Қазақстан тарихы


Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы



бет23/23
Дата15.11.2016
өлшемі5,07 Mb.
#1825
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

4. Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы.
Қазақстан Республикасының егемендігінің жариялануы және мемлекеттік тәуелсіздік алуы, бірпартиялық өктемдіктің және социалистік саяси жүйенің ыдырауы демократиялық принциптер негізінде қызмет жасайтын сан алуан саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол ашты. Көппартиялық жүйеге өтумен республика халықтарының мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси партиялар қалыптасты. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси әр алуандық, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрды.

1991 жылы тамыз айында Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Оған КОКП Орталық Комитетінің кейбір жетекшілері қатысты. Мұның өзі партияның, оның басшы органдарының беделін түсірді. Бұл жағдай Қазақстан Компартиясының жұмысына теріс әсерін тигізді. Сөйтіп, 1991 жылғы қыркүйек айында өткен республика Компартиясының төтенше съезінде оның қызметі тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушымыз деп санайтын Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Оның құрамында сол кезде 50-60 мың мүшесі болды. 1992 жылы наурызда Қазақстан социалистік партиясының кезекті съезі өтті. Съезд республикадағы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдай және партияның таяудағы міндеттері, партияның бағдарламасы мен жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты мәселелерді талқылады.

1991 жылы қазанда жетекшілері О.Сүлейменов пен М.Шаханов болған Қазақстан Халық Конгресі партиясы құрылды. Сондай-ақ, бірқатар коммунистер бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясының қызметін қайтадан қалпына келтіруге әрекет жасады.

Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты.

Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХҮІІІ съезі болып өтті. Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды.

Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе, бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мұшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері салалы кәсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. Соңғы жылдардағы кәсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен табысы – ол әр түрлі саяси және мемлекеттік ұйымдардан тәуелсіздік алды. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік және шаруашылық органдарымен тең дәрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын жеткізді.

Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар әдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, көп балалы аналар, жанұялар одағы, “Айша”, “Ақ отау” және Іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.

Бұл жоғарыда аталған фактілердің барлығы ХХ ғ. 80-ші жылдардың 2-ші жартысында қоғамды қайта құру барысында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде демократиялық қатынастардың кең өріс ала бастағанын көрсетеді.

Қоғамдық-саяси қозғалыстардың ішінен «Азат» (1990 ж. 1 шілде), «Поколение» (1992 ж. 24 қараша), «Лад» (1993 ж. мамыр), «Азамат» азаматтық қозғалысы (1996 ж. 20 сәуір) кең көлемді қызметімен ерекшеленді. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуының келесі кезеңінде Қазақстанның либералдық қозғалысы (1997 ж. мамыр), «Қазақстанның болашағы үшін» (1998 ж. ақпан) жастар қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» (1998 ж. 6 қазан) қоғамдық қозғалысы, «Өрлеу» (1998), «Ақ жол» қоғамдық қозғалыстары (1998), Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігі (2002), т.б. құрылды. 1989-1994 ж. аяғында Қазақстанда 500-ге жуық қоғамдық бірлестік ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. 1998 ж. олардың саны 1500-ден асты, ал 2001 жылдың аяғына қарай елде 1700-ден астам ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестік қызмет жасады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елде көппартиялық жүйе қалыптасты. Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (1990 ж. 26 мамыр), Қазақстанның социалистік партиясы (1991 ж. 7 қыркүйек), Қазақстан халық конгресі партиясы (1991 ж. 5 қазан), Қазақстанның республикалық («Азат») партиясы (1991 ж. 4 қыркүйек, 1999 ж. 29 мамырда «Алаш» ұлттық партиясы болып өзгерді), Қазақстан коммунистік партиясы (1991 ж. қазан), Қазақстан халық бірлігі партиясы (1993 ж. 6 ақпан), Қазақстан халықтық-кооперативтер партиясы (1994 ж. 15 желтоқсан), Қазақстан дәуірлеу партиясы (1995 ж. 27 қаңтар), Қазақстанның демократиялық партиясы (1995 ж. 1 шілде), Республикалық еңбек саяси партиясы (1995 ж. 18 қыркүйек), т.б. құрылды.

Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) және «Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) Заңдарында қамтамасыз етілді. Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалық «Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар), «Азамат» демократиялық партиясы (1999 ж. 27 наурыз), Қазақстан әйелдерінің демократиялық паартиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының партиясы (2000 ж. 1 шілде) құрылды. 2002 жылдың 2-ші жартысында Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың құқықтары мен міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді, саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен қатынастары реттелді. Көппартиялық институтының пайда болуы елде азаматтық қоғам орнатудың маңызды белгілерінің бірі. Бұл қоғамның саяси жүйесінің тиімділігін, елде демократияның орныққанын, саяси құқықтардың қамтамасыз етілгенін дәлелдейді. 2002 ж. елімізде 16 партия тіркелді.

«Саяси партиялар туралы» Заңға 2002 ж. өзгертулер енгізілуіне байланысты, 2003 ж. Қазақстанның азаматтық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, Республикалық «Отан» саяси партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы қайта тіркеуден өтті.

Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік әділдік, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам, ұлтаралық және азаматтық келісім орнатуға жәрдемдесіп, Қазақстанның тұрақты дамуына, өзекті қоғамдық мәселелердің шешілуіне үлесін қосып келеді. Саяси партиялардың көпшілігі Республика президентінің алған бағытын, оның жүргізіп отырған саясатын жақтайтындар болып саналады.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жетуімен қазақ халқының рухани өмірінде жаңа мәдени процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының даңғыл жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды.

Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанда білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Соңғы жылдары оқу мазмұны өзгерді, білім стандарттары жасалды, оқытудың жаңа әдістемесі енгізілді. Бірыңғай орта мектептермен қатар гимназиялар, лицейлер, жеке және авторлық мектептер ашылып, жұмыс істей бастады. Көптеген жаңа оқулықтар шығарылды. Мектептерде бұрын КСРО тарихы оқытылып келсе, енді қазақ халқының өз тарихы терең талданып оқытылатын болды.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің саны 8007 болған. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжік, 1 украин мектебі. Соңғы жылдары республикада қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны едәуір артып, 2003 жылы олар барлық мектеп оқушыларының 54,4%-ін қамтыған. Республика мектептерінде техникалық ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларын енгізуде де оң қадамдар өріс алды. 2001 жылы орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың бірінші кезеңі негізінен аяқталды, нәтижесінде 58 оқушыға бір компьютерден келген. “Интернет-мектепте” бағдарламасы аясында 1414 оқу орны, оның ішінде 868 ауыл мектебі ақпарат желісіне қосылған. Жалпы білім беретін мектептерді «интернеттендіру» жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жалғастырылып келеді. Бүгінде интернет жүйесіне ауыл мектептерін қосқанда, мектептердің 95 % қосылды.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 388 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы он жылда (1997-2007 жж.) білім саласын мемлекеттік қаржыландыру көлемін 6,7 есе арттыруға қол жеткізілді. (Тәуелсіздіктің 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыстағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сөзінен. /Егемен Қазақстан. 15.12. 2007 ж.).

Жылма жыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтеріліп келеді. 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының таңдаулы 200 оқытушысына конкурстық негізде құны 15 мың АҚШ долларына тең «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты тапсырылып жүр. Жыл сайын республикалық бюджет қаржысының есебінен 30 мыңнан астам педагогтың қайта дайындықтан өтуі мен біліктілігінің арттырылуы жүзеге асырылуда.

Еліміз егемендік алған жылдары жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарында да бірсыпыра жаңа өзгерістер орын алды. Республиканың жетекші оқу орындары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Алматы университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті және басқалар Қазақстанның тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатын жүргізуге қабілетті маман кадрлар даярлайтын жаңа факультеттер ашты. Түркістандағы Ахмет Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Сыртқы істер министрлігі жанынан Дипломатиялық Академия ашылып, жұмыс істеп жатыр. 1997 жылы республикада мемлекеттік 53 жоғары білім беретін және 40-тан астам жеке меншік жоғары оқу орындары жұмыс істеді. 2002 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындары 47-ге дейін азайды, оған керісінше мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының саны 160-тан асты. 2003 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 43 мемлекеттік, 130 жеке жоғары оқу орындары қалдырылды.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты халыққа білім беру саласында халықаралық қарым-қатынас кеңейді. Бүгінгі күндері мыңдаған оқушылар, студенттер және аспиранттар оқуларын шет елдерде жалғастырып жатыр. Осы мақсатта Қазақстан Президенті жанынан “Болашақ” бағдарламасы бойынша арнаулы қор құрылып, республиканың жоғары оқу орындарынан жыл сайын жүздеген студент шетелдерге, соның ішінде АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Қытайға, Түркияға және т.б. жерлерге оқуға жіберіледі. Қазақстан мемлекет есебінен жылына 3 мың студентті әлемнің 25 университетіне оқуға жіберуде. Соңғы 13 жылда 2 мың қазақстандық шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алып қайтты (Егемен Қазақстан, 27.11.2007). Бүгінде жалпы саны 20 мыңнан асатын қазақстандық шетелдерде білім алуда. Олар Қазақстанның кадрлық әлеуетінің перспективалық негізі болады (Егемен Қазақстан. 15.12.2007).

2000 жылдан бастап қазақстандық ғылымды қаржыландыру 7 есеге артты. Бүгінде Қазақстанда бір мың жұмыс істеушіге 3 ғалымнан келеді, ал енді Ресейде бұл көрсеткіш 7,5-ке, ЕО-да – 5,8-ге, АҚШ-та – 9,3-ке тең. Біздің деңгейді орташа еуропалық деңгейге дейін көтеру үшін біз ғылымды қаржыландыруды 2012 жылы 25 есе ұлғайтып, оны жылына 350 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз (ҚР Президентінің Интернет-конференциясы. Егемен Қазақстан, 8.06.2007). Сондықтан да бүгінде ғылым және білім беру салаларында жоғары қазақстандық стандарттарға қол жеткізу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ғылымды дамытуда бірқатар басым бағыттар белгіленді. Астанада арнаулы ғылыми зертханалар құрылды.

Кейінгі жылдары әдебиет пен ұлттық тілдің мәртебесін көтеруде бірқатар шаралар іске асырылуда. 30-шы жылдары нәубетке, жазықсыз жазаға ұшыраған ғалымдарды, жазушыларды, мамандарды ақтау жүзеге асты. А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердиевтің, Ә.Бөкейхановтың, Х.Досмұхамедовтың, Ж.Аймауытовтың және басқалардың кітаптары жарық көрді. Іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру жөнінде жан-жақты шаралар белгіленіп, олар жүзеге асырылуда. Барлық жоғары және арнаулы оқу орындарында қазақ тілінде оқыту бөлімдері ашылды.

Экономикалық қиындықтарға қарамастан республикада мемлекеттік театрлардың бірде-бірі жабылған жоқ. Қайта жаңадан Көкшетауда қазақтың музыкалық драма театры, Батыс Қазақстан облысында мәдениет институты, Мәдениет министрлігі жанынан күрделі мәдениет мәселелері бойынша ғылыми орталық ашылды. Өнерде менеджменттің тиімді үлгілері өмірге келді. Мысалы, Айман Мұсаходжаева "Солистер академиясы" оркестрін ұйымдастырып, бүкіл музыкалық білім беруді қайта құру жөнінде ұтымды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 1998 жылы Астана қаласында тұңғыш рет ұлттық музыка Академиясы құрылды. Жәния Әубәкірова музыкалық мектептің негізінде колледж, ал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов “ПЕН-клубын” ашты. Осының бәрі өнер саласындағы дарынды адамдардың өз идеяларын жүргізу үшін тиімді де пайдалы нысандар тауып жатқанын көрсетеді.

Мәдениетті дамытуда жоғары кәсіби мәдениет кадрлары мен мамандардың атқаратын рөлі зор. Осы жағдайды ескере отырып, мәдениет саласына қажетті кадрларды дайындау ісі республиканың 5 жоғары 39 орташа арнайы оқу орындарында жүзеге асырылып келеді.

Еліміздің мәдениеті мен рухани өрлеуіне Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылды – Мәдениетті қолдау жылы деп жариялауының үлкен маңызы болды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. 727 мәдениет мекемелері жаңадан ашылды. Олардың қатарында Астанада, Петропавлда, Оралда, Өскеменде және Түркістан қаласында ашылған театрлар бар. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келді. Бұл үлкен тойды дайындау және өткізу барысында Күлтөбе, Отырар, Қожа Ахмет Яассауидің кесенесі, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы т.б. нысандар қайтадан жаңғыртылды. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері аз уақыттың ішінде ұлтымыздың мәдениетін тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге таныта бастады. 1995 жылы ЮНЕСКО ауқымында ұлы Абайдың 150 жылдығы, ал 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойлары, 1996 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 80 жылдығы, дарынды ақын, халықтар достығын жырлаушы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерей тойын тойлау еліміздің тарихындағы жарқын оқиға болды. Еліміздің Президенті жарлығымен 1997 жыл жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланса, 1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп атап өтілді. Тарих жылы 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді. Соның ішінде Республика ұлттық ғылым академиясы тарихында тұңғыш рет АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония ғалымдарының қатысуымен отандық тарих проблемаларына арналған арнайы сессия өткізілді. Сондай-ақ, “Жібек жолы және Қазақстан”, “А.Байтұрсынов - ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері”, “Қазақстанмен шекаралас аумақтардың тас дәуірі” сияқты халықаралық және көптеген республикалық ғылыми конференциялар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Республиканың барлық облыстарына, сондай-ақ, көрші елдердің шекаралас аудандарына ірі-ірі 24 ғылыми экспедициялар аттандырылды. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде, Ордабасы тарихи-мәдени аймағында, Орталық Қазақстан аумағында археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жыл - Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осымен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени-тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап келешек ұрпақтың игілігіне айналдыру міндеті қойылды. Өйткені еліміздің аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени объектілер бар, олардың 8 мыңнан астамы мемлекеттің қорғауына алынып, 10-ы ЮНЕСКО-ның Бүкіл дүние жүзілік мұраларды сақтау орталығының жасалған тізіміне енгізілген.

Қазақстан полиграфиялық баспаларынан тарихи-мәдени мұраларды, әлем әдебиетінің ең үздік үлгілерін жарыққа шығару жандана түсті. Соңғы жылдары “Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” 10 томы, Н.Ә.Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында”, “Сындарлы онжылдық” т.б. еңбектері, 10 томдық “Тарихи және мәдени ескерткіштер” жинағы, Мұстафа Шоқай шығармаларының екі томдығы, Қытай мұрағаттары негізінде қазақ тарихына арналған бес кітап, бес томдық Қазақстан тарихының үш томы жарық көрді. Қазақ халқының 125 томдық ауыз әдебиетін, “Алаш мұрасы” атты көп томдық серияларын, Ә.Марғұлан еңбектерінің 14 томдығын, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин тағы да басқа қазақ әдебиеті классиктерінің көп томдық серияларын басып шығару қолға алынды.

Алдағы кезеңде республика мәдениетін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, оған қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев “Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары” Жолдауында мәдениетті дамытудың нақты жолдарын “Мәдени-тарихи мұраны сақтау” деген бөлімінде ерекше атап көрсетеді. Онда мынадай нақты міндеттер қойылған:

Біріншіден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау.

Екіншіден, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету.

Үшіншіден, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту және кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық дестелер жасау.

Төртіншіден, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің толымды қорын жасау.

Қорытып айтқанда, мұның барлығы елдің экономикасы оңала бастаған тұста әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият мәселелеріне айрықша назар аударатын кез келгендігін, еліміздің болашағы мәдени дамумен байланысты екендігін көрсетеді.


5. Қазақстан - әлемдік қауымдастықта.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін егемен мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жасауға, белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды. Біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.

Міне, осы бағытта 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.

Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар. Екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда 1996 ж. 27-ші сәуірде Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңызы өте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси-экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді.

Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 ж. 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді. 2000 ж. 25 қаңтарында Қазақстан Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путиннің кездесуі болды. Онда екі жақты қарым-қатынасты одан әрі жетілдіре түсуге жете мән берілді. Ал 2002 ж. желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары барысында екі ел арасында қалыптасқан достық байланыстарды барынша тереңдетуге күш салынатыны баса айтылды. Сондай-ақ, аймақтық және халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды. Екі жақты деңгейдегі, ТМД, ЕурАзЭқ, ШЫҰ шеңберлеріндегі ынтымақтастық қарым-қатынастар аймақтағы елдер қауіпсіздігінің, интеграциялануының басты кепілі болып табылатыны атап көрсетілді.

2003 жыл Ресейдегі Қазақстан жылы, 2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7 млрд. долларға жетті, мұның өзі 2003 жылғы сондай көрсеткіштен 40% дерлік көп (Егемен Қазақстан, 12.01.2005). 2005 жылдың басында Қазақстанда тұтастай жарғылық қоры 250 миллион АҚШ долларынан асатын, Ресеймен бірлескен 1100 кәсіпорын болды.

Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет - Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. 1990 ж. Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп, біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуы өте жоғары қарқын ала бастады. Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына 1992 ж. тамызда барған алғашқы сапарынан бастап, барлық байланыс жолдарын ашудың сәті түсті. Екі елдің арасында сауда соңғы жылдары ондаған есе өсті. 1997 ж. 25 қыркүйекте Алматыда өткен Қазақстан және Қытай делегациялары арасындағы келіссөз барысында Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырына шығыстағы көршіміз тарапынан 9,5 млрд. доллар жұмсалатыны жөніндегі шартқа қол қойылды. Мұның өзі саяси-экономикалық байланысты нығайтуға, шекара маңында тыныштық пен бейбіт өмірді сақтауға кепілдік берді.

1998-1999 жж. белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында тағы да жаңа маңызды уағдаластықтарға қол жетті. Ең алдымен шекараны нақтылау негізінен аяқталды. Қытаймен арадағы шекараны айқындап белгілеу Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қосымша кепілдіктер берілгенін білдірді.

Қазақстан Президентінің Қытай мемлекетіне 2002 ж. желтоқсан айында жасаған сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады. Екі мемлекет басшыларының кездесуі барысында 5 құжатқа қол қойылды. Оның ең маңыздысы “Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт” болып табылады. Сондай-ақ, бұдан басқа екі ел деңгейінде халықаралық ланкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күресте ынтымақтастық жөнінде, екі мемлекет арасындағы қауіпті әскери әрекетті болдырмау туралы және т.б. құжаттарға қол қойылды. Екі арадағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға артып, 2004 жылы оның көлемі 3 млрд. АҚШ долларынан асты. Жалпы соңғы жылдары ҚХР басшыларымен өзара кездесу, келіссөздер жүргізу біздің елдің сыртқы саясатындағы тұрақты құбылысқа айналды.

Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 ж. 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады. 1991 ж. желтоқсанында Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкер Алматыға келіп, Н.Ә.Назарбаев және басқа да ресми адамдармен келіссөздер жүргізді. 1992 ж. көкек айында Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және қарым-қатынастар жөніндегі АҚШ Конгресі комиссиясының делегациясы келді. Сол жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы сапармен барды. Осы сапардың барысында: “Сауда қатынастары жөніндегі келісім”, “Қаржы салымдарын өзара қорғау жөніндегі шарт”, “Қазақстан Республикасы және АҚШ үкіметтері арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандум”, “Қос қабат салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция келісімі туралы бірлескен мәлімдемелерге” қол қойылды. Сөйтіп, екі жақты қарым-қатынастардың шарттық-құқылық негіздері қаланды.

Осыдан кейінгі жылдары Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынастары серпінді түрде дамып келеді. Қазіргі кезде АҚШ Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы болып отыр. Вашингтон Қазақстанға Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік тұғыры, өзінің осы аймақтағы басты серіктесі ретінде қарайды. 1999 ж. желтоқсан айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев АҚШ-қа тағы да бес күндік сапар жасап, екі ел арасындағы байланысқа жаңа жол ашты. Екі мемлекет арасындағы келісім барысында ХХІ ғ. басындағы басымдық беретін басты бағыттары айқындалды.

Біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігіне он жыл толуына орай жіберген құттықтау хатында АҚШ Президенті Дж. Буш Қазақстан Халықаралық қоғамдастық үшін аймақтағы тұрақсыздық пен жанжалдарға қарсы шешуші рөл атқаратынын қуаттады. 2001 жылы желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында "Жаңа Қазақстан-Америка қатынастары туралы” бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Сонымен қатар, Қазақстан үшін Түркия, Пәкістан, Үндістан, Иран мемлекеттерімен, сондай-ақ Азияның Жапония, Оңтүстік Корея сияқты және басқа елдерімен ынтымақтастықтың да мәні өте зор.

Қазақстанға ортақ шекарасы, қалыптасқан шаруашылық, тарихи және мәдени-этникалық байланыстары бар Орта Азиядағы - Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас жасау өте маңызды. Осы бағытта 1994 жылы Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан кейіннен 1998 ж. 4-ші мемлекет Тәжікстан қосылды. Осы елдер арасындағы жасалған Шартқа сәйкес Мемлекетаралық кеңес пен оның негізгі институттары – Премьер-министрлер кеңесі және олардың тұрақты органы – Атқару комитеті құрылды. Ортақ экономикалық кеңістік туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі жылдар ішінде көп жақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары, көкейкесті халықаралық күрделі мәселелер және республикалардың экономикалық интеграциясы бойынша 200-ден астам құжаттар қабылданды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығының 2005 жылға дейінгі интеграциялық даму стратегиясы. 2002 жылдың ақпан айынан бастап Орталық Азия экономикалық қауымдастығы жаңа келісілген құжат негізінде “Орталық Азия ынтымақтастығы” болып қайта құрылды.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты көңіл аударып отырған мәселелердің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресеймен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шекараны тұрақтандырып бекіту өте қажет іс еді. Шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси проблема Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарттар бойынша Қазақстан мен Ресей әрі қарай да аймақтық қауіпсіздікті бірлесіп нығайту және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сөйтіп сыртқы саясат саласында өзара бірлесіп әрекет ету көзделген. Ресей мен Қазақстан арасындағы қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселесі екі ел арасындағы 1998 жылы шілдеде қабылданған “Мәңгі достық және одақтастық туралы декларацияда”, сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық туралы алдағы 10 жылға (1998-2007 жж.) арналған экономикалық бағдарламада өзінің даму көрінісін тапты. Осы келісімдер негізінде Қазақстан-Ресей шекара белдеулерінде делимитациялау шаралары жүргізіле бастады. Ал 2000 жылы қаңтарда Мәскеуде өткен екі мемлекет басшыларының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жасалды. Біріншісі – екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Екіншісі - қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі – шекараны нақтылау мәселесі.

Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен – 7,5 мыңнан астам шақырым, Туркменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым. Ресеймен шекараны делимитациялау мәселесі 1998 жылғы 6 шілдеде екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінен және сол жылғы 12 желтоқсандағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі хаттамадан басталды. Алты жыл аралығындағы құжаттарды әзірлеумен тыңғылықты айналысқан сарапшылар шекаралық сызықтың барлық нүктелері бойынша ортақ келісімге келді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин 2005 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Шын мәнінде, тарихи деп бағалауға болатын осы құжат бойынша екі ел үшін де айрықша маңызы бар шекара мәселесі халықаралық нормаларға сәйкес шешімін тапты. Елбасы атап өткендей, “қадым замандардан қазақ-орыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылып отыр”. Әлемдегі жерүстілік ең ұзын саналатын, жалпы аралығы 7591 шақырымды құрайтын бұл шекара сызықтары белгіленіп және мойындалып, екі мемлекет арасындағы мызғымас достықтың сенімді кепілі ретінде бағаланды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арадағы шекараны заңдастыруға кірісті. Өзара түсіністік пен мүдделілік бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Премьер-министрі Ли Пэн екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 1718 шақырымға созылып жатқан желінің екі шағын учаскесінен (бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарындағы) басқасы түгел заң жолымен бекітілді. Келесі кезектегі мәселелерді шешу үшін делимитациялық комиссия құрылды. Жоғары дәрежелі кездесу кезінде шекара мәселелерін толық реттеуге қатысты келіссөздерді одан әрі жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жетті. Бұл бағытта 1996-1998 жж. үш арнайы келісім болды. Соның нәтижесінде 1999 ж. қарашада Цзянь-Цземинь мен Н.Назарбаев шекаралық мәселелердің толық үйлестірілуі туралы арнайы коммюникеге қол қойылды. Сөйтіп, Қытаймен шекараны межелеу негізінен аяқталды.

Сонымен қатар, Қазақстан бұл жылдары өзінің жақын көршілері - Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түркменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде түпкілікті реттеуге қол жеткізді.

Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарады. 1996 жылғы сәуірде Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол қойылды. Кейін бұл келісімге Өзбекстан қосылды.

“Шанхай келісімі” негізінде алты ел басшыларының жыл сайынғы кездесуі 1997 ж. Мәскеуде, 1998 ж. Алматыда, 1999 ж. Бішкек, 2000 ж. Душанбе, 2001 ж. Алматыда болып өтті. Онда аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланып, осының нәтижесінде Декларациялар қабылданды. 2002 жылғы маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Санкт-Петербург қаласында болып өтті. Оның жұмысында ШЫҰ құрылымын орнықтыру іс жүзінде көрініс тапты. ШЫҰ-ның Секретариаты Пекинде, ал Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның штабпәтері Бішкекте орналасатын болды. Бұл кездесуде 3 құжатқа – ШЫҰ Хартиясына, аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты мақсат – бейбітшілік, соғысты болғызбау. 1992 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Президент Н.Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді. Оған сәйкес 1993 ж. көктемде Алматыда осы мәселеге байланысты шақырылған бірінші бас қосуға оннан аса мемлекеттен өкілдер келген болса, сол жылғы тамыз айындағы кездесуге 17 елден сарапшылар тобы келді. Қазақстан Хельсинки процесіне қосылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жұмысына қатысты (1992 ж.). Ал 1996 ж. 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды.

Қазақстанның СШҚ-І-Шарты мен ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы әлемдік маңызы бар оқиға. Мұның өзі елдің қауіпсіздігінің кепілдіктерін күшейтті. 1994-1995 жж. басты ядролық державалар – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, ҚХР мен Франция Қазақстанға қауіпсіздіктің бірлескен және жан-жақты кепілдіктерін берді.

Қазақстан саяси-әскери одақ - НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы аясында дамып, еліміздің қарулы күштері үшін кадрлар даярлауға қызмет етеді.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен шекарасының тұтастығын қорғау үшін өзінің жеке Қарулы Күштерін құрудың зор маңызы болды. Оны іске асыру Елбасының 1992 ж. мамырдағы “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” жарлығымен басталды. 2000 ж. 10 ақпанда 1999-2005 жылдарға арналған жаңа әскери доктрина және ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Осы құжаттарға сәйкес армия елдің ішкі жалпы өнімінің бір пайызынан кем емес көлемде қаржыландырылатыны көзделді. Доктрина негізінде Қазақстан жерінде әскери аумақтық құрылымға көшіру жүзеге асырылып, елдің барлық аймағын қамтыған Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Орталық әскери округтері құрылды. Сөйтіп, біздің елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету ең басты мәселе болып қала береді.

1992 ж. наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы республика үшін орасан зор маңызы бар оқиға болды. Осыдан кейін елімізге басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Атап айтқанда, Қазақстан негізгі валюта-қаржы ұйымдарына – Халықаралық Валюта қорына, Дүниежүзілік қайта құру және даму банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне мүше болып енді. 1997 ж. басында Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Нәтижесінде Қазақстанның шет елдермен экономикалық байланыстары арта түсті, оған берілетін инвестициялық қаржылардың көлемі артты. Мысалы, 1992-1995 жж. халықаралық қаржы институтының Қазақстанға бөлген қаржысының мөлшері 2 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Тәуелсіздік алғалы бері 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Қазақстанға тікелей инвестиция берушілердің тізімінің басында АҚШ орналасқан, одан кейін Ұлыбритания, Италия, Канада, Нидерланды, Германия, ал Азия аймағынан Қытай, Жапония, Индонезия және Оңтүстік Корея бар. Қазақстан АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Американдық “Шеврон” компаниясымен Теңіз мұнай көздерін игеру жөніндегі ірі шартқа қол қойылды. Қазіргі кезде АҚШ Қазақстанның ең маңызды экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің елімізде 350-ден астам Қазақстан-Американ бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді, сондай-ақ 100-ден астам американ компанияларының өкілдіктері тіркелген.

Қазақстан экономикасының дамуында сыртқы сауданың маңызы зор. Егемендік алған жылдардан бері Қазақстан дүние жүзінің 180-нен астам елімен сауда қатынасын орнатты. Осының нәтижесінде сыртқа шығаратын және сырттан бізге алып келетін тауарлардың көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2001 ж. Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 14 млрд. доллардан асты. Қазақстанның сауда айналымының шамамен 62% ТМД елдерінің үлесіне, 24% Еуропа елдерінің (35 ел), 13% Азия аймағы елдерінің үлесіне тиеді.

Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізіп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы (Сальдо – белгілі бір уақыт кезеңіндегі ақшалай түсімдер мен шығындар арасындағы айырма) 7 млрд. доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсті деген сөз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен ТМД-ның ауқымымен шектелген біздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түсті. Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты. Осылайша біз әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына ендік (Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан, 19 ақпан 2005 ж.).

2007 жылы 30 қарашада Мадридте ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қазақстан Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланды. 2010 жылы Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін берген әлемнің 56 мемлекетінің шешімі – еліміз қол жеткізген тағы бір ірі жетістік. Бұл – елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық зор беделінің ерен табысы, еліміздегі ұлан-ғайыр оң өзгерістердің, біздегі демократияның айшықты нәтижесі. Біздің еліміз халықаралық мойындауда және өзінің дамуында жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. ЕҚЫҰ – дүние жүзіндегі аса беделді халықаралық ұйымдардың бірінен саналады. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол бірінші түркі елі, ол тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, ең соңында, ол бірінші азиялық ел.

Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды. Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.

Әдебиет тізімі:
Оқулықтар:

Қазақстан тарихы. Очерк. Алматы, 1994.

Қазақстан тарихы. 5-томдық. 1-3 т. Алматы, 1996, 1997, 2002.

Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы: Оқулық. /Ред. Басқ. Қ.С. Қаражан. – Алматы, 2005.

Қазақтың көне тарихы. Алматы, 1993.

Байпаков К.М., Таймагамбетов Ж.К. Археология Казахстана. – Алматы, 2007.

Байпақов К.М., Таймағамбетов Ж.Қ., Жұмағанбетов Т. Қазақстан археологиясы. Оқу құралы. – Алматы, 2007.

Кәдірқұлова Г.Қ. Қазақстан тарихы: Оқулық. Алматы, 2005.

Учебно-методический практикум по истории Казахстана для семинарских занятий: для студентов неисторических факультетов. Алматы, 2002.
Деректер:

Алаш-Орда: сборник документов. Алматы, 1992.

Алма-Ата 1986. Декабрь. Книга-хроника. Ч. 1-3. Алматы, 1992.

Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1991.

Бочагов А. Алаш-Орда. В кн: Сафаров Г. Колониальная революция: опыт

Туркестана. Алматы, 1996.

Гонимые голодом: Документы о судьбе тысяч казахов, бежавших в начале 30-х годов. Ч. 1-2. Алматы, 1995.

Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. 2-кітап. – Алматы, 1991.

Иностранная военная интервенция и гражданская война в Средней Азии и Казахстане: Сб. документов. Т. 1. А., 1963. Т. 2. Алма-Ата, 1964.

История индустриализации Казахской ССР (1926-1941 гг.): Документы и материалы. Т. 1-2. Алма-Ата, 1967.

Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг.: Сб. докум. и материалов. Алма-Ата, 1975.

Кенесарыұлы Ахмет сұлтан. Кенесары және Сыздық сұлтандар. Алматы, 1992.

Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926 - июнь 1941 г.): Докум. и материалы. Алма-Ата, 1967.

Культурное строительство в Казахстане: Сб. докум. и материалов. Алма-Ата, 1965.

Қазақ қалай аштыққа ұшырады? Алматы, 1991.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша хрестоматия (1917-1939 жж.). І том /Ред. басқ. Қ.С. Қаражан. – Алматы: Қазақ университеті, 2007.

Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995.

Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы, 1997.

Қонаев Д.А. Ақиқаттан аттауға болмайды. Алматы, 1994.

Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, 1991.

Мартыненко Н. Алаш-Орда: Сб. документов. Алматы, 1992.

Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ вв. Алмати, 1969.

Мухаммед Хайдар Дулати. Тарихи рашиди. Алматы, 1999.

Назарбаев Н. Әділеттің ақ жолы. – Алматы, 1991.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстан - 2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. Алматы, 1997.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. Алматы, 1992.

Назарбаев Н.Ә. Жүз жылға татитын он жыл. Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. . // Егемен Қазақстан, 17 желтоқсан 2001 ж.

Назарбаев Н.Ә. Жаңа кезең - жаңа экономика. // Егемен Қазақстан, 16желтоқсан 2004 ж.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан, 19 ақпан 2005 ж.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстандық жол: тұрақтылықтан – жаңару арқылы - өркендеуге. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. – Егемен Қазақстан, 16 желтоқсан 2006 ж.

Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2007 ж. 28 ақпан. – Егемен Қазақстан, 1 наурыз 2007 ж.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Егемен Қазақстан, 7 ақпан 2008 ж.

Народное движение за освоение целинных земель в Казахстане: Сборник материалов. М.,1959.

Образование Казахской АССР. Сб. документов. Алма-Ата, 1957.

Сиуңну. «Хан кітабы». (Көне қытай жазбаларынан. Аударған Қ.Салғараұлы). Алматы, 1998.
Зерттеулер:

Абишев Г. Казахстан в Великой Отечественной войне. Алма-Ата, 1958.

Абылхожин Ж.Б. Очерки социально-экономической истории Казахстана. ХХ век. Алматы, 1997.

Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. М.,1994.

Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. 1-кітап. Алматы, 1996; 2-кітап. Алматы, 1997.

Ашимбаев Т.Е. Экономика Казахстана на пути к рынку. Алматы, 1994.

Әбуев Қ. Қазақстан тарихының "ақтаңдақ" беттерінен. Алматы, 1994.

Бейісқұлов Т. Желтоқсан ызғары (1986 жылғы оқиға қаһармандарына ескерткіш). Алматы, 1994.

Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында. Алматы, 1994.

Верт Н. История Советского государства. 1900-1991. М., 1992.

Вяткин М. Батыр Сырым. Алматы, 1998.

Гумилев Л.Н. Хундар. Алматы, 1998.

Гуревич Л. Тоталитаризм против интеллигенции. Алматы, 1992.

Ежелгі Үйсін елі. ҚХР, Үрімжі, 2005.

Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. Алматы, 1994.

Жұртбаев Т. Дулыға. 2 кітап. Алматы, 1994.

История Казахстана: белые пятна: Сборник статей. Алматы, 1991.

Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. Алматы, 1993.

Қасымбаев Ж. Кенесары хан. Алматы, 1993.

Козыбаев М.К. Казахстан - арсенал фронта. Алма-Ата, 1970.

Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992.

Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? Алматы, 1993.

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995.

Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. Алматы, 1994.

Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы, 1996.

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. Алматы, 2000.

Михайлов В. Хроника "великого" джута. Алма-Ата, 1989.

Назарбаев Н.Ә. Әділеттің ақ жолы. Алматы, 1991.

Нұрпейісов К. Алаш һәм Алаш-Орда. Алматы, 1995.

Омарбеков Т. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы, 1997.

Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. Алматы, 2001.

Осипов В.П. Всматриваясь в 20-30-е годы. Алматы, 1991.

О чем не говорили. Алматы, 1993.

Өтенияз Самат. Аттила. Алматы, 2000.

Сулейменов Б.С., Басин В.Я. Восстание 1916 г. в Казахстане. Алма-Ата, 1977.

Тынышпаев М. История казахского народа. Алматы, 1998.

Шоқай Мұстафа. Түркістанның қилы тағдыры. Алматы, 1992.

М А З М Ұ Н Ы
Кіріспе ............................................................................................... 3

І - тақырып. Ежелгі заманғы Қазақстан ............................................................ 5

2 - тақырып. Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар және ежелгі

мемлекеттік бірлестіктер .............................................................. 13

3 - тақырып. Орта ғасырлардағы Қазақстан (VІ-XII ғғ.) ................................ 21

4 - тақырып. Қазақстан монғол дәуірінде (ХІІІ ғ. басы – ХҮ ғ. 1-ші

жартысы). ......................................................................................... 36

5 - тақырып. Қазақ хандығының құрылуы .......................................................... 44

6 -тақырып. XVI - XVIII ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси



және әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар ............... 50

7- тақырып. Патшалық ресейдің Қазақстанды жаулап алуының



басталуы …………………………………………………………... 65

8- тақырып. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылуы.



Ұлт-азаттық жолындағы көтерілістер. …………………………. 78

9 - тақырып. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы саяси және

әлеуметтік-экономикалық қатынастар …………………………………… 96

10-тақырып. ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан ……………………….. …. 104

11-тақырып. Қазақстан Қазан төңкерісі мен азамат соғысы

жылдарында (1917-1920 жж) …………………………………… 120

12-тақырып. Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу



кезеңінде (1920-1939 жж.) ………………………………………. 130

13-тақырып. Қазақстан Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан



соғысы жылдарында ……………………………………………. 149

14-тақырып. Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстан



(1946 – 1970 жж.) ………………………………………………….. 160

15-тақырып. Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің тоқырау



жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық

және қоғамдық-саяси дамуы (1971-1990 жж.) ………………... 170

16-тақырып. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық



және саяси дамуы (1991-2008 жж.) ……………………………... 182

Әдебиет тізімі ……………………………………………………… 213







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет