Қазақтың төл әдеби тілінің қалыптасу даму тарихы. Ол жайындағы ғылыми көзқарастар



бет3/6
Дата28.04.2023
өлшемі51,87 Kb.
#175692
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
қазақ әдеби тілінің тарихы (1)

Қазақ Совет Энциклопедиясында берілген «Қазақ әдебиетінің ертедегі нұсқалары» деген мақалада түркітілдес халықтар мен қазақ ру-тайпаларының әдеби туындыларын мынадай тарихи дәуірлерге бөліп қарайды:
1. IV-VIII ғ.- түркі дәуіріндегі әдебиет.
2. IX-XII ғ.- мұсылман дәуіріндегі әдебиет.
3. XIII-XIV ғ.- Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет
4. XV-XVIII ғ.- Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.
(Қазақ Совет Энциклопедиясы, 6 том, 1975, 233-б.)

18 ғасырдан басталады
«Қазақ әдеби тілінің тарихы 18 ғ. Басталады (Қ.Жұмалиев). Қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады деу – оны орынсыз дәріптеу емес, тарихи шындық.Ол өзінің замандастары Үмбетей, Жанкісі, Дулат т,б, әдебиетке бұрын келді. Аты да, сөзі де халыққа бұрын тарады. Тарихи әдебиеттің даму жолдарын зерттеушілер Бұқарды алдымен ауызға алатын себебі де- әдебиетіміздің тарихи даму жолдарының хранологиялық тәртібін сақтауға тырысушылық.» - дейді Қ.Жұмалиев.
Бұл жерде ескере кететін мәселе бар. Кейбір зерттеушілер (Ә.Марғұлан) 18 ғасырдан , Қадырғали Жалаиридың 1598 жазылған «Жамиғат Тауарих» деген еңбегінен басталады деген пікір айта келе, Жалаиридың «жазғандарын қазақ жазу мәдениетінің бірініші үлгісі деп тануы керек»-деп жазады Ә.Марғұлан. (Ғылыми конференция 46 бет).
М. Б. Балақаев әдеби тілдің даму кезендерін 4 дәуірге бөледі.
1) XVIII ғасырдың орта тұсы мен XIX ғ. бірінші жартысы;
2) XIX ғасырдың екінші жартысы;
3) ХХ ғасырдың басы (1900-1920);
4) Совет дәуірі (1940-1967).
М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томановтың авторлығымен шыққан «Қазақ әдеби тілінің мәселелері» деген кітапта да осылай бөлінген. Ал М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов авторлығымен жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деген кітапта авторлар әдеби тілдің екі түрі болатынын («жазба әдеби тіл», «сөйлеу (ауызша) әдеби тіл») айта келіп жалпы «әдеби тілдің пайда болу мерзімі туралы былай дейді; «Қазақтың әдеби тілінің тарихын біз XIX ғ. екінші жартысынан емес, XVIII ғасырдан бастаймыз. Өйткені, халық тілінің жазба әдебиет ыңғайында нормаға түсе бастаған шағы және бірді-екілі стильдік құбылыстардың көрініс бере бастаған кезі, дәлірек айтқанда, әдеби тіл белгілерінің айқындала бастаған мезгілі - осы XVIII ғасыр және авторларының аты-жөні сақталған дәуір XVIII ғасырдан басталады» (Балақаев, Сыздықова, Жанпейісов Қазақ әдеби тілінің тарихы, Алматы, 1968ж, 10 бет). Фольклор, мақал-мәтел, шешендік сөздерді, одан кейін пайда болған ақын-жыраулардың тілі әдеби тіл тудыруда едәуір ролі, маңызы болса да, олар әдеби тілдің өзі емес деген пікір айтылады. Мысалы, М. Балақаев: «Әдеби тіл дегеніміз жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан… жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы» (Балақаев, Сыздықова, Жанпейісов Қазақ әдеби тілінің тарихы, Алматы, 1968ж, 5 бет.), - деп көрсетеді.
Қазақ әдеби тілі жайында энциклопедияға жазған макаласында М. Балақаев пен Ә. Құрышжанов оның тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарайды:
1-кезең - XVIII ғасырдың II жартысы, бұл - қазақ әдеби тілінің алғашқы дәуірі, 2-кезең - XIX ғ., бұл ғасырдың II жартысында жаңа сапалы жазба әдеби тіл пайда болды,
3-кезең – Октябрь революциясынан кейінгі. (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 6 т. 1975. 233-б.)
Дегенмен авторлар осы мақалада V-VIII, IX-XII және XIII-XIV ғасырлардағы ескі түркі ескерткіштерінің тілін қазақ әдеби тілінің ескі арналары есебінде атап өтеді, XV-XVII ғасырлар әдебиетінің тілі ортаазиялық жазба әдеби тілмен байланыстырылады. Бұл классификацияда XV-XVII ғасырлардағы, тіпті XVIII ғасырдың I жартысындағы ауызша тараған қазақ әдеби тілі, яғни осы кезеңдегі ақын-жыраулар, шешендер, жылнамашылар тілі алынбайды.
1968 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (авторлар - М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов) атты оқу құралында да әдеби тіл тарихын өзгеше баяндайтын зерттеуші М. Балақаевтың концепциясы негізге алынғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму барысы мынадай кезеңдермен байланысты қарастырылды:
1-кезең. XVIII-XIX ғ. әдеби тіл.
2-кезең. XIX ғ. І жартысындағы әдеби тіл.
3-кезең. XIX ғ. II жартысындағы әдеби тіл.
4-кезең. ХХ ғ. басындағы әдеби тіл.
5-кезең. 1920-1930 - жылдардағы әдеби тіл.
6-кезең. 1940-жылдан кейінгі әдеби тіл.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет