Соңғы палеолит б.з.б. 40-35 мыңжылдықта басталып, 10 мыңжылмен аяқталады. Бұл Жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты. Ақыл-ойлы адамның шығуы мен соңғы палеолит дәуіріндегі адамзат қоғамының материалдық және рухании мәдениеттің одан әрі дамуы арасында тікелей байланыс бар. Рулық ұйым барлық жерлерде ана тектес және шеше жағынан топтасты, ал әйелдерде қауымда үстем жағдайда болды деп топшыланады.
Соңғы палеолит дәуіріндегі адамның дүнииетанымы күрделене түсті. Аңшылар магиясына табыну кең таралды. Мұның негізінде хайуанның бейнесін – символын бағындыру арқылы оған өктемдік етуге болады деп сену болды. Магияның әмбебап құралы сол кезде пайда болған алғашқы өнер болды. Оның басты тақырыбы – әр түрлі жануарлардың суретін салып, бітім-тұрпатын, мүсінін жасап бейнелеу болды. Сүйектен ойып немесе жұмсақ тастан қашап жасалған әйел мүсіндері жердің құнарлығын, аналық қасиетін бейнеледі.
Адамның жаны туралы, жердегі тіршіліктің жалғасы сияқты о дүниедегі өмір туралы ұғымдар түрлері әдет-ғұрыптық рәсімдердің пайда болуына әкелді. Өлген адамның денесіне қызыл жоса себілді, оның кеудесіне тесілген қабыршықтардан, жыртқыш аңдардың тістерінен жасалған лқа тағылды, аяғына мамонттың азуынан жасалған білезік кигізілді, киіміне моншақ тізбесі тігілді. Өліктің қасына шақпақтастан, мүйізден жасалған заттар қойылды.
Алдындағы кезеңдерге қарағанда жоғарғы палеолитте тас құралдарын өңдеу неғұрлым күрделі болды. Сүйек және ағаш жақтауларға сына ретінде пайдалануға арналған жұқа қалақшалар жонылып, соңан соң бүкіл құралдар пышақ және қырғыш ретінде пайдаланылған. Қыспа ретушь техникасы да кең қолданылды, ол жүзі жұқа құралдар – найзалардың, сүңгілердің ұштарын алуға мүмкіндік берді. Қазақстан аумағында мезолит кезеңі осы кезеңге дейін аз зерттелген. Бұл уақыттың материалдық мәдениеті туралы алғашқы ақпарат 50-жылдарда ғана пайда болды. 70-80 жылдардағы В. Ф. Зайберттің Есіл өңірінде, В. Н. Логвиннің Қостанай маңы мен Торғайдажүргізілген далалық зерттеу жұмыстары ғана мезолит және оның далалық өңірдегі айрықша белгілері туралы жалпы сипатта алғашқы түсініктер алуға мүмкіндік берді.
Палеолиттен мезолитке (гр. «мезос» - орта) көшу климаттағы өзгерістермен ерекше болды. Бірінші кезекте бұл мұздықтардың еруімен байланысты. Бұл кезде қазіргіге жақын гидрографиялық желі орнығып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргіге жақын құрамы қалыптасты. «Мамонттық» жануарлар түрлерінің жойылуы тамақ табудың бұрынғы әдістерін жарамсыз етіп, тіршілік құралдарын қамтамасыз етудің жаңа әдістерін жедел іздестіру қажеттігін туғызды.
Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы – садақ. Шынына келгенде адамға ол жоғарғы палеолитте мәлім болған, бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты ғана мейлінше қажет болды. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Садақ пен жебе барлық жерге дерлік тез тарады. Ол 10 мың жылдан астам уақыт бойы ең тез атылатын және ең жаңа қару болды.