Реформалардың төртiншi кезеңі (1998-1999):
Бұл тарихи кезеңде Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы қабылданды. Сол бағдарлама аясында қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының жақсаруына жол ашылды: ел Президентiнiң “Қазақстан халқына жолдауы” (1997 ж. күз) бағдарламасы — ҚР-ның ұзақ мерзiмдiк стратегиялық дамуының тұжырымдамалық негiзi — даму бағыттары және елдiң дамыған елдер қатарына ену жолдары айқындалды. Белгілі саясаткерлер мен сараптаушылар тұжырымынша стратегияның мiндеттерiне сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай дамыған мемлекеттердiң деңгейiне жетiп, әлемнiң ең дамыған елдерiнiң қатарына қосылуға тиiс (Қазақстан — 2030 даму стратегиясы) 1997 жылдың аяғында басталған дүниежүзілік қаржы дағдарысы Қазақстанның экспорттық салаларына айтарлықтай ықпал жасады.
Ұзақ мерзiмдi стратегияның алдын-ала белгiленген кезеңiн iске асыру мақсатында 1998 ж. Президенттiң 28 қаңтардағы Жарлығымен ҚР дамуының 1998 - 2000 жж. арналған стратегиялық жоспары бекiтiлдi, ол дүниежүзілік қаржы дағдарысының зардаптарын еңсеруге, экономиканың нақты секторын сауықтыру жолымен экономикалық өрлеудi қамтамасыз етуге, бюджеттiк саланы реформалауға, белсендi әлеуметтік саясат жүргiзу жағдайында ел экономикасына жұмсалатын инвестицияларды ұлғайтуға жол ашты. Бұл кезеңде теңгенiң өзгермелi бағамы енгiзiлдi (1 АҚШ доллары 1998 ж. — 78,29 теңгеге, 1999 ж. — 119,64 теңгеге тең болды), мұның өзi 1996 жылмен салыстырып қарағанда 12%-ға төмендеген (1998) өнiм экспортын ынталандыруға мүмкiндiк бердi. 1999 ж. экспорт көлемі 5592,2 млн. АҚШ долларына ұлғайды. Бұл кезеңде тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша жалпы iшкi өнiм 74891,6 млн. көлемдегі 1998 жылғы АҚШ доллорынан 77976,8 млн. дейін көбейдi. Жалпы iшкi өнiмнiң нақты көлемі 2,7%-ға артты. Бұл кезеңде зейнетақы реформасы (ынтымақты зейнетақы жүйесiнен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне көшу) жүргiзiлдi, ол қаржы қорының iшкi жинақталуын біршама ұлғайуына септігін тигізіп iшкi инвесторлардың қалыптасуына жағдай жасады. 1998 жылдың соңына қарай зейнетақының қоры 23542 млн. теңгеге жеттi, бiр жылдан кейiн ол 2,7 есе көбейдi (64504 млн. теңге).
Реформалар: бесiншi кезеңі (2000 ж.):
Бесiншi кезеңде Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. ҚР дамуының 1998-2000 жж. арналған стратегиялық жоспарын iске асырудың тәжiрибесi бюджеттiк-қаржылық өзара iс-қимыл мен реттеудiң жаңа қағидаларына негiз қалады, оның серпiнi мына мақсаттармен айқындалды: 2000 — 2002 ж. орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасында қаржы-экономикалық мiндеттердi бөлiсу; 2001 жылдан бастап елдiң экономикалық дамуын жоспарлауға көшу. Бұл кезеңде жалпы iшкi өнiм жыл сайын өсiп отырды: тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша 2000 ж. — 87607,5 млн. АҚШ доллары, 2001 ж. — 101674,1 млн. АҚШ доллары. 2002 ж. жалпы iшкi өнiм көлемi бұрынғыдан 9,5%-ға көбейдi. 1999 — 2000 ж. бейқаржылық активтер негiзiнен шетелдiк инвестициялардан құралса (тиiсiнше 57% және 51%), 2001 ж. iшкi инвестициялар тұңғыш рет салымның 60%-ынан астамын құрады.
Инвестициялардың жалпы сомасы 1158,1 млрд. теңгеге жеттi. Бұл кезеңде елдiң экономикалық дамуы үшiн инвестициялық мүмкiндiктер іздеуге баса назар аударылды. Өз қызметiн экономиканың басым секторларында жүзеге асырушы инвесторлармен 119 келiсiмшарт жасалды, негiзгi капиталға 165 млрд. теңгеден астам сомада (1,2 млрд. АҚШ доллоры) инвестициялық мiндеттеме қабылданды. 2001 ж. негiзгi капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 775,7 млрд. теңгенi құрады, бұл осының алдындағы жылдан 21%-ға өскен. Ал 2001 ж. 4 желтоқсанда Президенттiң Жарлығымен “Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары” бекiтiлдi. Кезінде қабылданған 2010 стратегиясы (2001), Үкiметтiң 2002-2004 ж. арналған iс-қимылдар жоспары (2002) және соның негiзiнде әзiрленген 2003-2005 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң болжамдық көрсеткiштерi (2002) экономика үшiн негiз ретiнде басшылыққа алынып барша ұжымдарда кең талқыға түсіп мақұлданған еді. Бұл істегі басты мақсат-міндет бәсекелестiк қабiлетi мол экономика құру, жалпы iшкi өнiмдi 2002 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейту. Мұндай iлгерiлеуге стратегиялық салаларды — мұнай-газ секторын, энергетика мен агро-өнеркәсiптiк секторды оңтайлы реттеу жолымен дамытуға бағыт-бағдар анықталған.
Сан-қилы түрдегі игі шаралардың ішінде ҚР-ның 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік агротехникалық азық-түлiк бағдарламасының қабылдануы осының қуәсі болар. Бұл бағдарламада негiзгi мынадай бағыттар көрсетiлген болатын: а) елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; б) аграрлық саладағы кәсіпкерліктің (бизнестiң) белсендi жүйесiн қалыптастыру; в) iшкi және сыртқы рыноктарда ауыл шаруашылығы өнiмiн және оның өңделген өнiмдерi көлемiн ұлғайту; г) ауыл шаруашылығы өндiрiсiн мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды ету. Осындай шаралардың сүбелі нәтижесінде экономикалық өрлеу елдегі әлеуметтік ахуалға оң ықпалын тигiздi: д) жұмыссыздық қысқарып, халықтың кедейшілік күйдегі қатары шектеле түстi. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi 12 жылдың iшiнде Қазақстанда әлеуметтік, зейнетақы жүйесi, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформалары жүргiзiлдi, қызмет көрсету аясы 100% жекешелендiрiлдi, жер реформасын жүргiзудің жобасы дайындалды.
Қазақстанда iрi өнеркәсiп орталықтары, оның iшiнде отын-энергетикалық, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс ұжымдары жандана бастаған. Республика кәсiпорындары шойын, кокс, болат, қорғасын, мыс, мырыш, титан, магний, қарашiрiк, синтетикалық каучук, шайыр, пластмасса, химиялық талшықтар, автомобиль шиналарын, минералдық тыңайтқыштар, цемент, металл жонғыш станоктар, ұсталық-сығымдағыш жабдықтар, қақтау стандарын, электр трансформаторларын, рентген аппараттарын, ауыл шаруашылығы машиналарын, тракторлар, экскаваторлар, т.б. өндiрісі қолға алына бастаған болатын. Әлемдiк экономика аясында Қазақстан-тауар рыногiне мұнай, газ, қара, түстi, сирек кездесетiн металдар, уран өнiмiн шығарушы ел қатарынан сүбелі орын алды.
Кеңестік заманда кен қазу өнеркәсiбi Қазақстан экономикасының жетекшi секторы болып келген еді. 2001 ж. өнеркәсiп өндiрiсiнiң 44,3%-ы осы өнеркәсiптiң үлесiне тидi. Қазақстанда көмiр-сутектi шикiзаттың бiрегей қоры бар. Барланған қор бойынша елiмiз әлемде 13 орын алады. 250-ден астам мұнай-газ кенiштерi ашылды, олардың көбi республиканың батыс өңірінде, негiзiнен Атырау облысында жедел қарқынмен дамыған. Олардың iшiнде 1 млрд. т-дан астам мұнай қоры бар Теңiз кенiшi; газ қоры 1,3 трлн. м3 және конденсат қоры 700 млн. т-ға жуық Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенiшi; сондай-ақ, Кенбай, Жаңажол, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас, Өзен, Құмкөл кенiштерi елеулі көзге түсті. 2000 ж. Қазақстанда Солтүстік Каспий қайраңында iрi мұнай кенiшi (Қашаған) ашылды.
Бағалаудың алғашқы кезеңiнде кенiштiң жалпы геологиялық қоры 38,4 млрд. баррель, ал өндiрiп алынатын қоры - 13 млрд. баррельге жеткен. Батыс Қазақстандағы аса iрi кенiштер: жалпы қоры 800 млн. т-дан астам, Теңiз кенiшi (оның бастапқы өндiрiп алынатын қоры 700 млн. т), Королев кенiшi (бастапқы өндiрiп алынатын қоры 30,5 млн. т), Кенбай кенiшi (30,8 млн.т). iрi мұнай кенiштерi: Өзен, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас. Осымен қатар Қарашығанақ пен Жаңажол мұнай мен газ өндiрiстері болашағы мол деп бағаланған. Республикада мұнай-газ саласын 2002 ж. “Қазақойл” ұлттық мұнай компаниясы мен “Мұнай және газ тасымалы” ұлттық компаниясының бiрiгуi жолымен құрылған “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы басқарды. Қазақстанда мұнай мен газ өндiру iсi шет ел инвесторларының қатысуымен қолға алынды (“Теңiзшевройл” бiрлескен кәсiпорны, “Қазақойл-Ембi” АҚ, “Атырау мұнай компаниясы”, “Қазақстанкаспийшельф”, “Каспиймұнайгаз”, “Қазгермұнай” ЖАҚ-дары, т.б.).
Мұнай-газ секторының өнiмi Еуразия құрлығының ондаған елдерiне экспортқа шығарылады (аса iрi импортшылар: Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Украина, Швейцария, Италия). Экспорт құрылымында мұнай мен газ конденсатының үлесi 2001 ж. 49,3% болды. Қазақстанда өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде түстi металлургияның үлесi 11%. Өндiрiс деңгейi бойынша Қазақстан әлемде тазартылған мысты iрi көлемде өндiрушiлер мен экспортқа шығарушылар қатарына жатады. Республиканың әлем бойынша мыс өндiрудегi үлесi 2,3%. Қазақстан мысының негiзгi импортшылары: Италия (50%) мен Германия (35%). Экспорт құрылымында мыс пен мыс қорытпалары 7%. Тазартылған мыстың 90%-ын “Қазақмыс” корпорациясы өндiретін болып, ол Қазақстанның түрлi аймақтарындағы бiрнеше зауыттарды, кенiштері мен энергия нысандарын бiрiктiретін болды.
Қазақстан темiр кентасының қоры жөнiнен әлемде 8-орын алған еді. Оның әлемдiк қордағы үлесi 6%. Елде өндiрiлетiн темiр кентасының 70%-дан астамы экспортқа шығарылды. Қазақстанның қара металлургиясы өнеркәсiп өнiмi көлемiнiң 7%-ға жуығын өндiрдi. Мұндағы аса iрi кәсiпорын – Қарағандыдағы “ИспатКармет” металлургия комбинаты, ол шойын мен дайын қара металдар қақтамасының 100%-ын және болаттың 90%-дан астамын өндiрген еді. Бұл комбинат өнiмi ТМД елдерi мен алыс шет елдерге экспортқа шығарылды. Сондай-ақ, “Жәйрем кен-байыту комбинаты” АҚ тотыққан марганец және темiр-марганец кентастарынан жоғары сапалы марганец концентраттарын өндiретін болды. Қазақстанда хромды кентастардың мол қоры негізінде ферроқорытпа зауыттары жұмыс iстедi. 1994 жылдан кен-металлургия кешенi кәсiпорындарының көбi шетелдiк және отандық компаниялардың басқаруына берiлдi. 1996-97 жж. кен байыту және металлургия кәсiпорындарын бiрыңғай технологиялық тiзбекпен байланыстырған iрi бiрлестiктер құрылды, олар: “Қазмырыш”, “Қазақмыс” корпорациясы, “Қазақстан алюминийi”, “Испат-Қармет” ААҚ-дары, “Қазхром” Ұлттық акционерлік компаниясы.
Лондондағы Уран институтының талдау бағалауы бойынша, әлемде барланған уран қорының 25%-ы Қазақстан табиғи қойнауында екен. Полиметалл кенiштерi негiзiнде Өскемен қорғасын-мырыш, Лениногор полиметалл, Зырян қорғасын, Шығыс Қазақстан мыс-химия, Ертiс полиметалл, Жезкент кен-байыту комбинаттары жұмыс iстейдi. Кәсiпорындардың басқа бiр тобы: Өскемен титан-магний, Белогор кен-байыту комбинаттары, Үлбi металлургия, Ертiс химия-металлургия зауыттары сирек металдармен олардың қосылыстарын, т.б. шығаруға мамандандырылуда. Республикада 3 мұнай айыру зауыты, сары фосфор алынатын фосфориттi кентастарды өңдейтiн iрi кешен “Қазфосфат” ЖШС жұмыс iстейдi. Ол “Қаратау” кен-химия комбинаты, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Минералдық тыңайтқыштар зауыты сияқты iрi кәсiпорындарды бiрiктiрді.
Республиканың машина жасау кешенiнiң өнiмi өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде 3%-ға жуық. Оңтүстік аймақта Станок жасау зауыты, Алматыда Ауыр машина жасау зауыты жұмыс iстедi, олар түрлi станоктар шығарып келді. Солтүстік аймақта “Шағын литражды двигательдер зауыты”, “Дизель”, “Ротор” ЖШС-терi, “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, Петропавл “Ауыр машина жасау зауыты” АҚ-дары сияқты iрi машина жасау кәсiпорындары жұмыс iстедi. Олар ауыл шаруашылығы машиналары үшiн қосалқы бөлшектер, жабдықтар, моторлар, көшпелi электр станцияларын, тамақ өнеркәсiбi үшiн жабдықтар, газ бен электр энергиясының шығынын есептеуші құралдар шығарды. Қазақстанда құрылыс индустриясының дамуына ел ордасының Астана қаласына көшiрiлуi жаңа серпiн бердi. Құрылыс материалдары өнеркәсiбi өнiмiнiң көлемi республика өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiндегі үлес-салмағы 4%-ға жуық болған.
Қазақстан Еуразия құрлығының жүрегінде болғандықтан транзиттiк тасымал саласында маңызы мен ұштығы биік болды. Республиканың жер бетiндегi көлiк магистралiнiң ұзындығы 106 мың км. Оның iшiнде 13,5 мың км — темір жол, 87,4 мың км — автомобиль жолы, 4 мың км су бетіндегі жолдары. Қазақстан мен Қытай арасында Достық — Алашанькоу шекаралық темір жолы өткелi, Түрiкменстан мен Иран арасында Серакс – Мешхед темір жолы өткелi салынған соң Ұлы жiбек жолы бойында жаңа транзиттiк дәлiздер ашылды: Қытайдың Тынық мұқиттағы Ляньюнган, Циньдао, Тяньцзин порттарынан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрiкменстан, Иран, Түркия, Жерорта теңізі мен Парсы шығанағының порттарына қатынау мүмкiндiгi туды. Бұл бағыттармен жүк тасымалдау қарқыны ұлғайып, тауар-ақша, мәдентиет-рухани, еларалық байланыстарға кең жол ашты. Автомобиль жолдарының торабы Ресей Федерациясына, бұрынғы одақтық республикаларға, сондай-ақ, Қытайға, Түркияға, Иранға, Қара теңіз бен Жерорта теңізінiң, Үндi мұхитының порттарына шығуға мүмкiндiк бердi. Теңiз кеме қатынасы Каспий теңізінде Ақтау порты арқылы өтедi, ол Ресей Федерациясының өзен жолдарымен Қара теңіз бен Балтық теңізіне шығады. “Эйр Қазақстан” ұлттық әуе компаниясы, басқа да жетекшi компаниялары жолаушылар тасымалын нақты жүйеге келтірді.
Достарыңызбен бөлісу: |