Қазақстан тарихы


Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру



бет18/23
Дата15.11.2016
өлшемі5,07 Mb.
#1825
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

2. Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру
Соғыстың алғашқы айларында Кеңестер мемлекеті соғысқа дейінгі жылдары салынған өндіріс қуатының көп бөлігінен айырылды. Бұл жағдаймен бір мезгілде мемлекет экономикасын әскери өмірге бейімдеу іс-шаралары жүзеге асырылды. Қысқа мерзім ішінде республика халық шаруашылығын соғысқа бейімдеп қайта құру қиын болды. Бірінші кезекте елдің қорғаныс мұқтажына жұмыс істейтін халық шаруашылығы материалдық және адам ресурстарымен қамтамасыз етілді. Халық шаруашылығы салаларында негізінен әйелдер, қариялар, жасөспірім балалар еңбектенді. Соғыс уақытының талабына сай жұмыс күні ұзартылды және еңбек демалыстары жойылды. Барлық азық-түлік пен шикізат қорлары майданға жіберілгендіктен халық азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен белгіленген мөлшерде ғана қамтамасыз етілді.

Соғыстың алғашқы күндерінде КСРО үкіметі жанынан эвакуация жөніндегі Кеңес құрылды. Ал, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан эвакуациямен келген халықты, өнеркәсіп орындарын орналастыру жөніндегі бөлімдер ашылды. 1941 жылдың жазынан бастап Қазақстанға көшірілген халықты әкелген эшалондар келе бастады. Қазақ Республикасына әсіресе, 1941 жылғы тамыз-желтоқсан айларында халық көп келді. 1941 жылдың аяғында тылға көшірілген 12 млн. халықтың 386492-сі Қазақстанға орналастырылды. Бұл көрсеткіш 1942 жылы 532,5 мыңға өсті. Жергілікті өкімет ұйымдары эвакуациямен келген халықтың мұқтажын қанағаттандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырды.

Соғыстың алғашқы айларынан бастап Қазақстанға батыс аудандардағы өнеркәсіп орындары көшіріле басталды. 1941 жылы 28 қыркүйекте Ақмолаға ең алғашқы Мелитополь станок зауыты көшіп келді. Петров атындағы мұнай жабдықтарын жасайтын зауыт Гурьевке, Пархоменко атындағы шахта жабдықтарын жасайтын зауыт Қарағандыға көшірілді. Қазақстан территориясына көшірілген өнеркәсіптер жоспарлы түрде шикізат көздеріне жақын жерлерге орналастырылды. Ақтөбе ферросплавл зауыты Запорожье ферросплавл зауыты жабдығын, Өскемен қорғасын мырыш комбинаты, Орджаникидзе түрлі-түсті металл зауытын, Ворошилов ауыр машина жасау зауытын Алматы авторемонт зауыты қабылдады. Алматыдағы құрылысы толық аяқталмаған авторемонт зауыты Луганск ауыр машина жасау зауытын, республикамыздың оңтүстігі Украинаның 14 қант зауытын қабылдады.

Өнеркәсіп орындарын көшірудің екі кезеңі болды: 1941 жылдың соңынан 1942 жылдың басына дейін, 1942 жылдың басынан күзіне дейін. 1941 жылдың күзінде Қазақстанға УКСР-нен, БКСР-нен, Ленинград пен Москвадан өнеркәсіп орындары көшірілді. Тек Украинадан 70 шақты зауыт, фабрика, электростанция, депо, механикалық шеберханалар келді. Олардың ішінде Қазанның ХХ жылдығы атындағы станок жасайтын зауыт, № 24 зауыттың Харьковтік ұшақ цехы, Днепропетровск вагон жөндеу зауыты, “Трансвязь” электромеханикалық зауыты, Пархоменко атындағы Луганск машина жасау зауыты, Киев ет комбинаты және т.б болды. Москва және Москва облысынан рентген, Дзержинский атындағы электротехникалық зауыт, Курчатовск мехзауыты, “Изолит” зауыты, “Красный факел” зауыты көшірілді. Тек Гурьев арқылы 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанға 24 000 тонна әр түрлі өнеркәсіп жабдықтары көшірілді.

Жеңіл өнеркәсіп орындары да Қазақстан, Орта Азия территорияларына көптеп көшірілді. Атап айтқанда, Киев, Азов, Артемов аяқ-киім фабрикалары негізінде Семей аяқ-киім фабрикасы, “Парижская коммуна” аяқ-киім фабрикасы негізінде Қарағанды, Қызылорда, Алматы аяқ-киім фабрикалары құрылды. Қазақстанға 53 жеңіл өнеркәсіп орындары көшірілді. 20 шақты машина жасайтын, металл өңдейтін, азлитражды двигатель, радиоприбор, таразы, тігін машинасын жасайтын зауыттар әскери жабдық, қару-жарақ шығаруға негізделіп қайта құрылды. Көшірілген өнеркәсіп орындарымен бірге республикаға 3200 тау-кен мамандары, 200 Донбасс шахтасының құрылысшылары, Воронеж, Луганскіден 2000 машина жасаушы мамандар, 1000 теміржолшылар, 7000-ға тарта инженер-техник мамандары қоныс аударды. Жау уақытша басып алған жерлердегі өнеркәсіп орындары Қазақстанға көшіріліп, орналастыру шаралары 6 айға созылды.

Отанға төнген қауіп Кеңестер Одағының барлық ұлттары мен халықтарын тығыз біріктірді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан еңбекшілері жоғары ұйымшылдық көрсетіп, Отанының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін еңбектенуді басты мақсаты деп шешті. 1941 жылдың 16 тамызында БКП (б) ОК-мен КСРО ХКК Повольжье, Орал, Батыс Сібір, Қазақстан және Орта Азия аудандарына 1941 жылдың 4- тоқсанына және 1942 жылға арналған жоспарды бекітті. Бұл жоспар бойынша әскери техника, жабдықтар, оқ-дәрі өндіруді ұлғайту және металлургия, көмір салалары өнімдерін асыра өндіру, стратегиялық шикізат шығаруды арттыру көзделді. Өйткені 1941 жылдың өзінде жау КСРО территориясының көп бөлігін жаулап алды. Жаулап алынған территорияларда өндірілетін шикізат ендігі жерде Қазақстанда бірнеше рет көп мөлшерде өндірілді. Донецк, Москва түбіндегі көмір бассейндерінен көмір өндіру мүлдем тоқталды. Сондықтан соғыс мүддесіне көмір өндірудің барлық ауырлығы Қарағанды көмір бассейніне түседі. Қарағанды көмір бассейні соғыс жылдарында алдағы жылдармен салыстырғанда көмірді төрт есе артық өндірді. Соғыс жылдары 18 жаңа шахта ашылды. 1945 жылы конструктор С.С.Макаров әлемдегі ең алғашқы көмір комбайнын Қарағанды жерінде ойлап тапты. Қарағанды көмірі Орал, Орск-Халиловск, Поволжье өнеркәсіп орындарын, темір жол транспортын отынмен қамтамасыз етті.

Соғыс жылдары мұнай өндіру 3 есеге көбейді. “Қазақстан мұнай” ұжымы тәулігіне 12 сағат жұмыс істеді. “Ақтөбе мұнай” ұжымы Жақсымай мұнай шығару объектісін жұмысқа қосса, Гурьев облысының мұнай құбырларында мұнай өндірісін арттыруды қолға алды. Ұжымдар арасында социалистік жарыстар кеңінен қанат жайып, жарысқа қатысқан 9340 мұнайшының 5800-і жұмыс нормасын 101-200%, 218-сі – 200-300 %, 23 мұнайшы 300 % асыра орындады. Ембі-Құлсары мұнай өндірісін басқарған мұнайшы инженер Сапы Өтебаев 1941 жылы 29 ұңғыны жұмысқа қосып, тәуліктік өнімді осы жылы соғысқа дейінгі көрсеткіштен екі есеге көбейтті. Соғыстың тек алғашқы жылы жаңа 4 мұнай өңдеу орындары жұмысқа қосылды.

1942 жылы неміс-фашистер әскері Волгаға шығып, Солтүстік Кавказ территориясын басып алуына байланысты, мұнай өнеркәсібінің жағдайы қиындады. Сондықтан Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті мұнай өндіруде Қазақстанға үлкен үміт артады. Ембі мұнайшылары 1942 жылы тәулігіне 2500 т. мұнай өндірсе, 1943 жылы – Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасын орындау барысында мұнай өндіруді 4500 тоннаға жеткізуді ұйғарды. 1943 жылы 18 мамырында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті “Қазақстан мұнай комбинатында мұнай өндіруді жүзеге асыру шаралары” деген қаулы қабылдайды. Қаулы бойынша мұнай өндіруді барынша күшейту және комбинат жанынан барлау бөлімін ашу жолға қойылды. Нәтижесінде осы жылы Кавказ және Қазақстан мұнайын майданға жеткізу жолдары салынып, майдандар өз мерзімінде жанармаймен қамтамасыз етілді. 1943 жылы “Қазақ мұнай” ұжымы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Қызыл Туын 5 рет иемденіп, мұнай өңдеуде жоғарғы көрсеткіштерге жетті. 1944 жылы “Қазақстан мұнай комбинаты” ұжымы 15 рет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы аталып, 10 рет ОАК мен Қазақстан коммунистік партиясының Туларын иемденді. 1944-1945 жылдары бұл ұжым 11 рет Қорғаныс Комитетінің Туын иемденіп бүкілодақтық жарыстың 2,3- орындарын жеңіп алды.

Соғыс жылдары қорғаныс өнеркәсібі үшін Қазақстан металлургтері күні-түні еңбек етті. Өндірілген 100 т. молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат руднигі өндірді. Қазақстан соғыс жылдары Одақ бойынша өндірілген барлық қорғасының 85%, полиметалдың –70 %, висмуттің – 50%, вольфрамның 20% өндірді.

Тоталитарлық тәртіптің қылмыстарының бірі – халықты депортациялау, яғни оның этноәлеуметтік және территориялық бірлігін күштеп бұзу болды. 30-шы жылдары жүзеге асырыла бастаған депортациялау науқаны екінші дүниежүзілік соғыс жылдары күшейе түсті. Негізсіз айыппен 1941 жылы поляктар мен 361 мың Волга бойының немістері шұғыл түрде көшіріліп, Қазақстанның 12 облысына жер аударылды. Қазақстанға жер аударылар алдында олардың мал-мүлкі толығымен тәркіленіп, өкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді. Олар тек жергілікті халық тарапынан қолдау тапты. Кеңестік немістерге әкімшіл-әміршіл жүйе Отанын қорғауға рұқсат етпеді. Сондықтан қолына қару алып, фашистермен соғысу үшін көптеген немістер фамилияларын өзгерткен. Мысалы, Вольдемар Венцель Венцов деген фамилиямен соғысып, көптеген медальдар мен Қызыл Ту орденімен марапатталған. Павлодарлық П.Шмидт азербайжан тілін білгендіктен Али Ахметов деген атпен, Иван Гарвард Громов деген фамилиямен соғысқа қатысады. Соңғысы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Оның есесіне 1942 жылдан бастап 15-60 жас аралығындағы немістер еңбек армиясына мобилизацияланады. Еңбек армиясы күшпен еңбек ету лагерлерінде тұрды және оларды ІІХК-ның қарулы әскер бөлімшелері күзетті.

1943-1945 жылдар аралығында республиканың 4 облысы мен 145 ауданына 507 мың карашайлықтар, балкарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, 110 мың месхеттік түріктер мен күрдтер, 180 мың Қырым татарлары жер аударылады. Әкімшіл-әміршіл жүйе бұл халықтарды азаматтық құқықтарынан айырып, жойып жібере жаздады. Бұл фактілер Кеңестер мемлекетінде сөз жүзінде халықтар достығы, теңдігі туралы көп айтылғанымен, іс жүзінде ұлттық саясаттың бұрмалағандығын көрсетеді.

Осындай халықтың жанқиярлық ерлігінің нәтижесінде кеңестік экономиканың өсу қарқыны соғыс алдындағы бес жылдықтар көрсеткіштерінен жоғары болды. Нәтижесінде тек 1942 жылдың өзінде КСРО Германиямен салыстырғанда танкті 3,9 есе, ұшақты 2 есе, артиллериялық қару-жарақты 3 есе артық өндірді. Ал, 1944 жылы кеңестік индустрия сөткесіне бір танк бригадасы мен полкін, 3 авиация полкін жабдықтауға жарайтын әскери техника шығарды. Оған Қазақстан экономикасы да өз үлесін қосып, соғыс өнімдерінің басым бөлігін өндіріп, уақытымен майданға жеткізіп тұрды.



3. Халықтың тылдағы еңбегі
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.

Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Куйбышев атындағы колхозында 74 жастағы қарт ана – Анар Садықова – жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының “Шолақ еспе” артелінде 70 жасар қария – Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады. 1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының “Құрман” колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев 1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы – 1 га-дан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы, “Авангард” колхозының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш.Берсиев, Ким Ман Сам, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. “Ойыл” ауданы, “Кемерші” совхозының Зауре Баймулдина звеносы, Шелек ауданы “Төңкеріс” колхозынан Малжегерова звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рулдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы қолхозында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайынын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады.

1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егін салатын жер ауданы 17%-ке өсті. Осы жылы Қазақстанда 6809 колхоз болды, оларда еңбек етуге жарамды 4912001 ерлер, 593407 әйелдер еңбектенді. Нәтижесінде 1942 жылы Қазақстанда егін жақсы шығып, республика бойынша 84,3 млн. пұт астық жиналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Семей облыстары астық жинау жоспарын 102,2-тен 114,9-ке асыра орындады. 1943 жылдан бастап республикада егін егісі қысқара бастады. 1940 жылы егістік 6808,6 мың га болса, 1945 жылы 6039,9 гектарға кеміді. Себебі 1943 жылдан бастап жаудан азат етілген жерлерге егін салу жандана бастады. Керісінше, картоп, бау-бақша өнімдерін егетін жер көлемі жылдан-жылға өсті. Бұл өнімдер 1940 жылы 214,2 мың гектар егістікке егілді. Сондықтан 1944 жылы колхоздар мен совхоздар мемлекетке 1943 жылмен салыстырғанда 18,2 млн пұт қант қызылшасын, 7 ц. көкөніс, 150 000 ц. мақта артық өткізді. Бұл жылдары республиканың барлық колхоздары мен совхоздары жоспарларын орындаумен шектелмей, асыра орындауға бар күштерін салды. Мысалы, Қарағанды облысының Осакаровка ауданы 1943 жылы 1944 жылмен салыстырғанда мемлекетке 2 млн. пұт астық артық тапсырды.

Соғыс жылдары бір адам майданға кеткен бірнеше адам орнына жұмыс істеу қозғалысына, жұмыс өнімділігін арттыру барысында мемлекет тарапынан ұйымдастырылған әртүрлі жарыстарға қазақстандық малшылар да көптеп тартылды. Мысалы, 1942 жылы бүкілодақтық малшылар жарысынан қазақстандықтар бірінші орын алды. Сандық көрсеткіш бойынша 1942 жылдың соңында мал басы 1,5 млн. немесе 1942 жылдың басындағы көрсеткіштен 17%-артты. Мал басын өсіруден Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары алда болды.

Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауыл шарушылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.

Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржысына алынған қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Москва түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинауды бастайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде “Қазақстан комсомолы” деген жазумен Сталинград майданына жөнелтілді. Жүздеген оқушылар егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, “Қазақстан пионері” фондына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша “Қазақстан пионері” атты коллонаны жабдықтауға жұмсалды. С.И.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен жоғарғы оқу орындарының студенттері “Кеңестік студент” деген танк колоннасын жабдықтауға 600 мың сом ақша жинады. Танк колонналары мен ұшақ бөлімдерін жасақтауға Республикада 480 млн. жуық ақша жиналып, Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. 1943 жылы Алматы қаласында С.Луганскиймен кездесу ұйымдастырылып, бұл кездесуден кейін Алматы жастары 400 мың ақша жинап, батырға жаңа ұшақ сыйлады. Сондай-ақ, соғыс жылдары жинаған қаржыға И.Павловқа, Н. Добровольскийге, Р.Бекетовке арнайы ұшақтар, Кеңес Одағының батыры Қ.Сыпатав атындағы су асты қайығы жасалынды. Республика тұрғындары өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша беріп, 20-дан астам құрамалар мен әскер бөлімдерін шефке алып жауынгерлерге 2 млн. астам жылы киім, 1600 мың сомның сыйлығын жөнелтті.

Сонымен қатар қазақстандықтар қоршауда қалған қалаларға қамқорлық көмек көрсетті. Қазақстан жаудан азат етілген Орал облысының 10 қаласын, 35 ауданын, Лениград облысының 12 қаласын, Калинин облысының аудандарын қалпына келтіруге көмектесті. Сол сияқты Москва, Курск облыстары, Солтүстік Кавказ, Белоруссия, Украина және т.б. республика тұрғындарына көмектесті. Қазақстан комсомолдары қамқорлыққа алған Сталинградта трактор зауыты мен “Красный октябрь” зауытын қалпына келтіру жұмыстарына 1943 жылы 1439 қазақстандық комсомол аттанды. Түрксіб теміржолшылары батыстағы темір жолдарды қалпына келтіру үшін 20000-нан астам мамандарды жіберді.

Жауды жеңуге республиканың зиялы қауым өкілдері де үлкен үлес қосты. Олардың қатары Кеңес Одағының батыс аудандарынан уақытша көшірілген ғылым мен өнер қайраткерлері негізінде толықтырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді. Олардың ішінде КСРО Ғылым Академиясының физиология институты, Украина Ғылым Академиясының физика-механика институты, Москва, Ленинград, Киев институттары болды. Осы жылдары Қазақстанда И.П.Вернадский, В.А.Обручев, И.И.Мешанинов, А.И.Бах, Л.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д. Греков, С.Н.Бернштейн және т.б. атақты ғалымдар жұмыс істеді. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 100-ден аса жазушылар уақытша көшіп келді. Олардың ішінде А.Толстой, С.Маршак, С.Михалков, К.Паустовский, М.Зощенко, О.Форш, С.Сергеев-Ценский, Л.Квитко сияқты атақты жазушылар болды. Соғыс жылдары партизан-ақын Ж.Саинның топтамасы, Қ.Аманжоловтың “Ақын өлімі туралы аңызы”, М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғ.Мүсіреповтың “Қазақ солдаты”, Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ” повесі, Ж.Жабаевтың “Ленинградтық өренімі” дүниеге келді.

Сонымен бірге Қазақстанға 20-дан аса театрлар мен музыкалық мекемелер, өнер қайраткерлері көшірілді. 1941-1945 жылдары Алматының біріккен орталық киностудиясында кеңес киноматографиясының алтын қорына енген фильмдер түсірілді. Олар: “Секретарь райкома”, “Они защищает Родину”, “Воздушный извозчик”, “Два бойца”, “Фронт”, “Жди меня”, “Парень из нашего городка” т.б. Соғыс жылдары Қазақстанда 500-ге тарта кино қызметкерлері мен әртістер еңбектенді. Мысалға, С.Эйзенштейн, Ф.Эрмлер, Г.Рошаль, Э.Тиссе, Н.Черкасов, Г.Александров, С.Васильев, И.Пырьев, Л.Орлова, Н.Крючков, В,Марецкая және т.б. Орталық киностудия қызметкерлерімен бірігіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, А.Тәжібаевтің қатысуымен “8 - ші гвардиялық”, “Абай өлеңдері”, “Жауынгер ұлы”, “Саған, майдан” фильмдері түсірілді.

Соғыс жылдары КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет пен тарих, химия-металлургия, топырақтану мен ботаника, зоология және өлкетану институттары ашылды. Қ.И.Сәтпаев бастаған қазақстандық ғалымдар қара, түсті және жиі кездесетін металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізді.

Соғыс жылдары Қазақстанға жоғарғы оқу орындары көшіріліп, көптеген орыс-қазақ, қазақ-украина мектептері, балалар үйі мен интернаттар ашылды. Олардың ішінде – Москва авиация институты, Москва түсті металл және алтын институты, біріккен Украина мемлекеттік университеті болды. Сонымен бірге соғыс жылдары Алматы мемлекеттік шет тілдер институты, Шымкент технологиялық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды.

Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.

14-тақырып. Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстан (1946 – 1970 жж.)


1. Қоғамдық-саяси және мәдени өмірдегі өзгерістер

2. Халық шаруашылығын дамытудағы сәтсіз реформалар


1. Қоғамдық-саяси және мәдени өмірдегі өзгерістер
Қоғамдық-саяси жүйеде 20 жылдардың ортасында орныққан қатаң әкімшіл-әміршілдік жүйе 40–50 жылдары шарықтай түсті. Бұл қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Адамның табиғи құқығын шектеу, ұлттық мүддені ескермеу, мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал жасау сияқты олқылықтардың шегі болмады. Қоғамдық-саяси және мәдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Үкімет басшылары түрлі желеулермен заңдылықтарды өрескел бұзып, мемлекеттік билікті теріс қолданып жатты. Оған өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы “Звезда” және “Ленинград” журналдары туралы қаулысы бұл құбылыстың нақты дәлелі бола алады. Қазақстан партия комитеттері өз жұмысын аталмыш қаулының аясында жүргізді.

Москва мен Ленинградта “Лениградтық іс”, “Дәрігерлер ісі” жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы “Бекмахановтың ісі” ұйымдастырылды. Е.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин және тағы басқа кеңес тарихшыларымен бірлесіп Қазақ КСР тарихын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді. Алғашқыда еңбек жоғары бағаланғанына қарамастан, көп ұзамай сынға алынып, әсіресе, кітаптағы ұлт-азаттық көтерілістерге берілген баға қызу айтыс тудырды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы “Правда” газетіндегі “Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін” деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Правда” газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, “Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады”. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4-желтоқсанда 25 жылға сотталды.

Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды.

1948 жылы “космополитизммен”, яғни шетел мемлекетерінің мәдениетіне көңіл бөлушілермен күрес науқаны басталды. Космополитизм науқанында Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ халқының мақтанышы болып келген Шортанбай, Шәңгерей, О.Қарашев феодалдық-реакцияшылдар деп танылып, ал кейінгі кеңес әдебиетшілері – Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов ұлтшылдар ретінде қудаланды. Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев “Едіге батырға” алғысөз жазғаны үшін “ұлтшыл” атанса, М.Әуэзов 1945 ж. жарық көрген “Абай өмірінің және творчествосының биографиялық очеркі” еңбегінде Абайды “феодалдық ақындар Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені үшін” қудаланады. Екі зиялыға да осындай орынсыз кінәлар тағылғаннан кейін, Москваға қоныс аударуға мәжбүр болды. “Космополиттер” қатарына белгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд та енгізілді. Оған “араб, иран, қытай мәдениеттерін жоғары көтерген” деген мағынадағы кінә тағылды. Сонымен қатар 1946 жылы А.Маметованың “Абай Құнанбаев” атты әдеби еңбегіне де космополиттік деген кәні тағылып, басылымнан алынды. 1952 жылы баспадан С.Мұқановтың “Балуан Шолақ”, С.Мұқанов алғысөз жазған Қ.Аманжолов пен Х.Бекхожиннің “Батырлық эпосы”, Қ.Сатыбалдиннің “Әлия”, М.Хакимованың “Мәншүк” еңбектері қайтып алынды.

Осылайша соғыстан кейінгі жылдарда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген ұғымды әкімшіл-әміршілдік жүйе тұншықтырып тастады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарлаған Қазақ КСР Ғалым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл және мәдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын “ұлтшылдардан” тазалау саясаты тоқтатылды. 1953 жылы мамыр айынан бастап социалистік қоғамдағы қайшылықтар, жеке тұлға мен халықтың тарихтағы рөлі, Сталиннің жеке басына табыну мәселелері төңірегінде алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. “Үштіктер”, “Бестіктер”, “Ерекше кеңес” жойылып, ГУЛАГ МҚК-не берілді. Л.П.Берияның қылмыстық іс-әрекетін үзілді-кесілді тоқтату қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. Бірақ бұл - әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын.

Сотталған адамдар бұрынғыша лагерлерде отырды, ал адам құқығының аяққа басылуына Сталиннің өзі сияқты қатысы болған көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет орындарында отыра берді. 1954 жылы Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуы республикадағы қоғамдық өмірге үлкен әсерін тигізді. Тың жерлерді игеру науқаны барысында кадрлар өрескел түрде алмастырылды. Он жылдың ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтің орнына КСРО мәдениет министрі П.Понаморенко тағайындалды. Ал үкімет басындағы Н.Оңдасынов орнына Д.Қонаев келді. 1955-1957 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Л.И.Брежнев П.Понаморенконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И. Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) болды. Бұл науқан барысында тағайындалған басшылардың көбі қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді.

1956 жылы 14 ақпанда Москвада КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелеп, талдау жасауға тырысты. “Жеке басқа табынушылық және оның салдары” туралы мәселе 25 ақпанда съездің жабық мәжілісінде көтеріліп, съезд өткен соң, жарты жылдан кейін, 30 маусымында “Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою” жөнінде қаулы қабылданды. Н.С.Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің жеке басына табынушылығын әшкерелеу” туралы баяндамасының толық мәтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді.

Тарихта “жылымық” деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қоғамдағы кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін тұғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов еліне оралды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев партия қатарына қайтадан алынды. Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен оның төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшілдік жүйені толық жойған жоқ. Әлі де кінәсіз соталған адамдар түрмелерде қалды. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтандақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді. Қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді. Сталиннің өлімінен кейін жасалған іс-әрекеттің жартыкештігінің салдарынан бір жағынан депортацияға ұшыраған башқұрттар, қалмақтар, шешендер, ингуштар мен қарашайлықтардың автономиясы қалпына келтірілсе, ал, екінші жағынан қырым татарлары, немістер, месхет түріктеріне өз автономиясын қайта құруға әкімшіл-әміршілдік жүйе тиым салды.

Әкімшіл-әміршіл жүйені мойындаған қазақ зиялыларына біраз кешірімдер жасалғанымен тоталитарлық тәртіп зиялыларды бақылауын тоқтатпады. Мысалы, 1953-1954 жылдары М.Әуезовтің “Ақын аға”, К.Шаңғыбаевтың “Намыс” және т.б. еңбектері басылымнан алынып, жариялауға тиым салынды.

1956 жылы 19 желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті жергілікті партия ұйымдарына “Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту және жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөнінде” арнаулы жабық хат жолдады. Сөйтіп, тұтқындау науқанының жаңа кезеңі басталды. Саяси тұрғыда басқаша ойлаушылар қоғамның қайшылықтарын ашық айтқандары үшін қудаланды. Бір ғана мысал, 1956 жылы белгілі тарихшы Э.Н.Бурджалов “1917 жылғы наурыз-сәуір айларындағы большевиктердің тактикасы” аты мақаласы үшін қызметтен алынып, қудаланды. Ал, 1957 жылдың 3 айында ғана “Советтік шындықты бұрмалағаны үшін” және өткенді қайта қарағаны үшін 100-ден астам адам тұтқындалды. Мұндай келеңсіздіктер 60-шы жылдары да қоғам өмірінен орын алды. 1959-1960 жылдары 155 еңбектің жариялануына партия тарапынан тыйым салынды. 1960 жылы Қазақстан жазушылар одағы республика компартиясының төрағасына С.Торайғыровтың творчествосын қайта қарау туралы ұсыныс жіберді. Екінші жіберілген хатта Шәкәрім творчествосын қайта қарауға рұқсат сұрады. Бұған жауап ретінде республика компартиясы 1961 жылы Қазақстан жазушылар одағының қызметін қанағатсыз деп тауып, ұлт мәселесін көтерушілермен күресті жандандырды. Осы жылдары, керісінше, орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте маңызды болды.

Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды. Ақмола – Целиноградқа, Батыс Қазақстан – Орал облысына айналды.

Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу кезінде тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тәтімов, М.Ауэзов бас болып “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты – қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте және басқа жерлерде пайда болды.

Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Әсіресе, экономиканың әскери сұранысқа сай бейімделуі қоғамға теріс ықпалын тигізді. 1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық және қаржылық шығын әкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды.

Н.С.Хрущев мемлекеттің “коммунизмге өтуіне байланысты” жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылады. Бұл комиссияның жобалары 1977 жылы КСРО Конституциясын жасауда пайдаланды.

Сол жылдардағы конституциялық заңдарда жазылған демократия талаптары із жүзінде жүзеге аспады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Кеңесіне бағынды. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес тек бір палатадан тұрды, яғни балама болмады. Конституцияда тәуелсіз деп көрсетілгенімен, құқық қорғау, прокуратура органдары да орталыққа бағынды. Ал биліктің тармақтары: заң шығару, атқару, сот-тергеу, прокуратура Коммунистік партияға есеп беріп, бұйрық-жарлықтарын орындап отырған. Ешбір кеңестік заңда бұл процесс заңдастырылмағанымен, іс жүзінде әкімшіл-әміршіл жүйе билік құрды. Депутаттарды сайлау науқандары да демократиядан мүлдем алшақ еді. КСРО Жоғарғы кеңесіне 20 мың адамнан біреу, облыстық кеңеске 5 – 8 мың адамнан – біреу, аудандық кеңеске 1000 адамнан – 1 таңдау негізінде жүргізілді. Дауыс берушілер іс жүзінде депутаттарды көрмеді, білмеді. Дауыс беру тек сөз жүзінде жүргізілді. Депутаттарды халық таңдамады, жергілікті әкімшілік органдар “тағайындады”. Сайлаған депутаттар өз міндеттерін білмеді. Депутаттар орындауға тиісті мәселелерін атқару комитеттеріне өтініш ретінде беріп отырды.

Саяси қателікке толы Хрущев қызметінің соңы 1964 жылдың қазан айында аяқталды. КОКП-ның Орталық Комитетінің Пленумында 1-хатшы қызметіне Л.И. Брежнев сайланса, ал Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н.Косыгин тағайындалды. Олардың ізін ала Қазақстан КП ОК 1- хатшысы болып Д.А. Қонаев сайланды.

Соғыстың зардабы мәдениет саласының дамуында да үлкен қиыншылық тудырды. Республиканың интеллигенция өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мәдени мекемелер, оқу орындары мен мектептердің санының азаюы елдің мәдени даму үрдісіне кедергі келдірді. Аталған кезеңде дүниеге келген шығармаларда тек майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер мен ауыл еңбеккерлерінің өмірі бейнеленді. Олардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ә.Нұрпейісовтың “Курляндия”, С.Мұқановтың “Сырдария”, Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар республика әдебиеті жазушылар Ә.Нұрпейісовтың, Т.Ахтановтың, Б.Момышұлының, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, ақындар Қ.Аманжоловтың, Х.Ерғалиевтің т.б. жаңа шығармаларымен байыды. М.Әуезовтің “Абай жолы” романы дүние жүзіне танылды. М.Төлебаевтың “Біржан мен Сара”, Брусиловскийдің “Дударай”, Қ.Қожамияровтың “Назугул” опералары Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді.

1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Ғылым Академиясының толық мүшелері болып көрнекті ғалымдар – М.Әуезов, Ә.Бектұров, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, Н.Т.Сауранбаев, мүше-корреспонденттеріне Н.О.Базанова, Р.А. Барукаев, Ә.Х.Марғұлан, М.И.Усанович және т.б. сайланды. 50-шы жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым Академиясының жүйесінде 50 ғылыми зерттеу институты жұмыс жасады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның комплексті металлогендік әрі болжамдық картасын жасағаны және оның методикасын зерттегені үшін ғалымдар: И.И.Бек, Р.А.Борукаев, Г.Ц.Медоев, Д.Н.Казанин, Қ.И.Сәтпаев және басқалары Лениндік сыйлыққа ие болды.

Ал жоғарғы оқу орындарының құрамына тоқталар болсақ, 50-ші жылдары 13 институт: Семейде – малдәрігерлік-зоотехникалық және медициналық, Қарағандыда – медициналық, политехникалық және педагогикалық, Атырауда, Қостанайда, Шымкентте және басқа жерлерде педагогикалық институттар ашылды.

Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалынан шықпады. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырумен қатар жалпы көрсеткішті қудалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайлы қарауы орын алды. Осының салдарынан 20 жылдың ішінде (1950-1970) қазақ мектептерінің саны 3891-ден 2577-ге дейін азайды, ал сабақ орыс тілінде жүретін орыс мектептерінің саны 1,5 мыңға көбейді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қолданыс дәрежесінде сақталса, орыс тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде қолданылды. Кітаптардың 95 % орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 % эфирде тек орыс тілінде жүргізілді. Кеңестік тәртіптің бұл қылмысының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылып, тіпті ұлттық территорияға қауіп төнген жағдайлар орын алды.

Сонымен, қаралған жылдары республикада интернационализм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты. Ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана үстемдікке ие болып, көбірек дәріптелді.


Каталог: media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Қазақстан археологиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет