Аграрлық саланы реформалау және оның нәтижелері. ХХ ғ. 90- жылдары басында ауыл шаруашылығы елеулі дағдарысты бастан кешті. Оның басты себебі — ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық еді. Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы ұжымшарлар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. КСРО тұсында сапалы астықтың ондаған түрлерін өндіретін, 700-дей қой шаруашылығымен шұғылданатын кеңшарлар мен ұжымшарлар, 80-нен астам құс фабрикасы болатын. Республика халқы жекешелендіру барысында өздерінің осы қолда барынан айырылып қалды. Бағадағы былық, бейберекеттік, жекешелендірудегі асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналдыру және т.б. ауыл шаруашылығын терең күйзеліске соқтырды. 1993 жылы кеңшарлардың басым көпшілігі жұмыскерлерге бірнеше айдан, тіпті, бастап бірнеше жылғы жалақы бере алмайтын күйге жетті. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқты жүмыстар мен бұл бағыттағы ізденістер жойылып кетті. Агроөнеркэсіп кешеніндегі жоғарыдағы айтылған және басқа да кемшіліктерден арылмай, салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертпей бүкіл реформаның жүзеге асуы мүмкін емес екені баршаға айдан анық болды.
Егіншілік өнімдері азайып, тұқым мен дән себетін жер көлемі бірнеше есе қысқарды. Жалпы ауылшаруашылық өнімі 1992—1998 жылдары аралығында 55 пайызға қысқарса, өндірілген астық көлемі 30 миллион тоннадан 12 мил-лионға дейін қысқарған. Қазақ кеңістігіндегі дәстүрлі және тарихи алып саласы мал шаруашылығы да күйзеліске ұшырап жауарлар саны едәуір төмендеді. Мал мен қүстың кемуі негізінен осы салаға бөлінген билік орындарының жауапкершілігінің әлсіреуінен болды. Малды күтуге қажетті жем-шөп дайындау ісі құлдырады. Жекешелендіру нәтижесінде ұжымшар мүшелеріне тиесілі малдардың тұтасы өмір қажеттігінен келген сұранысты қанағаттандыру жолында сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мысалы, 1991 жылғы 9,8 млн. бас ірі қарадан, 2002 жылы тек қана 4,4 млн. басы қана сақталған, тиісінше қой мен ешкі 35,7 млн. бастан, 10,4 млн. басқа дейін, жылқы 1,6 млн. бастан 1,0 млн. басқа дейін қысқарып бүкіл қазақстандықтар өмірін күйзелткен.
2000 жылы ауыл шаруашылығы тынысындағы басталған тың серпіліс мал шаруашылығы саласының дамуынан да көрініс тапты. Мәселен, 2000—2002 жылдары ірі қара мал 8%-ке, қой басы 9%-ке, жылқы 1%- ке, қүс өсіру 25%-ке артты. Сөйтіп, мемлекеттік жекешелендіру саясаты нәтижесінде аталған мерзімде республикадағы мал басының 90 пайыздан астамы жеке шаруа қожалықтарының қолында болған. Осы орайда Қазақстан үкіметі ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған бірнеше маңызды шараларды қолға алып осы мақсатқа 1996 жылғы бюджеттен 4,3 миллиард теңге, 1997 жылы 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Елбасының нәтижелі ізденісі нәтижесінде 1996 жылы Азия даму банкісі Қазақстан тарихында тұңғыш рет 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлген. Оның 50 млн. доллары 1997 жылы ауылдықтар тұрмысын тұрақтандыруға бөлінген. Тек 1996 жылы 630 егін және 100 мақта жинайтын шетелдік комбайындар сатып алынған. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы жылдан-жылға ұлғая түскен. Бұл ретте 1999 жылы аграрлық саласына арнайы 9 млрд. теңге бөлінсе, 2000 жылы ондай мақсаттағы қаржы көлемі шамамен 18 пайызға ұлғайып жылма жыл ауылға 11 млрд. тенге бөлінетін болған.
