Қазақстанның казіргі заманғы тарихы


КСРО және Кеңестік Қазақстанды қайта құру әрекеттері



бет13/69
Дата08.05.2020
өлшемі0,57 Mb.
#66599
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   69
Байланысты:
HystoSovrKz (1)

6. КСРО және Кеңестік Қазақстанды қайта құру әрекеттері.

6.1 КСРО ыдырауының саяси негіздері.
Саяси себептері. КСРО сияқты жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан империяның күйреп, тарих сахнасынан кетуі — ХХ ғасыр соңындағы әлем халықтары тарихының басты оқиғасы болды. КСРО-ның күйреуі, тек сол мемлекетті мекендеген халықтар тағдырына ғана емес, жалпы әлемдік даму үрдісіне де елеулі ықпал етті. Әлем “социалистік” және “капиталистік” деген қарама қайшы жүйелер арасындағы бәсекелестік пен текетірестен құтылып, халықтар мен мемлекеттер қатынасының жаңа кезеңіне жол ашты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болып, қалыптасуы да сол империяның күйреуімен тікелей байланысты. Сондықтан КСРО-ның күйреу тарихы, оның себептері мен салдары тарих үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Келешекте бұл мәселенің, тарихымыздың түйінді проблемаласы ретінде, арнайы да кешенді зерттелері күмәнсіз.

Тәуелсіздігіміздің объективті алғышарттарының маңызды факторларының бірі, КСРО-ның күйреу себептерін талдауда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев еңбектерінің дерек көздері ретінде алар орны ерекше. 1980 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1984 жылдан республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген, 1989 жылдың маусымында Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы,1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Президенті болып сайланған бұл тарихи тұлға қызмет жағдайына байланысты КСРО-ның күйреу процесін іштей талдап, сол империя күйреуін тездеткен Мәскеулік басшылардың тақ үшін таластарының куәгері болуына тура келді. Н.Назарбаевтың қызмет жағдайына орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылап жаңаша шешімдер қабылдауға тура келді.

Бұл жерде ерекше көңіл аударатын нәрсе, ол Н.Назарбаевтың “өзінің жеке пікірін айтуға бару” себебі КСРО мемлекетін жаңарту арқылы сақтап қалу болғандығы. Елбасы еңбектерінің бірінде: “Шындықтың бетіне қаймықпай тура қарайтын кездің келгеніне көп болды… Бізге керегі – қоғамдағы күштердің басын қосып, біріктіру, мұны құрғақ ұран деуге тіпті де болмайды. Бәрімізді біріктіре алатын қуатты күш ретінде дағдарысты жағдайдан шығу, адамдардың аман – саулығы, республикалардың гүлденуі, ұлы Одағымыздың жаңаруы мен нығайуы сияқты ортақ мақсаттарымыз күшті қызмет ете алады”- деп жазуы соның айқын дәлелі.

Сол жылдары Одақты сақтап қалу, оны жаңарту арқылы дамыту үшін күресі өмір шындығынан туындаған қажеттілік еді. Егерде республикалар бас-басына кеткен болса, өздерінің ұлттық отауларына бөлініп алып, томаға-тұйық өмір сүрсе, не болатынын билеушілер бірдей, жеріне жете ойланып, түсіне қойды ма? Кеңестік экономика жайбарақат бөлісіп ала салатын зат емес еді ғой. Казіргі замануи интеграция дәрежесіне жеткен шақта қарға тамырлы болып кеткен экономикалық байланыстарды быт-шыт етіп үзудің қаншалықты қатерлі екенін алдынала болжай білу үшін тіпті де арнайы теориялық болжаудың қажеті жоқ. Оның үстіне бір-біріне мүлде тәуелсіз, жаңа мемлекеттерді құру дегеніңіз де өте қымбатқа түсетін іс екенін дәлелдеп жатудың сірә, керегі бола қоймады.

Жаңартылған Одақты сақтау үшін жасалған әрекеттерге кезінде бұрынғы Одақтық орталық баспасөз беттерінде әр түрлі қарама-қайшы пікірлер жарияланды. Мысалы, Одақты жаңарту арқылы сақтап қалу үшін жүргізген іс әрекеттер туралы Кеңестер мемлекетін 70 жылдан астам билеген саяси партияның басты насихат құралы - “Правда” газеті демократиялық басылымдарда Одақты жаңартылған түрінде сақтап қалу мәселесінде тым ұзақ жүрді деген сын айтылады дей келе, неліктен болғандығы туралы сол кездегі билікке деген сүйіспеншіліктен немесе оның қызметіне риза болушылықтан жасалынған жоқ. Әңгіме тіптен басқада.

Модернизациялық іс-харекеттердің алғы шебінде көрінген Н.Ә.Назарбаев мектеп табалдырығын аттаған соңғы өмірінде өндіріспен, экономикамен тығыз байланыста болды, олардың ішкі проблемаларын жете білді. Республикалардың азғана жетекшілерінің бірі ретінде, ол халық шаруашылығының барлық салаларының интеграцияланғандығын терең түсінді, шаруашылық байланыстарының бір сәтте үзілуінің қандай қасіреттерге әкелетіндігі туралы ол өзіне есеп берді. Біртұтас экономикалық кеңістікті бұзу, ұлттық валютаны енгізу, кеден бекеттерін орнату, баж салығын енгізу, виза ашу т.т қажеттігін туғызады, ал ең соңында шекараларды бекіту керек болады. Мұның бәрі экономикаға қосымша салмақ түсіретін өте бұрын соңды кездеспеген және күрделі қымбат істер.

Сондықтан, «жаңартылған Одақты сақтап қалу идеясын қызу қолдаушылар үкіметті өз шешімдері мен іс–қимылдарындағы батылсыздықтары, жүйесіздіктері үшін бәрінен де көп сынады” — деп, түсіндірген және өз сөзінің дәлелі ретінде Н.Назарбаевтың КСРО халық депутаттарының ІV съезінде жасаған баяндамасының мәтінінде дәлелдеп берген еді.

Жаңартылған Одақты сақтап қалу үшін күресу себебін “Азия асқарларында”: “Халқының арман-аңсарын анық білетін және өзегінен өткізе сезінетін ұлт перзенті ретінде Н.Назарбаев қайта құруды жан-тәнімен қабыл алды. Қашанда айрықша стратегиялық түйсігімен ерекшелінетін ол империя үстемдігінен құтылудың мүмкіндігі ашылғанын анық көрді. Алайда прагматик ретінде ол бұл жолдың жақын да болса алыс екенін айқын түсінді. Бір жағынан желтоқсанның қанды оқиғаларын, бірақ енді бүкіл көпұлтты ел аумағында, қайталау қаупі бар еді, ал бұл азамат соғысын аңдататын – оның мысалдары сол кездің өзінде табылатын. Екінші жағынан, Қазақстан экономикасы жалпыодақтық рынокқа тым етене қабыстырылған, сонан да бұл байланыстарды дереу үзіп жіберу жалпы қан тамыры жүйесінен қол үзгенмен бірдей болатын. Осының бәрі жинақтала келе ыдырай бастаған Кеңестік Республикалар Одағына деген көреген басшылардың ұстанымын айқындады.

Біртұтас экономикалық кеңістіктің заңды түрде, бірақ тым тез күйреп түсуінің қандай қатері бар екені де күрделі көрініс болды. Сол кезге дайындалып үлгеру үшін Қазақстанға уақыт керек еді. Қазақстан басшысы ақыры болмай қоймайтын қирау сәтін мүмкіндігінше ұзарту үшін жаңартылған Одақты сақтап қалуға ұмтылған түйінді тұлғалардың біріне айналды. Алайда жүрдек дамып жатқан оқиғалар уақыттың таусылуға айналғанын дәлелдеп берді.

Бұл фактор өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қалыптасып, 90 жылдары шарықтау шегіне жеткен кемшіліктер туралы пікірлердің шынайылық деңгейі екендігін дәлелдейді. КСРО-ның көп ұзамай-ақ 1991 жылдың күзінде күйреуі себептері ретінде қарастыруға мүмкіндік бергенін байқаймыз. Өйткені, өмірге аян болған кемшіліктердің асқынғандығы соншалықты, оларды түзету мүмкін болмай шықты. Ал, асқынған аурудың алмай қоймайтындығы белгілі. КСРО сияқты алып империя 300 млн-ға жуык халықтың көз алдында күйреді.

Әлемдік және посткеңестік мемлекет зерттеушілер тұжырымынша КСРО күйреуінің ең басты себептерінің бірі – елде сөз бен істің бір бірінен алшақтанып табиғи үйлесімсіз болып, тіпті олар ара-қатынасының қайшылығы еді. Бар билікті өз уысына алған коммунистік партияның саясатына сай “дұрыс” сөйлеу, бірақ басқаша ойлап, іс жүзінде керісінше істеудің, яғни екіжүздікке барудың елде кең етек алуында. Мұндай ел тағдыры үшін аса қауіпті үрдістің пайда болып, қалыптасуына және дамуына кінәлі басқа емес, басынан шіріген балық сияқты, сол ел басқарып отырған саяси партияның ең жоғарғы басшыларының өздері еді. Жетпісінші жылдардан бастап партияның жоғарғы билік буындарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек әрі табандылықпен жариялана бастаған. Турасын айтатын болсақ, бұл талаптан нағыз екіжүзділік аңғарылып тұрды. Жоғары басшылықтағылар мұндай бірлікке ең алдымен өздері өздерін шақыруы тиіс болатын. КСРО басшыларының жеке басына табынуды қоздыра отырып және ең бірінші кісіге жақын адамдарға жасалатын бүкіл игіліктерді пайдалана жүріп, ат төбеліндей әміршіл топ партия бұқарасынан барған сайын қол үзе бастаған еді.

Ең жоғарғы дәрежедегі шешімдер де мемлекеттің, кеңес халқының мүддесіне емес, сол партия басшылығындағы ат төбеліндей әміршіл топтың мүддесіне сай, билік басындағылардың алаңсыз өмір сүруі үшін қабылданатын болғаны анық байқалды. Сол кезде қалыптасқан өмір шындығына толық сай келетіндігін көптеген нақты фактілер арқылы дәлелдеуге болады. Солардың бірі ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап елдегі биліктің ең ұшар орнындағы КОКП ОК Бас хатшыларының денсаулықтарына байланысты бірінен соң бірін ана дүниеге жіберу, яғни елдегі ең жоғары билікке ден-саулығы тозған адамдардың келуі. Яғни, халық пен мемлекет тағдырының денсаулықтары ешбір жауапты істі атқары алмайтын өз басымен қайғы болып жүрген «бір аяғы өрде, бір аяғы көрде» адамдардың қолында болуы.

Ұзақ жылдар бойы партия басшыларын емдеу ісімен айналысқандықтан олардың денсаулықтарының қандай екендігін жақсы білетін академик Е. Чазовтың айтуынша, 1975 жылдан науқас Л.Брежнев, тіптен өз бетінше жүріп-тұрудан, дұрыс сөйлеуден қалса да, өмірінің соңғы күндеріне дейін сол қызметті “атқарды”. Оның орнына КОКП ОК саяси бюросының, яғни шексіз билікке ие бір топ адамдардың, шешімімен көп жылдан бері күрделі сырқатты Ю.Андропов Бас хатшы болып тағайындалды. Көп ұзамай-ақ ол да ауруханаға жатуға мәжбүр болды. КСРО сияқты алып мемлекетті өмірінің соңына дейін ауруханада жатып “басқарды”. Оның орнына өмір бойы демікпе ауруға шалынған, сөздің тікелей мағынасында, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған К.Черненко, сол топтың шешімімен, Бас хатшы болып тағайындалды. Оның да ұзаққа бармайтындығы баршаға белгілі еді. Ешқандай да ақылға сыймайтын мұндай шешімдердің, сол топтың тек өз мүддесі үшін ғана сол орынға келіуі күмән туғызбайды.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тұру үшін Бас хатшының келісімін алу қажет болғандықтан К.У.Черненконың денсаулығына байланысты Мәскеуге үшінші рет барғанда ғана қабылдауында бола алған Н. Назарбаевқа бар жоғы: “Мұның жасы қаншада?” - деп жалғыз сұрақ қойуға жарап, орнынан көтеріліп, жүрмек болғанда құлап қала жаздаған елдің бірінші басшысының қалін өз көзімен көргеннен кейінгі келген ой мен жасаған қорытындысы аясында Н.Назарбаев: “Аса ірі мемлекеттің басында осындай адам да отырады екен-ау! Басқа да ойлар келді. Өйткені мұндай жағдайда адамның бір нәрсеге елеулі ықпал етуге қабілеті бола қоймайтыны айқын көрініп тұр еді. Олай болса, мұндай Бас хатшыны өкімет билігінің өзіндік рәсімі ретінде ұстап, сол бір тұлғаның панасында емін-еркін рақат өмір сұру әлде біреулерге өте қолайлы болғаны ғой”-деп жазған еді.

Ал, ондай символикалық басшының кімдер үшін қажет екендігі туралы саяси Бюроның арнайы жабық қаулысы қабылданыпты. Онда Саяси Бюроның жасы асқан қарт мүшелеріне қысқартылған жұмыс күні және аптасына бір рет – жұма сайын – қосымша үшінші демалыс күні белгіленіпті. Сондықтан да олардың ешқайсысы да ерекше жан қинап жұмыс істей қоймайтын, әдетте бейсембінің өзінде-ақ бәрі де саяжайларына кете бастайтын, онда таза ауа жұтып, арнаулы орындарда аң аулап демалатын болған.

Мұндай жан қинамай жұмыс істеу тәсілін республика басшыларының да шебер меңгеріп алғандығын, өзінің Қазақстан үкіметін басқаруға келген кездегі қалыптасқан жағдайы мысалында көптеген басқа да басшылар сияқты, бұл қызметте менің алдымда болған адам негізінен бір ғана принципті басшылыққа алушы еді: ең бастысы барлығы да ың-шыңсыз тыныш болғаны керек. Өзгелерді аз мазаласаң, өзің де тыныш өмір сүресің. Тек жоғарғы жаққа жиі-жиі қарап қою керек, өйткені бірінші басшыға дер кезінде жағыну және оның еркі мен тілегіне қарсы келіп қалмау қажет. Мұндай айқындамадан ұтылмайсың.

Одақтық және республикалық деңгейлерде қалыптасқан мұндай жұмыс тәсілінің көп ұзамай-ақ, партия өмірінде ұран болып қалыптасқан, “демократиялық принципке” сай, жоғарыдан төмен қарай тез тарап, төменгі партия органдарының қызметкерлеріне де жеткендігі және оның не бергендігі ішкі партиялық жұмыстарды жақсарту мен жетілдіру жөніндегі көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды. Сондықтан төменгі партия органдарының қызметі де барған сайын жасандылыққа пен көзбояушылыққа бой ұрды. Партия басшыларынан қатып қалған догмалық дүмшелік пен «ыңғайлы» цифрлік деректерден алуан түрлі есеп құрастырудан басқа ешнәрсеге қабілеті болмады және талап етілмеді. Партия беделі қатты екпінмен құлдырай бастады, Партия ешқандай да игіліктер бермейді, коммунистің бір ғана артықшылығы бар – ол әрдайым алда, ең қиын жерде болады деген даурықпа сөзге уақыт өткен сайын ешкім де мән бермейтін болды. Олай болса КСРО күйреуінің объективті себебі ел билеген саяси партияның басынан шірігендігі айдан анық болды.

Сонымен қатар, ондаған жылдар бойы қалыптасқан Кеңестік жүйенің, бар биліктің бір ғана партияның қолына нық шоғырлануының былайғы жұрттың, тіптен қатардағы партия мүшелерінің өздері де біле бермейтін қырларына айналды. Мысалы, өткен ғасырдағы КСРО тарихының 70-80 жж. шексіз билікке ие жоғарғы партия басшылығы ғана емес, орталық партия аппаратында жұмыс істейтін қатардағы қызметкерлердің өздері де республика басшыларының тағдырын шешіп отырған. СОКП Орталық Комитетінің партия органдары бөлімінің республикаңы қадағалайтын кез келген қызметкері ел туралы қандай пікір болса да қалыптастыра алатын мәртебеге ие болды Ал, СОКП Орталық Комитетінің нақты аймақтардағы істермен айналысатын сектор меңгерушісі – барып тұрған патшаның да, құдайдың да тап өзі екені жөнінде көптеген сол заманғы қызметкерлер айтады. Бәрі де соның жоғары қарай жазып жіберетін бір жапырақ қағазына байланысты. Лауазымды және қатардағы азаматтың тағдырын тап сол қағазға байланысты – сондықтан да ойланып-толғанып жатпай-ақ, бас шұлғып бағына беру керек болатын. Сектор меңгерушісінен жоғары қызметте отырғандар туралы әңгіме етудің де қажеті жоқ. Олар кез келген адамның тағдырын бір сағаттың ішінде-ақ шешіп жібере алатын.

Демек, республика көлемінде үлкен лауазым иесі болып табылатын басшылардың өздерінің де өз биліктері өздерінде болмаған. Олар да күндіз-түні бақылауда болған. Осының бәрін өз басынан өткізген адамдар сыңаржақты кеңестік қыспақтың мұншалықты тауқыметін жергілікті жерлердегі басшы кадрлары айрықша тартқан. Тіпті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып отырғандар өзі де жоғарыдан бәрін де көріп отыратын көзден таса қала алмайтын. Еш жерде,тіпті, жұмыстан тыс уақытта да партия бақылауында болғаны анық: кімнің үйіне қонаққа бардың, демалыс орнының аумағында кіммен бірге тұрақты серуендедің, кіммен және не туралы әңгімелестің – бәрі де алақаныңдағыдай айқын болатын, шындыққа сай емес деп ешкім де айта алмайды.

Кеңестер мемлекетінің күйреу себептерін түсінуде саяси билік жүйесінің ішкі сырын жетік білетін Н.Назарбаевтың КСРО-дағы билік иерархиясының қалыптасу механизмін ашып көрсетуінің маңызы үлкен. Сондықтан, Н.Назарбаевтың осы мәселеге қатысты айтқандарын толығырақ келтірейік. Ол: “Тоқырау өмірдің барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да орын алды. КСРО басшысы Л.Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың бас кезінде, елімізде әлдебір әлеуметтік енжарлық пайда болып, барған сайын күшейе түсті. Бұл жолы жеке басқа табыну ең алдымен Мәскеуден басталып, оны мемлекет пен партия басшысы төңрегіндегі серіктері – Саяси Бюро мүшелері, СОКП Орталық Комитетінің хатшылары қалыптастырды.

Дерт партиялық-мемлекеттік құрылымды жоғарыдан төменге дейін меңдеп алды. Ол республикалар мен облыстардың басшы кадрларына да тез жұқпай қала алмады. КСРО басшысының республикалық Орталық Комитеттердің басшыларын, ал олар өз кезегінде облыстық партия комитеттерінің хатшыларын жеке өздеріне шын берілгендік қағидаты бойынша – лауазымды орындарға тек өзі сенген адамдарын ғана қойып отырғанын ескеру керек. Оның үстіне, қуатты сүзгі ретіндегі аппаратта “жаңылыс кету” ықтималдылығына іс жүзінде де жол бермейтін.

Сол жылдары кең қанат жайған тәжірибе бойынша мысалы, облыс бірінші басшысы болып сайлану үшін ол қызмет орнына ұсынылған кісі әуелі республика Компартиясының Орталық Комитетіндегі, одан соң СОКП Орталық Комитетіндегі бүкіл иерархиялық қызметтік сатыларында болып, нұсқаушымен, сектор меңгерушісімен, ұйымдастыру-партиялық жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі, кадр мәселелерімен айналысатын хатшымен, Саяси Бюроның екі-үш мүшесімен алдын ала әңгімелесуден өтуі керек еді. Одан әрі ол партиядағы екінші дәрежелі адамға баратын, ал ең соңында ғана Бас хатшыға жететін, осының бәрінен кейін Орталық Комитеттің Секретарияты мен Саяси Бюроның мәжілістерінде талқыланатын. Бұның барлығы мемлекетте, одақтас республика және жергілікті билікте шынайы демократия жұтаң болғанын дәлелдейді. Яғни, Кремльде жайғасқан СОКП Орталық Комитетінің ұсынысы іс жүзінде ең соңғы, түпкілікті шешім болған. Ал жергілікті партия комитеті үлесіне мәртебелі жиындарда қалай болса солай қол көтеріп, дауыс беру ғана қалатын.

Егер, КСРО көлемінде бар билік жоғарғы партия басшылығы мен орталық аппарат қызметкерлерінің қолында болса, республика көлемінде билік бірінші басшы мен соның төңірегіндегілердің қолында болатын. Сол жылдары Қазақстанда қалыптасқан “дәстүр” бірінші басшының төңірегіне топтасқан шағын шоғыр барлық істі шешетін. Көп жағдайда Орталық Комитеттің хатшылары, республика Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелері бола тұрса да, кадрларды тағайындау, оларды ауыстыру сияқты басқа да маңызды шара жөнінде мәселе шешіліп қойғаннан кейін ғана белгілі болған.

Осылай, “дәстүр” жоғарыдан төмен қарай жалғаса беретін. Облыс көлемінде бар билік облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының қолында болса, аудан көлемінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының қолында болатын. Сондықтан “біріншінің” көңілін тауып, соның ойынан шығу партияның барлық бастауыш ұйымдары хатшыларының негізгі міндетіне, күнделікті “жұмысына” айналды. Партияның негізін құрайтын, яғни басты тірегі болып табылатын бастауыш партия ұйымдарын да құр ұран арқылы көзбояушылық жайлады. Тірі адаммен, яғни қатардағы партия мүшесімен жұмыс істеу, қағазбен жұмыс істеумен ауыстырылды. Осылай, КОКП-ның ең биік шыңынан басталған індет – екіжүзділік, жеке бастың мүддесін ғана ойлау, жағымпаздық, құр уәде мен терең сенім т.б. партияның барлық буынын қамтып, ең төменге дейін жетті.

КСРО сияқты алып мемлекетті басқарып отырған партия аппаратының жоғарыдын төменге дейін, төменнен жоғарыға дейін «жазылмас сырқат» індетіне шалдыққандығы туралы тұжырымның шындыққа толық сай келетіндігін ондаған, жүздеген деректер арқылы оңай дәлелдеуге болады. Өйткені оның ең басты дәлелі өмірдің өзі. Дегенмен, шынайылық деңгейінің аса жоғары екендігі еш күмән туғызбайтын бір ғана дерек келтірейік. СОКП ОК жұмысының ішкі құрылым-құбылысын өте жақсы білетіндердің бірі ретінде Б.Н.Ельцин өз заманхатында жалпы СОКП ОК аппаратының жұмысы – қайталанбайтын ерекше құбылыс. Ол ешнәрседе өндірмейді. Ешнәрсе де, тек қағаздан басқа. Тонналаған қағаз. Ең қызығы, жұмыстағы жетістік, осы таудай боп үйілген, ешкімге керегі жоқ анықтамалар, есептер, жауаптар, баяндамалар, талдаулар, жобалар т.т. өлшенеді. Саяси бюро, партияның ОК қандай болса, аппарат та дәл сондай, жақсы да емес, жаман да емес… Бұдан сәл бұрын орталық билік тарапынан таратылған дамыған социализм туралы айтуы мұң екен бүкіл аппарат, аса үлкен машина кемелденген социализмнің қалай дамығандығы және дами беретіндігі, оның кезеңдері мен жолдары, кеңес халқының кемелденген социализм кезінде қалай жақсы тұратындығы туралы “аңыздар” өндіре бастады.

Бұл, сөз жоқ, партияның әр түрлі деңгейдегі органдарында жұмыс істейтін парасатты адал адамдардың наразылығын, іштей қарсылығын тудырмай қойған жоқ. Олардың көпшілігінде іштей риза болмаушылық қана емес, сонымен қатар бұған дейін мызғымастай берік сияқты көрініп келген тәртіптерге қарсы күрес жүргізу қажеттігі де сөзсіз өсе түсті.

Сонымен қатар КСРО-ны терең дағдарысқа әкелген ондай наразылықтың қашан және неліктен пайда бола бастағандығы партия ұйымдарында, партияның төменнен жоғарыға дейінгі әр түрлі басшы буындарында шамамен жетпісінші жылдардың орта кезінен бастап пісіп-жетіле бастаған еді. Партиялық жұмыстың барған сайын көзбояушылыққа (формализмге) ұрынып бара жатқаны, дүмшелік құрғақ сөздің, жалған көрсеткіштердің, көпірме анықтамалардың көбейіп, асқына түскені тап сол кезде байқала басталып, партияда қалыптасқан жұмыс істеу тәсілін, оның бар мән-мағанасын және салдарын толық ашып көрсеткен. Партия ұйымдарының хатшыларын есеп бергенде оның мүшелерінің партия жиналыстарына қатысуын жала көрсетуге, саяси оқудың ұйымдастырылған әр түрлі түрлеріне СОКП мүшелерін ғана емес, сонымен қатар партияда жоқтарды да түп-түгел қамтуға, ешкімге де қажеті жоқ түрлі қағаздар мен анықтамаларды тау-тау етіп жасауға мәжбүр ете бастады. Өмірде бар адамдардың арасындағы жанды жұмыс екінші кезекке ысырылды. Партия ұйымдастыру жұмысындағы басты нәрсе дер кезінде және сауатты есеп беру, дер кезінде ақпарат беру болды. Олардың жұмысына аудандық пратия комитеті жіберген қағаздарына қарай баға беретін болды. Партия ұйымдарына басшылық жасаудың нәзік әкімшілік тәсілдері неғұрлым нық орныға бастаған сайын, оның барлық қызметіндегі жанды мазмұн соғұрлым жойыла түсті. Кейбіреулер бұған тез бейімделіп те алды. Партияға кіруге мансапқорлар ұмтыла бастады. Жағдайдың бұлай өзгере бастауы жұмысшылардың СОКП-ға деген көзқарасына да әсер етті. Партия қатарындағы жұмысшылар санын жасанды түрде реттеуге жол ашылды.

Елде белгілі бір өзгерістер жасамауға болмайтындығын 1985 жылы билеуші партияның Бас хатшысы болған М.С.Горбачевта жақсы сезінді. Соның тікелей бастамашылығымен КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір Пленумында елде “қайта құру” бағдарламасын іске асыру арқылы қоғамды одан әрі дамыту туралы шешім қабылданды. Оның аяғы немен тынғандығы тарихтан жақсы белгілі. Басқа емес, сол басқарушы партияның Бас хатшысының тікелей өзінің бастауымен және Орталық Комитеттің мақұлдауымен елді “қайта құру” бағытында басталған нақты іс-шаралар, көп ұзамай ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден қатып-семген әміршілдік-әкімшілдік жүйенің бір топ жоғарғы басшылығының, “қытай қорғанындай” мызғымас қарсылығына тап болды. Қортындысында 1991 жылдың күзінде КСРО мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Ал, М.С.Горбачев КСРО-ның тұңғыш және соңғы Президенті ретінде тарихта қалды.

КСРО сияқты алып империяның іргесін шайқалтқан 1985 жылғы сәуір пленумы туралы содан тура 20 жылдан кейін баршаға танымал “Еуразия жүрегінде” атты еңбегінде Н.Ә.Назарбаев нақ сол жылы М.Горбачев мәңгі мызғымастай көрінетін Кеңес Одағының тағдырына шешуші ықпал еткен бағдарламаны өзі бастап қолға алғаны белгілі болды. Кеңес Одағының қуатты әлеуетіне кәміл сенетіндіктен, КОКП Орталық Комитетінің сәуір 1985 ж. пленумын, сол пленумдағы М.С.Горбачевтың кеңес қоғамын ауқымды тұрғыда жаппай қайта өзгерту қажеттігі туралы тосын идеясын, “қайта құру” деген қарапайым ғана аталып, жалпақ жұртқа жария етілген әйгілі баяндамасын қалың бұқара үлкен сеніммен қабылдады. Оның өзі де қоғамға үлкен өзгерістер қажет екендігін ұғынтты.

Жоғарғы басшылықтың қандай да болмасын өзгеріске жанталаса қарсы тұру себебі туралы Н.Назарбаев өз еңбегінде: “1985 жылы СОКП Орталық Комитеті сәур Пленумының шешімдерін жан жүрегімен қабылдаған және оған шын ықыласымен сенген адамдардың ең ізгі ниеттері қасарысқан қарсылыққа неге душар болғанын мен кейінірек қана түсіндім. Қоғам мен халықтың мүдделерін ондаған жылдар бойы ең жоғарғы мақсат ретінде көпірме сөздермен жариялап келген әміршілдік-әкімшілдік жүйенің ат төбеліндей аз ғана тобы өздерінің іс-әрекеттерін бір ғана нәрсеге - өздерінің жағдайларын нығайтуға жұмсап келді. Сондықтан да салтанатты түрде отырып алып, көркейіп өсе түскен топ ол жүйеге ең кішкентай сызат түсіруге қаблетті нәрсенің бәрі де мейлінше нақты адамдардың қаймағы бұзылмай отырған тыныш өміріне қатер төндіру болып табылады деп негізсіз есептеген жоқ” - деп кезінде анық жазған.

Н.Назарбаев еңбектерінде елде басталған “қайта құрудың” берген алғашқы нәтижелеріне талдау жасай отырып, КСРО-ның құлауына алып келген саяси себептердің көріністері туралы өте құнды пікірлер айтқан. Ол соңғы жылдары “қайта құру” деген сөз өзінің құнын әдәуір түсіріп алды десек, мұның өзі айтарлықтай жаңалық бола қоймайды… Ендігі жерде бұлай өмір сүруге болмайды деп алғаш рет айтылған кезде, жұрт бұған әбден келіскен болатын. Өйткені ендігі жерде шындығында да бұлай өмір сүруге болмайтынын әрбір адам жақсы түсінген еді. Демократияландыру мен жариялылық бағыты жарияланған кезде, жұрт мұны да қолдады. Өйткені ауасы бұзылған бұрынғы ахуалда тыныс алудың өзі барған сайын қиындай түскенін бәрі де түсінді. Алғашқыда көптеген адамдар сөз бостандығына, пікір білдіру еркіндігіне толық қол жетсе-ақ болды, өміріміз бен экономикамыз өз-өзінен оңалып жүре береді деп те ойлады. Бірақ, демократияландыру мен жариялық қайта құрудың мақсатынан гөрі оның маңызды құралы екені, ал бұл құралды дұрыс пайдалана білуді үйрену қажет екені көп ұзамай-ақ айқын болды. Мемлекеттік және экономикалық құрылым негіздерімен тікелей айналысуға кезек келгенде әбден абыржу келді. Неден бастау керек, нені керексіз деп қиратып, лақтырып тастауға болады, нені сақтап, нені жаңадан салуымыз керек екенін ешкім де жөнді білмеді. Пікірлер бір-біріне қарама-қайшы, қызу әрі ымырасыз бола бастады. Батыл өзгерістер жасау қажеттілігін бірінші болып мәлімдей отырса да, партия қоғамға қайта құрудың біртұтас және сындарлы бағдарламасын ұсына алмады өйткені СОКП-да нағыз ақыл-ой орталығы тапшы болатын. Партияның орасан зор қызметшілері болғанымен ірі ғылыми-оқу мекемелері атам заманғы қасаң қағидаларынан айырылмай, аппараттың ұсақ мүдделеріне ғана қызмет етуді одан әрі жалғастыра берді, замануи ғылыми және қоғамдық ақыл-ойдан мүлдем артта қалып қойғаны аян болды.

Ал 1996 жылдың басында, яғни КСРО құлағаннан кейін 4 жылдан соң, жарық көрген Н.А.Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында, КСРО-ның құлауының саяси және әлеуметтік-экономикалық себептерін көрсетіп, оларға талдау жасады және өз пікірін толығырақ жария етті. Мысалы, ол КСРО-ның құлауына қатысты сол жылдары айтылып жүрген әр түрлі пікірлердің бар екендігі туралы: “КСРО-ның құлау себептері жайындағы әр алуан пікірлер, негізінен, екі арнаға тоғысады. Бірі, КСРО өздерінің бірден-бір идеологиялық және геосаяси бәсекелесінің көзін құртуға тырысқан сыртқы және ішкі іріткі күштердің бірлескен қимылы нәтижесінде болса; екіншісі, бұл әлдеқашан математикалық дәлдікпен жете мөлшерленген, ешқандай объективті де субъективті де себепсіз-ақ, тап осы кезеңде қалай да болмай қоймайтын заңды құбылыс еді. Әрине, бұл екеуі – бір-біріне еш қиыспайтын ең кереғар көзқарастар деген талдау жасаған.

Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымынша Кеңестер Одағы ақпараттық және мағыналық шабуылды күшейтіп, жүйелі түрде іргесін сөге беруді көздеген көп жылғы іріткі әрекеттің нәтижесінде құлады дейтін пайымдаудың, аясында талдағанда көбірек қисынға келіңкірейтіні ақиқат. Дегенмен, ол қауіпсіз де пікір емес. Ондай пікірдің астарында не жатқандығы туралы Президент егер, КСРО геосаяси бәсекелестерінің ақпараттық шабуылы нәтижесінде құлаған болса, ТМД-ның ешбір елінің тәуелсіз дамуының келешегі жоқ болып шығады. Басқаша айтқанда, бұл мемлекеттер орасан ақпараттық шайқастың орнында қалған мүгедек мүсіндер болып шығады. Талайға дейін естерін жиып, етектерін жаба алмайды. Бұл пікірдің төркінінде, ондай мемлекеттер не одан әрі өз-өзінен күйреп жоғалуға тиіс, не қайтадан бір мемлекеттің қатал уысына бірігуі керек деген түйінді дәлелдейді.

КСРО-ның құлауын таза ішкі процесс ретінде қарастыратын екінші пікірдің де көңілге қона бермейтіндігі туралы Н.Ә.Назарбаев, екінші жағынан, ТМД елдерінде болып жатқан өзгерістер – ешқандай реформа емес, саналы түрдегі бүлдіру мен күйрету деген пікірдің де еш қисыны жоқ. Бүлдіру болса, нені бүлдіру? – деген сұраққа ой бұрады.

Оның үстіне, КСРО-да қоғамдық ғылымдардың дамуының соншалықты мардымсыз болуы, мемлекеттің құлағанына біршама уақыт өтсе де құлаққа кіретіндей түсініктемені ешкімнің айтып бере алмай жүргендігі де оған әсер еткен. Демек, зерттеушілер КСРО-ның ыдырау себептері туралы Н.Ә.Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінде айтқан пікірлерін, келтірген дәлелдерін КСРО-ның күйреу тарихының дерек көздері ретінде пайдалана алады. Сондықтан тарихымыздың аса бір күрделі құбылысы сырын ашуға көмектесетін дәйектер ретінде сол пікірлерге тоқталайық. Н.Ә.Назарбаев бұл оқиғаларды “ақпараттық соғыс”, “элита сатқындығы”, “психологиялық шабуыл” сынды арзанқол терминдермен түсіндіру орынсыз дей келе, оның төрінде жатқан күрделі себептеріне талдау жасаған. Сол себептерді тәуелсіз тарихымыздың ширек ғасырлы сапары аясында мынадай ретпен тұжырымдаған жөн болар:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет