87.Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы (2017 жыл, 22-25 маусым).
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы Астанада маусым айының 22-25-і күндері өтеді. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлім меңгерушісі Ботакөз Уатқан хабарлады. "Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына ұсыныс қабылдау бүгіннен тоқтатылды. 40 елден 350 қазақ диаспорасының және де Қауымдастықпен тікелей байланыста жүрген халықаралық ұйымдардың (Түрк кеңесінен, Қыпшақтар қоғамынан, Әзербайжан елі Диаспорология ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттен, Әлем моңғолдары конгресінен, Өзбекстанның Ұлтаралық мәдениет орталығынан) өкілдері шақырылады. Сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларынан, барлық облыстардан, Үкімет, Парламент, Министрліктер, түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-ның өкілдері қатысады. Комиссияның алғашқы отырысында бұрынғы өткен Құрылтайларға қатысқан (қоғам басшыларынан басқа) адамдар шақырылмайды деп шешілді, негізінен жастар көбірек қамтылмақ. Құрылтай Астанада маусым айының 22-25-і күндері өтеді. Құрылтайдың дайындық жұмысына сәттілік тілеймін және де ұсыныстар беріп, белсене қатысқан барлық ағайындарға алғысымызды білдіреміз", - деп жазды қауымдастық өкілі. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Ыстамбұл қаласында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездескенде алғаш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы әңгіме болған екен. Көп ұзамай, 1992 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында тұңғыш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, Елбасы мазмұнды баяндама жасады. Сонда ол: «Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келген көңілдеріңіз үшін, қайда жүрсеңіздер де атамекен мен атажұртқа деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пейілдеріңізді сақтағандарыңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сіздер арқылы бүкіл әлемдегі қазақ бауырларымызға ыстық сәлемімізді жолдаймыз!», – деп тебірене сөйлеген болатын. Бірінші құрылтайда шетелдегі қазақ диаспораларымен жұмыс істейтін қауымдастық құрылды. Отыздан астам мемлекеттен келген делегация мүшелері Н.Ә.Назарбаевты Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы етіп сайлады. Бірінші құрылтайдан бүгінге дейін Президенттің қатысуымен 2002 жылы Түркістан қаласында, 2005 және 2011 жылдары Астана қаласында тағы үш құрылтай өтті. 2002 жылдың 23-24-ші қазан күндері Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайында ЕЛБАСЫ: "Тағдырымыз солай болып, аннан қашқандарды, мұннан қашқандарды Еуропадан да, Азиядан да тың жерді көтереміз деп, қазақтың санын азайтамыз деп, көп ұлтты болдық. Оны кемшілік деп санамау керек. Артықшылығымыз деп санау керек! Сондықтан біз әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шетелден көшіп келеміз деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба сонда?! Мен ойлаймын, сегіз жарым миллион қазақ Қазақстанда. Меніңше, қазір тоғыз миллионға жақындады. Себебі, осы жылдардың ішінде жарты миллион қазақ көшіп келді. Сегіз миллионды орташа үш жарымға, төртке бөлгенде, қанша жанұя болады?! Екі миллионға жақын біздің жанұямыз бар. Төрт миллионға жақын жанұя екі қазақтан шақырып әкеп, аяғынан тұрғызып жіберсе, сонша қиыншылық болмас деп ойлаймын соларға. Бұл біздің елдігіміз болып саналар еді. Дүние жүзіне біз осындай мағлұмат, мәлімет, тәжірибе берер едік!», - деп шақырды әлемдегі барша қандастарды.