Қазақстанның болашағы –Қазақ тілінде



Дата08.06.2018
өлшемі124 Kb.
#42040
Қазақстанның болашағы –Қазақ тілінде.

Ал,екінші бағытым-тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім!

                             М.Мақатаев.

 

            Мұқағали үш бақытының  біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің бүгінгі тағдыры қалай,тілімізді жоғалтпау мақсатында не істеуіміз керек?



            Әр ұлттың болашағы оның ана тілінде.Тіл жоғалса ұлттың да болашағы бұлғыңғыр тартып,түбегейлі жоғалып кетері сөзсіз.Ата-бабасының кім болғаның,оның қандай мекенде тіршілік еткенін,оның салты қандай,дәстүрі қандай екенін,ата-басынан қандай атамекен мұраға қалғанын келер ұрпаққа ана тілінде жеткізбесе ол өзінің кім екенін білу-білмеуі неғайбыл емес пе?

           Бүгінгі күн өткен өмірден өткен тарихымыздан бастау алатындығын ескерсек,өткенімізге үнемі көз жүгірте отырып,біз болашағымыздың іргетасын сенімнен,қабырғасын үміттен,босағасын өткен тарих тағылымдамаларынан қалауымыз керек.Қазақ халқы елінің азаттығы  үшін,кең байтақ жерініің бостандығы үшін, ұлтының, ұрпағының бодандық шырмауынан шығуы үшін қанды қырғынды көріп,отаршылдық ойранын бастан кешірді.Еліміз де, халқымыз да,жеріміз де тәуелді болып, мәртебесі биік елдердің қас-қабағына қарап «Мен қазақпын» деп айтуға болмайтын заманды да біздің халық басынан кешірді. Сонда да мойыған жоқ. Халқының болашағынан, ұрпағының келешегінен үмітін үзген жоқ, келер ұрпағына қалдырар ең қадірлі де қастерлі мұрасы – қазақ тілінің қаймағын бұзбай өз қалпында жеткізу үшін тырысып бақты. Қаншама зобалаң күн халқының басына төніп тұрса да тілін, дінін, салтын өз қалпында сақтай білді. Ата-баба арманы орындалып, үміт ақталды, сенім жеңді. Қазақ халқы азат, мемлекеті тәуелсіз. Қазақ өз жеріне өзі ие, қазақ тілі биікке көтерілді, көк байрағы көк аспан астында, еркін желбіреуде. Бұл ата-бабам аңсаған азаттық, армандаған тәуелсіздік. Аталардың асқаралы арманы – қазақ тілінің еркіндігі, қазақ тілінің шырқауы бүгінде біз қол жеткізген жетістік, біз көрген, біз қадірлейтін жеңіс, біз қастерлейтін ұлттық мақтаныш. Ұлттың тұтастығы тілінің болашағында, тілдің болашағы сол ұлт өкілдерінің үлесіндегі жұмыс. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақ халқын жоғалтпай қазақ қалпында бүгінге жеткізген ана тілі – қазақ тілі. Қазақ халқының мәңгілік мекені Қазақстан мемлекетін жасампаз мемлекетке айналдыру үшін ұлт тілі – қазақ тілін дәрежелеуіміз керек. Әр ұлттың  ұрпағы мемлекетінің, ата-бабасының тарихын өз ана тілінде оқып білуі тиіс. Ендеше, ұлтымыздың болашағы үшін жұмыла жұмыс жасайық!



МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛМЕН

«Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді» деп М.Жұмабаев айтқандай, мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтіп, мәртебесін биіктету – әрбір мемлекет үшін басты мақсат.

 

Тәуелсіздігін алып, іргесі беки бастаған Қазақстан Республикасы өзінің ана тілін қорғауда үлкен жұмыстар атқаруда. Осыған орай 1997 жылы 11 шілдеде жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы Қазақстан Республикасындағы тілдердің қолданылуының құқықтық негізін, мемлекеттің олардың оқып-үйрену мен дамытуы үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, республикада қолданылатын барлық тілге құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.



Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік органдарда іс жүргізу мемлекеттік тілде қалыптасуына үлкен мән берілуде. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша бірқатар мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді дамытуға өз үлестерін қосып келуде.

Жоғарыда айтылған Заң бірінші талап ретінде мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдайды жасауды міндеттейді.

Әділет департаменті де мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және одан әрі дамыту үшін өз үлесін қосып жатыр. Барлық мекемелермен, ұйымдармен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Ал, басқа мемлекеттерді қоспағанда, егер де хат орыс тілінде келіп түскен болса, онда оған орыс тіліндегі жауабымен қоса мемлекеттік тілде де жауап беруде.

Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі, тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры демекші, болашақтың берік іргетасын бүгін қалау қажет. Әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақ буындарын мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне оқу орындарында дайындаумен қатар, мемлекеттік тілдегі іс жүргізу тілін меңгеруін қалыптастыру керек. Сонда ғана ана тіліміздің өсіп-өркендеуі, келешекте тіліміз үлкен мәртебеге ие болып, қазіргі әлемде кең қолданыста жүрген тілдермен терезесі тең болады.



Мемлекеттік Тіл - рухани байлық

   Қазақстан Республикасы Конституциясының 7, 93-баптарын, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген мемлекеттік тілді насихаттау және қоғамдық өмірдің түрлі салаларына енгізу туралы өкімет тапсырмасын іске асыру мақсатында, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы әділет генерал-майоры Мейрам Ақатұлы Аюбаевтың 2009 жылғы 14 қаңтардағы нұсқауына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі бойынша 2009 жылғы 1 ақпаннан 1 наурызға дейінгі аралықта «Қазақтың қазақтылығының басты белгісі - қазақша сөйлеуі» атты айлық өткізілді.

  Айлық өткізудің негізгі мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлі-ақ қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек» - деген сөзін  және мемлекеттік тілге байланысты берген тапсырмаларын іске асыруда неғұрлым тиімді әрі нақты мүмкіндіктерді пайдаланып, тіл меңгеру саласындағы мәселелерді шешу болды. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты шарттарының бірі - қызметкерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін сапалы, жаңа оқу бағдарламалары мен әдістемелік құралдарды тиімді қолданумен қатар, мемлекеттік тілді білу бүгінгі күннің негізгі талаптары екендігі туралы өзге ұлт арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.      

   Айлық барысында  ҚАЖ комитетінің барлық басқармаларында бірінші басшыларының қатысуымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты тақырыпта жалпы саны 107 ашық сабақтар,бірнеше дөңгелек үстелдер өткізілді.   

   ҚАЖ комитетінің орталық аппаратында қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жетілдіру мақсатында ҚАЖ комитетінің басқарма бастықтарының қатысуымен қазақ тілінің мұғалімі, жоғарғы санатты ұстаз Н.Әбдрахманова  ашық сабақ өткізді.

   Сабақтың мақсаты – қызметкерлерге қазақ тіліндегі сөздердің ауызша және жазбаша қолдану ерекшеліктерін түсіндіру, қызметтік іс қағаздарында қолдана білуін дамыту, сонымен қатар кәсіби бағыттағы мәтіндерді аудармасыз түсінуге үйрету, салалық құжаттар мен мемлекеттік ұйымдарда қолданылатын іс қағаздарының үлгілерімен танысу болды. Сабақта түсіндіру, сұрақ – жауап, сыни тұрғыдан ойлау, оқылым, жазылым және айтылым әдістері қолданылды. Штаб басқармасы ұйымдық - талдау жұмысы бөлімінің бас маманы И.Бояркина мемлекеттік тілде «Тіл жоғалса - ұлт та жоғалады» деген әңгімесін оқып, өз ойын толық жеткізе білді, сондай-ақ Режім, қадағалау және күзет басқармасы Режім бөлімінің маман жедел уәкілі Н.Соколова тақтаға шығып «Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор - қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек» деген Н.Назарбаевтың сөзіне жоғары деңгейде толық грамматикалық талдау жасады. Күнделікті өмірде қызметкерлердің қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жаттықтыру мақсатында олар бір-бірімен қызметтері, әріптестері, отбасы туралы әңгімелесіп, мұғалімге атқарып жатқан қызметтері бойынша кейбір ақпараттарды қазақша айтып берді.

   Тыңдаушылардың танымдық қабілетін арттыру, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуін дамыту, психологиялық микроклиматты қалыптастыру, септіктердің сөйлем ішіндегі рөлін ұғындыру, тіл үйренушілердің лексикалық қорын байыту, сауатты сөйлеу мәдениетіне дағдыландыру, отаншылдық патриоттық рухты дәріптеу, берілген мәтіндер негізінде эстетикалық қуат алуды көздеу мақсатында өткізілген сабақ өте тартымды өтті.

   ҚАЖ комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасында  болған дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қолдану аясын кеңейту мақсатында жан-жақты ой-пікірлер айтылып, баяндамалар оқылды. Мемлекеттік тілді  насихаттау мақсатында әр түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен лингвистикалық сайыстар өткізілді. Осы облыстың ЛА-155/14 түзеу мекемесіндегі дөңгелек үстел  Қапшағай аймақтық «Нұр-Отан» ХДП-ның хатшысы З.А.Қазыбекова және мемлекеттік тіл қоғамының әдіскері Г.С.Әкімжанованың қатысуымен өтті.Сондай-ақ,  ЛА-155/16 тергеу изоляторында өткен ашық сабақ туралы ақпарат Алматы облысының облыстық «Жетісу» газетінде «Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңеюде» деген тақырыппен, ал ЛА-155/12 мекемесінде өткен дөңгелек үстел  «Құқықтық Қазақстан» газетінде «Мемлекеттік тіл – басты назарда» атты мақала болып жарық көрді. Айлық аясында көпшіліктің қатысуымен жүргізілген іс-шараларда, қызметкерлер қазақ ақындарының тіл туралы жазған өлеңдері мен жырларын оқыды.

«Еңбек» РМК-ның «Еңбек-Тас» филиалында мемлекеттік тілді кәсіпорын қызметкерлеріне оқыту мақсатында кабинеттердің жетіспеушілігіне қарамастан, 2008 жылдың ақпан айында қазақ тілі кабинеті ашылып, оны қажетті оқу құралдарымен жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылды.

   ҚАЖ комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасында басқарма бастығының қатысуымен «Мемлекеттік тіл - менің тілім» тақырыбында ашық сабақ өткізіліп, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тілді меңгеру – баршамыздың парызымыз» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Біз қазақша сөйлейміз» тақырыбында көңілді тапқырлар клубының сайысы жүргізілді. Осы  облыстың ОВ-156/6 мекемесінде өткізілген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты ашық сабақ, «Ана тілім - ардағым» тіл байқауы мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген сый-құрметін арттыра түсті. Ал, ОВ-156/15 мекемесінде мемлекеттік тіл туралы Елбасының ой-пікірлерін қызметкерлерге түсіндіру мақсатында «Нұр - Отан» ХДП өкілінің қатысуымен үлкен жиын өткізілді.

   Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ АК-159/1 мекемесінде мемлекеттік тілді мекеме өмірінің түрлі салаларына енгізуді жүзеге асыру, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақтың қазақтылығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі» тақырыбында мекеме қызметкерлерінің арасында мақал-мәтелдер, қазақ поэзиясының туындыларын айтудан сайыс өтті. АК-159/5 мекемесінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша жан-жақты ой-пікірлерді талқылауға арналған дөңгелек үстелге мекеме басшылығы, бөлім бастықтары мен қызметкерлер қатысты. Онда қазақ тілі сабағының өту барысы, қазақ тілі кабинетінің жабдықталуы мен қызметкерлердің өз бетімен құжаттарды ресімдеу мәселелері қозғалды. Қазақ тілі кабинетін күрделі жөндеуден өткізіу, талапқа сай жабдықтау мәселесі мекеме басшылығының тарапынан қолдау тапты.

   Сонымен қатар, Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ-да өткен дөңгелек үстелде басқарма мен оған бағынысты мекемелердің аудармашы және қазақ тілі мұғалімдерінің мемлекеттік тілді дамыту саласындағы қызметтерінің біліктілігін арттыру, басшылықтың алдына олардың жалақысын көтеру мәселесін қою, қазақ тілі кабинеттерін талапқа сай жабдықтау, арнайы қазақ тілі кабинеттері жоқ мекемелердің бастықтарына қазақ тілі кабинеттерін ашу жөнінде нұсқау беру, оның орындалуын бақылау туралы мәселелер қарастырылса, АК-159/9 мекемесінде өткен дөңгелек үстелде мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары В.И.Коваленко «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру - әркімнің міндеті» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде мемлекеттік тілді дамыту мәселесі бойынша жіберілген кемшіліктерді жою, алдағы уақытта жол бермеу, мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыру, іс қағаздарын екі тілде жазып жатпай толық мемлекеттік тілде жүргізу сияқты мәселелері қаралды.

Қостанай облысы бойынша ҚАЖКБ және оған бағынысты түзеу мекемелері қызметкерлерінің арасында «Үздік оқытушы», «Үздік құжат», «Үздік аударма» аталымдары бойынша лингвистикалық сайыстар өткізді.

   Атырау облысы бойынша ҚАЖКБ-да өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл туралы айтқан сөздері жеке құрамның назарына жеткізілді. Басқарманың О.Приданова, Ю.Бакалдин, К.Колбин, А.Хан сынды қызметкерлері қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстарының күннен күнге артуын және мемлекеттік тілді білу - заман талабы екенін жақсы түсінетіндерін айтты. Басқарманың мұрағатшысы Л.Ф. Лепехина «Біз қазақ тілін сыйлаймыз, қазақша толық үйренеміз»- деп өз ықыласын шын көңілмен білдірді. Қызметкерлер мемлекеттік тілге деген құрмет, ықыласын білдіре келе, қазақ тілі сабағына тұрақты қатысуын қамтамасыз ету, қызметке орналасу кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгергенін ескеру қажет деген ұсыныстарын айтты.

УГ-157/9 мекемесінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі                 Т.Ғ. Сұлтанғалиева «Мемлекеттік тілге менің жеке үлесім» тақырыбында сотталғандар арасында ашық сабақ өткізді. Сабаққа сотталған азаматтар арасындағы өзге ұлт өкілдері белсене қатысты. Сабақ барысында өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілге деген ынтасының зор екенін көрсетті. Дағыстан ұлтының өкілі М.Магомедов, әзірбайжан А.Гарибов, орыс жігіттері П.Иванов пен Р.Степанов қазақ тілінде мақал-мәтел, өлеңдер оқып ерекше көзге түсті. УГ-157/10 мекемесінде әскери-қызметтік даярлық сабағында «Ана тілім - ардағым» тақырыбында дәріс беріліп, жеке құрамға ана тілімізді қастерлеу, сыйлау мақсатында түсінік жұмыстары жүргізілді.

  ҚАЖ комитеті Академиясының жалпыакадемиялық қызметтік дайындық сабағында «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» тақырыбында баяндама жасалды. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау факультетінің Әскери және арнайы дайындық факультетінде «Мекемелерде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселелері» бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел жұмысына Қостанай облысының Әділет департаменті және Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл саласына жауапты қызметкерлері шақырылып, Академияның оқытушылары мен тыңдаушылары қатысты. Жұмыс кезінде қызметтік міндеттерін мемлекеттік тілде атқарып жүрген өзге ұлт өкілдерінің сөздері тыңдалып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісін қалайша жандандыру және тездету үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет деген мәселелер бойынша пікір-талас болды. Сондай-ақ, іс-шара өткізу барысында «Қазақ тілі сабақтарында жаңа оқыту технологияларын қолдану әдісі» тақырыбында мемлекеттік тілде сабақ жүргізетін оқытушыларға арнайы семинарлар өткізілді.

   Осылайша,  ҚАЖ органдарыны бойынша өткізілген айлық аумақтық басқармалар мен түзеу мекемелерінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге қазақ тілін оқыту және сөйлеу дағдыларын дамыту, мемлекеттік тілде қызметтік хат жазу мәдениетін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру, мемлекеттік тілде құжат әзірлеуіне бағыт-бағдар беру, тіл үйренушілердің мемлекеттік тілді ресми қарым-қатынас дәрежесінде үйренуіне және қызмет ету барысында тілді өз бетімен еркін қолдана алуларына мүмкіндік туғызды. «Қазақтың қазақтылығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі» тақырыбында жүргізілген айлық мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, қазақ  тіліне деген құрметті арттырды. Өткізілген іс-шара қазақ азаматтарының ар-намысын оятып, басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне барлық күш-жігерін  салатындықтарын көрсетті. Атқарылған осы игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады

Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауаттылығы мен сапасын қамтамасыз ететін кадр табу мәселесін шешу жолдары

   Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауаттылығы мен сапасын қамтамасыз етудегі алғышарттар туралы және іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізетін кадр дайындау мәселесі жөнінде сөз қозғаған кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тіліндей қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет» - деген сөздері еске түседі. Қазір ар мен намыстың, күмән мен үміттің болашаққа деген сенімнің айрықша баламасына айналған тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық және саяси мәселе болып отыр. Ол – елдің елдігіне, мемлекеттің мемлекеттігіне сын болатын, ұрпақ келешегі мен халық болашағының кепілі болатын аса киелі шаруа.

   2008 жылғы 29 мамырда Елбасымыз Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша кең көлемді сұхбат берді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде «Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Әлі-ақ қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек. Бұл ретте, ең алдымен қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс» - деді.

   Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынды. «... Болашақта Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс...» екендігін атап айтты. Осыған орай қазақ тілін – мемлекеттік тіл, яғни негізгі тіл, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі ретінде дамытуды мемлекеттік тіл саясатының басты басымдықтары болатынын айтты.

   Осыған орай, қазіргі уақытта біздің елімізде тілдер қолданысының дамуын іске асырудың құқықтық негіздері қалыптасуда. Алайда қол жеткен оң нәтижелерге қарамастан, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолдану деңгейі әлі де төмен.

   Қазіргі таңда мемлекеттік тілге толыққанды көшу үшін және қазақ тілінің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, бірнеше мәселені шешу қажет деп ойлаймын.

    Біріншіден, мемлекеттік тілді білуге қажеттілік туғызу. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары өзге ұлт өкілдері мен орыс тілді отандастарымызға мемлекеттік тілді білудің міндеттілігін түсіндірулері керек. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару тетіктері арқылы, яғни оқуға қабылдау, қызметке алу кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін ескеріп және бүгінгі кездегі қазақ халқының саны осыдан 20 жылға қарағанда 30 % көбейгеніне байланысты, қолданыстағы ҚР «Тіл туралы» Заңына мемлекеттік тілді Қазақстан азаматтарының білуінің міндеттілігі туралы өзгерістер енгізудің, не болмаса «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» жаңа заң қабылдау бүгінгі күннің уақыт талабы. Мемлекеттік қызметкерлер іс жүзінде мемлекеттік тілді пайдаланбаса, оған деген қажеттілік болмаса, оларды оқытуға кеткен уақыт пен қаражат құмға сіңген су тәрізді нәтижесін бермейтіні барлығыңызға мәлім.

   Екіншіден, бүгінгі таңда екі тілде жүргізіліп отырған іс қағаздарын біртіндеп мемлекеттік тілде дайындауға басымдық беру, яғни іс қағаздарының орыс тіліндегі нұсқасынсыз, тікелей мемлекеттік тілде дайындау немесе мемлекеттік тілде келіп түскен құжатты орыс тіліне аударып жатпай, келіп түскен тілде жауап беруді қолға алу керек.

   Үшіншіден, құжаттарды мемлекеттік тілде дайындай алатын мамандар даярлау. Ол үшін біз бала-бақшалардағы балалардың тәрбиесін мемлекеттік тілге көшіруіміз қажет. Сонымен қатар, орта білім беретін оқу орындарының 10 жыл ішінде біртіндеп мемлекеттік тілге көшуін қамтамасыз еткен жөн . Бұл ретте мектептердегі орыс,ағылшын пәндері т.б. диаспоралар тілдерінің оқытылуы бүгінгі дәрежеде сақталуы тиіс. Мысалы, Еврей халқы бір кезде жоғалайын деп тұрған өз тілін қайта көтеру мақсатында балалар әдебиетін «иврит тілінде» жазылуын қолға алып, бүгінгі күні ана тілі арқылы жас өспірімдердің отансүйгіш қасиеттерін көтеріп отыр.

   Төртіншіден, қазіргі кезде мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің көпшілігі қолданыстағы құқықтық актілердегі заң терминдерін және техникалық сөздерді орысша нұсқасынсыз оның қазақша нұсқасын толық мәтінде дұрыс түсініп, оларды дұрыс қолдана білмейді. Себебі, нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерінің басым бөлігі орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана әртүрлі терминдерді қолданумен мемлекеттік тілге аударылған. Заңды тұрғысынан келгенде, әр сөз бір ғана мағынаны бергені жөн. Заң тілінің нақты, тиянақты және бір мағыналы болуы – қоғамдық қатынастарды нәтижелі реттеудің маңызды тетіктерінің бірі екенін Сіздер білесіздер. Қолданыстағы кейбір заңнамалық актілердің қазақша нұсқасын зер сала оқысақ, оған негізінен мағыналық аударма емес, сөзбе-сөз аударма, ресми тіл емес, көркем әдеби тілі тән екеніне көзіміз жетеді. Соның салдарынан заңдардың тілі әркелкі және қолданыстағы терминдерді қолдануда бірізділік жоқ. Қазіргі жағдайда кейбір сөздердің баламасының дұрыстылығы күмән туғызса, ал кейбір сөздердің аудармасы құлаққа оғаш естіледі. Сондықтан, заң терминдерінің бірыңғай үлгілерін қабылдау кезінде әр саланың мамандарын қатыстырып,  ресми құжаттардың мемлекеттік үлгілерін қалыптастыру бойынша бір қатар мәселелерді кешенді түрде шешуіміз қажет.

Ал енді, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның талаптарын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі органдарында  қандай жұмыстар атқарылды десеңіздер: біз мемлекеттік тілді күделікті өмірімізде кеңінен қолдануын қамтамасыз ететін  келесі тәсілді басшылыққа алдық. Біріншіден, ведомоствода мемлекеттік тілді дамытудың  құқықтық базасын күшейту арқылы талап қою, екіншіден, олардың орындалуын күнделікті бақылауға алу, үшіншіден, мемлекеттік тілді меңгеру қажеттілігін жеке құрамға үгіт- насихат іс шаралары  арқылы жеткізу, төртіншіден, қазақ тілін оқытудың әртүрлі тәжірибелерін қолдану, бесіншіден, атқарылған шараларды үнемі талдаудан өткізу арқылы алға мақсат қою. Мемлекеттің тіл саясатын іске асыру бойынша 2007-2008 жылдары келесі жұмыстар жүргізілді.

   Айталық, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Мемлекеттік тілдің кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 343 бұйрығын орындау үшін ҚАЖ комитеті бірнеше бұйрықтар мен нұсқаулар әзірледі.  ҚАЖ комитетінің төрағасы әділет-генерал майоры Мейрам Ақатұлы Аюбаевтың  мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және құжаттардың мемлекеттік тілде орындалуын қадағалауға арналған «Құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу тәртібі туралы», «Мемлекеттік тілдің беделін нығайту туралы», «Іс қағаздарын толығымен мемлекеттік тілге көшіру туралы», «Жеке құрамға қаза тілі сабағын оқыту туралы» бұйрықтары аталған жұмысқа мұрындық болғанын атап өткен жөн.

   Аталған нормативтік актілер арқылы ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер басшыларына жеке құрамының құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу, мекемелердегі қазақ тілі кабинетін оқу құралдарымен жабдықтау, қызметкерлердің қазақ тілі сабақтарына тұрақты қатысуларын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілде іс-қағаздарды дайындау біліктілігін арттыру, басқармалар мен мекемелердегі аттестациялау комиссиясының құрамына мемлекеттік тілдің дамуына жауапты қызметкерлерді енгізу, қызметке орналасу кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгергенін ескеру, құжаттарды мемлекеттік тілдегі нұсқасыз орындалуына жол бермеу және іс-қағаздарын толығымен мемлекеттік тілге көшіру сияқты орындалу мерзімі көрсетілген нақты тапсырмалар берілді.

   Сондай-ақ, осы тапсырмалардың орындаушылық тәртібін күшейту үшін  «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес, мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелеріне басшылық жасауды  бағыныстағы мекемелердің бастықтарына  тікелей тапсырылып, олардың қызметтік міндеттеріне мемлекеттік тілге жауаптылығы туралы толықтыру енгізілді.

 ҚАЖ комитетінің құрылымдық бөлімшелері бойынша 2008 жылы мемлекеттік тіл мәселесіне арналған 891 (2007ж.-779) кеңес; 114 (2007ж.-68) дөңгелек үстел өткізілді. ҚАЖ комитетінің мемлекеттік тілді дамыту бөлімінде  бағыныстағы мекемелердің  71 (2007ж.-88) қызметкері тағлымдамадан өтті. Әдістемелік көмек ретінде 3550 (2007ж.-3102) оқулықтар мен сөздіктер таратылды. ҚАЖ органдары бойынша жалпы саны 8096 (2007ж.-7553) қызметкер қазақ тілі сабағынан дәріс алуда, оның ішінде 2502 (2007ж.-2559) адам бастауыш топта, 3315 адам жалғастырушы топта (2007ж.-3351), 2279 адам тереңдетілген топта (2007ж.-1643). Қылмыстық-атқару жүйесінің іс қағаздары толығымен мемлекеттік тілге көшуіне байланысты қызметкерлер арасында мемлекеттік тілге деген сұраныс пайда болды. Мемлекеттік тілді білу қажеттілігі өз бетінше тіл үйренушілердің санын көбейтті. Егер де 2007 жылы өз бетінше қазақ тілін үйренушілердің саны 1699-ды құраса, бұл көрсеткіштер саны 2008 жылы  2115-ті құрады, яғни 416 адамға өсті. ҚАЖ органында мемлекеттік тілді оқытуға арналған арнайы кабинеттер саны 2007 жылы 104 болса, 2008 жылы 6 кабинет қосымша ашылды. ҚАЖ комитетінің Мемлекеттік тілді дамыту қызметкерлері заң терминдерінің қолдану әдісін зерделеу мақсатында ҚР Парламент мәжілісінің Аударма және редакциялау бөлімінде тағылымдамадан өтті.

   ҚАЖ комитетінде мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып тұрады. Өткен жылы ішінде жарияланған мақалалардың жалпы саны 386-ны құрап (2007ж.-261), 2007 жылмен салыстырғанда 125 материалға көбейді, оның ішінде 264 материал республикалық, облыстық газеттерде (2007ж.-173) жарияланса, 45 материал ведомстволық «Жазаларды орындау – Исполнение наказаний» журналында жарық көрді (2007ж.-51). Үгіт-насихат жұмысында теледидардың ерекше рөлі ескеріліп, жергілікті және республикалық телеарналар бойынша 77 телесұхбат көріністері (2007ж.-51) көрсетілді.                                                                        

 Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің негізгі ұйымдастыру іс-шаралары жоспарына сәйкес,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, Әділет министрлігінің Мемлекеттік тіл дамыту басқармасы және әр түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуымен 2007 жылы «ҚР ӘдМ ҚАЖ комитетінде мемлекеттік тілді дамыту мәселелері», 2008 жылы «Мемлекеттік тілге менің жеке үлесім» тақырыбында өңірлік және республикалық семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Аталған семинарлардың аясында мемлекеттік тілді өзге ұлттар арасында насихаттау мақсатында, ҚАЖ органдарында қызмет атқарып жатқан: орыс, кәріс, поляк, татар, украин, өзбек, түрік, әзірбайжан ұлттарының өкілдерінің қатысуымен  «Үздік құжат», «Үздік аударма» аталымы бойынша  лингвистикалық сайыстар өткізді. Ал,  ҚАЖ органдарында сабақ беріп жүрген қазақ тілі мұғалімдері арасында «Үздік оқытушы» аталымы  бойынша жарыстар өткізіліп, өзара тәжірибе алмасу ұдайы ұйымдастырылып тұрады.

   Жыл сайынғы өткізілетін «Қазақстан халықтарының тілдері күні» мерекесіне орай, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері үшін ҚАЖ комитетінің аумақтық басқармалары мен оқу орындарының бастықтары, «Еңбек» РМК директорларының тарапынан қызметкер материалдық және моральдық түрде көтермеленіп тұрады.

   Атап айтқанда, ҚАЖ комитеті төрағасының бұйрығымен 2008 жылы мемлекеттік тілдің беделін нығайтуға қосқан үлестері үшін құрылымдық бөлімшелердің 10 қызметкері грамотамен марапатталып, 14 қызметкерге алғыс жарияланды. Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесінің 9 қызметкері мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан зор үлестері және қоғамдық келісім мен бірлікті, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтудағы белсенді қызметтері үшін Тіл комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ал, ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын орындау жөніндегі ҚР ӘдМ және ҚАЖ комитетінің  бұйрықтары мен нұсқауларын орындауды төмен дәрежеде ұйымдастырғаны үшін, аумақтық органдардың 9 (2007ж.-0) қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылды.

   Осындай жүйелі түрде жүргізілген іс-шаралар мен үнемі бақылаудың нәтижесінде ҚАЖ комитетінің орталық аппаратындағы құжат айналымы мемлекеттік тілде немесе орыс тіліндегі нұсқасымен бірге жүргізілуде, сондай-ақ, 15 аумақтық басқармалар мен 3 оқу орындарының, «Еңбек» РМК-ның 13 филиалы  толығымен   100 %  мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшті.

Қысқасы, ҚАЖ комитеті мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты шараларды бірізділікпен жүзеге асырып, алдағы уақытта қызметкерлердің  өз міндеттерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде атқаруына басты көңіл  бөлінбекші.



Қазақстан Республикасындағы тiл туралы Заңы


Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданды. Осы Заңы 4-шi бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сонымен бiрге, Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетiлген.
Аталған Заңның 1-шi бабында диаспора деген терминге «өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық)» деген түсiнiктеме берiлген, яғни шет елдерде тұрып жатқан бiздiң қандас бауырларымыз. Қазақ халқы өзiнiң тарихи отанында тұрып ақ, ешқандай қуғын-сүргiнсiз ана тiлi мәселесiне келгенде диаспораға айналды.
Тiл туралы Заң қабылданғаннан берi, оны жүзеге асыру үшiн Қазақстан Үкiметi бiрқатар қаулылар қабылдады. Атап айтқанда, 1998 жылғы 14 тамызда «Мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту туралы», Елбасының 1998 жылғы 5 қазаңдағы № 4106 Жарлығымен бекiтiлген «Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы» тағы басқалары. Бас-аяғы 4-5 жылдың iшiнде тiл жөнiнде 17 құжат қабылданыпты.
Қаншама жетiлген заңдар, бағдарламалар қабылданғанмен, оны iске асыратын адамдар. Әрбiр қазақ азаматының бойында өзiнiң ана тiлiне деген құрмет, оның кұдыретiне бас июшiлiк сезiмi қалыптаспайынша, қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерту қиын.
Орыс халқының тектi тұқымының бiрi - режиссер Андрей Кончаловский «Гомердiң «Одиссеясын» толық түсiну үшiн, арнайы грек тiлiн үйрендiм» дегенде, 20-шi ғасырдың Гомерi атанған Жамбылдың жырын, Абайдың өлеңiн, Әуезовтың прозасын түсiну үшiн, мен арнайы қазақ тiлiн үйрендiм деп айтатын күн туарма екен деп ойлаймыз. Ана тiлiнде бiр кiтап оқымай ақ, ел басқарып жүрген азаматтар аз емес. Әр халықтың ана тiлi - оның жаны, халқының қайталанбас үзiндiк кейпi, ұлттық болмыс-бiтiмiнiң бейнесi, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзi, iшкi жан дүниесiнiң өзiне ғана тән құпиясы.
Кезінде Гегель өзiнiң «Эстетикасын» француздардың аударып жатқанын естiгенде, менiң ойларымды жеткiзуге олардың тiл байлығы жетер ме екен деп күмәнданған екен.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң арасында қазақ тiлi iс қағаздарын жүргiзуге қолайсыз тiл, тиiмдi ойды жеткiзе алмайды деген кереғар пiкiр қалыптасқан. Оларға менiң айтпағым, Мұхтар Әуезовтың жиырма томдық шығармалар жинағының, қазақ тiлiн зерттеушiлердiң, жазушының сөздiк қорында 29.483 сөз бар екенiн, сонын iшiнде таза қазақ сөздерiнiң ұзын саны 23.740, қалғаны кiрме сөздер екенiн анықтағанын, салыстыру үшiн айтқанда, А.С.Пушкин шығармаларында 21.197, ал Шекспир шығармаларында 15.000 сөз бар екенi анықталған - ғылыми дерек.
Орыс тiлiнiң Академиялық 4 томдық түсiндiрме сөздiгiнде сексен мыңнан аса сөз болса, ал қазақтың түсiндiрме сөздiгiн жасау қолға алынған 50-шi жылдардың орта тұсында 350 мыңдай тіл сезiмiз бен тiркесiмiздiң тiзiмге алынғаны белгiлi жәйiттер.
Мұның бәрiн талдап жатқанымыз, ұлттық өзiмшiлдiктi ояту емес, «Тауларды аласартпай, даланы қастерлейiк» деген бiртуар азамат ақын Олжас сияқты, өзге тiлдi кемсiтпей, көкiрегi ояу, саналы азаматтарға ой салғым келгендiктен айтып тұрмын.
Тағдырдың талай тауқыметiн тартсадағы қазақ халқы өз тiлiнiң тұтастығы мен тұнықтығын сақтай бiлген, бiздiң тiл сорлы тiл емес, кадеге жарата бiлсек, құдыретті тiл.
Қаһарман жерлесiмiз Бауыржан Момышұлы 1944 жылы Москва түбiнде шайқасып жүрiп, сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң хатшысы Әбдiқалықов жолдасқа «қазақ тiлi туралы пiкiр» атты хатында «Тiлсiздi айуан дейдi. Тiлi кедей елдi мәдениетсiз, анайы, надан халық деп санайды. Қазақ тiлi еш уақытта өзiмен көршiлес халықтың тiлдерiнен сорлы болып, қатардан қалып өмiр сүрмегендiгi мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе едi» деп жазған екен.
Батыр Баукең айтып кеткен тiл мәселесi - әлi сол күрделi күйiнде қалып отыр.
Тiл туралы Заңның 9-шы бабында «Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн» делiнген.
Осы қағидаға сәйкес, орыс тiлiнде ойлап, жазуға дағдыланған мемлекеттiк қызметшiлер, еш уақытта басын ауыртып, қазақ тiлiнде құжат дайындамасы - өмiр шындығы.
Қазiргi кезде, мәртебелi мекеменiң бәрiнде аудармашылар бар, саны бар да, сапасы жоқ, үйткенi аудармашылық сирек дарын, өнердiң төресi, екiнiң бiрi жақсы аудармашы бола алмайды. Сондықтан, ресми органдардың аударма құжаттарын, орысша мәтiнiнсiз түсiну тiптi мүмкiн емес. Осының бәрi айналып келгенде қазақ тiлiнде iс жүргiзуге қолбайлау болып тұр
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, менiң төмендегiдей ұсыныстарым бар:
1. Мемлекеттiк органдарда iс қағаздарын жүргiзуде қос тiлдiлiктен, бiр тiлдiлiкке, яғни қазақ тiлiнде жүргiзуге көшу керек. Ол үшiн тiл туралы Заңның тиiстi баптарына өзгерiс енгiзу қажет.
2. Ата Заңымыздың 7-шi бабының «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген 2-шi тармағын алып тастау қажет.
3. Тiл туралы Заңның 24-шi бабында «Қазақстан Республикасының тiл туралы Заңының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың 1-шi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жауапты болады» делiнген. Заңның осы қағидасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет.
4. Аталған Заңның 25-шi бабына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң биылғы жылғы 8-шi қаңтардағы №16 Қаулысымен бекiтiлген Ережеге сәйкес, тiлдер туралы Заңдардың сақталуына бақылау жасауды өз әөзыретiнiҰ шегiнде Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық келiсiм Министрлiгi жүзеге асырады. Осы Ережеге сәйкес облыстық аәпарат және қоғамдық келiсiм Департаментi, прокуратура органдарымен бiрiгiп, тiл туралы Заң талаптарының орындалуына дЎйектi тұрде бақылау жасауды қамтамасыз ету керек.
5. Мемлекеттiк органдарда бос лауазымдарға қызметкерлер қабылдағанда, олардың бiлiктiлiк талаптарының тiзбесiне мiндеттi түрде қазақ тiлiнде iс қағаздарын жүргiзе алатындығы енгiзiлуi тиiс.
Сайып келгенде, кемеңгер жазушымыз Ғабит Мұсiрепов айтқандай «Сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтық баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк белгiсi - Ана тiлiн тек Өгей үлдары ғана менсiнбейдi, Өгей үлдары ғана аяққа басады» деген екен. Ана тiлiмiздiң Өгей ұлдары емес, Өзегiн жарып шыққан туған үлдары болайық дегiм келедi, құрметтi ағайын.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет