Қазақстан тарихындағы топонимикалық зерттеулердің кейбір мәселелері Аңдатпа



Дата28.01.2018
өлшемі133,15 Kb.
#34347
Моминова Гульнар Төребайқызы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің 1-курс докторанты

E-mail: MG_29@mail.ru
Қазақстан тарихындағы топонимикалық зерттеулердің кейбір мәселелері
Аңдатпа: Мақала Қазақстан тарихындағы топонимикалық зерттеулердің ауызша тарих дәстүрі негізінде жинақталған қызықты мәліметтермен берілген. Топонимдер қоғам мен адамзаттың дамуының ажырамас бөлігі болып табылады. Осы мақалада Қазақстан тарихындағы топонимикалық зерттеудің кейбір мәселелерін Әбілғазы Бахадүр, Асан Қайғы, Ш. Уәлиханов, М.Ж. Көпеев, Қ. Халид, Т. Шонанұлы және т.б. Отандық зерттеушілердің еңбектерін негізге алған.

Тегтер: топонимика, география, жер, тарих, ауызша тарих, шежіре.
«Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,

Себеппен қойған бәрі елдің атын»

(С. Сейфуллин)
Қазақ жерінің аумағы тарихи өңірлерге бай. Алтайдан Атырауға дейінгі, Сырдан бастап Тобылға дейінгі атырапты алып жатқан қазақ жерінде сан алуан жер–су атаулары кездеседі. Жер-су атауларын зерттейтін саланы – топонимика дейміз. Топонимика - ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Қазақстанның әрбір аймағы тарихы тереңде жатқан киелі жерлер мен мекендерде бай. Елбасы Н.Ә. Назарбаев жер-су аттарының тарихилығымен, көнелігіне ерекше мән беріп, оны жинап, зерттеудің бүгінгі мемлекетіміздің саяси стратегиясы үшін де маңызының зор екендігін айтқан болатын. Жер-су аттары (топонимдер бойынша) халық ауыз әдебиеті, ертедегі аңыздарда батырлар жыры, ертегілер дерек көзі болып табылады. Ел тарихында топонимикалық деректер ретінде Әбілғазы Бахадүр, Асан Қайғы, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Құрбанғали Халид, Телжан Шонанұлының, Мұхтар Әуезов т.б еңбектерін негізге алынған.

XXI ғасырда Отандық тарих ғылымында Қазақстанның тарихи географиясына қатысты зерттеулер, жер-су (топонимика) атауларына байланысты Ж.О. Артықбаев, Б. Хұсайынұлы, Д. Ізтілеуов, С. Шүкірұлы, К.Д. Каймулдинова, А.М. Алпысбес, Т.Т. Аршабек, Е.Б. Қасен, Е. Кейкі, Н.У. Шаяхметов, Р.Р. Оспанова, Ж.А. Жұмабеков, Н.Г. Ксенжик, Б.Б. Доскенова, Т. Жанұзақ, Г.А. Жанысбекова, Р.А. Идрисов, А.С. Омарбекова, М. Мырзахметов, Қ.Т. Сапаров т.б. зерттеушілердің еңбектерінде назарға алынған.

XIVғ. аяғы мен XV ғ.басында өмір сүрген жырау, өз заманының абызы, Асан Қайғы (Хасан) Сәбитұлы желмаясын мініп он жеті жыл қазақ даласының жерұйығын іздеді. Сонда Ертіс – Баянауыл бойында, Сарыарқа және оңтүстік аймақтарды жүріп географиялық атауларға сипаттама берген. Сарыарқаны аралап жүріп, ұзын аққан Ертісті көргенде: «мына шіркін тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жыламас, сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен деп, артына үш рет қарап содан бұл жер Үш қара деп аталады» - екен. Қызылтауға келгенде: «тау тасы кеш болғандай қой болып ыңыранып жатады екен» - депті. Баянауыл тауын көргенде: «аттың ерін алмайтын жер екен, бауырында тұзы бар екен, бір күн қонамын деген кісі бір апта қалып қояды екен» - депті. Шідерті өзенін көргенде: «мына шіркіннің топырағы асыл, 6 ай бойы жүдеп қалған жылқының бір айда майланатын жер екен» - депті. Өлеңті өзенін көргенде: «тоқтап ешнәрсе айтпай өлеңдете беріпті, неге үндемейсіз дегенде өлеңтінің суы май, Шідертінің шөбі май» - деген екен. Сілетіден өтіп Жалаңашқа барғанда: «аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктірейін бе? Қай жеріме тартайын, айналаң аз одан басқа мінің жоқ табылмайтын жер екенсің» - депті. Есіл өзенін көргенде: «жарымен суы тең, жарлысымен байы тең болатын жер екен» - депті. Нұранының бойын көргенде: «алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», Торғай өзенін көргенде: «ағар суы бал татыған, ағар жері май татыған екен», Терісқаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», Жетіқоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен» - депті. Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға дұрыс екен» - депті. Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «мөңіреуін сиыр болып мөңіреуін, сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен» - депті [1].

Асан Қайғы Маңқыстауды «құт орнайтын жер екен, малға қоныс екен, мал баққан шаруаға бұдан артық жер болмас» - деп сипаттаса, Қашаған ақын:

«Шөбі малға май болар,

Аш-арыққа жай болар.

Қашаннанда бұл қоныс,

Құтты болған жер екен» (Ақберген А. 1972 ж)

Белгілі ғалым Шоқан Уәлиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» - десе, «Қазақ даласында не көп бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер көп. Қазақтың тұрмыс тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрафиялық тұрғыдан алғанда қымбаттырақ» - деген. Расында Шоқан Уәлихановтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының өзінде Еділ мен Жайық, Аягөз, Қарамола, Қараадыр жайында сипаттайды. Сонымен қатар «Іле өлкесінің географиялық очерктері» атты еңбегінде жер-су аттары баяндалған. Мысалы: «Алатаудан бастау алатын көптеген өзендер қырғыз-қайсақ даласының ең үлкен өзендерінің бірі Ілеге құяды. Іле үш тарамнан тұрады: Текес, Қашкөл, Күнгес» - деп атап көрсеткен [2]. Аталмыш еңбекте Жетісу жеріндегі өзен-көлдер жайында мәселелер қарастырылған.

Қазақ жерінің жер-су атауларына байланысты ең құнды деректер Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде кездеседі. Оның шығармаларында қазақ елінен басқа да елдердің жер-су атаулары кездеседі. Солардың ішінде ең көп кездесетін жер-су атаулары Ресейге қатысты. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Сарыарқаның кімдіке екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты зерттеулері бар. Бұл еңбектер 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрді.

«Сарыарқаның кімдіке екендігі туралы» еңбегінде топонимдердің шығу тарихына кеңінен тоқталады. Сондай-ақ бұл жер-су атауларының барлығы дерлік ата-бабаларымыз және батырларымыздың есімдерімен тығыз байланысты қойылған деп атап көрсетеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Күнбатыста – Сырдария, күншығыста ұзын аққан – Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзендері, солтүстігі – Еділ мен Жайық, осы төрт судың арасы – заман қадимда «Дешті Қыпшақ» атанған» - деп жазады [3]. 1887 жылы Бұқар сапарына барар жолда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Ташкенттегі Зеңгі баба кесенелерін көріп, қайтар жолда Шу мен Сырдария, Ұлытау, Кішітау, Есіл мен Нұраны аралайды. Осы сапар барасында көптеген жер-су атауларын есітіп, сұрастырып өзіне жазып алап отырған. Сарыарқа жерінің табиғатын, сұлулығын, ән мен жырға толы өлке екендігін Әлкей Марғұлан:

Тау – тасы Сарыарқаның сырға толған,

Ән менен толқынды жыр, күйге толған.

Суреті ғасырлардың тасқа түсіп,

Сұлуы шежіре мен жырға толған - деп жырға қосқан.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларында аймақтық жер-су атаулары кеңінен сипатталады. Оның айқын көріністерінің бірі мына өлең-шумақтарынан аңғарылады:

«Баянаула қойсайшы жердің атын,

Шыбынды, Батпақ қойсайшы көлдің атын,

Таудың атын Қызылтау, Далба қойып,

Құлболды, Қаржас қойсайшы елдің атын.

Өлеңті, Шідертіні елім жайлар,

Көк орай шалғынына бие байлар» [4]- деп көрсетеді «Ереймен сапары» шығармасында. Қазақтың Қарабай және Сарыбай деген екі байы болған. Сарыбайдың жалғыз қызы Баянсұлудың туған жері. Таудың атының «Баянаула» қойылған себебі «Баян ауылы» деп аталғанынан. Шыбынды – «Шыбыны көп көл», Батпақ – атауы айтып тұрғандай «Батпақты көл» (Баянауыл мен Бұқар жырау ауданының шекарасы). Қызылтау – тау жыныстарының қызғылт болып мұнарып, күн сәулесінің шағылысуына байланысты қойылған атау. Далба – тауының атауы өзінің бұзылған сыртқы бейнесіне байланысты қойылған. Құлболды, Қаржас – шежіре бойынша өте үлкен ел болуға тұрарлық әулет. Өлең айтып той қылған жері - Өлеңті, аттарының шідері түсіп қалған жері – Шідерті аталған.

«Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде жер-су атауларының көптеп кездесетініне назар аударуға болады. Тарих тұңғиығына үңіліп, бұл атаулардың мән – мағынасының шығу төркінін ғылыми тұрғыдан қарастырып, жан-жақты зерттеу болашақтың еншісінде. Халықтың рухани байлығы мен даналығының орасан қоймасы бола келіп, топонимдер мәдениет пен халықтың ауызша шығармашылығының ескерткіштері ретінде әрі қарай жинауды, сақтауды, қалпына келтіріп және қорғауды қажет етеді» [5].

Құрбанғали Халид өзінің шағатай тілінде жарық көрген «Тауарих Хамса» атты еңбегінде: «Менің өте таң – тамаша болатыным, Қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пән оқымай, білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме – дәл ат қойып сөйлейді» - деп көрсеткен[6].

Қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, тарихшы Телжан Шонанұлы «Ел тағдыры – жер тағдыры» [7] атты еңбегінде Көкшетау, Қарқаралы, Ақмола, Атбасар қорғандарының тұрғызылу тарихын жазып, қазақ жерінің Жайық, Тобыл, Ертіс, Есіл өзендерінің көкмайсалы, шұрайлы, шөбі ат бауырынан келетінін жазған. Сонымен қатар Телжан Шонанұлы: «Қазақ жердің қадірін біле ме?», - деп сауал қояды да, оған дәлелді жауап береді. Халқының жердің қадірін жетік білгенін, оны тарихи тұрмыстың тоқпағы үйреткенін айтыпты. Телжан орынды қолданған мына мақал – мәтелдерді оқып көрелік: «Жер аласы – мал баласы», «Жері байдың елі бай», «Жайықтың бойы жайлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян», «Көк Есілден кеткен соң, жылқының қонысы тарылмас», «Шыбышым лақ салмаған, тоқтым қысыр қалмаған», «Қалдығайты, Бұлдырты жер өрнегін қарасаң, көдесінің түбі сайын бір жылқы» [7, 25 б.]. Зер салсақ Телжан Шонанұлы өз еңбегінде Досқожа ақынның, қарға бойлы Қазтуған батырдың атақоныс жайлы асыл сөздерін қолданған. Әрине, бұл қазақ жерінің табиғаты мен көк майса шөбінің, Сарыарқадан соққан желінің қасиетін көрсетіп отыр.

М. Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр – сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаңда жер, су жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» - деп атап өткен. Халқымыздың тарихын өлең, жыр, толғау, аңыз әңгімелерден жинаған жүз томдық «Бабалар сөзі» еңбегінің 80 томында Нұра өзені, тауы жайында:

Нұраның әсем сұлу жағасында,

Шайқалған құрақ талдың арасында.

Дем алып көңілденіп жұрт отырды,

Шаттығы симай тасып шарасына [8, 204] - деп сипаттаған. Нұраның бойына келген халық Нұра туралы аңызды тыңдап, Нұра деген қыз болғандығын, бірақта мұңлы, қабақ ашпайтын, ішінде қасіреті бар екендігін айтады. Қасына келген әрбір тірі жан сәлем беріп, Нұра саған не болды? –деп сұрақ қояды.

Арманы алыстағы асау Ертіс,

Кетпеді есінен бір көрсе де түс.

Бұлттан да сәлем айтты құмар болып,

Қайғысын жеңілтпек боп өртеген іш.........

Қосылып Есіл, Нұра, Құлантөспен,

Сарысу, Кеңгір бәрі болды шектес.

Ақ Ертіс арналарын толтырып тұр,

Қарасаң, бір шетіне көзің жетпес[8, 205]- осылай Нұра мен Есіл қосылып, мақсаттарына жеткен деген аңыз бар.

Халық арасында Қарқаралы атауы жайында да аңыздар бар. Мысалы көрші тұрған екі бар кішкентайымен ұл қызын атастырады. Ауыл арасында келіспеушілік болып екеуі айырылады. Қыз сұлу көрікті, жігіт нағыз батыр болып ер жетіп бір – бірінсіз өмір сүре алмайтындарын түсінгенін көрген қыз әкесі қуғыншы жіберіп жітті өлтіреді. Мұны көрген қызы өзіне қол салып, сүйгенінің кеудесіне құлағанда, қыздың ауыр бас киімі қарқара жерге құлаған. Осыдан Қарқаралы атауы шыққан екен.

Қазіргі таңда жер–су көне атауларының қолданылуы азайып, ұмыт болып бара жатқандығы белгілі. Топонимдерді жаңғырту, ұмыт болған атауларды қайта жандандыру тарихымыз үшін маңызды. Кеңестік кезеңде көптеген елді–мекендердің, аумақтардың, өзен–көлдердің аттары орысша атаулармен ауыстырылғаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан бастап біршама атаулар тарихи атаулармен қалпына келтірілді. Бірақ бұл түпкілікті толықтай қазақша атаулармен аталды деген сөз емес. Өз тарихымыздағы географиялық атаулардың түп – нұсқасымен, түсіндірмелерін, сөздіктерін, анықтамалықтары жасалып, ғылыми айналымға енгізілді. Мәселен, Ж.О. Артықбаевтың «Дәстүрлі қазақ этнографиясы», «Баянауыл», «Түркі өркениетінің түйіткіл мәселелері», «Жеріңді танығаның – еліңді танығаның: Ульянов ауданының мысалында Орталық Қазақстан топонимиясына шолу», «Жаңаарқа тарихы», «Шет өңірінің тарихы» т.б еңбектерінде біраз болсада жер-су атауларына қатысты деректер берілді.

Бүгінгі таңда тарихшы ғалымдар А.М. Алпысбес, Т.Т. Аршабек, Е.Б. Қасен, Е. Кейкі бірлесуімен «Көне Көктау, байырғы Баянаула байтағының тарихы» атты еңбек жарық көрді[9]. Зерттеушілер Баянауланың ертедегі тарихынан бастап, Алаша хан кезеңіндегі қазақ тайпаларының үлкен рулы елге айналғандығы жайында айтады. Баянаула табиғатын, жерін Асан Қайғыдан бастап, Торайғыр, Едіге би ұрпақтары, Мəшһүр Жүсіп, Мұса, Зында Шормановтар, Жаяу Мұсалар өлең жырға қосып насихаттаған. Авторлар: «Баянаула жері қасиетті, шежірелі өңір, тарихтың көне сырларын шертерлік қызықты аңыз-әңгімелерге бай өлке. Бұл өңірдің жер-су аттары осы өлкенің тарихи оқиғаларымен тікелей байланысты» - дейді [9, 39 б.]. Сондай-ақ тарихшы А.М. Алпысбес, Т.Т. Аршабек «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты монографиялық зерттеуі жарық көрді. Еңбекте Бұқар жырау ауданының қалыптасу тарихы, өз заманының әйгілі тұлғалары: Абылай, Бұқар жырау, Едіге би, Шоң би, Шорман би, Алшынбай би т.б қатысты мағлұматтар жинақталып, жүйеленген. Авторлар Сарыарқа аймағында орналасқан Бұқар жырау ауданының табиғи-географиялық сипатын жан-жақты қарастырып: «Табиғаттағы әрбір заттарға, тау-тас, өзен-көлдерге берілген атаулар ұрпақ үшін-үлгі, ұлттық тілдің сарқылмас қазынасы. Бұқар жырау ауданының тарихи тұрғыда өзіндік қалыптасқан жер-су атауларының жүйесі бар. Дәстүрлі жер-су атаулары жер сипаты, оның географиялық ерекшеліктері туралы мағыналарды қамтиды» -делінген [10].

Еліміздегі топонимикалық атауларға зер салсақ түстермен байланысты атаулар көптеп кездеседі. Мәселен Ақсу, Ақкөл, Ақмола, Ақтөбе, Ақжайық, Қарасу, Қарақұм, Қаратау, Қызылтау, Қызылтөбе, Қызылорда, Сарыөзек, Сарытау т.б. Атаулардың осындай түске қатысты айтылуына профессор Т. Жанұзақ: «Қазақ ономастикасы. Атаулары сыры» атты еңбегінде: «Ақсу атауы – судың, өзеннің ақ ботала болып аққан түсіне байланысты» -деп көрсетеді[11].

Ж. Жұмабековтың «Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XVғ.-XIXғ. соңы)» атты диссертациялық жұмысында: «Ұлытау аймағын географиялық ерекшелейтін маңызды фактор – су көздері, өзен, көл, тау баурайындағы бұлақтар өңірдің адам тіршілігі үшін экономикалық тұрғыдан маңыздылығын анықтайды. Жезді, Кеңгір, Терісқаққан өзендері халық шаруашылығына қолайлы» [12].

Сонымен қатар елімізде батырлар мен хандардың есімдері берілген жер – су атауларыда көптеп кездеседі. Д. Жүнісов «Өзен – көл атаулары» еңбегінде: «Қарасай. Жезқазған облысында «Қарасай» аталатын екі өзен бар. Біреуі Шет ауданының жерінде, екіншісі—Жаңаарқа ауданының жерінен ағатын өзен. «Қарасай» — қазақтың тайпалық бірлестігіндегі белгілі ру аты. Бұл сөз Қазақстан жеріндегі біраз өзендерге койылған. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Октябрь аудандарында, Маңғышлақ облысының Бейнеу ауданында, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Қарасай аталатын өзендер бар. Бұл өзен атаулары қара және сай сөздерінен жасалған, қара сай, қара жыра («черный овраг») деген мағына береді» [13].

Тарихшы Баянбай Хұсайынұлы өзінің туған жері – Есіл өңіріне арналған «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты еңбегін арнаған. Б. Хұсайынұлы «Хан жолы» деген топонимге тоқтар болсақ: «Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ортағасырдың өзінде-ақ, «Қазақстан тарихында» атап көрсетілгендей, тағы бір жол бар «Хан жолы» жаңа заманға дейін пайдаланылып келді. Түркістан өлкесінен шыққан керуен жолы Ұлытауға келіп түйіскеннен кейін бірнеше тармаққа бөлініп, тарайтын болған. Соның бірі – Қараөткел арқылы өткен. Қараөткел өңірі –  «Хан жолының» күре тамыры болған» - деп көрсетеді[14].

Елімізге белгілі Мекемтас Мырзахметовтің топонимикалық атауларға байланысты еңбектері: «Әдебиет және топонимика», «Отаршылдық топонимдер», «Жер тарихы-ел тарихы», «Ов туралы», «Ванновка атауының сыры неде?», «Қазақ топонимдері мен антропонимдері (өткені, бүгіні және ертеңі)» бар. М. Мырзахметов «Түркістанда туған ойлар» атты кітабында топонимдерді 3 топқа бөледі: 1) халықтық топонимдер; 2) тоталитарлық топонимдер; 3) отаршылдық топонимдер. Автор еліміздегі географиялық атаулардың ішінде адам есімімен аталатын жер-су, елді мекендерге назар аударған.

Қорыта келе, орыс географы Н.И. Надеждин: «Жер – адамзат тарихы географиялық атаулармен жазылған кітап» деп топонимдердің маңызын өте жоғары бағалаған. Топонимика ғылым саласы ретінде тарих, әдебиет, география ғылымдарымен байланысты дамиды және қазақ даласының ауызша тарихы мен шежіресі арқылы көне мен бүгіннің арасын жалғастырады. Тарихтың тереңіне үңіліп қарасақ жер–су атауларының шығу төркіні ғылыми тұрғыдан қарастырылып, жан – жақты зерттеу жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап еліміздегі көптеген елді–мекендердің ауыстырылған, бұрмаланған атауларына түзетулер енгізіле бастады. Біршама жер–су атауларының тарихи атаулары заңдық нормативтік тұрғыда қалпына келтірілді. Бұл іс өз жалғасын табуы керек. Ол үшін кешенді зерттеулер қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Асан Қайғы туралы//Ақиқат,№7, 1992. 79-84 беттер.

  2. Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы, 2010. -376 бет.

  3. Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 8 том. Павлодар 2006.-452 бет.

  4. Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Өлеңдер, рауаяттары, шығармашылығы. 5 том.

  5. Баянаула топонимикасы (ғылыми-танымдық зерттеулер): монография/ Сапаров Қ.Т. – Алматы, 2017. -316 б.

  6. Халид Қ Тауарих хамса: (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. -304 бет

  7. Телжан Шонанұлы мұралары (шығармалар, зерттеулер және мақалалар). – Алматы: «Ел-шежіре», 2011. – 368 бет.

  8. Бабалар сөзі. Жүз томдық. –Астана: «Фолиант», 2011. Т.80: Топонимдік аңыздар. -416 бет

  9. М.А. Алпысбес, Т.Т. Аршабек, Е.Б. Қасен, Е. Кейкі. Көне Көктау, байырғы Баянаула байтағының тарихы: Монографиялық зерттеу. – Астана, 2005. -480 бет.

  10. М.А. Алпысбес, Т.Т. Аршабек Бұқар жырау ауданының тарихы (монографиялық зерттеу). –Қарағанды, 2012. -484 бет.

  11. Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры 3. – Алматы, 2007. – 524 бет.

  12. Ж. Жұмабеков.Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XVғ.-XIXғ. соңы): автореферат 07.00.02. – Қарағанды. 2010.

  13. Д. Жүнісов. Өзен – көл атаулары. –Алматы: Қазақстан, 1991. – 128б.

  14. Хұсайынұлы Б. Есіл өңірі: тарих және тағылым. Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2010. -228 бет.

Моминова Гульнар Торебаевна

Докторнат 1-го курса, факультета истории ЕНУ им. Л.Н. Гумилева

НЕКОТОРЫЕ ПРОБЛЕМЫ ТОПОНОМИЧЕСКИХ ИССЛЕДОВАНИЙ В ИСТОРИИ КАЗАХСТАНА


Аннотация: Статья основана на топонимические исследования о истории Казахстана встречающаяся в устной истории. В данной статье это излагается в виде интересных фактов. Топонимы не отделимая часть развития общества и человечества. В статье рассматриваются труды исследователей, которые изучали некоторые проблемы топонимических исследований, такие как Абулгазы Бахадура, Асан Кайгы, Ш. Валиханова, М.Ж. Копеева, К. Халида, Т. Шонанулы и других отечественных исследователей.

Ключевые слова: топонимика, география, земля, история, устной истории, шежире.
Mominova Gulnar Torebaevna

Doctor of 1st year, Faculty of History, ENU. L.N. Gumilev


SOME PROBLEMS OF TOPONOMIC RESEARCH IN THE HISTORY OF KAZAKHSTAN
Annotation: The article is based on toponymic research about the history of Kazakhstan found in oral history. In this article, this is presented in the form of interesting facts. Toponyms are not a separable part of the development of society and humanity. The article deals with the works of researchers who studied some problems of toponymic research, such as Abulgazy Bahadur, Asan Kaygy, Sh. Valikhanov, M.Zh. Kopeev, K. Khalid, T. Shonanuly and other domestic researchers.

Keywords: toponymy, geography, land, history, oral history, shezhire.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет