Біріншісі, ол “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінде КСРО-ның күйреуінің саяси себептеріне анықтама бере отырып, “Әділеттің ақ жолында” айтқан ең жоғарғы дәрежедегі басшылық туралы ойын жалғастырады. Егер, “Әділеттің ақ жолында” басшылық атына айтылған сын, келтірілген нақты дәлелдер, сол басшылықты жақсарту, жіберілген кемшіліктерді түзету, саяси басшылықтың тиімділігін арттыру мақсатында айтылса, “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінде КСРО-ның күйреуі іске асқан факті ретінде қарастырылып, ал жіберілген кемшіліктер КСРО-ны күйреуге алып келген басты факторлар, нақты себептер ретінде айтылып, қорытындылар жасалынған.
Мысалы, ол өзінің бірінші кітабында айтқан елдегі ең жоғарғы басшылықтың жастарының ұлғайып, денсаулықтарының нашарлауына байланысты ел басқару қабілеттерінің төмендей бастағандықтары туралы ойын жалғастырып: “КСРО-ның кейінгі кезеңі маған ақсақалшылдық дәуірі боп елестейді. Тіпті брежневшілдік кезеңнің тілінде де соның әсері анық сезілген. Қырықтан асқанша жазушы болашағынан үміт күттіретін әдебиетші болып есептелетін. Саяси бюроның алпыстан асып кеткен мүшесі болашағы әлі алдағы қабілетті саясатшы болып саналатын. Ол кезде уақыт пен үйреншікті үрдістен екі елі сыртқа аттап шықпайтын абайшылдық қана қызмет бабында өсуге кепілдік бере алатын”-деп, сол уақыттың ерекшелігін айта келе Н.Ә.Назарбаев: “Бәлкім, бұл қәзір күлкілі көрінер. Он жылдан соң орасан үлкен елдің быт-шытын шығарған қопарылғыштың сағат механизімінің құлағы маған тап сол кезде бұралған сияқты болып көрінеді. Тобы бұзылмастан бірге қартайып, бірге алжи бастаған бюрократияның сүйікті кәсібіне айналған кадр тұрақтылығы бірте-бірте кадырлардың азғындауына ұрындырды”-деп, объективті және аса маңызды саяси қорытынды жасаған.
Достарыңызбен бөлісу: |