Аграрлық саланы аяғына тұрғызуда мұрындық болған онда қажетті шараларды жүргізудің жаңа әдістері мен әлемдік озық тәжірибесі игі бастама болды. 2000 жылы республикада 96,2 мың ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік кооператив, 28,9 мың шаруашылық серіктестігі және 60 жекеменшік кәсіпорын қалыптасып жүмыс атқарған. Сөйтіп, 1999-2001 жылдары аралығында ауыл шарушылығын тиімді және озық тәжірибе арнасында жүргізетін меншік иелері тобы қалыптаса бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің “Жаңа кезең-жаңа экономика” атты дәрісінде рынокқа берік бағдарланған фермерлер табы пайда болды деп әдейі атаған болатын. Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалар нәтижесінде өндірілген өнімдердің 99 пайызы жеке меншік қүрылымдарының үлесіне ауысты. Мемлекет ауыл шаруашылығы саласынан түсетін салық көлемін нақтылы есеп арқылы жинап оның мөлшерін шектеу қажеттігіне көзі жетіп аграрлық ұжымдардың бұрынғы қарыздарының барлығынан босатуға мәжбүр болды да, ал басқа қарыздарын өтеу мерзімін 5—6 жылға ұзартты.
Осы кезде ауылдық жерлерде 25 мыңнан астам заңды тұлға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алса, ал шаруа қожалықтарының саны тіпті 170 мыңнан асты. КСРО кезіндегі жылда міндетті түрде қолға алынатын “Астық үшін айқастар” (дәнді дақылдарды қамбаларға жинап алу үшін бүкіл елді жұмылдыру) енді тарих мұрасына кетті. Тәуелсіздік тұсында Қазақстан миллиард пұттан астам дәнді-дақылдарды ешбір ұран айқайсыз абыроймен жинауға қолын жеткізді. КСРО заманында астықтың осындай мөлшерін өндіру үшін бүкіл одақ болып жұмыла кірісетін болса, тәуелсіздік алған соң егістіктен түскен астықты ешбір айқай шусыз қолында бар мүмкіндіктер арқылы жинап қамбаға құйып алуға мүмкіншілік туды.
Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 ж. басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауылшаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастыра қарайтын болған. Үкімет 2002 ж. бастап ауыл шаруашылығына қатысты шеңбері кең жүйелі жүмыстарды жүргізе бастады. Осы міндет аясында 2002 жылдың маусымында мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол бойынша 2003—2005 жж. ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының өткір мәселелерін кешенді түрде шешу үшін аталған үш жыл ауыл жылдары болып жарияланды. 2002 ж. ауыл шаруашылығы салаларын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 30 млрд. теңге қаржы бөлінді. 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын және оған байланысты салаларды бюджет есебінен қаржыландыру мәселесі мемлекет тарпынан түбегейлі шешіліп салаға бөлінетін қаржы көлемі тұрақты өсіп, агро ұйымдастырушылық шаралар кең қанат жайды. Мысалы, 2003 ж. 40 млрд. тенге қаржы бөлініп, оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды ауылдың әлеуметтік мәселесіне, оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ал 2004 ж. ауыл шаруашылығын дамытуға бюджет есебінен 50 млрд., ал 2005 ж. — 55 млрд. теңге бөлінді.
Кейінгі жылдарда Қазақстан аграрлық секторы қарқынды дамып айтарлықтай нәтижелелерге қолы жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2002 жылмен салыстырып қарағанда 2 есеге жуық өскен. Сала қызметіне салынған нвестициялар көлемі 3 еседен астам ұлғайды. Бұл аграрлық секторды мемлекеттің сенімді қолдауы нәтижесінде мүмкін болды. Жоғарыда аталған ау-ылды қолдаудың үш жылдық бағдарламасы аграрлық саланы дамытуға қуатты серпін берді. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығындағы тауар айналымының 4 есеге жуық жалпы өсіміне оң ықпал етсе, ол 4 миллиард АҚШ доллары мөлшерінен асып түсті.
Елімізде 2007 ж. ауылшаруашылық дақылдарының барлық дерлік түрлері бойынша мол және сапалы өнім алынды. Әсіресе, диқандары еңбек нәтижелері мол болды. Республика бойынша 22,5 миллион тоннадан астам астық алынды. Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы астық өндірісінің көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Мысалы, соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 3 есе дерлік артты. Қорытып айтқанда, еліміздің ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қамқорлық жасау нәтижесінде оның қуатын ұлғайту, соның ішінде қазіргі кездегі егістік көлемін сақтау, одан алынатын өнімді өсіру, мал басының санын арттырып оны тұрақтандыруға айрықша көңіл бөлінгені болашақтың сенімді тірегіне айналды. Осы кезеңдерде Тәуелсіз Қазақстан ауылдарында жалпы халық санының 43 пайызы түрған, ал сол тұрғындардың басым көпшілігін қазақ этносы құраған.
Тәуелсіз Қазақстанда жүргiзiлген экономикалық реформа елдегi мемлекеттік органдардың осы саланы басқарудағы рөлi, орны мен функциясын түбегейлi өзгерту шаралары басты мақсатқа айналған. Бұл міндетте бірінші кезекте сала министрлiктері де өз қызметін жаңашаландыруға мәжбүр болған. Олардың ендiгi мiндеттерi тек экономиканы басқару емес, өндiрiстiң техникалық жағынан дамуына, сала аралық өркендеуге тиімді бағдар таңдау жұмыстарымен айналысатын болды.
Екi жақты тиiмдi ынтымақтастық икемдi өндiрiстiк құрылым қалыптастыру мақсатында экономикалық реформаны қолдап жедел және тиімді іске асыру үшін 35 стационарлық қоғам, 75 сала аралық сыртқы экономикалық ассоциациялар, 30-ға жуық концерндер мен консорциумдер, 30-дан астам коммерциялық банктер құрылды.
Нарықтық құрылымның дамуын жеделдету мақсатында мемлекет меншiгiндегі материалдық объектілерді жекешелендiру жоспары жасалды. Ең бiрiншi кезекте қызметі тиімсіз мемлекеттiк ұжымдарды жекешелендiру қажет болды. Қазақстандағы жекешелендiру, салық жинау реформасы, бағаны қалыптастыру, еңбектi өтеу және кәсіптендіру шараларымен кешенді жолмен іске асырылған.
Нарықтық экономиканы батыл енгізудiң өмір тәжірибесінде жинақталып және ғылыми тұрғыдан дәлелденген амалдарын іске асыру мақсатында Республиканың Заң шығарушы орнында (Парламентiнде) “Қазақстан Республикасындағы меншiк туралы”, “Қазақстан Республикасындағы кәсiпкершiлiктi дамыту және шаруашылықтағы қызмет бостандығы”, “Қазақстан Республикасындағы шетел инвесторлары”, “Қазақстан Республикасындағы банктер және банктiк қызметтер” т.б. заңдар мен нормативтiк актiлер қабылданды.
Бір қолдан басқару (монополиялық) қызметтiң шектелуi туралы заңның басты мақсаты - нарықты басқару механизмiн енгiзу, ерiктi бәсекелестiк пен кәсiпкерлiктi, халық сұранысын қорғауды қамтамасыз ету болатын. Онда монополиялық басқару құрылымын тарату және бұдан былай оның жандануына жол бермеу, тауар бәсекесінде сапасыз өнім айналымы тәртібін реттеу еді. Сонымен қатар, мемлекеттiк монополия электр қуаты, құрылыс, темiржол арнасын пайдалану, қорғаныс қажеттерiн қамтамасыз етуде, ғарышты зерттеу орындары және магистральдi құбыр жүйелерiнде, коммуникация және байланыс орындарын билік тарапынан бақылау тәртібінен босатты. Тәуелсіздік тарихы көрсеткендей осындай шаралар іскерлiк белсендiлiктiң өсуi жаңа банктiк құрылымның қалыптасуына мұрындық болды, бiрақ құрылымдық өзгерiстер республикада материалдық әл-ауқат сапасын жетілдіре алмады. Өндiрiстiк тұтыну тауарлары өндірісі мен тұрғындарға қызмет көрсету жеткіліксіз сипатын сақтады. Кейбiр жағдайларда халық сұранысына сәйкес мемлекеттiк өндiрiс орындары қызметі тоқтатылуы, сұраныс секторлары бағасының күрт қымбатсуына жол ашты.
1991 жылдың қаңтарындағы халық тұтынатын заттардың бағасын кеңестік тұстағы тәртіптен босату алғашқы сатысында-ақ өнім құнын 186,4 есеге, ал 1992 жылғы сәуiр реформасынан кейiн, тіпті 554,5 есеге жеттi. Сол шаралардың барысында қолданыстағы қаржының құны құлап «топан ақшаға» ұласты. Ресей ақшасының ауысуы да Қазақстандағы айналымына керi әсер еттi. Тұрғындардың айлық еңбекақысы қажетті азық түлігін алуға азар жетті. Ауылдар арасындағы қатынас мүлдем қиындап кеттi. Күрделi тұрмыстық техникалар, мәдени шаруашылық тауарларының да бағасы өсуiне байланысты тұтынушылар оларды еркiн пайдалануда көп қиындыққа кеікті. Мысалы, радиоқабылдағыштардың орта бағасы тамыз айының соңында 330 мыңға жетсе, шетелдiк теледидарлар 1 миллионнан асты. Ал бiр камералы тоңазытқыштар бағасы 600 мың сомға жеттi. Қаңтар айынан тамызға дейiн өндiрiстiк тауарлардың бағасы бiрнеше есе өстi.
Мемлекет тарапынан тұтынушыларды қорғау шараларына қарамастан нан өнiмдерiне де баға тұрақты өсе берді. Мысалы, сол жылдың тамыз айының соңында 1 килограмм тоқаш нанның бағасы кеңестік кездегіден бес есе өскен. Қолы жеткен пайдасы негізінде азаматтардың тұрмысы таразыланып қазақстандықтар әлеуметтік жағынан жіктеле бастады. Ақша тауар қатынастары нарық сипатын алу саясатының барысында алыпсатарлық, делдалдық, қылмыс жолымен көлденен пайда табушылар тобы да көзге түсе бастады. Ары таза қарапайым адамдардың жаппай жәбiр-жапа көрушiлік етек алды. Өмірге қажетті өнімді өндiрушілер тобы еңбекақы арқылы өмiр сүретiнін ескерсек, мұндай қателiктiң алысқа бармауы әбден аян еді. Осы кезеңде көп балалы отбасы мен зейнеткерлер әділетсіздік пен арбаушылыққа, кездейсоқ қиындықтарға шалынды. Нәтижесiнде, КСРО кезіндегі сыңаржақты насихат арнасында тек қана шетелдерден алынған қайыр сұраған адамдар тобы елдің шынайы өмірінде көріне бастады.
Елдің тіршілік саласындағы үзілді-кесілді өзгерістердің салдарынан 1993-1994 жж. Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық ахуалға материалдық өрiстiң барлық салаларында өндiрiстiң одан әрi құлдырауы, бұқара халықтың тұрмыс деңгейiнiң әбден төмендеуі тән болды. Инвестициялық қызмет күрт құлады. Күрделi қаржы жұмсау көлемi төмендеуiнiң үштен екiсiнiң астамы өндiрiстiк сала үлесіне тиді. Барлық қаржыландыру көздерi есебiнен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу көлемi 69 пайызға қысқарды. 1994 жылы экономика салаларындағы дағдарыс одан әрі етек жайды. Еңбек ақыны уақытында немесе тіпті төлемеу экономиканың барлық салаларында орын алып еңбекшілерді әлсіреттi, бюджеттiң тапшылығы арта түстi. 1994 жылы жалпы өнiмнiң көлемi 1993 жылмен салыстырғанда 25 пунктке қысқарды. Өнеркәсiптегі өндiрiс көлемi 1994 жылдың қаңтар - желтоқсан айлары аралығында 1993 жылдың сол кезеңiмен салыстырып алғанда 71,5 пайызды қана құрады.
Қазақстан экономикасындағы дағдарысты жағдай халықтың еңбекпен қамтылу проблемасын шиеленiстiрiп жiбердi. 1994 жылдың 1 қаңтарына 346 мың қызметкері бар 728 кәсiпорын өндiрiстi толық, яки iшiнара тоқтатты немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көштi. 1994 жылы жұмыссыздық одан әрі өрши түсті. Республика бойынша жалпы алғанда 160 мыңдай адам еңбекақысы сақталмаған немесе iшiнара сақталған амалсыз демалысқа шығарылды.
Еңбекпен қамту қызметтерiне жұмысқа орналасу мәселесi бойынша 1994 жылдың аяғында 19,5 мың адам өтiнiш жасап, олардың шамамен тек әрбiр екiншiсiнің (43,8%) өтініші қанағаттандырылған. Республика бойынша осы жылы тиісті орындарда тiркелген ресми жұмыссыздар саны 113 мың адамды құрап бұл өткен жылғы деңгейден 45% жоғары едi. 1994 жылғы ұлттық табыс көлемі бойынша Республика 1976 жылдың деңгейіне дейін құлдырап түскен.
Үкiметтiң 1995 жылы реформаларды тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөнiндегi бағдарламасы мен міндетті жоспарларына сәйкес бiршама қатаң бюджет және ақша-қаражат саясатын жүргiзу, сыртқы экономикалық саясатты ырқына жiберу, меншiк қатынастарын реформалау және нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру саясаты таңдалды, қаражаттық және валюталық бақылау қатайып, нарықтық өзгерiстердi жүргізудің құқықтық базасы пысықталып, жетiлдiрілді.
Cайып келгенде, ХХ ғ. 90-шы жылдарында республикадағы реформалық іс харекет және модернизациялау шаралары ұстанған стратегиялық саясат негiзiнен мынадай бағыттарда өрбіген.
Саясат саласында:
- жас егемен мемлекеттi күштi президенттiк республикасы дәрежесіне жеткізу жолдарын таңдап енгізу;
- демократиялық өзгерiстердi тереңдетiп, көпұлтты қоғамның қалыптасуына жәрдемдесетiн, жаңа саяси қайраткерлер мен әлеуметтiк топ жетекшiлерін тәрбиелейтін көппартиялы жүйеге қөшу;
- басты саяси мақсат ретiнде экономикалық реформаларды, әсiресе өтпелi кезеңде, ойдағыдай жүзеге асырудың қажеттi шарты сақталу үшін қоғамда тұрақтылықты берік қолдау;
- геосаяси арнасындағы мемлекет орнын табу мақсатында Қазақстанның қауiпсiздiгi мен егемендiгiн қамтамасыз ететiн көп жақты және әртүрлi нұсқалы әскери-саяси және экономикалық теңестiктi сақтау;
- демократиялық бостандықтар мен адам құқықтарын сақтау, әлемдiк экономикада мемлекеттің берік орнын табу үшін Қазақстанның әлемдiк өркениеттегі беделін арттыру;
- әлемдiк шаруашылық жүйесіне сенімді ену мақсатында Қазақстанның оңтайлы геосаяси жағдайын пайдалану.
Экономика саласында:
- меншiктiң негiзгi (жекеше және мемлекеттiк) пошымдарымен, экономикалық және әлеуметтiк өзара байланыстардың жалпы жүйесiнде әрқайсысы өз міндеттерiн атқарудың пошымдарын ұштастыру және өзара тығыз байланыста бола тұра бәсекелестiк жағдайындағы әлеуметтiк нарықтық экономиканы қалыптастыру;
- адамның экономикалық жүйедегі ұстанымдарын игеру үшiн құқықтық және басқа негіздемелер мен амалдар жасақтау;
- Қазақстанның табиғи қорларының және оның экономикасын ұқсатушы, ғылыми салаларды, осы заманғы шетелдiк және отандық техника мен технологияларды тиімді пайдаланып, шетелге және елдің жаңашыл озық өндiрiс салаларын жедел қарқынмен дамыту арқылы қайта құру негiзiнде, әлемдiк тауар алмасушы орындарында өзiнiң нақты орнын анықтап басқа озық елдерімен терезесі тең дәрежеге жету;
- тұтыну таурларының сауда-айырбас орындарының қатарын шексіз өсіру, ондағы халық тұтынатын тауарлар түрлерін (ассортиментін) көбейту;
- Қазақстандағы өндіріс салаларын жедел және сапалы амалмен дамыту үшiн әлем аймақтарынан инвестициялар тартып оны тиiмдi пайдалануға қол жеткізу.
Әлеуметтiк саласында:
- адамның қажетті күнделікті күй жәйіне сай қоғам қалыптастыру;
- ықыласты әрбiр адамға кәсiпкерлiк еркiндiктi және кез-келген қызмет саласында толық ақыл ойын, күш-жiгерын таныта алатын мүмкiндiкті қамтамасыз ету;
- этностың өзiндiк ерекшiлiктерін ашып оны дамыту және Қазақстанның ұлттық-мәдени алуандығын сақтау, сол негiзде Республиканы қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты аймақ етіп әлемдегi беделiн көтеру;
- экономиканың өсiп, тұрақтануына, оның әлемдiк шаруашылық байланыстарына кiрiгуiне қарай еңбекпен келген табысты, зейнетақылары мен жәрдемақыларды мүмкіндік аясында көбейту жолында заңсыздық пен қолсұғанықтыққа шешімді тосқауыл қою.
Республикадағы реформалардың құқық жағынан қамтамасыз етiлуiн 1991 жылдың 1-шi қаңтарынан 1996 жылғы 31-шi мамырына дейiн қабылданған заңдар мен заң күшiндегі жарлықтар көлемін төмендегі мәлiметтерден байқауға болады. Яғни, мемлекеттiк құрылыс бойынша-37 заң және 20 жарлық; шаруашылық саласы бойынша-55 заң және 60 жарлық, қылмыстық құқық, сот және қауiпсiздiк бойынша-6 заң және 11 жарлық, әлеуметтiк сала-24 заң және 17 жарлық; қорғаныс бойынша-7 заң және 1 жарлық; ағымдағы заңдарды жетiлдiру мәселелерi бойынша-132 заң және 76 жарлық. Қаралып отырған кезеңде барлығы 261 заң және Президент 185 жарлық қабылдаған.
Тек Тәуелсіздік тұсында ғана Қазақстан халқының көп этностылығы ұлт проблемасына ұдайы назар аударып отыруды талап етедi, өйткенi Президент ұстанымы бойынша елдегі тыныштық пен ұлтаралық татулықты сақтаудың табанды шарты болып табылады. Сарапшылар тұжырымы бойынша 1917 жылғы Қазан оқиғасына дейiнгi қазақ еліне Ресей, Украина және Белоруссия аймақтарынан түрлі себептермен 1,2 миллион адам қоныс аударған. Ұжымдастыру кезiнде КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға қоғам ұстанымына жат көзқарастағылар деп танылған 250 мыңға жуық ұлт өкілдері жазықсыз жер аударылды. Осымен қатар республикаға соғыс алдындағы жылдарда Кеңес мемлекетiнiң еуропалық бөлiгiнен өнеркәсiптiк құрылыс салуға техникалық кеңес беру және кәсіби жұмыс қолы ретінде 1 миллион 200 мың адамдар көшiп келген болатын. Әр жылдары Қазақстанға 800 мың немiс, 18,5 мың кәрiс отбасылары, 102 мың поляк, Солтүстiк Кавказ халықтарының 507 мың өкiлi, сондай-ақ қырым татарлары, түрiктер, гректер, қалмақтар және басқалары күштеп көшiрiлдi.
Халықтарды республикаға еріксіз қоныс аударту нәтижесінде Қазақстан халқының саны 1,5 миллионға ұлғайған. Соғыс кезiнде Қазақстанға 350 мың адам эвакуацияланды. Тың игеру жылдары 1,5 миллион адам келдi, ал жабық әскери объектiлер ұжымдарында тағы 150 мың арнайы мамандар мен жұмысшылар болған. Бұған жер аударылғандар мен эвакуацияланғандарды қоспағанда нәтижесiнде Қазақстанға тек ХХ ғасырда 5,6 миллион адам, соның iшiнде 3,5 миллионы соңғы 40-50 жылдарда саяси қысым арқылы қоныстырылған еді,. Қоныс аударушылардың басым көпшілігі Қазақстанның экономикасын дамытуға ерен еңбек еткендері ақиқат, ал олар болса тағдырдың тәлкегіне түсіп, ерікті де, еріксіз де қазақ жерінің дәмін татып өскен қазақ жерін Отаным деп есептейтіндер. Сондықтан да мемлекет тарапынан оларға қамқорлық туғызу заңдылық.
Әртүрлі кезеңдерде сан-қилы жағдайларға байланысты Қазақстанның байырғы халқының саны кеміп отырды. Еріксіз ұжымдастыру жылдарында 1,5 миллиондай қазақ опат болды. 1930-1932 жылдары 1,3 миллион қазақтар отанын тастап шетелге бiржолата көшiп кеттi. Әкімшіл әміршіл саясаттың Қазақстан халықтары үшiн алапат сипаты болғанын көрсететiн төмендегі екi мәлімет дәлелдейді: 1930 жылы Республикада 5 миллион 873 мың адам тұрған. Сол жылдары Қазақстанға соншама адам көшiрiлдi. Бiрақ 1933 жылға қарай сол көшiп келген халықтың небәрi 2 миллион 493 мың адамы ғана елiмiзде өмір сүрген.
КСРО ыдыраған сәтте едәуiр шиеленiсiп кеткен проблемалардың бiрi көшi-қоны жәйi болды. Мысалы, 1992 жылы Қазақстаннан Ресейге 149,2 мың адам, 1993 жылы-151,2 мың, 1994 жылы-255,5 мың, 1995 жылы-144,3 мың адам қоныс аударған. Cонымен бiрге Ресейден Қазақстанға 1992 жылы-71,8 мың, 1993 жылы-49,1мың, 1994 жылы-32,9 мың, 1995 жылы-35,7 мың адам көшiп келген. Көшiп кеткендер мен келгендер арасында орыстар да, қазақтар да бар.
Сарапшылар мен саясаткерлер Қазақстанды тастап кету себептерi iшiнде ең алдымен әлеуметтiк-экономикалық мәселелерді атаған. Осы орайда қоныс аударушыларға қойылған сауалдардың жауаптары үлес-салмағы төмендегiдей болған: үкiметтiң болашақта бірқалыпты байыпты тұрмыс орната алатынына сенбеушiлiк - 14,6%, барғысы келетiн елiндегi неғұрлым жоғары тұрмыс деңгейi-14%, тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу-11%, ұлтаралық ахуалдың шиеленісу тенденциясы-7%, тiл проблемасы-5,5%, билік және қатардағы азаматтар тарапынан ұлтына қарап алалаушылық көрінісі-3%. Тұтас алғанда, сауал қойылғандардың 23% тiл проблемасы бойынша алалау бар екенiн (соның iшiнде) ұйғырлардың 35%, белорустардың 28%, орыстардың 28%, қазақтардың 21%, кәрiстердiң 20%, өзбектердiң 18%, украиндардің 16%, татарлардың 14% атаса, сауал қойылғандардың 47%, мұндай алалау жоқ деп жауап берген.
Тәуелсiздiкке қол жеткен сәттен бастап Қазақстандағы билік буындары азаматтық тыныштықты қамтамасыз ететiн ұлтаралық татулықтың ықтимал пошымдарын iздестiрумен ұдайы айналысып отырды. Қазақстан қоғамының дамуындағы көпұлттық факторын есепке алу, саяси, экономикалық салалардағы реформалар тұсында нақты ахуалды талдау Қазақстан халықтарының форумын шақырудағы iргелi факторлар болып, ол 1992 жылы желтоқсанда, Тәуелсiздiк күнi, елдің егемендiлiгiнiң бiр жылдығын мерекелеу қарсаңында Алматыда өттi. Оған Республикада тұратын барлық ұлттардың өкiлдерi қатысты.
Форумға қатысқандардың пікірлері бойынша қай ұлтқа жатпасын, бiр идея, яғни, халықаралық асқақ өлшемдерге сай әлемдiк қоғамдастықтың толық құқықты мүшесi болатын тәуелсiз демократиялық мемлекет құру ұмтылысы бiрiктiрдi. Кейiн халықтар татулығы мен бiрлiгi Ассамблеясы-Президент жанындағы кең қоғамдық кеңесшi-үйлестіруші органы болып қалыптасып қайта құрылды. Осыдан соң Қазақстанда әртүрлi ұлт өкiлдерiнiң бiрлестiктерi белсендiлікпен қалыптаса бастады. 1995 жылдың аяғында Республикада 40 шақты ұлттық-мәдени орталықтар бой көтеріп, ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттiң дамып жаңаруына, ана тiлiн оқып үйренуге, ұлттық басқа да талап-тiлектердi жандандыруға себепкер болды.
Осындай посткеңестік кезеңдегі тарихи бастаманы халықаралық “Қазақ тiлi” қоғамы, әлемдiк қазақтар құрылтайы, Орыс қауымдастығы, Орыс одағы, Ақтөбеде орыс ұлттық-мәдени орталығы, Славян ұлттық-мәдени орталығы, Славян мәдениетi қоғамы, Славян мәдени-ағартушылық “Бастау” қоғамы, Республикалық татар мәдени орталығы, ұйғырлар мәдениетi қоғамы, Қазақстан немiстерi кеңесi, азербайжан, башқұрт, чуваш, чечен-ингуш, белорус, өзбек, қырғыз, украин, армян, грек, поляк, чех, еврей, дүнген, түрiк, мадияр, ассирия, курд, қытай, болғар ұлттық-мәдени орталықтары, Республикалық кәрістер ассоциациясы және басқалар белсенділік таныта білді. Кейбiр қоғамдық-саяси бiрлестiктер, мысалы “Лад” сияқты ұйымдардың жетекшiлерi мемлекеттік саясат арнасындағы ынтымақтастықтан гөрi оған қайшы іс әрекет пен егестi жөн көрiп бiршама iрiлі-ұсақты проблемалар туғызуға ұмтылды.
Достарыңызбен бөлісу: |