Кеңес өкіметін заңдастыру шаралары мен Қазақстанды кеңестендіру ерекшеліктерін көрсетіңіз
1917 жылғы қазан төңкерісі Ресей империясының астанасы – Петроградта мемлекеттік билікке большевиктер партиясының келуімен басталып, жаңа мазмұн мен тұрпаттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани қатынастарды орнықтырудың алғашқы қадамына айналды. Орталықта және жер-жерлерде билік жұмысшы, солдат, шаруа өкілдері басқарған Кеңестерге өткендіктен ел де, өкімет те кеңестік деген атауға ие болды. Бұл билікті жүзеге асырған Ресей социал-демократтар партиясының солшыл тобы – большевиктер еді.
Қазақстан қалаларында, темір жол бойындағы елді мекендерде кеңес билігі тез орнықты. 1917 жылдың қазан-желтоқсан айларында Перовск (Қызыл Орда), Әулиеата (Тараз), Шымкент, Петропавловск, Семей, Қостанай, Ақмола қалаларында, Ордада, 1918 жылдың көктеміне дейін Ақтөбе, Атбасар, Павлодар, Алматы қалаларында ресми билік кеңестер қолына көшті. 1918 жылдың жазында Қазақстанның оңтүстік облыстары қараған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланып, ол РКФСР құрамына кіретін болғандықтан большевиктердің бұрынғы отар аймақтағы ықпалы айтарлықтай күшейді. Бірақ, кеңес билігі ауылдарға кешеуілдеп жетті және жергілікті халық бұл билікті бірден қабылдамады.
Социалистік идеяның қазақ даласында осыншалықты шапшаң тарауы мен пәрменді күшке айналуының әлденеше себебі бар еді. Бірінші кезекте большевиктер көсемі Ленин халықтың санасы мен жүрегін мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді шеше алды. Төңкерістің бірінші күнінде қабылданған Бітім, Жер туралы декреттер «Ресей азаматарына!», «Жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға!» үндеулер барлық соғысушы елдерге демократиялық бітімді ұсынды, жерге помещиктік меншікті жойды, өндіріске жұмысшы бақылауын енгізуді. Іле-шала қабылдаған «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында» ұлт араздығы саясатына тыйым салынатыны, барлық халықтардың тең құқылығы, олардың өзін-өзі билеуге, дербес мемлекет құруға еріктілігі, ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтар жойылатындығы, шағын ұлттар мен этнографиялық топтар еркін дамитыны жарияланды.
Большевиктік бастамалар қолдау да тауып жатты. 1918 жылы 28 ақпан-1 наурыз аралығында өткен Ақмола уезі Кеңестерінің бірінші съезінде «барлық егіншілерге қолайлы егіндік, шабындық жер беруге, мұқтажына қарай халықты мал азығымен, тұқыммен ..., сауынмен және құрал-сайманмен қамтамасыз етуге», «ірі капиталды және капиталистік мүлікті кәмпескелеуге, оны кеңес өкіметінің қарауына тапсыруға», халықтың революциялық сотын ұйымдастыруға, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізуге, «пролетарлық-шаруалық республика үкіметі шығарған заңдар мен декреттерді ешқандай кедергіге қарамастан дереу жүзеге асыруға» шешім қабылданды.
Қазақстанға социалистік идеяның орнығуы Қызыл әскер штыгымен де жүзеге асырылды. 1918 жылдың мамыр айында басталған кеңестік Ресейге қарсы шетел интервенциясы мен азамат соғысы Қазақстанды қамтымай қалмағаны белгілі. Большевиктермен соғысқан Колчак, Дутов, Толстов армияларына қарсы тұрған Арал, Ақтөбе, Жетісу майдандарының Қызыл әскерлері Кеңес өкіметін қалпына келтіру барысында Қазақстанға социалистік идеяны да бекемдеді. Азамат соғысының аласапыранында өлке тұрғындары ақтардан да, қызылдардан да зор жапа шекті. Дегенмен, жеңіс большевиктер жағында қалғандықтан социалистік қоғамды құру жалғаса берді. Қазақ зиялы қауымы бұл саясатты сын көзбен қабылдап, сенімсіздік танытқан кез мол болды. Бірақ, ұлт теңдігі, автономия алу, еркіндік идеялары халықты баурап алды.
Достарыңызбен бөлісу: |