23. Қазақстандағы жер-су реформасының мақсаты 1921-1922 жылдары Қазақ өлкесінде жер-су реформасы жүргізілді. Бұл реформаның мақсаты – Орал, Сібір казак әскерлеріне патша үкіметі тартып әперген Ертіс бойы, Орал өзінің сол жағалауы, сондай-ақ Жетісу мен Қазақ өлкесінің оңтүстігінде тартып алынған қазақ жерлерін шаруаларға қайтару еді. Жер-су реформасының нәтижесінде барлығы 1 млн 385 мың десятина жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1921 жылы құрылған «Қосшы» кедейлер одағы мүшелері жер-су реформасына белсене араласты. Бұл кедейлер одағы шаруалардың Кеңес үкіметіне деген сенімін нығайту мақсатында құрылған болатын. 1921 жылы Батыс Сібірде, Қазақ өлкесінің солтүстігі мен батыс бөлігіндегі жерлерді межелеу саясаты жүргізіле бастады. Үкімет тарапынан дайындық жұмыстары Орта Азияда ұлттық-территориялық межелеу және қазақ жерлерін қайта біріктіру бағытында жүргізілді. 1924 жылы 27 қазанда КСРО-ның ОАҚ сессиясында Өзбек ССР-ін (құрамына Тәжік АКСР-і енді); Түрікмен АКСР-ін, РКСФР құрамындағы Қара қырғыз автономиялық облысын, Қазақ АКСР-ін (құрамына Қарақалпақ автономиялық облысы енді) құру туралы шешім қабылданды. 1925 жылы республиканың астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, оған Кеңес үкіметінің идеологиялық талаптарына сәйкес келетін Қызылорда деген атау берілді. Сол жылы қазақ АКСР-і Кеңестері V съезінің ұсынуы бойынша КСРО-ның БОАК-і республиканың дұрыс атын қалпына келтіру, яғни «Қазақ» деп атау туралы шешім қабылдады. 1928 жылы Қазақстанда губернияларға, уездерге, болыстарға бөлу жүйесі жойылып, жаңа әкімшілік бірлік – округтар мен аудандарға бөлу жүйесі енгізілді.