасырда қазақтардың жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері XІX ғасырдың екінші жартысында жоғала бастады. Барлық жастағы ер адамдар қыс кезінде негізінен ішінде киіз байпағы бар ұзын қонышты саптама етік киді. Неғұрлым ауқаттылары жаз кезінде былғары кебісі бар мәсі киіп жүрді. Бұл аяқ киімдердің барлығы оң және сол аяқ деп бөлінбей бірдей тігілетін. Бас киім түрлеріне келетін болсақ, ересек ер адамдардың барлығы шаштарын алдырып, басына тақия, тебетей киді. Бұның сыртынан тігілген терісіне сәйкес сусар, пұшпақ және елтірі деп аталатын бөріктер киді. Әйелдердің киімдері жас ерекшеліктеріне сәйкес бір-бірінен біршама ерекше болды. Қазақ әйелдері ерекше сәнді киініп, киімдерінің сыртынан тағатын кемер белдіктерін күміспен күптеп, алтынмен аптап, қымбат бағалы тастармен әшекейлеп отырды. Әйелдердің жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бас киімдері де ерекше болды. Мәселен, жас қыздар шет-шетіне моншақтан немесе бағалы металдан шекелік тағылған, бай нақышты үкілі тебетей - “қасаба” киді. Ұзатылған қыздың бас киімі сәукеле бір жылдан соң ақ мақта-матадан дайындалған кимешекпен ауыстырылатын еді.
Мал шаруашылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары мен ыдыс-аяқтарынан айқын көрінеді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Қазақтар ыдыс пен керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, киізден және шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, қазан, таба, ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал сауға арналған көнек және т.б. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы мал өнімдері үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр ет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.
Сөйтіп, XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырда қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінде көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды.
Сонымен, қорыта айтқанда, 1867-1868 жж. әкімшілік реформасы Ресейдің қазақ жеріндегі саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайту болса, ал қоныс аударушы орыс шаруаларын жаңа елдерде өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдыра отырып, қазақтардың рухани және мәдени дамуына ықпал жасау арқылы оларды орыстандыру, шоқындыру негізінде империяның тұтастығын күшейтуді көздеді.
10-тақырып. ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан
1. Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері.
2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. Қазақтардың 1916
жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы
және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.
Достарыңызбен бөлісу: |