Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды».
1917 жылғы 21—26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...».
Алаш партиясының облыстык ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал карашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, баскару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.