Біріккен Ұлттар Ұйымы
Біріккен Ұлттар Ұйымы бірегей халықаралық ұйым болып табылады. Оның негізін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, елдер арасындағы достық қатынастарды дамыту мен әлеуметтік прогреске көмек көрсетуге, өмір сүру мен адам құқығы саласындағы істің жағдайын жақсартуға арналған бағытты жақтаушы болып табылатын 51 елдің өкілдері қалады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының күшіне енуінің бір жылдығы — 1945 жылғы 24 қазан күні — 1948 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы күні ретінде тойланады. Дәстүр бойынша ол әлемде Ұйымның жетістіктері мен мақсаттарына арналған мәжілістер, пікірталастар мен көрмелер ұйымдастырумен атап өтіледі.
Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2 наурыздан бастап (БА 46/224 қарары) Біріккен Ұлттар Ұйымының толық қанды мүшесі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстандағы өз жұмысын 1992 жылғы 5 қазанда Президент Назарбаевпен сол кездегі БҰҰ Бас Хатшысы Бутрос Бутрос Гали арасында келісімге қол қойылғаннан кейін 1993 жылдың басында бастады.
Соңғы 19 жылда БҰҰ агенттіктері макроэкономикалық реформа жүйесінде бірқатар стратегиялар, бағдарламалар мен заң жобаларын әзірлеуге, денсаулық сақтау мен қоршаған ортаны сақтау саласындағы басқаруды жақсартуға қолдау көрсетті. Олардың ішінде айтарлықтай маңыздысы «Қазақстан-2030» ұзақмерзімдік даму бағдарламасы болып табылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде жұмыс істей отырып әрбір агенттіктің өз мандаты бар және қызметтің белгілі бір түріне назар аударады. Агенттік басшылары БҰҰ Тұрақты үйлестірушінің жетекшілігімен БҰҰ Елдік Командасын қалыптастырады. БҰҰ Елдік Командасы агенттіктің ұжымдық мықты жақтарына сүйене отырып дамудың ұлттық басымдықтарына қол жеткізу үшін стратегиялық үлес қосуды қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының мынадай мамандандырылған агенттіктері, бағдарламалары мен қорлары жұмыс істейді:
69) "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше, 28 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауын арнады. ҚазАқпарат Мемлекет басшысы Жолдауының толық мәтінін таратады.
Қадірлі отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Биыл - біз үшін ерекше қастерлі жыл.
Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық.
Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық.
Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім:
«2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады».
Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ.
Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде жеттік!
Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит - соның айшықты айғағы.
Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағындырдық.
Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.
Осы жылдары шет елдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты.
Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық.
Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі Елорда қондырдық.
Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады.
Қазақстанның халықаралық резерві бүгінде 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды.
Ырыс - ынтымаққа жолығады, дәулет - бірлікпен толығады.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.
Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз.
Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады.
Ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді.
Ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі - 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады.
Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты.
Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.
Біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейді.
Біз дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына батыл бет бұрдық.
Алдымызға ұлан-ғайыр мақсаттар қойдық және оларға қысқа мерзімде қол жеткіздік.
Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды.
Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды.
Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді.
Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді.
Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды.
Сонымен қатар, 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылды.
Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды.
Біз осылайша аз жылда абыройы артқан айдынды елге, қуатты ұлтқа айналдық.
Осының бәрі жұртымызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда.
1. Жеделдетілген экономикалық жаңғырту - Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының жалғасы
Құрметті қазақстандықтар!
Біз Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылына аяқ бастық.
1991 жылдың желтоқсанында, өзіміздің стратегиялық мақсатымыз ретінде орнықтылық пен табысқа жетуді таңдап ала отырып, біз әр жаңа кезеңнің дамуына жаңа бағдарламалар жасап, алға жылжыдық.
Біз кеуделі міндеттерге ұмтылып, оларға қол жеткіздік.
Ел ілгерілеуінің шоғырланған көрсеткішін ғана келтірейін.
1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын.
2011 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті.
Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік.
Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді.
Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда - 2 есе, Сингапурда - 4 есе, Венгрияда - 5 есе, Польшада 4 есе өскен.
2010 жылдың қаңтарында ел халқына Жолдауымда мен Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жария еттім.
Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың алғашқы жылының нақты қорытындылары бар.
Біз 152 кәсіпорынды іске қостық, 24 мыңға жуық қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік.
Бүкіл ел бойынша барлығы сегіз жүзге жуық әртүрлі өндіріс орны құрылды.
Біз химия және жеңіл өнеркәсіпті белсенді түрде қалпына келтіру мен дамыту үдерісін бастадық, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде серпіліс жасадық.
2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
161 мың тұрақты жұмыс орны және 207 мың құрылыс уақытына есептелген жұмыс орны құрылады.
Алғашқы индустриялық бесжылдықтың алғашқы жылының басты қорытындысы - экономиканың нақтылы секторының есебінен экономикалық өсуде елеулі құрылымдық өзгерістердің басталуы.
Таяу онжылдықтағы Стратегиялық жоспардың мақсаттарын тағы да еске салып өтейін.
2020 жылға қарай біз мынандай көрсеткіштерге қол жеткізуге тиіспіз.
Ішкі жалпы өнім өсуі кемінде 30 пайыз болады.
Өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейінен асып түседі немесе соған жетеді.
Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30 пайызын құрайды.
Экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция кемінде 30 пайызға артады.
Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды.
Халықтың саны 18 миллион адамға жақындайды.
Білікті мамандардың үлесі 40 пайызды құрайды.
Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді.
Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі.
Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады.
2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең.
Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.
Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Бұлардың барлығы сабақтас салаларда - ауылшаруашылық мәшине жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады.
Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері селодағы индустрияландырудың осынау маңызды бөлігімен айналысуға тиіс.
Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі қуат шығындарын азайтуды қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі керек.
Шикізаттық емес секторларды дамыту мақсатында Үкіметке Қуат тиімділігінің кешенді жоспарын жасап, бекітуді тапсырамын.
Индустрияландыру өңірлік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастырады.
Үкімет әкімдермен бірлесе отырып Өңірлерді дамыту бағдарламасын жасап, бекітуі керек.
Мұның барлығы - біздің саналған-сараланған жоспарларымыз.
Біз әлі жол басында тұрмыз.
Егер жақсырақ, дәулеттірек өмір сүргіміз келсе, біз осы жұмысты атқаруға тиіспіз.
Мен бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты деген қағидатты жақтаушымын.
Біз алғаш рет «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заң қабылдадық.
Бақылау жүргізудің бүкіл мемлекеттік органдар үшін ортақ қағидаттары мен тәртібі белгіленген. Бұл бизнеске әкімшілік қысымды бұрынғыдан да азайта түсу үшін жасалды.
Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қазірдің өзінде 16 заң қабылданды.
Меншікті қорғаудың құқықтық тетіктері енгізілді, үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізілді, бостандығынан айырумен байланысты болмайтын, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолданудың аясы кеңейтілді. Осының арқасында биылғы жылдың өзінде ауырлығы азын-аулақ және орташа қылмыстары үшін сотталған екі мыңға жуық адам бостандықтан айыру орындарынан шығарылады.
Құқық қорғау органдары аппараттарының саны 15 пайызға қысқартылды. Олардың құрылымдары оңтайландырылды.
Құқық қорғау органдарына тән емес қызметтер жеке секторға берілді.
Сот жүйесінде елеулі өзгерістер жасалуда.
Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр.
Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған.
Тек 2 жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 40-тан астам республикалық деңгейдегі жетекші, облыстық және қалалық ауқымдағы 250-ден астам лауазымды тұлғалар тартылды, олардың арасында 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар.
Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау министрлерінің, статистика жөніндегі агенттік төрайымының, төтенше жағдайлар және қорғаныс вице-министрлерінің, «Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» компаниялары президенттерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды.
Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты.
Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз.
Бұл жұмыс ымырасыздықпен жалғастырылады.
Бүкіләлемдік банктің 2010 жылғы баяндамасында Қазақстан бизнес мүддесі үшін реформа жүргізуде көшбасшы деп танылған.
Бизнеске неғұрлым қолайлы ахуал жасау жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан 183 елдің арасынан 59-шы орынды иеленеді.
Тұтастай алғанда мемлекеттік органдардың шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фактілері тыйылды деуге жақын қалды.
Өткен жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кедендік одағы жұмысын бастады.
2010 жылдың 10 айының нәтижесінің өзінде Ресеймен және Беларусьпен сауданың көлемі 38 пайызға өсті.
Қазақстандық өнімдердің Кедендік одақ елдеріне экспорты 52,4 пайызға артты. Бюджетке құйылатын кедендік баждың өсімі 25 пайыз болды.
Осының бәрі Кедендік одақтың біздің елдеріміздің экономикалық міндеттерін шешетін өте прагматикалық әрі нақты жоба екенін ап-анық көрсетеді.
Біз Біртұтас экономикалық кеңістік құру ісінде барынша ілгеріледік. Ол кеңістік қазақстандық өндірушілер үшін өнім өткізудің байтақ базарын ашады.
Бұл бәсекеге шыдас беретін тауарлар шығару мен қызмет көрсету үшін біздің бизнесімізді ынталандырады.
2. Әлеуметтік жаңғырту - жаңа әлеуметтік саясат
Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық.
Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайту.
Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын.
Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім.
Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни:
жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту;
халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын.
Бұл бағдарламалар елдің миллиондаған қарапайым адамдарының күнбе-күнгі мәселелерін шешуге бағытталған.
Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады.
Жаңа әлеуметтік саясаттың басты аспектілеріне нақтырақ тоқталып өтпекпін.
2.1. Білім беру
Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз.
Бүгінде мектептерді компьютерлендіру толықтай аяқталды.
Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде.
«Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс.
Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз.
Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді.
Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар.
200 ғылыми кеңестер кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр.
60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады.
Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады.
Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатын болады.
Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз.
Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда.
Ол барлық қазақстандық жоо-лар үшін үлгі болуы керек.
Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік жоо-лар үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады.
Үкіметке мыналарды тапсырамын:
● жоо-лардың инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыру;
● білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу;
● техникалық және жоғары білім берудің деңгейлері үшін бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотекалық құрылыста жүзеге асырып отырғанға ұқсас жинақтау жүйесін әзірлеу.
Қазақстандықтарда мемлекеттен пайыздық бонустар ала отырып балаларын оқытуға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс.
● бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілер өкілдерін қатыстыра отырып Кәсіптік-техникалық кадрлар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құру.
Білім беру жүйесіндегі барлық жұмыс мынандай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады.
Менің тапсырмам бойынша қабылданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек 2010 жылы ғана 35 балабақша, 1534 мини-орталық, 137 жекеменшік балабақшалар салынды.
Бұрын жекешелендіріліп кеткен мектеп жасына дейінгі мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды.
Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 30-дан 55 пайызға дейін өсті.
2020 жылға қарай біз оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетін боламыз. Ол үшін біз 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде екі жүз мектеп салып, осынша мектепті жергілікті бюджет есебінен тұрғызамыз.
2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады.
2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен жоо-лар үлесі 30 пайызды құрайтын болады.
Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін жоо-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады.
Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатын болады.
Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс.
2.2. Денсаулық сақтау
Осы жылдар бойына біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру 2002 жылғы ІЖӨ-нің 1,9 пайызынан 2010 жылы 3,2 пайызына дейін ұлғайды.
Бүгінде бүкіл ел көлемінде тұңғыш рет медицинаның ең бір күрделі бағыттары бойынша операциялар жасалуда.
Жетекші шетелдік клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары құрылды.
Осыдан жиырма жыл бұрын бізге ол тек арман ғана болатын.
Жүргізілген жұмыс нәтижесі ретінде бала туудың 25 пайызға көбейгенін, адам өлімінің 11 пайызға төмендеп, халықтың табиғи өсімінің 1,7 есе артқанын атап өтуге болады.
2013 жылы Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталады.
Біз аурудың алдын алуға шындап кірісіп, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыруымыз керек.
Халықаралық бағалаулар бойынша, негізгі науқастар түрлерімен ауыратын тұрғындардың 5 пайыздайы денсаулық сақтаудың барлық қызметтерінің 70 пайыздайын ғана пайдаланады.
Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады.
Сондықтан Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалары кешенін енгізу қажет.
Бірінші кезекте, олар балалар, жасөспірімдер, бала туу жасындағы әйелдер.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет.
Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба - мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмысын бастады.
Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады.
Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз.
Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады.
Жұмылғыш медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет.
Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асырылуға тиіс.
Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Сол сияқты жол бойындағы медициналық-құтқару пункттерін құру мәселесін жеделдете қарастыруды да тапсырамын. Оларды республикалық маңыздағы жолдардың апаттық қауіпті учаскелерінде орналастыру қажет.
Төтенше медициналық жәрдем қызметі көп салалы жұмылғыш және аэрожұмылғыш госпитальдармен жарақтандырылуы тиіс.
Бұл шаралардың біздің мыңдаған азаматтарымыздың өмірін құтқарып қалатынына сенімім мол.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі туберкулез бен ВИЧ аурулары және одан болатын өлім деңгейін төмендетуге мұқият назар аудару қажет.
Осы міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасының күтілетін ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 жасқа дейін ұлғаятын болады.
Саламатты өмір салтын насихаттап, барлық жерде салынған спорт базаларын пайдалану керек.
2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатын болады.
2.3. Тілдерді дамыту
Көп тілді және көп конфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім - бұл сіздер мен біздің еңбегіміз, құрметті қазақстандықтар.
Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты.
Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды.
Бұл Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі.
Біздің міндетіміз - 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу.
Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс.
Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады.
Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз.
Біз сол сияқты орыс тілін және өзге де қазақстандық этностар тілін дамытатын боламыз.
Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу - әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін.
Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін.
2.4. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы
Екі жыл ішінде дағдарысқа қарсы «Жол картасы» шеңберінде біз халықты еңбекпен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты азайттық және қалаларымыз бен селоларымыздағы инфрақұрылымдарды жақсарттық.
Бұл бағдарламалар қазақстандықтардың кең қолдауы мен разылығына ие болды.
Бүгінде жаңа экономика білікті кадрлардың жаңа генерациясын талап ететін болғандықтан еңбек рыногының тиімділігін арттыру қажет.
Өзін өзі еңбекпен қамтып отырған тұрғындар - біздің экономикамыздың зор кадрлар резерві.
Жаңа кәсіпорындарды біз оларда қазақстандықтардың жұмыс істеуі үшін салып жатырмыз.
Олар оған дайындалуы керек. Жаңа мамандықтарға үйренулері қажет.
Үкіметке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамырына дейін халықты еңбекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.
Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп индустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетіндер үшін тегін кәсіптік оқу ұсынуы керек.
Әрбір қазақстандықтың елді ауқымды индустрияландыруға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.
Кезінде мен дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы әрбір қазақстандықтың отбасына дейін жететін болсын деген міндет қойдым.
Ол табысты жүзеге асырылды.
Осы тәжірибені пайдалана отырып, қазіргі уақытта жұмысты индустрияландыру шынымен де бүкілхалықтық сипат алып, әрбір қазақстандықтың ісі болатындай етіп құру қажет.
Өз өмірлерін ауылмен байланыстарғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.
Өткен жылы селолық аумақтарды дамыту бағдарламасы аяқталды.
Енді бұл жұмыстар Елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы шеңберінде одан әрі жалғасатын болады.
Даму әлеуеті жоғары елді мекендерде селолық инфрақұрылымдар дамытылып, суаратын суларға, микронесиелеу бағдарламалары мен табиғи гранттарға қолжетімділік кеңейтіліп, кәсіпкерлік дағдыларына үйрету ұйымдастырылады.
Қазірдің өзінде микронесиелік ұйымдар қызметінің құқықтық негізі бар.
Бүгінде рыноктағы олардың саны бір мың екі жүздей және олар халыққа сомасы 16 миллиард теңге болатын 110 мың несиелер берді.
Дегенмен, олар негізінен айтарлықтай жоғары мөлшерлемемен тұтынушылық мақсаттарға жұмсалуда.
Ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керек.
Сондықтан Үкіметке қаржы реттеушілермен бірігіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасы мен кешенді шаралар жасауды тапсырамын.
Үстіміздегі жылы қосымша 3 миллиард теңге қарастырылсын.
2012-2015 жылдары бұл қаржыландыру жыл сайын 10-15 миллиард теңгеге көбейтілсін.
Мемлекеттік желі бойынша берілген микронесиелердің барлық 100 пайызы тек өз ісін ұйымдастыруға ғана жұмсалуы тиіс.
Жоғарыда айтылған мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру ондаған мың ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді.
Сондықтан атқарушы биліктің барлық деңгейлері мен «Нұр Отан» партиясынан үлкен түсіндіру жұмыстары талап етіледі.
Үкіметке алдағы жылдан мотивациялы ақшалай төлемдерге көшуді тапсырамын.
Басты мәселе - масылдықты еңсеру.
Жұмыссызға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін грант берілетін болады.
Кедейшілік проблемаларын мемлекеттік жәрдемақы есебінен жұмсарту емес, шешу керек.
Мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмектесетін болады.
2.5. ТКШ-ны жаңғырту
Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші - тұрғын үй жайлылығының деңгейі.
Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды.
Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді.
Бұл - біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі.
Көптеген жылдар бойы коммуналды сектор қалған-құтқанды бөлу қағидаты бойынша қаржыландырылып келді. Соның салдарынан 2008 жылға қарай коммуникациялардың 72 пайызы жөндеуді немесе ауыстыруды қажетсінді.
«Жол картасы» аясында біз 2009 және 2010 жылдары ТКШ нысандарын жөндеу бойынша үлкен жұмыс жүргіздік.
Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
Сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет.
Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесі 32 пайыздан 2015 жылға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс.
Жаңғыртылған жүйелердің ұзындығы 2015 жылға қарай ел бойынша тұтастай алғанда 31 мыңнан астам шақырымды құрайтын болады.
Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен біздің банктерімізді тарта отырып, жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен азаматтарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және реконструкциялау үшін қаржыландырудың бірлескен арнайы тетіктерін ұсынады.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жыл сайын 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, оны жүзеге асыруға 1,5 миллион адам - көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары қатысады.
Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу мен қалпына келтіруге қаржы жинақтауды ынталандыру мен қосыла қаржыландырудың тетігін жасауды тапсырамын.
Біз тек осылай еткенде ғана тұрғын үй жағдайын жақсартып, азаматтардың өз мүлкін сақтауға жауапкершілігін жоғарылата аламыз.
2.6. Сапалы ауыз су
Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері - халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс 8 жыл бұрын басталған болатын және оның оң нәтижелері бар.
Орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылды елді мекендерде 41 пайызға дейін, қалаларда 72 пайызға дейін өсті.
Тасымалы суды пайдаланатын адамдар саны 4 есе азайды.
Сонымен бірге, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуды қажет ететін ауылдар да әлі аз емес.
Қалалардағы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткен.
Орташа алғанда республика бойынша ауыз суға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек.
Үкіметке жеке капиталды су шаруашылығы секторына барынша молынан тарту үшін ынталандырудың тиімді жолдарын қарастыруды тапсырамын.
Жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдаланып, сумен қамтамасыз етудің жаңа нысандарын салу кезінде жүйелі қадамдар жасау керек.
2020 жылға қарай сумен қамтамасыз етудің орталық желісіне қолжетімділік қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс.
Ал ауылды жерлерде екі есе артып, 80 пайызға дейін жетуі қажет.
2.7. Табыстардың артуы - өмірдің жаңа сапасы
Құрметті қазақстандықтар!
Үстіміздегі жылы біз зейнетақылар мен стипендиялар көлемін, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын 30 пайызға өсіреміз.
Екі жыл қатарынан біз оларды 25 пайызға ұлғайтып келдік.
«Нұр Отан» партиясының Халықтық тұғырнамасында жоспарланғанындай, 2012 жылға қарай зейнетақылардың, бюджеттік ұйымдар еңбекақыларының және стипендиялардың орташа көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе өседі.
Біз бұған уәде бердік, біз мұны орындадық.
Менің тапсырмам бойынша үш жылдық бюджетте сіздерге айтқан индустриялық-инновациялық, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды қаржылай қамтамасыз ету қарастырылған.
Енді барлығы Үкімет пен жергілікті билік органдарының бұл міндеттерді қалай орындайтынына, бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылатынына байланысты болмақ.
Бұл - таяудағы онжылдықта жасалуы тиіс жұмыстың ең аз деген мөлшері.
Біз бұл жоспарларды артығымен орындауға ұмтылуға тиіспіз.
Онжылдықтың басты әлеуметтік мақсаты, міне, осында.
Қымбатты қазақстандықтар!
Менің Жарлығыммен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды.
Мемлекеттік комиссия құрылып, шараның Жалпыұлттық жоспары бекітілді.
Бұл - жалпыхалықтық іс.
Үкіметке оны жүзеге асыруда инвесторлардың, бизнес-қауымдастықтарының, қазақстандықтардың күшін біріктіруді тапсырамын.
«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ» - біздің мерейтойымыздың ұраны осы.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының - БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылықтары қалыптастырылды.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар!
Мен үшін және бәріміз үшін Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу туралы жалпыхалықтық бастамаға байланысты әжептәуір саяси коллизия қалыптасып отыр.
Мен референдумды қолдап, өздерінің қолдарын қойған барлық қазақстандықтарға, сондай-ақ акция бастамашыларына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Халықтың еркін білдіруі толқынында қаңтардың ортасына қарай Орталық сайлау комиссиясы 5 миллионнан астам адамның қол қойғанын жариялады.
Санаулы күндер ішінде референдум туралы бастама іс жүзінде бүкілхалықтық қозғалысқа айналды.
Осы акция барысында «Нұр Отан» партиясы демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» қоғамдық коалициясын құрды.
Халықтық бастама қазақстандықтардың өшпейтін азаматтық белсенділігін көрсетті.
Ол елдің саяси, интеллектуалдық өмірін белсенділендірді.
Бұл даму мен прогрестің үлкен әлеуеті барлығын айғақтап берді.
Сіздер осы мәселе бойынша барлық жағдаяттарды жақсы білесіздер.
Мен өзімнің Жарлығыммен Парламенттің референдум өткізу туралы ұсынысын қабылдамай тастадым. Өйткені, 2012 жылғы президенттік сайлауға қатысуға дайындалып жүрген едім.
Парламент, өзінің конституциялық өкілеттігін пайдаланып, Конституцияға өзгеріс енгізу туралы Заң қабылдады.
Мен заңды Конституциялық Кеңеске жолдадым, ол оның конституциялығын айқындауы тиіс.
Тек осыдан кейін шешім қабылданатын болады.
Ол Конституция мен біздің заңдарымызға сәйкес келуі және халқымыздың ұзақ мерзімді мүддесін ескеруі тиіс.
Қалай болғанда да, халықтың еркі - бәрінен жоғары.
Солай дей тұра, мен сыртқы саясатта біз бүкіл әлемдегі инвесторларға, бизнес-қауымдастықтарға міндеттемелеріміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігімізді мәлімдеймін.
Біздің саясатымыз барлық әріптестеріміздің үміттері мен күткендеріне сәйкесетін болады.
Қазақстан Ресей, Қазақстан және Беларусь Кедендік одағын жедел де тиімді дамыту ұстанымында қалады.
Біз ТМД елдерімен ынтымақтастығымызды дамытатын боламыз.
Біз еуропалық әріптестерімізге бірлесіп, көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан - ЕО:2020» энергетикалық хартиясын жасап, қабылдауды ұсынамыз.
Бұл Еуропа рыногына энергия ресурстарын жеткізу, тұрба құбыры жүйесін дамыту тұрақтылығына кепілдікті қамтамасыз етеді.
Біз осы жылы Алматыда Ауғанстан бойынша арнайы донорлық конференция өткізуге бастамашылық танытпақпыз.
Бұдан бұрын мен Каспийдегі тұрақтылық пактісін қабылдау идеясын ұсынғанмын.
Бұл халықаралық құжат Орталық Азия мен Кавказдың барлық кең байтақ өңірінде тұрақтылықтың берік іргетасын қалай алады.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде бастаған жанжалдарды реттеу жөніндегі жұмысын жалғастырады.
Біз жаһандық ядролық қауіпсіздік саласында көшбасшы болып қалып отырмыз.
Қазақстан БҰҰ-ға Жалпыға ортақ ядросыз әлем декларациясын қабылдауды ұсынады.
Сондай-ақ Қырғызстанға көмектің мемлекетаралық бағдарламасын жасап, қабылдау маңызды деп санаймын.
Үстіміздегі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етеді.
Біз Батыс пен Ислам әлемі үнқатысуын нығайту бойынша бастама көтердік.
ИКҰ-ға төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс.
Үстіміздегі жылдың шілдесінде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді.
ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз.
Мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады.
Қадірлі қауым!
Қымбатты қазақстандықтар!
Таяуда Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерілгенін баршаңыз білесіздер.
Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіруде.
Мен елдің бұл ыстық ықыласын тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген бағасы деп білемін.
Отанды қалтқысыз сүю - оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді.
Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес.
Маған Сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды.
Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым.
Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым.
Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.
Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз - біздің ортақ табысымыз.
Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін!
Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес.
Алдымызда атқарылар қыруар істер бар.
Бұл жолда біздің ең басты байлығымыз - берекелі бірлігіміз.
Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін.
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар.
Біз бүгінгі Жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасадық.
Баршаңызға ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы істерде мол табыс тілеймін!
Мерекелі күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!
70) Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдайды, болашақ еуропалық қауіпсіздік сәулетіне қатысты үнқатысуды ұйымдастыруды нығайтуға және оны дамытуға тырысатын болады
АСТАНА, 1 қаңтар 2010 жыл – Бүгін Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдап, ЕҚЫҰ құндылықтары мен қағидаттарын қалтқысыз ұстануға, барлық мүше-мемлекеттер мүдделерін ескеруге сонымен қатар еуразиялық кеңістіктің қауіпсіздігіне нақты үлес қосатын маңызды үнқатысу алаңы ретіндегі ЕҚЫҰ ролін дамытатындығын растайды.
«Қазақстан Ұйымда төрағалық ететін алғашқы орта азиялық ел және бұрынғы кеңес одағы республикасы. Бұл мүше мемлекеттердің тең құқыққа ие екендігі туралы қағидаттың күшінде екенінің дәлелі, сонымен қатар стратегиялық маңызды өңірде және ЕҚЫҰ кеңістігінде Қазақстан ролінің артуда екенін мойындау болып табылады., - деді ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.
«ЕҚЫҰ төарағасы ретінде, Қазақстан бейтараптық және үйлесімділік қағидаттары негізінде Венадан Шығыс пен Батысқа созылған ұйымның мүше-мемлекеттер ұстанымын жақындатуға, Ванкувердан Владивастокқа дейінгі кеңістіктегі ынтымақтастықтың нығаюы мен қауіпсіздіктің бекуіндегі Ұйым ролін өсуіне жағдай жасамақ.
Сөзін жалғасытра келе ол: «Қазақстан «Корфу процесін» жалғастырады және ұзақ қақтығыстар өңіріндегі ахуалды тұрақтандыру мен оларды шешудегі, халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы, толеранттылық пен өзаратүсіністікті нығайтудағы ЕҚЫҰ жұмыстарына жаңа серпін беруге тырысатын болады. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки қорытынды актісіне 35 жыл және жаңа Еуропалық Париж хартиясына 20 жыл толуы қарсаңына келетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық пен оны ұйымдастыруға қатысты барлық ЕҚЫҰ серіктестерімен белсенді жұмыс жүргізетін болады.»- деді.
Қ. Саудабаев төрағалықты 2009 жылы ЕҚЫҰ-да төраға болған Грекия Премьер-министрі-Сыртқы істер министрі Георгиос Папандреудан қабылдап алды.
«Мен Премьер-министр Георгиос Папандреға ЕҚЫҰ-дағы төрағалық кезіндегі жемісті еңбегі үшін алғысымды білдіргім келеді – деді Қ.Саудабаев. – Сонымен қатар мен Литваны және оның оның Сыртқы істер министрі Вигаудас Ушацкасты Үштікке қатысуымен құттықтағым келеді».
Жаңа төраға Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезіндегі басым бағыттары туралы 14 қаңтарда Венада ЕҚЫҰ-ның басты органы болып табылатын Тұрақты кеңес отырысындағы баяндамасында мәлім ететін болады.
2010 жыл біздің мемлекетіміздің өз тәуелсізідігін алғаннан кейінгі ерекше жылдарының бірі деп айтуға толық мүмкіндігіміз бар. Биыл еліміз посткеңестік мемлекеттердің ішінде алғашқы рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымды (бұдан әрі - ЕҚЫҰ) басқаруда. Бұл – Қазақстан Республикасының әлемдегі беделінің айқын көрінісі. Әлемде мемлекетімізді бүкіл Орталық Азияның көшбасшысы рөлінде және Еуроодақтың өңірдегі шешуші әріптесі ретінде таниды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қатысуымен құрылып қойған қауіпсіздік тетіктерін жаңғыртуды жүзеге асырып отыр.
ЕҚЫҰ төрағалығы рөліне Қазақстанның таңдалуы еліміздің мұсылман және еуропалық қоғамдастықтар арасындағы Еуразиядағы көптеген жанжалдарды шешуге нақты көмек көрсетуге қабілеттігі табылды. ЕҚЫҰ Қазақстан қызметінің негізгі мақсаты – біздің елімізді және Орталық Азияның басқа мемлекеттерін әлемдік стандарттар мен дәстүрге баулу, әлемнің Батысы мен Шығысын арасында байланысты нығайту, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін, сондай-ақ Ауғаныстан, Ирак ахуалдарын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге тұрақты қолдауын көрсету.
Соңғы жылдары ЕҚЫҰ әскери-саяси және экономикалық бағыттағы қызметтермен емес қадағалаушы функциялармен айналысуда. Қазақстанның осы ұйымға төрағалығынан осы дағдарыстан шығуға мүмкіндік тудырады, болашақ әлемде жаңа жолдарды белсене ұсынады деп те күтілуде. Яғни, ұйым мүшелеріне жетілген сыртқы саяси бастамаларымен өзара түсіністіктің және әділ халықаралық қатынастардың елеулі түрде жаңартылған қағидаттарын қалыптастырады деп сенім артылған.
Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығы ретінде тандалуына аймақтың тұрақсыз Ауғаныстанға жақын орналасқандығы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ЕҚЫҰ-ның аз уақытта жүзеге асыру қажет басымдығы екендігі, сондай-ақ оның Орталық Азияның энергетикалық потенциалы екендігі себептігін тигізді. Еліміз бұл ұйымға төрағалығы кезінде Батыс елдері мен ТМД елдері арасындағы қарым-қатынасты бекіте түсу, әлемдік қауіпсіздікті нығайту және Ауғаныстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстарды атқарды. Республика басшылығы Қазақстанда желтоқсан айында өткізілетін ЕҚЫҰ саммитін де өте маңызды мақсаттар қатарына қосып отыр, өйткені, ол ұйым жұмысына жаңа дем беріп қана қоймайды, сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның өз ішіндегі қарама-қайшылықтарды жоюға септігін тигізеді деп үміттенуде.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қауіпсіздіктің жаңа жолдарын барынша ұсынуға, Ауғанстан мәселесінде созылып кеткен жанжалдарды шешуге мән берді. Біздің мемлекетіміз Ресей және Грузия елдерімен жақсы қарым-қатынасы арқасында осы екі мемлекет арасындағы созылып кеткен текетірестерді, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Карабақтағы мәселелерді шешуге ұмтылыс жасап, аталмыш әрекеттердің оңды нәтижеге әкелгендігін де айтып кеткен орынды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Вена, Брюссель, Лондон, Вашингтон, Нью-Йорк, Женева, Тбилиси, Баку мен Ереванда бірқатар келіссөздер жүргізіп үлгерді, Астанада Түркия, Ресей сыртқы істер министрлерін қабылдады. Осы арқылы ЕҚЫҰ саммитіне дайындыққа қатысты көптеген негізгі уағдаластықтарға, халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастыққа, ЕҚЫҰ кадр мәселелері бойынша бірқатар жайттардың шешілуіне қол жетті. Қазақ төрағалығының ең басты ерекшеліктерінің бірі - барлық қатысушы мемлекеттермен кеңесу жүйесін қалыптастыра алуында.
ЕҚЫҰ басқаруда еліміз ең алдыменен келісім қағидасын қолданып отыр. Қазақстан өз төрағалығы барысында ұйымның беріктілігін және жан-жақты тиімділігін арттыруға, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге төтеп беру қабілетін күшейтуге де бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруда. Еліміздің басшысымен ұстанған мақсаты - ЕҚЫҰ эволюциялық дамуына қолайлы жағдай жасау, оның әлеуетін жетілдіру, мандатын нығайту, әлем қауіпсіздігін барынша нығайту. Осыған сәйкес, біздің мемлекетпен ЕҚЫҰ-ның болашағына байланысты жаңаша көзқарас қарастырылуы ұсынылуда. Ұйымның негізгі құжаттары 1975 жылы (Хельсинки актісі), 1990 жылы (Париж хартиясы), 1999 жылы (Еуропалық Қауіпсіздік туралы Стамбул хартиясын) қабылданған. ЕҚЫҰ тарихына сүйеніп, әрбір он жыл сайын форумды трансформациялау қажеттігін пайымдаймыз.
Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігін, оның өркенделуінің, өсіп-өнуі мен тұрақтылығының басты кепілі мен игілігі демократия табылады. Демократия біздің түсінігімізше халық санасында тереңдеп тамырын жайып үлгерген бір мезетте өзгертуге бағынбайтын қоғамдық менталитетке жататын ұғым. Ел басшылығы Қазақстанның ЕҚЫҰ және оның институттарының адам құқығы мен демократия саласындағы мандатын толық жүзеге асуына болысатынын бірнеше мәрте мәлімдеді. Биылғы жылғы ЕҚЫҰ аясында атқарылар іс-шаралардың бірегейі - маусым айында Астана қаласында демократиялық ұстанымды насихаттау мақсатында жоғары деңгейдегі толеранттылық пен кемсітпеушілік жөніндегі іс-шара (конференция) өткізілді.
Қазақстан төрағалығының аса маңызды ісінің бірі ретінде лаңкестікке қарсы жұмылуға бүкіл әлем назарын аудару, тек әскери-саяси ғана емес, экономикалық-экологиялық, гуманитарлық шаралар кешенін кеңінен қолдану қажет тұжырымдамасын қолдану. Мемлекетіміз лаңкестікке, трансұлттық сипаттағы қауіпсіздік қатерлеріне қарсы қаруды ғана емес, бейбіт тетіктерді де кең пайдалану қажеттілігін пайымдайды. Қазақстанда лаңкестік орын алатындай күрделі мәселелер, алғышарттар жоқ деп айтуға болады. Ішкі саяси жағдайдың тұрақтылығы, экономиканың өрлеу деңгейі оның дәлелі. Дегенмен, Қазақстанға лаңкестік сырттан енуі мүмкін. Ресми мәліметтер бойынша жекелеген халықаралық лаңкестер ұйымдары немесе топтардың біздің азаматтарды өздеріне тарту, үгіт-насихат жүргізу деректері бар. Әсіресе, діни экстремизм, әртүрлі уағыз жастардың кейбірін адастыруы ықтимал. Қазақстанда адамдардың өмір сүру деңгейі жоғары. Тұрмысы төмен жандарға мемлекет жеткілікті жәрдем береді. Жұмыссыздық азайып келеді. Демек, «көрінген көк аттының» арандатушылық, іріткі салу мақсатындағы сөздеріне еруге себеп жоқ. Лаңкестікке қарсы күрес – әлем елдерін ынтымақтастыққа шақырып отыр және осы насихаттың бастамашыларының бірі ретінде Қазақстан да табылып отыр. Осы насихатты уағыздау ЕҚЫҰ тарихында 11-жылдан бері бірінші рет өткізілетін желтоқсан саммитінің басты мақсаттарының бірі.
ЕҚЫҰ жетоқсан cаммитінің күн тәртібінде ең алдымен Еуропадағы, содан соң бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті бірлесіп сақтау, соның ішінде трансұлттық қауіп-қатермен қатар экономикалық және экологиялық қауіпсіздік жүйесінің шаралары қаралады.
Қазақстан ЕҚЫҰ тізгінін ұстасымен саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және адамдық өлшемдер мәселелеріне бірдей араласуға күш салды. Сондай-ақ, осы лауазымды иелену кезінде экономикалық-экологиялық 18-ші форумды өткізуге ұйтқы болып, күн тәртібіне «Шекаралық қиылыс бекеттерінде жердегі көліктерді басқару қауіпсіздігін арттыру және халықаралық автокөлік пен теміржол қатынастарын ЕҚЫҰ аймағында жеңілдету туралы» тақырып ұсынды. Ұйым мүшелерінің келісуімен біздің мемлекетіміздің басшысымен шартты түрде «Маастрихт қосу» деп аталған жаңа құжат желтоқсан саммитінде қаралуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығы әлемдік қауымдастық алдында саяси салмақ пен бедел алып келеді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасымыздың сыртқы саясаты белсенді дипломатиялық іс-әрекетіне негізделіп келді, соның ішінде ең басты назар айналамыздағы аймақтарға көбірек көңіл бөлінді. Алда ЕҚЫҰ саммиті кезінде еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі саяси тұрақтылыққа бағытталған бүкіл ғалам үшін қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі тұрақтылық пен бейбіт өміріне біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты тікелей байланысты. Сондай-ақ, осы саммит жұмысы барысында біздің еліміздің төрағалығына баға беріледі және біз Қазақстан төрағалығына оң баға беріледі деп сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |