Сонымен, Абай айтатын ұяттың біріншісі – надандықтың ұяты. Шын ұят
Абай: "Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады" дейді. Былайша айтқанда, адамшылықтан алыс жатқан істің күллісі шын ұялатын нәрсе, шынында да.
"Сегіз аяқта" Абай: "Тасыса өсек, ысқыртса кесек, Құмардан әбден шыққаны, Күпілдек мақтан, Табытын қаққан, Аңдығаны, баққаны" дейді. Сөйтіп келеді де: "Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой" дейді. Түңіліп айтады. Ар-ұят деген жабық есік ашылмау керек, бір ашылды ма, тоқтату қиын. Кейде ұяттың пердесі жыртылса, небір азғындық пен адам ұяларлық сорақыны жасаудан тайынбайды.
Абай: "Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде, Жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін деп насихат бергенде. Ұятсыз, арсыз салтынан, Қалғып та кетер артынан" дейді. Нақыл айтып отырсаң, қалғиды дейді. Осындай кезде айтылса керек.
Ал осы шын ұяттың екі түрі болады.
Біріншісі. "Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. "Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады" дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді" дейді Абай отыз алтыншы қара сөзінде.
"Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан". Бұл да Абайдың сөзі. Бетті басқың келетін ұялу. Қарадан қарап өзің қысыласың.
Басқа адам үшін ұяла алу – ол да адамдықтан, оны жаман іске қимағандықтан болады. Мысалы, досың бір нәрсені "бүлдіріп" қояды, сол үшін ұяласыз. Анасы баласы үшін ұялуы мүмкін. Мұның барлығы сол адамның сондай жағдайға түскеніне бейжай қарай алмау. Былайша айтқанда, ана адамға деген жанашырлық, махаббаттан болатын ұят.
Енді ұяттың осы түріне қазіргі кезде әдейі қоғамда қастандық, қаскөйлік жасалып жатыр. "Ұятмен" деп ат та қойып алды. Ол "ұятменді" жалаулатудың жолында бірнеше топ арнайы жұмыс істейді. Идеологиялық топ десем де жаңылмайтын шығармын, құдай біледі. Қазақтың жігіті қазақтың қызы үшін ұялып, "әй қарындасым, қой, ұят болады, етегіңді жап, айналайын, аузыңды жаман сөзбен былғама", "әй қарындасым, сен қазақтың қызысың, жаман кейіпке түспе, аузыңдағы шылымыңды таста" десең, "сен, ұятменсің" деп шығатын жағдайлар келіп жатыр қазір. Ұятмен деген бір көштен қалған, өркениеттен қалған, кертартпа, надан деген сөздің синонимі секілді қылып қазір біздің санамызға сіңіріп жатыр.
Жоқ жерден ұятмен боп қалмайын дейді де, адамдар бір-біріне ізгілікті үгіттесуден, жамандықтан ескертуден, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдан қорқып қалды. Ұялудың өзіне ұялатын жағдайға жеткізді. Ақыр соңында, қоғамда ұят деген ұлы сөз жағымсыз мағынада қалыптаса бастады. Бұлай кете берсек, біздің балаларымыз, немерелеріміз ұялудан сақтанып, ұятсыздықпен мақтанатын жағдайға жетуі мүмкін. Адамшылықты қымтап тұрған үлкен бір қорғанынан айырылып қалады. Осындай бір қауіп жоқ емес. "Ұят кімде болса, иман сонда" деп Абайдың өзі келтіретін хадисіміз қайда қалды сонда?
Адам не кісіден ұялмаса, не өзінен ұялмаса, не құдайдан ұялмаса, онда Достоевский айтқандай, "если бога нет, то все дозволено", қазақша айтқанда, "құдайдан қорықпағаннан қорық" болғаны. Сол айтқандай, адамды ұяты, ары сақтамайтын болса, әркім ойына келгенін істей берсе, не болады? Хаос болады!
Тұрсынбек Қабатов бір әзілінде: "Біреу жетістікке жетіп жатса, "қойшы-ей, мүмкін емес, сатып алған шығар, ондай оның қолынан келмейді" дейді де, ал біреу қателік жасай қалса, "Е, мен біліп едім ғой солар боларын" деп сол адамды жерге тығып жібере жаздаймыз" делінеді. Бұл өзге үшін ұялу деген де адамзат баласының құнын арттыратын өзгеше қасиет. Біз қазір осы қасиетке зәруміз.