Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Автонмиялық Социалистік Республикасының құрылуы. Қазақстан және Орта Азия республикалары жерлерін ұлттық-территориялық межелеу
Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы — 1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында құрылған автономиялы қазақ республикасы.
Республика орталығы — Орынбор қаласы.
1920 жылдың маусымында КСРО басшылығымен қырғыз-қайсақтардың (ол кезде қазақтарды қырғыз не қырғыз-қайсақ деп, ал қырғыздарды қырғыз не қара-қырғыз (кара-киргиз) деп атаған) мекен еткен жерлері Орал, Торғай, Семей облыстары, Закаспийский облысының Адай уезі, Бөкей Ордасы және Орынбор облыстары аумағынан қазақтардың ұлттық автономиялық республика құру шешімі қабылданды. Республика астанасы - Орынбор қаласы деп жарияланды.
ВЦИК-тің 1921 жылғы 17 қаңтардағы Жарлығымен Омбы губерниясынан республика құрамына қазақ халқы ертеден шоғырланған Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Қызылжар (Петропавл) уездері Ақмола облысы болып енді.
Сондай-ақ, 1921 жылдың 1 қазанында қазақтар шоғырланған Омбы облысының 15 ауданы да республика құрамына өтті.
ВЦИК-тің 1924 жылғы 21 қазанындағы Жарлығымен бұрын Орынбор облысынан Башқұрт АКСР-ның құрамына өтіп кеткенТоқ-Сұран және Иманғұл аудандары Қазақ АКСР-ы құрамына қайтарылды.
1924 жылы Түркістан КСР-ның таратылуына орай, қазақтар шоғырланған Жетісу, Сырдария, Самарқанд облыстары Қазақ АКСР-ы құрамына кірді. Жетісу облысы аумағынан Қара-қырғыз автономиялы облысы құрылды.
1925 жылы республиканың батысында, Арал теңізінің оңтүстігінде Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АКСР-ы ішінен құрылды.
1925 жылдың сәуірінде республиканын орысша атауы Киргизкая АССР-дан Казакская АССР болып өзгертіліп, ел астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілді.
Орта Азия Республикалары аумағын межелеу – Ресей отаршылары жойған ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту барысында Орта Азия республикаларының жерлерін белгілеу үшін 1917 – 25 жылдары атқарылған іс-шаралардың нәтижесі. Ақпан революциясынан кейін, бұрынғы патша өкіметіне бағынышты болған Орта Азия елдерінің аумақтық тұтастығын қалпына келтіру мәселесі алдыңғы орынға шықты.
Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 жылы 26 қаңтарда ұлан байтақ жерлер толық, біржола берілді. 1921 жылы11 сәуірде Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеу мәселесі көтерілді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңдігі мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Қазақ АКСР-інің басшылығы РК(б)П ОК-нен Жетісу мен Сырдария облысының қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. 1924 жылы 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлуге әзірлеу комиссиясын құрды. 1924 жылы 27 – 28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ облысы комитетінің (Қазобком) II пленумы болды. Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожановтың “Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы” баяндамалары тыңдалып, талқыланды. 1924 жылы 27 қазанда қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясында Түркістан АКСР-інің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулысы бекітілді. Межелеу нәтижесінде Орта Азия аумағының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км² жері Қазақ АКСР-іне қосылды (оның ішінде 112 мың км² Қарақалпақ автономиялық округі бар, ол 1930 жылы шілдеде РКСФР-ге берілгенге дейін Қазақстанның құрамында болды).
Қазақ-өзбек шекарасы Ал қазақ-өзбек шекарасы екі ел комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартысынан кейін анықталып, ол Ташкент және Мырзашөл уъезді арқылы белгіленді. 1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде межелеу мәселелері қаралып, Ташкентті Өзбекстанға беру туралы ұйғарым жасады. Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент пен Әулиеата уъездінің басым бөлігі, Самарқанд облысының Жизақ уъездінің алты көшпелі болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уъезді, Пішпек уъездінің Георгиевка, Шу, Қара-құныс болыстары қосылды. Орта Азия Республикалары аумағын межелеу қорытындысы 15 қазанда Бүкілресейлік ОАК, 27 қазанда Бүкілодақтық ОАК сессияларында заң жүзінде бекітілді. Қазақтардың санының аздығын желеу етіп, 104 мың км2жер (оның ішінде Орынбор қаласында бар) Ресей қарамағына алынды. Орынбордың Ресейге өтуіне байланысты Қазақстан астанасы Ақмешіт қаласына көшірілді. Онда 1925 жылы сәуірде Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5 съезі өтті. Онда РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы С.Қожановтың ұсынысымен орысша жазылуында “Киргиз” деп бұрмаланып келген қазақ халқының тарихи атын өзіне қайтару және республиканың астанасын Қызылорда деп атау жөнінде шешім шығарылды. Сөйтіп, қазақ халқының тарихи шекарасы мен атауы қалпына келтірілді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдің тұтастығын сақтау мәселесі алдыңғы орынға шығып, көрші мемлекеттермен арадағы шекаралар заңдастырылды;
Достарыңызбен бөлісу: |