Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Себебі төңкерістің жеңісі құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарсылығын тудырды.Төңкеріліс нәтижесінде кеңес үкіметі билікке келді,большевиктер мен кеңес үкіметін жақтаушыларды “қызыл армия” деп атады, ал оларға қарсы топты “ақ гвардияшылар” деп аталды. Азамат соғысы билік үшін күрестің жалғасы болып шықты. 1918-20жж. Кеңестік Ресейде орын алған Азамат соғысы Қазақстанды да қамтыды. Қазақстандағы азамат соғысының алғашқы ошақтарының бірі 1917ж. қарашада Орынборда болды, онда атаман Дутов Совет өкіметін құлатып, Кеңестердің Бүкілресейлік съезінің делегаты С. Цвиллинг бастаған революциялық комитетті тұтқынға алды. Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, ауқатты топтар, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды. 1920ж. наурызда Азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы майданы-Солтүстік Жетісу майданы жойылды. Солай көктемде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды. Азамат соғысының салдарлары: 1) Демографиялық жағдай ауырлап, 8 млн. адам қаза тапты 2) Мал саны күрт азайды 3) Қазақ ауылдары мен қыстақтар материалдық жоқшылыққа ұшырады. Ел экономикасын соғыс жағдайына ыңғайлап қайта құру және майданды азық- түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тарихта Әскери коммунизм саясаты орнады. Бұл саясаттың ең бірінші міндеті өнім өндірісі мен бөлісін толық орталықтандыру, еліміздің азық- түлік, шикізат және басқа ресурстарын мемлекеттің қолына жинап, қорғаныс мүдделері үшін дұрыстап пайдалану болды. «Әскери – коммунизм саясатының» негізгі белгілері: 1) Азық – түлік салғырты енгізілді. 2) Жеке саудаға тыйым салынды. 3) Азық – түлік теңгерме ұстанымы бойынша бөлінді. 4) Ірі, орта және ұсақ өнеркәсіптер мемлекет меншігіне көшірілді. 5) Жалпыға бірдей еңбек міндеттілігі енгізілді. 6) Басқару ісі орталықтандырылды. 7) Коммуналдық жол – қатынасы қызметі тегін болды. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Сол жылдары алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды.