Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті



Дата09.05.2020
өлшемі33,73 Kb.
#66812
түріБағдарламасы
Байланысты:
тарих
тарих, тарих

  1. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті. Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең - 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осыған байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды. Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-тәсілдері де толық анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. “Жапондық”, “Немістік” тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қоры ұсынған “есеңгіретіп емдеу” деп аталатын жолына түсті, Ресейдің соңынан ерді. Үшіншіден, экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанда қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып,  ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған-ды. Бесіншіден, инфляцияны ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары процентпен сатып, пайда табумен әуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейді. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жүргізуде, экономиканы дамытуда өздерінің зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді. Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті. Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс – жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да республикада  ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге екпін түсуімен сипатталады. Біз шағын жекешелендіруден бастадық. Алғашқы кезеңнің барысында 1991-1992 жылдары 5000-ға жуық нысандар жекешелендірілді, олардың қатарында ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар болды. Екінші кезең “Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы” негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытуға белгі берілді. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту басталды. Қызмет көрсету саласында бәсекелестік орта пайда болды. Үшінші кезең 1995 жылғы желтоқсанда заң күші бар “Жекешелендіру туралы” Жарлықпен басталып, 1999 жылға дейін жалғасты. Осы сәттен бастап ол тек ақша қаражатына жүзеге асырылды. 1999 жылдан кейін бірінші кезекке мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру мәселелері шықты. Төртінші кезеңде мемлекеттік меншікті басқару және онымен айналысу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді бөлуге жаңа көзқарас қолданыла бастады. Республикалық мемлекеттік және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру басталды. Елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайтын экономиканың стратегиялық маңызды секторларына мемлекеттің ықпалы мен ондағы үлесі ұлттық компаниялар арқылы сақталды. Мұнай-газ секторында – бұл “ҚазМұнайГаз”, энергетикада – “КЕГОК”, телекоммуникацияда – “Қазақтелеком”, темір жолда – “Қазақстан темір жолы”. Бірақ жекешелендіру барысында да кемшіліктер орын алды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде де (1991-92 жж. және 1993-95 жж.) мүліктің көпшілік бөлігінің талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы үшін берекесіздік тудырып, экономиканың терең дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне айналды. Сондай-ақ, елдің экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындары ескі әдетіне басып, өздерінің тауарларын эшелон-эшелонмен сыртқа жөнелте беруді ғана білді. Соның салдарынан республикадан 250 млрд. сомның өнімі сыртқа, негізінен алғанда Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріне су тегін кеткен болып шықты. Сондықтан, бұл жағдай үкімет пен барлық экономикалық институттарды, Статистика мен Қолдау Комитетін қатыстыра отырып, терең талдау жасауды талап етті. Осымен байланысты 1994 жылдың қаңтарында Президент экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994-1995 жылдарға арналған бағдарламасы жасалды. Бағдарламада энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қойылды, өндірістің құлдырауы тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру, инфляцияны ауыздықтау қажет екені айтылды. 1993 ж. 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы – теңге енгізілді. Сөйтіп, біз экономикалық тәуелсіздіктің аса маңызды нышаны - ұлттық валютамыз теңгеге ие болдық. Бұл бізге 1994 жылы-ақ гиперинфляцияны бәсеңдетуге, ал 1995 жылы инфляция процесін ауыздықтауға мүмкіндік берді.  Реформаның барысында 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Сол сияқты ұлттық банктің несиеге алатын пайызы да қауырт азайды. Ақша-қаражат саласында да осындай түзеліс байқалды. Өнеркәсіптің кей салаларында да оңға басушылық орын алды. Жалпы дағдарыстан шығудың, реформаны жүргізудің пәрменді құралының бірі – экономикалық орталық болу тиіс еді. Алайда, Министрлер кабинетінде реформаны ойластырып, алға бастыратын орталық болмады. Экономика министрлігі ондай орталық бола алмады. Нәтижесінде 1994-1995 жылдары дағдарысқа қарсы шаралар мен реформаны тереңдету бағдарламасы орындалмай қалды. Макроэкономикалық тұрақтандыру және құнсыздануды тоқтатуға қол жетпеді, тиімді сыртқы сауда саясатын жасау да көңілдегідей болмай шықты, әлеуметтік саясат та халықтың басым көпшілігінің  наразылығын өршіткені болмаса разы етпеді. Өзінің бүкіл кемшіліктеріне қарамастан іс жүзінде аяқталған жекешелендіру процесі нақты бәсекелестік үшін базалық жағдайларды құруға жеткізді. Қазіргі кезде республика өнеркәсіп өнімінің 85 процентке жуық көлемі жекеменшік секторда өндіріледі. Нарықтық реформаға көшудегі жіберілген тағы бір қате – ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Оның себебі бізде бұған дейін нарықтық экономика болмады, сондықтан біздің экономистер нарыққа көшудің жолдарын, тетіктерін білмейді деп есептелді. Сондықтан нарықтық экономикаға көшу үшін кеңесші ретінде экономист-ғалымдар АҚШ-тан, Франциядан, Түркиядан, Ресейден т.б. жерлерден шақырылды. Бірақ олар өз елінде маман болғанмен, біздің жағдайды, халықтың менталитетін, психологиялық ерекшеліктерін ескермеді, тіпті білмеді де. Олардың білетіні Батыстың дамыған, қалыптасқан нарықтық экономикасы еді. Оған қоса ТМД елдерінде экономикалық дағдарыс капиталистік қоғамға тән классикалық артық өндіру дағдарысы емес, жетіспеушілік дағдарысы болатын. Екіншіден, ол елдерде ертеден тауар өндірісі, тауарлық қатынастар толық қалыптасқан. Ал бізде бұлар болған жоқ. Үшіншіден, ТМД елдерінде социалистік экономикадан нарықтық экономикаға көшу тез қарқын алды. Сондықтан шетел экономистерінің кеңесі тиісті нәтижесін бермей, аяқсыз қалды. Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Қазан төңкерісінен кейінгі индустрияландыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістерге революциялық сипат беру. Ал біздің халық бұл үрдіске үйренбеген және ол халықтың психологиясына келе бермеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруде үкімет асығыстық жіберді. Дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке фермерлер басқа халықты асырамақ түгіл, өзін-өзі әрең асырап отырды. Нәтижесінде 1993-1995 жылдарға арналған бағдарламалардағы инфляцияны төмендету, өндірістің құлдырауын тоқтату және өндірістің ұлғаюы үшін жағдайлар жасау жоспарынан ешнәрсе шықпады. Сондықтан мақсатты нұсқамалар түрінде 15 айға арналған қосымша бағдарлама қабылданды. Оның оң нәтижесі деп инфляцияның баяулауын айтуға болады, бірақ өндірістің құлдырауын тоқтату мүмкін болмады. 1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 жылмен салыстырғанда 14,6%-ке, 1993 жылы – 28%-ке, 1994 жылы 48%-ке, ал 1995 жылы – 45%-ке жетті. Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996-1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. Алайда, бағдарламада көзделген жекешелендіруді аяқтау, бірыңғай холдингтік, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығында қосымша 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құру айтарлықтай нәтижелер берген жоқ. Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж болатын. Олар “Қазақстан –2030” ел дамуының Стратегиясында тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына “Қазақстан – 2030” деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе “Қазақстан барысын” қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда елдің ішкі бекем тұстарын және сыртқы саясатындағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыру көзделген. Олар: 1) ұлттық қауіпсіздікті сақтау; 2) ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту; 3) нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу; 4) Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтеру; 5) энергетика ресурстарын жете пайдалану; 6) инфрақұрылым, көлік және байланысты дамыту; 7) демократиялық кәсіби мемлекетті құру. Тек осы аса маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы мүмкін екендігіне сенім білдірілді. “Қазақстан – 2030” бағдарламасының талаптарына орай соңғы жылдары еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлемдік стандарттарға сай түзілген заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде орасан зор жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, биліктің, сот және құқық қорғау органдарын қоса алғанда, оның барлық тармақтарының құрылымы мен қызметінің қағидаттары едәуір жетілдірілді. Сондай-ақ, демократия мен азаматтық қоғам институттары даму жолына түсті. Қазақстан геосаяси кеңістікте әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде лайықты орын алды. Қалыптасқан әріптестік саяси және экономикалық қатынастар мемлекетімізді барлық дүние жүзі елдерімен байланыстыруға мүмкіндік берді. Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдарда, соның ішінде, БҰҰ-да белсенді жұмыс жүргізіп, антиядролық қозғалысқа, жаппай қарусыздануға, бітімгершілік және терроризмге қарсы күрес ісіне лайықты үлесін қосып келеді. “Қазақстан – 2030” стратегиясында көрсетілгендей, әсіресе, соңғы жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалып отыр. Тек 2000-2002 жылдары жалпы ішкі өнімнің жиынтық өсімі 35,5 пайызды құрады. Сауатты макроэкономикалық саясат еліміздің халықаралық беделін едәуір көтеруге жағдай жасады. Қазақстан бұл жылдары ТМД елдерінің арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестициялар тарту жөнінен көш бастады. Шетелдік инвесторларды, соның ішінде әлемдегі аса ірі компанияларды да тарту мынадай бірқатар маңызды міндеттерді шешіп берді: Ауқымды инвестицияларды тарту жөніндегі, олардың көлемі 1993 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде 25,8 миллиард долларды құрады, жан басына шаққанда Қазақстан ТМД-да 1-ші орынды алады. 1994 жылдан 2007 жылдың аяғына дейін еліміз өз экономикасына әлемнің 60 елінен 70 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартты. Бүгінде Орталық Азияға келген барлық инвестициялардың 80 %  Қазақстан еншісінде. Ал экономикаға қосылған ішкі инвестицисының көлемі қазіргі күні 80 миллиард доллардан асып түсіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан басқа елдерден келген инвестиция көздерін өз экономикасын көтеру ісіне тиімді пайдалана отырып, енді басқа елдерге де инвестиция сала алатын донор мемлекетке айналды. Қазір оның қаржысы Ресей мен өңірдегі елдерге, Түркия мен Кавказ елдеріне, Қытай және басқа да алыс-жақын шет ел экономикасына салынып жатыр (Егемен Қазақстан. 15.12.2008). Әлемдік деңгейдегі менеджмент қызметі құлдырау жағдайында болған аса ірі кәсіпорындарды қысқа мерзімде қайта өркендетуге мүмкіндік берді. Әлемдік рынокқа шығу және әлемдік шаруашылық байланысқа белсенді кірігу қамтамасыз етілді. (Н.Назарбаев. Жаңа кезең - жаңа экономика. – Егемен Қазақстан, 16 желтоқсан 2004). Осының нәтижесінде республика экономикасының барлық дерлік салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында, сауда мен қызмет көрсету саласында жеке меншік секторы басым бола түсті. Нарықтық экономиканың жетекші бір факторы мемлекеттік емес сектор үлесін серпінді ұлғайту болып табылады. Мысалы, статистика мәліметтері бойынша, 2004 жылдың І жартыжылдығына тіркелген 194,8 мың заңды тұлғаның 192,7 мыңдайы жеке меншік секторға келеді. Бұл жалпы санның 98%-і, өңдеу саласында бұл үлес – 98%-ті; ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында 97,5%-ті құрайды. Көптеген экономикалық процестердің нақты қатысушысы жеке меншік иесі болып отыр. Оның мүмкін болатын барлық әлеуметтік формалар мен нарықтық қатынас салаларына кеңінен қатысуы айрықша нарықтық мінез-құлық қалыптастырды. Әсіресе шағын кәсіпкерліктің дамуы атап көрсетуге тұрарлық.  “Қазақстан – 2030” бағдарламасын жүзеге асыру барысында тәуелсіз еліміздің басты табыстары мен жетістіктері – мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және экономикалық өрлеу болды. Бұл барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына кең өріс ашты. Қазір біздің республикада нарықтық экономиканың іргесі қаланып қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық қазақстандықтардың игілігі үшін ішкі ресурстары мол әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты нышандары қалыптасты. Оған дәлел ретінде әлемдегі ең күшті мемлекет – АҚШ-тың Қазақстанға нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін беру туралы шешімін ерекше атап көрсеткен жөн. Бұл АҚШ басшылығының, американдық іскер топтар мен сарапшылардың қазақстандық реформалардың жетістіктерін мойындауы болып табылады. Сөйтіп, Қазақстанның ТМД елдері арасында осы мәртебені бірінші болып алуы кездейсоқтық емес. Бұл шешім Қазақстанға қатысты АҚШ және тағы басқа дамыған елдер тарапынан экономикалық шектеулер мен түзетулерді алып тастаудан өзінің көрінісін тапты. Ол болашақта республиканың нарық қатынасына көшкен ел ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің оңтайлы алғы шарты болып табылады. Сонымен, қорыта келгенде, жер жүзіндегі қазіргі 182 елдің 15 мемлекеті нарықтың қарқынды даму жолын игерген, 156 ел – нарықтық даму жолына түскен (соның бірі - Қазақстан), тек 11 ел ғана  - нарықтық қатынасқа әлі кірмеген. Әлемдік экономиканың заңдары мен талаптарына сай біз де елімізде нарықтық (кәсіпкерлік) қоғам құрып жатырмыз. Сол себепті де Қазақстан байлығының 80 пайыздан астамы жекешелендірілген, қазірдің өзінде республикамызда 500 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілер құрылған. Онда 2 млн.-нан астам адам жұмысқа тартылған. Кәсіпкерлік – күнкөрісіміздің көзіне айналды. Дамыған елдердегідей “кәсібің - нәсібің” деген ұстаныммен өмір сүруге көштік. Экономикалық, өндірістік қатынастар жүйесін түбегейлі өзгерту жөніндегі реформаның ең маңызды кезеңінің басты міндеттері шешілді. Экономиканы түпкілікті реформалауға бағыт ұстап, біз қысқа мерзімнің ішінде нарықтық реформаларды жүргізе білдік, тиісті заңнамамызды жасауға қол жеткіздік. Біз ойдағыдай жұмыс істеп жатқан нарық экономикасын құрдық. Бүгінгі таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс істеп тұрған нарықтық экономика бар. Нарықтық экономикаға көшу бастапқыда өнеркәсіптің дамуына жол ашпады. Халық шаруашылығының бұл саласын дамытуда көптеген қиыншылықтар кездесті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өнеркәсіп салалары, әсіресе, ауыр индустрия, халыққа аса қажет жеңіл өнеркәсіп орындары біртіндеп тоқтай бастады. Кәсіпорындардың көпшілігі қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе қаржының жетіспеуінен өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсер етті. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жүйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді. Өнеркәсіп орындарының жартысы 1992 жылы 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда өндірістің құлдырауына жол берді. Халық тұтынатын тауарлар күрт азайып кетті. Оны өндіру көлемі өнеркәсіп өндірісінің бүкіл көлемінің бестен бір бөлігін ғана құрады, сөйтіп 1991 жылмен салыстырғанда 21,5%-ке кеміді. Республика бойынша мұнай мен көмір өндіру қысқарды. Металлургия өнеркәсібінде күрделі жағдай қалыптасты: шойын, болат, прокат құю азайды. Түсті металлдар өндірісі қысқарды. Құрылыс және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару едәуір кеміді. Күрделі құрылысты қаржыландыру көлемі 40 пайыздан астам қысқарды, нәтижесінде 1992 ж. мемлекеттік тапсырыс бойынша іске қосылуға тиісті 32 өндірістік қуаттар мен объектілердің тек 2-уі ғана іске қосылды. Өнеркәсіптің құлдырауы 1993 және 1994 жылдары да тоқтамады. 1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 16,1%-ке азайды. Ал 1994 жылы 1992 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 39%-ке, халық тұтынатын тауарлар 41%-ке кеміді. Дегенмен 1995 жылы өнеркәсіп өнімінің төмендегеніне қарамастан, оның жекелеген салаларында 1994 жылмен салыстырғанда  біраз өсім байқалды. 1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Бірақ осыған қарамастан өндірістің құлдырауы тоқтамады. Тек 1996 жылдың соңына қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, аздап өскендігі байқалды. Өндірістің құлдырауының басты себебі – Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Өнеркәсіптің артта қалуының тағы бір себебі – оның шикізат өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, әсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды. Одан басқа мемлекет экономиканы басқарудың тізгінін босатып алды, халық тұтынатын тауарларды шығаруды өз бетімен жіберді, жаңа технология мен техниканы пайдалану, оны өндіріске енгізу ісі ақсап жатты. Жоғарыда айтылған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесінде 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1%-ке, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8%-ке өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті. Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында 2000-2002 жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Тек соңғы 3 жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды. Бұл жылдары тек газ-мұнай шығару салаларын дамытуға 9,5 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды. Қазір де мұнай-газ секторы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың негізгі көздерінің біріне айналып, республиканың жалпы ішкі өнімдерінің едәуір бөлігін қамтиды. Батыс Қазақстан аймағында Теңіз бен Қарашығанақ сияқты мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі ауқымды жобаларды іске асыру жүргізіліп жатыр. Каспий аймағында өнеркәсіптік мұнай өндіруді 2005 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Жамбыл облысы жеріндегі Амангелді газ өндіру орнын игеру жұмысы басталды. Каспий құрлықтық мұнай құбырының бірінші кезегін іске қосу еліміздің экспорт жөніндегі мүмкіндігін арттыра түсті. Мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің баламалы нұсқалары – Атырау-Баку-Жейһан, Қазақстан-Түркменстан-Иран, Батыс Қазақстан-Қытай бағыттарын да үлкен болашақ күтіп тұр. Соңғы жылдары Ақтау теңіз портын, Достық-Алашанькоу шекаралық өткелін және Достық-Ақтоғай теміржол учаскесін қайта жаңалау жұмысы, Семейдегі Ертіс көпірі мен Ақсу-Дегелең теміржол құрылысы аяқталды. Алтынсарин-Хромтау арасындағы теміржол құрылысы аяқталып, 2004 жылдың соңына қарай іске қосылды. Алматы-Астана автожолын жаңалау жұмысы 2003 жылы аяқталды. Алматыдағы әуежай қалпына келтірілді. Жалпы 2002 жылы бұрынғы 2001 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 9,5 пайызға артты. 90-шы жылдардың басында ауыл шаруашылығы елеулі дағдарысты бастан кешірді. Оның басты себебі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық еді.  Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Бұрын 600-ден астам астық өндіретін, 700-дей қой шаруашылығымен шұғылданатын кеңшарлар мен колхоздар, 80-дей құс фабрикасы бар еді. Республика халқы жекешелендіру барысында өздерінің осы қолда барынан айырылып қалды. Бағадағы былық, бейберекеттік, жекешелендірудегі асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналдыру және т.б. ауыл шаруашылығын күйретуге соқтырды. 1993 жылы кеңшарлардың басым көпшілігі жұмыскерлерге 6 айға дейін жалақы бере алмады. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азайып кетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жоғарыдағы айтылған және басқа да кемшіліктерді жоймай, салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертпей бүкіл реформаның жүзеге асуы мүмкін емес еді. Егіншілік өнімдері азайып, егін егетін жер көлемі қысқарды. Жалпы ауыл шаруашылық өнімі 1992-1998 жылдары аралығында 55 пайызға қысқарған, астық өндіру 30 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға азайған. Аграрлық сектордың басты бір саласы – мал шаруашылығы едәуір төмендеді. Малдың саны азайып кетті. Мал мен құстың кемуі негізінен осы салаға деген көзқарастың нашарлауынан болды. Малға қажетті жем-шөп аз дайындалды. Жекешелендіру нәтижесінде жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Егер 1991 жылы 9,8 млн. бас ірі қара болса, 2002 жылы 4,4 млн. бас қана қалды, тиісінше қой мен ешкі 35,7 млн. бастан, 10,4 млн. басқа дейін, жылқы 1,6 млн. бастан 1,0 млн. басқа дейін азайып кетті. 2000 жылдан басталған ауыл шаруашылығындағы тың серпіліс мал шаруашылығы саласының дамуынан да көрініс тапты. Мәселен, 2000-2002 жылдары ірі қара мал 8%-ке, қой басы 9%-ке, жылқы 1%-ке, құс өсіру 25%-ке артты. Қазір республикадағы мал басының 90%-тен астамы жеке шаруа қожалықтарының қолында жинақталған. Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Ауыл шаруашылығына 1996 жылғы бюджеттен 4,3 миллиард теңге, 1997 жылы 5,3 млрд. теңге бөлінді. 1996 жылы Азия даму банкісі тарапынан Қазақстанға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлінді. Оның 50 млн. доллары 1997 жылы ауыл шаруашылығына жұмсалды. Тек 1996 жылы 630 егін және 100 мақта жинайтын шетелдік комбайндар сатып алынды. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп отырды. 1999 жылы оған 9 млрд. теңге бөлінсе, 2000 жылы агроөнеркәсіп саласына 11 млрд. теңге жұмсалды. Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 2000 жылы республика көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс істеді. Сөйтіп, 1999-2001 жылдар аралығында ауылда тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері қалыптаса бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің “Жаңа кезең - жаңа экономика” атты лекциясында атап көрсеткендей “Рынокқа берік бағдарланған фермерлер табы пайда болды”(Егемен Қазақстан. 16 желтоқсан 2004 ж.). Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформаның нәтижесінде өндірілген өнімдердің 99 пайызы жеке меншік құрылымдарының үлесіне тиді. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының бұрынғы қарыздарының барлығы жойылды. Басқа қарыздары 5-6 жылға ары қарай ұзартылды. Қазір ауылдық жерлерде 25 мыңнан астам заңды тұлға бизнеспен айналысуға мүмкіндік алса, тек шаруа қожалықтарының саны ғана 170 мыңнан асты. “Астық үшін айқас” кезеңдері ұмытылды. Соңғы  жылдары Қазақстан миллиард пұттан астам дәнді дақылдар өндіруге қол жеткізіп келеді. Кеңес заманында астықтың осындай мөлшерін өндіру үшін бүкіл одақ болып жұмыла кірісетін болса, қазір астықты аз шығын жұмсап-ақ жинап қамбаға құйып алатын болдық. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 жылдан басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. 2002 жылы маусымда мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003-2005 жылдарды қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының проблемаларын кешенді шешу үшін 2003-2005 жылдар Ауыл жылдары болып жарияланды. 2002 жылы ауыл шаруашылығы салаларын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 30 млрд. тенге қаржы бөлінді. 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын және оған байланысты салаларды бюджеттік қаржыландыру елеулі түрде өсті. Мысалы, 2003 жылы 40 млрд. тенге қаржы бөлініп, оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды ауылдың әлеуметтік мәселесіне, оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ал 2004 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен – 50 млрд., 2005 жылы – 55 млрд. тенге бөлінді. Кейінгі жылдары Қазақстан аграрлық секторды дамытуда айтарлықтай нәтижелерге жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2002 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті. Инвестициялар 3 еседен астам ұлғайды. Бұл аграрлық секторды мемлекеттің орасан қолдауы нәтижесінде мүмкін болды. Жоғарыда аталған ауылды қолдаудың үш жылдық бағдарламасы ел ішін дамытуға қуатты серпін берді. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығындағы тауар айналымының 4 есеге жуық жалпы өсіміне оң ықпал етсе, ол 4 миллиард АҚШ доллары мөлшерінен асып түсті (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауынан. – Егемен Қазақстан, 2008, 7 ақпан). 2007 жылы ауылшаруашылық дақылдарының барлық дерлік түрлері бойынша жақсы өнім алынды. Әсіресе, ел диқандары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Республика бойынша 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Қазақстан астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 3 есе дерлік артты. Қорытып айтқанда, еліміздің ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету арқылы оның деңгейін көтеру, соның ішінде қазіргі кездегі егістік көлемін сақтау, одан алынатын өнімді өсіру, малдың санын тұрақтандыру ісін жүзеге асыру көзделген. Қазір ауылдық жерлерде Қазақстан халқының 43 проценті тұрып жатыр. Тәуелсіздік алған Қазақстанның көлік қатынасында темір жолдың маңызы ерекше зор. Қазіргі кезде Қазақстан темір жолының үлесіне көлік қатынасының барлық түрлері бойынша тасылатын жүктің төрттен үш бөлігі, жол жүретін адамдардың тең жарымы тиеді. Темір жолдарды техникалық жағынан қамтамасыз ету және жүк тасу жөнінде Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды алады. Міне, осымен байланысты темір жол көлігіне талаптар жыл сайын өсіп отыр және оның басты міндеттері Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан. Бұл мәселелерді шешуде темір жол құрылымын жетілдіру ерекше орын алады. 1997 жылғы 31 қаңтарда Үкімет қаулысымен Алматы, Тың және Батыс Қазақстан темір жол бөлімдері біріктіріліп, республикалық мемлекеттік “Қазақстан темір жолы” кәсіпорны құрылды. Ал 2002 жылы бұл кәсіпорын Үкіметтің қаулысымен “Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы” жабық акционерлік қоғамына айналдырылды. 2002 жылы Қазақстандағы темір жолдың ұзындығы 13,6 мың шақырымға жетті, оның бойындағы темір жол станцияларының саны 720 болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жаңа темір жолдар салу және темір жол станциялары мен желілерді қайтадан жаңартуға ерекше назар аударылуда. Соның ішінде халықаралық темір жол желілерін құруға барынша көңіл бөлінуде. Халықаралық темір жол қатынасын дамытуда Достық станциясы маңызды рөл атқарады. Өйткені ол Европа және Азия елдерінің арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда үлкен орын алады. 1991 жылы қыркүйекте Достық станциясы арқылы Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасу, ал 1992 жылы маусымда жолаушылар тасу жүзеге асырылды. 1994 жылдан бастап Достық-Алашанкоу станциялары арқылы халықаралық жүк тасу жүргізіле бастады. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай, Өзбекстан және Оңтүстік Корея сауда байланыстары Достық станциясы арқылы едәуір өсті. Тек 2002 жылдың өзінде жүк тасу 1994 жылмен салыстырғанда 10 есеге артып, 6 млн. тоннаға жетті. “Қазақстан-2030” бағдарламасының талаптарына сай 1998 жылы мамыр айында алғаш рет егемен Қазақстанның тарихында Павлодар облысының Ақсу қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Конечная темір жол құрылысы басталып, 2000 жылы 8 желтоқсанда аяқталды. Жолдың жалпы ұзындығы – 184 шақырым. Жолды салуға республиканың әртүрлі аудандарынан 1500 жұмысшы қатынасты, құрылысқа 6,5 млрд. тенге жұмсалды. Бұл жол елдің Солтүстік және Шығыс облыстарының арасындағы қатынасты 600 шақырымға қысқартты. Павлодар облысының Ақсу және Май аудандары жеріндегі табиғи байлықтарды игеруге мүмкіндік берді. Егемен Қазақстан жеріндегі екінші маңызды темір жол құрылысы Қостанай облысындағы Алтынсарин станциясы мен Ақтөбе облысының Хромтау қаласын байланыстыратын темір жол магистралы. Жолдың ұзындығы 387 шақырым, құрылыс жұмысы 2001 жылдың маусым айында басталып, 2004 жылдың қараша айының соңында аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жол Қазақстанның Солтүстік және Орталық аймақтары арасындағы жол қатынасын 1,5 мың шақырымға қысқартты және елді Ресейдің Қарталы-Орск темір жолына бағыныштылықтан босатты. Бұл жолмен Қазақстанның Орталық және Солтүстік аудандарынан Батыс облыстарға хром рудалары, астық, ал Ақтау, Новороссийск және Одесса теңіз порттары арқылы Украинаға қара металл, ферросплав, сондай-ақ Ақтау арқылы Республиканың солтүстік облыстарынан Иранға жыл сайын 5,5 мл. тонна астық жеткізу көзделген. Республиканың темір жол қатынасын одан әрі дамытуда оның аса қажетті магистралдық учаскелерін электр жүйесіне қосудың маңызы ерекше зор. Соңғы 10-12 жыл ішінде бұл бағытта бірсыпыра оң істер атқарылды. Мысалы, 1991-1994 жж. Арыс пен Шу станциялары арасындағы 600 шақырымдық жолды электр жүйесіне қосу жұмысы аяқталды. Ал 1993 жылдан бастап Шу мен Алматы арасындағы темір жолды электр қуатына қосу басталды. 1996-1999 жылдары қашықтығы 190 шақырым Шу-Отар темір жолын электр қуатына көшіру аяқталды, 2000 жылы ұзындығы 90 шақырым Отар-Ұзынағаш учаскесі іске қосылды, ал 2002 жылдың көктемінде Отар мен Алматы арасындағы темір жол магистралын электр қуатымен жұмыс істеуге көшіру біржолата аяқталды. Осының нәтижесінде Қазақстанда электр қуатымен жұмыс істейтін темір жол магистралының ұзындығы 3,7 мың шақырымға жетті, немесе республикадағы барлық темір жолдың 27 пайызын қамтыды. Болашақта Алматы қаласы мен Достық станциясы арасындағы темір жолды электр қуатына ауыстыру жоспарланған. Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі – адамдардың жақсы тұрмысын іс жүзінде қамтамасыз ететін қоғам орнату. Осы орайда әрбір адамға кәсіпкерлік еркіндік пен мүмкіндік туғызып, жоғары әлеуметтік мәртебеге жетуін қамтамасыз ету, зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр. Әлеуметтік саладағы басты міндеттер: ұлттық байлықты көбейту, халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінен дүние жүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы және тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырмашылықты қысқарту. Алайда, қоғамдық қатынастардың өзгеруімен және нарықтық экономикаға көшумен байланысты халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп кетті. Еліміздің экономикасының құлдырауымен байланысты еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы бұл жылдары тиісінші дәрежеде өспей, тауарларды ырықтандыру деңгейінен ондаған есе артта қалып қойды. Халықты жұмыспен қамту проблемасы күрделенді. 1991 жылдан бастап республикада жұмыссыздық басталды. Әсіресе, ауылдық жерлерде кеңшарлардың таратылуына байланысты жұмыссыздық көбейді. Жастар жұмыс іздеп қалаға шұбырды. Қалаға келгенде де олар қарық болған жоқ. Не баспана, не дайын жұмыс пен табыс жоқ, сенделіп жүріп, азын-аулақ саудамен, рэкетпен, ұрлық-қарлықпен шұғылданып, мыңдаған қазақ жастары қылмыскерлер қатарын толтырды. Қазақстанның әлеуметтік саласындағы басты мәселелердің бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Соңғы кезде елімізде зейнеткерлердің қатары едәуір өсіп, олардың саны 2002 жылы 3 млн. адамға жетті. Үкімет зейнетақы мәселесі шешу үшін үш бағытта бірқатар жұмыс жүргізді. Бірінші – зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екінші – зейнетақыны уақытында төлеу, үшінші – зейнетақы жүйесін реформалау. Бұл үш бағытта жүргізілген іс-шаралар бірсыпыра қайтарымын беріп, 1999 жылдың зейнетақы қарызын төлеуде бірқатар шаралар іске асырылды. Әсіресе, 7-8 ай бойы зейнетақыларын ала-алмай келген ауыл тұрғындарына ерекше көңіл бөлінді. Зейнетақыны одан әрі арттыру бағытында шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 1998 жылы 3 мың теңге болса, 2000-жылы 4 мың теңгеге жетті. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш мәрте артып, 23 пайызға өсті. 2003 жылдың басында Президенттің жарлығымен ең төменгі зейнетақы көлемі 5 мың теңгеге жетті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері – 8335 теңгені құрады. Елімізде реформалау нәтижесінде аралас әрі ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 миллионнан астам зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етілді. Зейнетақы индексациялаумен бірге 2003 жылы оны саралап өсіру жүзеге асырылды. Жеке жинақ принциптеріне негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі – жинақтаушы зейнетақы жүйесі ойдағыдай дамытылуда. 2004 ж. бір мемлекеттік және 15 жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларындағы 6,5 млн. азаматтың жеке есепшоттарында 415,2 млрд. теңге зейнетақы жинақталды. Оның ішінде 115,7 млрд. теңгесі инвестициялық кірістен түскен. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты түрде көбеюде, оның көлемі 2008 жылдың басында 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Сөйтіп, біз зейнетақы жүйесін реформалауды табысты жүргіздік. Базалық зейнетақы төлемдерін есепке алғанда, ең төменгі зейнетақы көлемі 1998 жылдан бері 4,3 есе, ал зейнетақы төлемдерінің орташа көлемі 3,3 есе көбейді. 1,6 миллионнан астам адам мемлекеттік зейнетақыны республикалық бюджеттен алады (Егемен Қазақстан. 15.12.2008). Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұрын да, қазір де тұрғын үй адамдардың ең басты мұқтажы болып отыр. 90-шы жылдары республикада тұрғын үй салу төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жылдан бастап ілгерілеуімен байланысты тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары қайтадан көтерілді. 2002 жылы үй құрылысына 29,4 млрд. тенге инвестициялық қаржы жұмсалды немесе 2001 жылмен салыстырғанда 7,9%-ке артты. Жаңадан 1402,7 мың шаршы метрді қамтитын 11,2 мың пәтер іске қосылды. Үй құрылысы, әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында кең өріс алды. 2004 жылғы көктемдегі Президенттің халыққа жолдауында республикадағы арзан үй құрылысын кеңейту, ұзақ мерзімге 9-10 пайызбен берілетін ипотекалық несиелер, жинақтаушы тұрғын үй банкілерінің көмегімен мүмкіндігі төмен отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жарияланды және оны іске асыру үшін Үкімет қазір қарқынды жұмыстар жүргізуде. 2005-2007 жылдары 19 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспардағыдан 22 процентке артық. Осы уақыт ішінде елімізде 44 мыңнан астам пәтер салынды. Бюджеттік қаржы есебінен 6 мыңнан астам коммуналдық пәтерлер салынды. Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту, соның ішінде еңбекшілер мен қызметкерлердің жалақысын арттыруға назар аударуда. Экономиканың көтерілуі әлеуметтік міндеттердің үлкен кешенін шешуге мүмкіндік берді. Тек 2002 жылы орташа айлық 54%-ке, немесе 1999 жылғы 9400 тенгеден 18 мың 500 тенгеге дейін көбейді, ең төменгі жалақы көлемі 5 мың тенгені құрады. Бұл жылдары үкімет, әсіресе, бюджеттегі мекемелер қызметкерлерінің жалақысын көтеруге көңіл бөлді. 2002 жылы тек мұғалімдердің жалақысы 35%-тен астам көбейтілді. Бұл мұғалімдердің орташа айлық жалақысының мөлшерін 2000 жылғы 7 мың тенгеден 9300 теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлерді, мүгедектерді, асыраушыларынан айырылған және басқа да санаттағы тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Олардың барлығы 3,5 миллион (немесе барлық тұрғындардың 23,6%) адамнан асады. 2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары 1,5 есе көбейді. Бұл қазақстандықтардың кірісін айтарлықтай арттырды, оған мынадай өсім индикаторлары дәлел болады. 1999-2004 жылдары ең төменгі жалақы көлемі 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі – 1,9 есе (3000-нан 5800 теңгеге дейін); орташа жалақы – 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнетақы көлемі – 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге дейін); күнкөріс шегі – 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орташа  мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі – 1,3 есе (3441-ден 4670 теңгеге дейін) өсті (Н.Назарбаев. Жаңа кезең - жаңа экономика. // Егемен Қазақстан, 16.12.2004). Тұтастай алғанда, 90-шы жылдардың аяғымен салыстырғанда 2007 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға шығындар 3 еседен астамға өсті. Халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл – Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласының 88 нысаны жаңадан салынды. 2002 жылдың тағы бір ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды. Жалпы, 2000-2002 жылдары денсаулық сақтау саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру екі еседен астамға, жергілікті бюджеттен – 50%-ке дерлік ұлғайды. Ал 2007 жылы ғана республика бойынша 23 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соңғы он жылда (1997-2007) мемлекеттің денсаулық сақтау саласына шығыны 13 есе өсіп, 2007 жылы 338,5 миллиард теңгені құрады. 1991 жылдан бері денсаулық сақтаудың 290 нысаны салынып немесе қайта жөнделіп, оларға 100 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соңғы бес жылда алғашқы көмек көрсету буынын құрал-жабдықтармен және медициналық техникамен жарақтандыру 3 есеге жуық өсті. Егер осыдан 10 жыл бұрын 1200-ге жуық ауылдық елді мекен медициналық қамтамасыз етусіз қалса, қазіргі уақытта ауылдықтар жер-жерде медициналық көмекпен қамтылып отыр. Тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді қаржымен қамтамасыз ету көлемі кепілдендірілді және 2003 жылдан бастап өткен кезең ішінде мемлекеттің осыған бағыттаған шығыны 3 есеге артты (Егемен Қазақстан. 15.12. 2007). Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2010 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы табысты жүргізілуде.  Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында (Егемен Қазақстан, 2005 ж. 19 ақпан) атап көрсеткеніндей: Бүкіл дүниежүзілік банктің жіктемесі бойынша қазіргі уақытта Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына кіреді. Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда (1995-2005 жж.) қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды. Тұтастай алғанда, 1997 жылдан 2007 жылдың аяғына дейінгі кезеңде еңбекақының ең төменгі өлшемі 4,5 еседен астамға өсті, орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 теңгеге дейін – 6 есеге жуық артты. Барлық соңғы жылдар бойында орташа еңбекақы деңгейі жөнінен Қазақстан ТМД-да көшбасшы елдердің бірі болып табылады. 2002 жылдан бастап реформалау жүзеге асырылып, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру үрдісі қалыптасып келеді. Оның деңгейін жүйелі арттырудың арқасында 2007 жылы бюджетшілердің еңбекақысы 2,5 еседен астамға артты. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа көлемі 1998 жылдан бері 3 есеге жуық өсті Бүгінде 630 мыңдай адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауынан. – Егемен Қазақстан, 7.02.2008). Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, 2008 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық. Ал осы жылдар ішінде Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Қазіргі кезде автомобиль құрастыратын, оның ішінде жеңіл автокөліктер де құрастыратын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда радиотехника мен компьютер де құрастырылады. Жиһаз жасау өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа салалар серпінді дамуда. Сөйтіп, қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жұмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қол жетті. Соның нәтижесінде біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет